4) құрылыс салушыға, уәкілетті компанияға қатысты оңалту немесе банкроттық туралы іс жүргізуді қозғау туралы сот шешімдерінің болуы;
5) уәкілетті орган бекіткен тәртіппен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасы бойынша құжаттарды тексеру нәтижелері.
4. Өтінімді қарау мерзімі құрылыс салушы мен уәкілетті компания кепілдік беру туралы шартты жасасу туралы жүгінген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қаралатын өтінім бойынша ескертулер болған кезде Кепілдік беру қоры ескертулерді жою үшін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзім белгілей отырып, тиісті құжаттарды пысықтауға жіберуге құқылы. Бұл ретте өтінімді қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.
5. Кепілдік беру қоры кепілдік беру туралы шартты жасасу жөнінде шешім қабылдаған кезде үлестік тұрғын үй құрылысында инжинирингтік қызметтер көрсету туралы шарт, уәкілетті компаниямен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген аяқталмаған құрылыс объектісімен бірге жер учаскесінің кепілге қою шарты, уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) кепілге қою шарты, уәкілетті компанияның құрылыс салушымен дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шарты кепілдік беру туралы шарт жасалғанға дейін жасалуға тиіс.
Бұл ретте тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы, сондай-ақ мердігерлік шарты кепілдік беру туралы шарттың ажырамас бөліктері болып табылады.
33-бап. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын салу жобасы бойынша құжаттарды тексеру
1. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды тексеру құрылыс салушының және уәкілетті компанияның осы Заңның 8-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
2. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының жобасы бойынша құжаттарды тексеру жүргізілу тәртібі осы Заңда белгіленген қаржылық және заңдық бағалауды қамтиды.
3. Қаржылық бағалау:
1) қаржылық есептілікті талдауды, уәкілетті компанияның және құрылыс салушының қаржылық жай-күйін сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді есептеуді;
2) жобаны қаржыландыру көздерін талдауды;
3) уәкілетті компанияның баға саясатының барабарлығын талдауды;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес аяқталмаған объектідегі орындалған жұмыстарды салыстыруды көздейді.
Актілер бойынша орындалған жұмыстарды объектіде іс жүзінде орындалған жұмыстармен салыстыру жұмыстардың орындалған көлемдерін өлшегеннен және инжинирингтік компания зертханалық зерттеулерсіз монтаждалған конструкцияларды ақаулықтардың бар-жоғы тұрғысынан зерттегеннен кейін жүргізіледі;
5) құрылысты аяқтау үшін қажетті жұмыстардың толықтығын бағалауды;
6) құрылыс бюджетінің (сметасының) негізділігін: құрылыстың көлемі мен құнын талдауды көздейді.
4. Заңдық бағалау және жоба бойынша құқықтық, беделдік тәуекелдердің болуын (болмауын) анықтау:
1) құрылыс салушының және уәкілетті компанияның құқық белгілейтін құжаттарын шолу;
2) корпоративтік басқару туралы құжаттарды, алқалы басқару органдарының шешімдерін және уәкілетті компанияның негізгі сенімхаттарын шолу;
3) уәкілетті компанияның осы Заңның 35-бабына сәйкес сенімгерлік басқаруға беруге болжанатын мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды талдау;
4) уәкілетті компанияның жарғылық капиталын қалыптастыру заңдылығын, қатысушылар (акционерлер) туралы мәліметтерді, уәкілетті компанияның үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді талдау;
5) уәкілетті компания мен мердігердің (бас мердігердің) қажетті рұқсат беру құжаттарының болуы;
6) уәкілетті компанияның мердігермен (бас мердігермен) жасасқан құрылыс мердігерлік шартының негізгі ережелерін талдау;
7) мүліктік сипаттағы сот талқылауларының болуы немесе болмауы;
8) ресми танылған көздерден уәкілетті компания мен құрылыс салушы туралы салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектерінің болуы (болмауы) туралы ақпаратты зерделеу арқылы жүргізіледі.
34-бап. Кепілдік беру туралы шарт
1. Кепілдік беру туралы шарт уәкілетті орган бекіткен үлгілік шарт негізінде жазбаша нысанда жасалады және кепілдік жарна төленген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
2. Осы Заңның нормаларына сәйкес:
1) кепілдік объектісі - шарт нысанасы;
2) кепілдік беру талаптары;
3) кепілдік жарна мөлшері;
4) кепілдік беру жағдайы және кепілдік бойынша жауаптылық;
5) Кепілдік беру қорының міндеттемелерді орындау тәртібі;
6) Кепілдік беру қорының құқықтары мен міндеттері;
7) құрылыс салушының және уәкілетті компанияның құқықтары мен міндеттері;
8) құрылыс салушының және уәкілетті компанияның жауаптылығы кепілдік беру туралы шарттың міндетті талаптары болып табылады.
