2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырып қорғаудың қолданысы кезеңінде басталған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) туралы хабардар етілген кезінде оны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес дереу тіркеуге және дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға осы сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) жөнінде мәліметтер ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезде сақтанушыға сақтандыру сыйлықақысын толық немесе iшiнара қайтаруға;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырушы өтеуге тиісті зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттар бойынша жүргiзуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) сақтанушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (пайда алушының) талабын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) сақтанушыдан (пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды алынған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде сақтандыру омбудсманына қайта жіберуге;
4) сақтанушыға оның сақтандыру жағдайы кезiнде шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында жұмсаған шығыстарын өтеуге;
5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
6) сақтандыру төлемiн уақтылы жүзеге асырмаған кезде пайда алушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
3. Жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
3-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi
Жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшерi оның талаптарымен белгiленедi және қызметiн республикалық маңызы бар қалалар, астана аумағында жүзеге асыратын нотариустар үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу күнгi белгiленген - 1000, өзге нотариустар үшiн - 500 еселенген айлық есептiк көрсеткiштен кем болмауға тиiс.
16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi
Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi тараптардың келісімi бойынша белгiленедi, бiрақ жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының талаптарында айқындалған сақтандыру сомасының 4,5 процентiнен көп болмауға тиiс.
17-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеудiң тәртібі мен мерзiмдерi
1. Жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеудiң тәртібі мен мерзiмдерi тараптардың келісімiмен белгiленедi.
2. Егер жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, онда кезектi сақтандыру жарнасының уақтылы төленбегенi үшiн сақтанушы сақтандырушыға өзгенiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны ретiнде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысын сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу мүмкіндігін береді.
4-тарау. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемі
18-бап. Сақтандыру жағдайын және сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн айқындау
1. Жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделеріне келтiрiлген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң басталу фактiсi жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
2. Сақтандыру жағдайы сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген не сақтанушының үшiншi тұлғалардың зиянды өтеу туралы талаптарын негiздi деп таныған және сақтанушының талаптарды тануына сақтандырушы келiскен күннен басталған деп есептелiнедi.
3. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн сақтандырушы үшiншi тұлғалар талап еткен сомаға немесе соттың осы Заңның 8-бабының 2-тармағының ережелерiн ескере отырып, келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi заңды күшiне енуiне орай айқындайды.
4. Сақтанушының шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажеттi болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жұмсалса, егер тиiстi шаралар тiптi сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
Мұндай шығыстар нақты мөлшерiнде өтеледi, бiрақ сақтандыру төлемiнiң және шығыстар өтемiнiң жалпы сомасы жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауға тиiс, егер шығыстар сақтанушы сақтандырушының нұсқауларын орындауы нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз толық мөлшерiнде өтеледi.
5. Әрбiр сақтандыру жағдайы бойынша франшизаның мөлшерi тараптардың келісімi бойынша белгiленедi, бiрақ бұл ретте жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасының бес процентiнен аспауға тиiс.
Келтiрiлген зиянның мөлшерi франшизаның белгiленген мөлшерiнен асып кеткен жағдайларда сақтандыру төлемi толық мөлшерде жүзеге асырылады.
19-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың талаптары және тәртібі
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Сақтанушы не үшінші тұлға сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес жазбаша нысанда, оның ішінде сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы қояды.
Сақтандырушының талап етуі бойынша өтініш беруші сақтандырушы қол жеткізе алатын мемлекеттік органдардың дерекқорларында және (немесе) ақпараттық жүйелерінде электрондық нысанда бар құжаттарды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті құжаттардың түпнұсқаларын ұсынуға міндетті.
2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
1) 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) үшiншi тұлғалардың зиянды өтеу туралы, келтiрiлген зиянды және оның мөлшерiн растайтын құжаттар қоса берiлген талабы немесе нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы соттың заңды күшiне енген шешiмi;
3) пайда алушының жеке басы куәлiгiнiң (жеке тұлға үшiн) көшiрмесi немесе заңды тұлғаның өкiлiне берiлген сенiмхат;
4) зиянды болдырмау және мөлшерiн азайту жөнiнде шаралар қолдануға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы ұсынылған құжаттардың толық тізбесін және оларды қабылдау күнін көрсете отырып, өтініш берушіге анықтама беруге міндетті.
Сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру төлемі туралы талабын электрондық нысанда жөнелткен жағдайда, сақтандырушы оған осы анықтаманы электрондық нысанда ұсынуы мүмкін.
4. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттар қабылдауын талап етуге құқылы емес.
