3. Экологиялық рұқсат I және II санаттағы әрбір жеке объектіге беріледі.
4. Қазақстан Республикасында экологиялық рұқсаттардың мынадай түрлері беріледі:
1) кешенді экологиялық рұқсат;
2) әсер етуге арналған экологиялық рұқсат.
5. I және II санаттағы объектілерді тиісті экологиялық рұқсатсыз салуға және пайдалануға тыйым салынады.
6. Осы Кодекске сәйкес ластағыш ретінде айқындалған заттардың шығарындыларын қоспағанда, парниктік газдардың шығарылуы экологиялық рұқсаттардың нысанасы болып табылмайды.
7. І немесе ІІ санаттағы объектінің өнеркәсіптік алаңы шегінде орналастырылатын және онымен технологиялық тікелей байланысты жағдайларды қоспағанда, экологиялық рұқсат III және IV санаттағы объектілерді салу және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін талап етілмейді.
ІІІ санаттағы объектілерді пайдалану жөніндегі қызмет осы Кодекстің 110-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация берілген жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
Экологиялық рұқсаттар беру, қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсыну қағидаларын (бұдан әрі - экологиялық рұқсаттар беру қағидалары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен экологиялық рұқсаттар мен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың тізілімін жүргізеді.
107-бап. Объектінің операторы ауысқан кезде экологиялық рұқсаттың және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияның қолданылуы
1. Объектіні иеліктен шығару немесе оны өзгедей заңды түрде пайдалануға басқа тұлғаға беру, объектінің операторын бөліну, бөлу немесе біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру нәтижесінде объект операторы ауысқан, немесе әмбебап құқықтық мирасқорлықтың басқа да жағдайларында, бұрын берілген экологиялық рұқсат немесе ұсынылған қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация өз күшін сақтайды және объектінің жаңа операторы үшін міндетті болады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап он жұмыс күн ішінде жаңа оператор қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы Кодекстің 108-бабына сәйкес экологиялық рұқсатты қайта ресімдеуге өтініш беруге міндетті.
108-бап. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу тәртібі
1. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу:
1) экологиялық рұқсат берілген объект операторының атауы өзгерген, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген;
2) осы Кодекстің 107-бабында көрсетілген жағдайларда, бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
2. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу рұқсатты қайта ресімдеуге арналған өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша экологиялық рұқсат қайта ресімделген жағдайда, өтінішке объект операторының ауысуын растайтын құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
109-бап. Экологиялық рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу) және оның күшін жою
1. Экологиялық рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру және одан айыру (кері қайтарып алу) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Экологиялық рұқсатты берген орган объект операторының тиісті жазбаша өтінішін алған кезде немесе жаңа экологиялық рұқсат қолданысқа енгізілген күннен бастап экологиялық рұқсаттың күшін жояды.
110-бап. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация
1. ІІІ санаттағы объектілерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (бұдан әрі - декларант) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынады.
2. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық құжат нысанында ұсынылады.
3. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және мекенжайы (тұрған жері) немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері;
2) объектінің атауы және қысқаша сипаттамасы;
3) негізгі қызмет түрі, өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен көлемі;
4) ластағыш заттар шығарындыларының декларацияланатын саны, қалдықтардың (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) саны мен түрлері;
5) белгіленіп отырған қызмет үшін - III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен берілген күні.
4. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация:
1) белгіленіп отырған қызмет басталар алдында;
2) негізгі өндірістердің технологиялық процестері, ластағыш заттар мен стационарлық көздер, қалдықтар (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) шығарындыларының сапалық және сандық сипаттамалары елеулі түрде өзгерген жағдайда - қызметті жүзеге асыру басталғаннан кейін ұсынылады.
5. Ластағыш заттар мен стационарлық көздер, қалдықтар (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) шығарындыларының сапалық және сандық сипаттамалары елеулі түрде өзгерген жағдайда, декларант тиісті елеулі өзгерістер енгізілген күннен бастап үш ай ішінде қоршаған ортаға әсер ету туралы жаңа декларацияны ұсынуға міндетті.
6. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияның нысаны және оны толтыру тәртібі экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленеді.
7. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынбағаны немесе осы декларацияда қамтылған анық емес ақпаратты бергені үшін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8. Жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жібереді.
1-параграф. Кешенді экологиялық рұқсат
111-бап. Кешенді экологиялық рұқсат туралы жалпы ережелер
1. I санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттың болуы міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген өзге де объектілердің операторлары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті технологиялық процесс немесе өндіріс саласы үшін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындылар болған кезде ерікті түрде кешенді экологиялық рұқсат алуға құқылы.
3. Кешенді экологиялық рұқсаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
Осы Кодекстің 115-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда, кешенді экологиялық рұқсатты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша береді.
4. Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, кешенді экологиялық рұқсат мерзімсіз қолданылады.
Өзіне қатысты кешенді экологиялық рұқсаттар берілген объектінің операторы мұндай объект сәйкес келмейтін талаптарды белгілейтін ең үздік қолжетімді техникалар бойынша жаңа қорытынды бекітілген жағдайда, осы Кодекстің 118-бабының 2-тармағына сәйкес кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарауға өтініш беруге міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайда бұрын берілген кешенді экологиялық рұқсаттың қолданысы, егер мұндай кешенді экологиялық рұқсат көрсетілген мерзімде қайта қаралмаса, ең үздік қолжетімді техникалар бойынша осындай қорытынды бекітілген күннен кейін бір жыл өткен соң тоқтатылады.
112-бап. Кешенді экологиялық рұқсаттың мазмұны
1. Кешенді экологиялық рұқсат белгіленген үлгідегі құжатты білдіреді, онда мыналар қамтылады:
1) оның иесі (операторы), объект және онда жүзеге асырылатын қызмет түрлері туралы мәліметтер;
2) қызметті жүзеге асырудың экологиялық шарттары, оның ішінде:
технологиялық нормативтер;
қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері;
табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер етудің нормативтері;
қалдықтардың жинақталу лимиттері, қалдықтарды көму лимиттері (өз полигоны болған кезде);
күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері (көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде);
егер қызмет арнайы су пайдалануды қамтитын жағдайда, Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес арнайы су пайдалануға арналған лимиттер;
энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар;
қалдықтарды басқару бағдарламасы;
қоршаған ортаға қауіп төндіретін жағдайларда объектіні пайдалану жөніндегі әрекеттер мен шаралар;
өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы, оның ішінде топырақ пен жерасты сулары жай-күйінің мониторингін және эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингін қоса алғанда, өндірістік мониторинг жүргізу жөніндегі талаптар;
топырақтың және жерасты суларының ластануын болғызбау бойынша қажетті шарттар мен шаралар, сондай-ақ жабдықты пайдалану процесінде немесе қалдықтар мен өзге де қауіпті заттарды сақтау кезінде ағуды, төгілуді, аварияларды және өзге де тосын жағдайларды болғызбау мақсатында осындай шарттар мен шаралардың сақталуын ұдайы байқау мен бақылау жөніндегі талаптар;
ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді сақтауы мүмкін болмаған кезде I санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілер үшін - экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының жобасы;
қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы қорытындыда көрсетілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзге де талаптар;
3) кешенді экологиялық рұқсат беру туралы шешім қабылдау себептерінің негіздемесі.
2. Кешенді экологиялық рұқсат бланкілерінің нысандары және оларды толтыру тәртібі экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленеді.