3. Кепілдік беру туралы жасалған шарт үлескерлердің ақшасын тарту үшін негіз болып табылады.
35-бап. Кепілдік беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету
1. Кепілдік беру туралы шарт бойынша құрылыс салушының, уәкілетті компанияның міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін Кепілдік беру қоры уәкілетті компаниямен - аяқталмаған құрылыс объектісімен бірге жер учаскесінің кепіл шартын, сондай-ақ құрылыс салушымен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) кепіл шартын жасасады.
2. Кепілдік беру қорының кепілдік беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауы мақсатында Кепілдік беру қоры құрылыс салушымен кейінге қалдыру шартымен уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шартын жасасады. Мұндай сенімгерлік басқару шарты кепілдік беру жағдайы басталған жағдайда күшіне енеді.
3. Осы Заңның негізінде туындайтын кепіл шарттарынан шығатын қатынастарға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
4. Осы Заңға сәйкес кейінге қалдыру шартымен дауыс беретін акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шартының нысанасы болып табылатын мүлікке ауыртпалықтар салуға, құрылыс салушының және уәкілетті компанияның қызметі шеңберінде өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
5. Осы Заңға сәйкес кейінге қалдыру шартымен сенімгерлік басқару шартының нысанасы болып табылатын мүлік құрылыс салушы дәрменсіз болған жағдайда Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес конкурстық массаға қосыла алмайды.
36-бап. Кепілдік беру қорымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі
1. Кепілдік беру қорымен кепілдік беру туралы жасалған шарт уәкілетті компанияның үлескерлермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды жасасуы және үлескерлердің ақшасын тартуға негіз болып табылады.
2. Инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Кепілдік беру қоры осы Заңның 21-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келетін инжинирингтік компаниямен шарт жасасады.
3. Құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес мердігерлік шарты бойынша мердігердің (бас мердігердің) жұмыстарына алдын ала төлем жасау мынадай талаптардың бірі ескеріле отырып уәкілетті компанияның банктік шотынан жүргізіледі және ол:
1) екінші деңгейдегі банктің мердігердің (бас мердігердің) уәкілетті компаниямен жасасқан мердігерлік шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету болып табылатын аванстық төлемді қайтару бойынша кепілдігі болған кезде мердігерлік шартының құны мен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген сомалар арасындағы айырмашылықтың жиырма бес пайызынан аспауға тиіс.
Алдын ала төлем орындалған жұмыстар актілерінің негізінде тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының бүкіл процесі ішінде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес пропорционалды түрде өтелуге жатады.
2) қамтамасыз етілмей, мердігерлік шартының құны мен осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген сомалар арасындағы айырмашылықтың бес пайызынан аспауы тиіс.
Келесі төлем осы Заңның 20-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
4. Мердігердің (бас мердігердің) мердігерлік шарты бойынша орындаған жұмыстарына аралық төлемдер төлеуді инжинирингтік компания растаған орындалған жұмыстар актісінің негізінде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес уәкілетті компания банктік шотынан жүргізеді.
37-бап. Кепілдік беру жағдайы
1. Кепілдік беру қорының кепілдік беру жағдайының ықтимал басталуы туралы шешімі:
1) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысына мониторингтің;
2) инжинирингтік компанияның ай сайынғы және өзге де есептерінің;
3) уәкілетті компаниядан, уәкілетті органнан алынған ақпараттың;
4) үлескердің (үлескерлердің) жазбаша өтініштерінің нәтижелері бойынша қабылданады.
2. Кепілдік беру жағдайының ықтимал басталуы туралы ақпарат келіп түскен кезде Кепілдік беру қоры:
уәкілетті компанияның тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысы бойынша міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы туралы ақпаратты ақпарат түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кеш емес мерзімде тексеруді жүзеге асырады;
2) ақпарат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кеш емес мерзімде құрылыс салушыға және уәкілетті компанияға көрсетілген ақпаратты түсіндіру туралы сұрау салу жібереді.
Құрылыс салушы және уәкілетті компания Кепілдік беру қорының тиісті сұрау салуы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кеш емес мерзімде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, түсіндірмелер, қарсылықтар (бар болған жағдайда) береді.