5. Жекеше нотариустың жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасауы нәтижесiнде зиян келтiрiлген үшiншi тұлға, ал үшiншi тұлға қайтыс болған жағдайда (қайта ұйымдастырылғанда) - оның мұрагерлерi (құқық мирасқорлары) пайда алушы болып табылады.
Сақтанушы немесе үшiншi тұлғаға (мұрагерлерге (құқық мирасқорларына) келтiрiлген зиянды сақтандырушының осы Заңда белгiленген жауапкершiлiгi көлемiнiң шегiнде өтеген және өз шығындарының сақтандырушыдан өтелуiне құқық алған сақтанушы немесе өзге де тұлға пайда алушы болып табыла алады.
6. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнiнен кешiктiрмей жасайды.
7. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының тараптары немесе үшiншi тұлғалар дау айтқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 6-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде аталған тұлғалардың бiрде-бiрi дау айтпаған бөлiгiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
Сақтандыру төлемiнiң дау айтылған бөлiгiн сақтандырушы бiтiм келісімi жасалған және оны сот бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде, не, егер сот шешiмдi шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап төлеуi тиіс.
8. Жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу кезеңiнде үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталған кезден бастап үш жыл ішінде қойылуы мүмкін.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 19-1-баппен толықтырылды
19-1-бап. Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі дауларды реттеу ерекшеліктері
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дау болған кезде сақтанушы (пайда алушы) талаптарын көрсетіп және өзінің талабын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінішін сақтандырушыға (оның ішінде сақтандырушының филиалы, өкілдігі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге не «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін өтінішін сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) немесе сотқа жіберуге құқылы.
2. Сақтандырушы сақтанушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде оны бес жұмыс күні ішінде қарайды және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып жазбаша жауап береді.
3. Сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру омбудсманына өтініш жасаған жағдайда, сақтандырушы сақтанушының (пайда алушының), сақтандыру омбудсманының сұрау салуы бойынша дауды қарауға және шешуге қатысты құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
20-бап. Зиян келтiрген тұлғаға кері талап құқығы
1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға төленген сома шегiнде мынадай жағдайларда:
1) сақтанушы сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттер жасағанда;
2) сақтанушы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық не әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттер жасағанда;
3) сақтанушының зиянның мөлшерiн азайту жөнiнде қисынды және қол жетiмдi шараларды қасақана қолданбауы нәтижесiнде зиянның мөлшерi ұлғайғанда;
4) сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлағанда;
5) сақтанушы сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзiнiң талап қою құқығынан бас тартқанда, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының өтуi үшiн қажеттi сақтандыру құжаттарын беруден бас тартқанда керi талап қоюға құқығы бар.
2. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының сақтандыру нәтижесiнде сақтандырушы өтеген шығындар үшiн жауапты тұлғаға керi талап қою құқығы төленген сома шегiнде ауысады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi
1. Сақтандырушы егер сақтандыру жағдайы:
1) үшiншi тұлғалардың сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерiнiң;
2) үшiншi тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерiнiң;
3) сақтанушының нотариустың Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарында белгiленген функциялары мен мiндеттерiне сәйкес келмейтiн қызметтi жүзеге асыруының;
4) сақтанушы Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарын нотариус қызметiнiң аумағына қатысты талаптарын бұза отырып жасаған нотариаттық iс-әрекеттердiң салдарынан болса сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асыруда асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:
1) сақтанушының шығынды келтiруге кiнәлi тұлғадан шығынның тиiстi өтемiн алуы;
2) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру жағдайының басталуы туралы сақтандырушыға хабарламау немесе уақтылы хабарламау;
3) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тексеру және келтiрiлген зиянның мөлшерiн белгiлеу кезiнде сақтандырушыға кедергi келтiруi негiз болуы мүмкiн.
3. Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарламау немесе уақтылы хабарламау, егер сақтандырушының сақтандыру жағдайының басталғаны туралы уақтылы бiлгендiгi дәлелденбесе не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң болмауы сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпесе, ол сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқылы.
4. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк уланудың әсерi;
2) соғыс қимылдарының;
3) азамат соғысының, түрлi сипаттағы халық толқуларының, жаппай тәртiпсiздiктердiң немесе ереуiлдердiң салдарынан туындаса, сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздер бар кезде сақтандырушы осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берген тұлғаға бас тарту себептерінің уәжді негіздемесімен және сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, келіспеушіліктерді реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарламамен сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді жазбаша нысанда жiберуге мiндеттi.
6. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.
5-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Дауларды қараудың тәртібі
Жекеше нотариустардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.
23-бап. Қазақстан Республикасының жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президентi | | | Н.А. Назарбаев |