113-бап. Ең үздік қолжетімді техникалар
1. Ең үздік қолжетімді техникалар деп қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерінің неғұрлым тиімді және озық даму сатысы түсініледі, бұл олардың қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбауға немесе, егер бұл іс жүзінде жүзеге асырылмаса, барынша азайтуға бағытталған технологиялық нормативтер мен өзге де экологиялық шарттарды белгілеуге негіз болу үшін практикалық жарамдылығын куәландырады. Бұл ретте:
1) техникалар деп пайдаланылатын технологиялар, сондай-ақ объектіні жобалауға, салуға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, басқаруға және пайдаланудан шығаруға қолданылатын тәсілдер, әдістер, процестер, практикалар, ұстанымдар мен шешімдер түсініледі;
2) егер техникалардың даму деңгейі мұндай техникаларды шығындар мен пайданы назарға ала отырып, мұндай техникалардың Қазақстан Республикасында қолданылу-қолданылмауына немесе өндірілу-өндірілмеуіне қарамастан және олар объектінің операторына негізді түрде қолжетімді болатындай шамада ғана өндірістің тиісті секторында экономикалық және техникалық ықтимал шарттарда ендіруге мүмкіндік берсе, олар қолжетімді болып есептеледі;
3) ең үздік деп бір тұтас ретінде қоршаған ортаны қорғаудың жалпы жоғары деңгейіне жетуде неғұрлым пәрменді қолжетімді техникалар түсініледі.
2. Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану қоршаған ортаның ластануын кешенді түрде болғызбауға, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді барынша азайтуға және бақылауға бағытталған.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану салалары деп осы Кодекске сәйкес өздері үшін ең үздік қолжетімді техникалар айқындалатын экономиканың жекелеген салалары, қызмет түрлері, технологиялық процестер, қызметті жүргізудің техникалық, ұйымдастырушылық немесе басқарушылық аспектілері түсініледі. Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану салалары осы Кодекске 3-қосымшада айқындалады.
3. Ең үздік қолжетімді техникалар мынадай өлшемшарттар үйлесімі негізінде айқындалады:
1) аз қалдықты технологияны пайдалану;
2) қауіптілігі неғұрлым аз заттарды пайдалану;
3) технологиялық процесте түзілетін және пайдаланылатын заттардың, сондай-ақ қалдықтардың қолданылуға келетіндей шамада қалпына келтірілуі мен рециклингіне ықпал ету;
4) өнеркәсіптік деңгейде табысты сыналған процестердің, құрылғылардың және операциялық әдістердің салыстырмалылығы;
5) ғылыми білімдегі технологиялық серпілістер мен өзгерістер;
6) қоршаған ортаға тиісті эмиссиялардың табиғаты, ықпалы мен көлемі;
7) жаңа және жұмыс істеп тұрған объектілер үшін пайдалануға берілу күні;
8) ең үздік қолжетімді техниканы ендіруге қажетті мерзімдердің ұзақтығы;
9) процестерде пайдаланылатын шикізат пен ресурстардың (суды қоса алғанда) тұтынылу деңгейі мен қасиеттері және энергия тиімділігі;
10) қоршаған ортаға эмиссиялардың жағымсыз әсері мен қоршаған орта үшін тәуекелдерді болғызбау немесе олардың жалпы деңгейін барынша қысқарту қажеттігі;
11) аварияларды болғызбау және қоршаған ортаға жағымсыз салдарларды барынша азайту қажеттігі;
12) халықаралық ұйымдар жариялаған ақпарат;
13) Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде екі және одан да көп объектілерде өнеркәсіптік ендіру.
4. Қолданылуы кезінде табиғи ортаның бір немесе бірнеше құрамдасына жағымсыз әсер етуді болғызбау немесе қысқарту табиғи ортаның басқа құрамдастарына жағымсыз әсер етуді ұлғайту есебінен қол жеткізілетін технологиялық процестер, техникалық, басқарушылық және ұйымдастырушылық тәсілдер, әдістер, ұстанымдар мен практикалар ең үздік қолжетімді техника ретінде айқындалмайды.
5. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың негізінде бекітеді. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындылар мынадай ережелерді қамтиды:
1) ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі тұжырымдар;
2) ең үздік қолжетімді техникалардың сипаттамасы;
3) ең үздік қолжетімді техникалардың қолданылуын бағалауға қажетті ақпарат;
4) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері;
5) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетика, су ресустары мен өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері;
6) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты мониторинг жөніндегі талаптар;
7) ремедиация жөніндегі талаптар.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері белгілі бір уақыт кезеңі үшін және белгілі бір жағдайлар кезінде орташалау ескеріле отырып, объектіні ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыда сипатталған бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техниканы қолдана отырып пайдаланудың қалыпты жағдайларында қол жеткізілуі мүмкін эмиссиялар (ластағыш заттардың концентрациялары) деңгейлерінің диапазоны ретінде айқындалады. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда диапазонның төменгі шекарасындағы эмиссиялар деңгейлеріне қол жеткізілуі мүмкін жағдайлардың сипаттамасы да келтіріледі.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетикалық, су және өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері объектіні ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыда сипатталған бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техникаларды қолдана отырып пайдаланудың қалыпты жағдайларында қол жеткізілуі мүмкін мәндердің диапазоны ретінде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау тәртібін (бұдан әрі - ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау қағидалары) айқындайды және ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды бекітеді.
Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар мынадай:
1) барлық мүдделі тараптардың қатысуы мен мүдделерінің тепе-теңдігі негізінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу процесінің ашықтығы мен айқындығы;
2) ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың тиісті салалары бойынша қажетті білімі мен тәжірибесі бар қоғам өкілдерінің, отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылардың қатысу міндеттілігі;
3) үздік әлемдік тәжірибеге бағдарлану;
4) циклділік, серпінділік және озық даму;
5) қоғамдық пікірді кеңінен қамту, оның ішінде қоғамдық тыңдауларды өткізудің міндеттілігі;
6) барлық мүдделі тараптардың бәтуаға қол жеткізу қажеттілігі қағидаттары негізінде әзірленеді.
Кешенді технологиялық аудит жүргізу ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеудің және (немесе) қайта қараудың бірінші кезеңі болып табылады, оны жүргізу қағидалары ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау қағидаларына енгізіледі.
Кешенді технологиялық аудит кәсіпорындарда қолданылатын, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбауға және (немесе) барынша азайтуға, оның ішінде тиісті мәліметтер жинау және (немесе) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласына жататын объектілерге бару арқылы азайтуға бағытталған техникаларды (технологияларды, тәсілдерді, әдістерді, процестерді, практиканы, ұстанымдар мен шешімдерді) сараптамалық бағалау процесін білдіреді.
Ендірілген ең үздік қолжетімді техникалардың нәтижелілігі мен өзектілігі тұрғысынан кешенді технологиялық аудиті мен мониторингін Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның функцияларын жүзеге асыратын ұйым жүргізеді.
7. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның функцияларын жүзеге асыратын ұйым қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады.
Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның міндеттеріне:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу және жаңартып отыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
2) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу және ең үздік қолжетімді техникаларды ендіру процесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
3) мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен жұртшылыққа ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу мәселелері бойынша хабар беру және оларға ең үздік қолжетімді техникалар саласында консультациялық қолдау көрсету;
4) ең үздік қолжетімді техникалар саласында нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға қатысу;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және техникалық жұмыс топтарының ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қазіргі заманғы технологиялардың трансфері мен олардың Қазақстан Республикасында бейімделуі мәселелері жөніндегі қызметін ұйымдастырушылық, әдістемелік және сараптамалық-талдамалық қолдауды қамтамасыз ету кіреді.
8. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарда мыналар қамтылады:
1) саланы, саланың бір бөлігін, қызмет түрін, технологиялық процестер мен техникалардың сипаттамасын қоса алғанда, нақты қолдану саласы туралы жалпы ақпарат;
2) эмиссиялардың, сондай-ақ энергетика және су ресурстарын тұтынудың ағымдағы деңгейлерін қоса алғанда, қолдану саласына тән негізгі экологиялық проблемалардың сипаттамасы;
3) ең үздік қолжетімді техниканы айқындау әдіснамасы;
4) ең үздік қолжетімді техникаларды айқындау мақсатында қарау үшін ұсынылатын, нақты қолдану саласы үшін қазіргі бар техникалардың сипаттамасы;
5) технологиялық процестердің қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету үшін оларды жүзеге асыру кезінде қолданылатын және қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектіні техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды талап етпейтін әдістер;
6) ең үздік қолжетімді техниканы ендірудің қоршаған орта үшін артықшылықтарын бағалау;
7) ең үздік қолжетімді техниканы қолданудағы шектеулер туралы деректер;
8) ең үздік қолжетімді техниканы сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер;
9) өздеріне қатысты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп жатқан немесе оларды тәжірибелік-өнеркәсіптік ендіру жүзеге асырылып жатқан жаңа техникалар туралы ақпарат;
10) ең үздік қолжетімді техниканы іс жүзінде қолдану үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;
11) осындай ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді қоса алғанда, ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі тұжырымдарды қамтитын қорытынды;
12) анықтамалықпен одан әрі жұмыс істеу үшін техникалық жұмыс тобының қосымша комментарийлері мен ұсынымдары.
9. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу кезінде осы саладағы ең үздік әлемдік тәжірибе ескеріледі, оның ішінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың негізі ретінде ең үздік қолжетімді техникаларды нақты қолдану салаларында олардың техникалық және экономикалық қолжетімділігін негіздейтін Қазақстан Республикасының климаттық және экологиялық жағдайларына негізді бейімделу қажеттігін ескере отырып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болып табылатын мемлекеттерде ресми қолданылатын ұқсас және салыстырмалы анықтамалықтар пайдаланылуға тиіс.
10. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қайта қарау тиісті анықтамалықтың алдыңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін әрбір сегіз жыл сайын және ғылыми-техникалық даму мен қандай да бір техникалардың техникалық және (немесе) экономикалық қолжетімділік деңгейін арттыруды ескере отырып, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді төмендету, ресурс тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға және төмен көміртекті дамуға көшуіне ықпал ету мақсатында ғана жүзеге асырылады.
11. Ең үздік қолжетімді техниканы ендіру деп жаңа объектілерді жобалау, салу немесе жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, оның ішінде жаңа жабдықты орнату арқылы техникалық қайта жарақтандыру (жаңғырту) жөніндегі, мұндай объектілерге қызмет көрсетуде, пайдалануда, басқаруда және пайдаланудан шығару кезінде тәсілдерді, әдістерді, процестерді, практикаларды, ұстанымдар мен шешімдерді қолдану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырудың уақыт жағынан шектелген процесі танылады. Бұл ретте көрсетілген іс-шаралар жиынтығында қоршаған ортаны қорғаудың жарияланған ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарда сипатталған ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты көрсеткіштерден төмен болмайтындай деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.
114-бап. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш
1. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға электрондық түрде беріледі және онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса); оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
2) объектінің атауы және тұрған жері;
3) негізгі қызмет түрі, өндірілетін өнімнің (тауардың) түрлері мен көлемі;
4) объектіні салу, реконструкциялау және (немесе) пайдалану жоспарланып отырған аумақтың ағымдағы жай-күйінің сипаттамасы;
5) объектінің қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуін болғызбау немесе оның деңгейін төмендету мақсатында объектіде қолданылатын немесе қолдануға ұсынылатын техникалардың сипаттамасы, оның ішінде кешенді экологиялық рұқсатқа енгізу үшін оператор ұсынатын технологиялық нормативтердің есеп-қисаптары мен негіздемелері;
6) тиісті қолданылу салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар туралы қорытындыларда келтірілген ең үздік қолжетімді техникалары бар пайдаланылатын немесе пайдаланылуы болжанатын техниканың салыстырмалы сипаттамасы;
7) кешенді экологиялық рұқсатқа енгізу үшін ұсынылатын, Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарына және қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындының тұжырымдарына сәйкес келуге тиісті, объектіні салу, пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезеңдеріне қатысты міндетті экологиялық шарттар;