3. Кепілдік беру жағдайының басталу фактісі анықталған жағдайда, Кепілдік беру қоры үш жұмыс күні ішінде мынадай жағдайлардың бірін немесе бірнешеуін:
1) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) пайдалануға қабылдау мерзімін бұзушылық. Құрылыс мерзімін құрылыс объектісінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамада көрсетілген мерзімнен әрқайсысын үш айдан үш мәрте ұзартуға жол беріледі;
2) инжинирингтік компания көрсетілген фактіні анықтаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті компанияның банктік шотына құрылыс салушы және (немесе) уәкілетті компания, мердігер (бас мердігер) өтемеген ақшаны осы Заңның 20-бабының талаптарын бұза отырып пайдалануды;
3) құрылыс салушының дәрменсіздігін - тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысымен байланысты емес қызмет бойынша соттың заңды күшіне енген шешімімен белгіленген, құрылыс салушының «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған талаптарды толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіздігін кепілдік жағдайы деп тану туралы шешім қабылдайды.
4. Уәкілетті компанияның тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысы бойынша міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактілерін кепілдік беру жағдайы деп тану туралы оң шешім болған кезде Кепілдік беру қоры шешім қабылданғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей кепілдік беру жағдайының басталуы туралы хабарлайды. Хабарлау Кепілдік беру қорының интернет ресурсында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті хабарландыру мәтінін орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
38-бап. Кепілдік беру қорының кепілдік беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау тәртібі
1. Кепілдік беру қоры мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) уәкілетті органды, жергілікті атқарушы органды және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысушыларды кепілдік беру жағдайының басталғандығы туралы хабардар етеді;
2) қолданыстағы құрылыс мердігерлік шартын бұзу және басқа бас мердігермен шарт жасасу арқылы мердігерді (бас мердігерді) ауыстыру туралы шешім қабылдайды;
3) құрылыс салушыны және уәкілетті компанияны уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шартының күшіне енуі туралы хабардар етеді;
4) уәкілетті компанияның басшылығын ауыстыру туралы шешім қабылданған жағдайда, екінші деңгейдегі банкті уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шартына сәйкес, тағайындау туралы растайтын құжаттарды, сондай-ақ уәкілетті компанияның екінші деңгейдегі банктегі банктік шотын жүргізумен байланысты операцияларды жасау кезінде төлем құжаттарына қол қоюға уәкілеттік берілген адамдардың қолдарының үлгілері бар құжаттарды, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, хабардар етеді;
5) уәкілетті компанияның меншікті қаражаты жеткіліксіз болған кезде төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық шарттары бойынша Кепілдік беру қорының қаражаты есебінен тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтауды қаржыландырады;
6) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысының аяқталу, оны пайдалануға қабылдау және үлескерлерге тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) үлестерін беру барысына одан әрі мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.
2. Кепілдік беру қорының шығындары уәкілетті компания қаражатының есебінен толық өтелген жағдайда уәкілетті компанияның дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сенімгерлік басқару шартының қолданысы осы Заңның талаптарына сәйкес тоқтатылады.
3. Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) құрылысын аяқтау бойынша Кепілдік беру қорының қаражатын (шығындарын) өтеу үшін уәкілетті компанияның қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда оларды өтеу жөніндегі міндетті берешектің тәуелсіз аудиторлық компанияның қорытындысымен олардың негізділігі расталғаннан кейін Кепілдік беру қорының алдындағы берешекті өтеу тәртібі туралы шартты жасасу арқылы субсидиарлық жауапкершілікпен құрылыс салушы көтереді.
4. Осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген әрекеттер орындалғаннан кейін берешекті өтеу тәртібі туралы шарт бойынша тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысын аяқтау бойынша Кепілдік беру қорының қаражаттарын (шығындарын) өтеу үшін құрылыс салушының қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда Кепілдік беру қоры Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құрылыс салушының банкроттығы рәсіміне бастамашылық жасайды.
5. Кепілдік беру қорының кепілдік беру туралы шартты тиісінше орындамағаны жөніндегі талаптарына талап қоюдың ескіру мерзімдері қолданылмайды.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың өзге нысаны осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
40-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі
1. Осы Заңның қолданыс аясына жататын, ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
2. Жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға енгізілмеген тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) үлестерге туындайтын олардың талап ету құқығына байланысты жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт негізінде ғана рұқсат етіледі.
41-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартатын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап:
«Тұрғын үй құрылысына үлес тік қатысу туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 16, 101-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 17, 79-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы сәуірдің 7-і.
№ 486-V