5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған қағидалар бойынша ортақ мүлiктi бөлу немесе одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған кезде сот мүлiктi жария сауда-саттықта сату, одан түскен соманы кейін ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне мөлшерлес бөлiп беру туралы шешiм қабылдайды.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 219-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
219-бап. Ортақ бiрлескен меншiк
1. Ортақ бiрлескен меншiк:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) шаруа қожалығы мүшелерінің ортақ меншігі;
3) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде болады.
2. Заң құжаттарында ортақ бiрлескен меншiктiң басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiк, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады және қолдануда болады.
220-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету
1. Бiрлескен меншiкке қатысушылар, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлiктi бiрлесiп иеленедi және пайдаланады.
2. Мүлiкке билiк ету жөніндегі мәмiленi қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер барлық қатысушылардың келісімiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мәмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мәмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мәмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттік тiркеудi керек ететiн мәмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мәмiле жасауға келісімi нотариалдық тәртiппен расталуға тиiс.
4. Егер осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбесе, осы баптың 1-3-тармақтары қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 221-бап өзгертiлдi
221-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiкке құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актілерімен немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.
3. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару негiздерi мен тәртібі осы Кодекстiң 218-бабының ережелерiмен белгiленедi, өйткенi ол осы Кодекспен, басқа да заң құжаттарымен бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбеген және бiрлескен меншiкке қатысушылар қатынастарының мәнiнен туындамайды.
222-бап. Ортақ мүлiктегi үлестен ақы өндiрiп алу
1. Үлестi немесе бiрлескен меншiкке қатысушыға несие берушi қатысушыда басқа мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда борышқордың ортақ мүлiктегi үлесiн одан ақы өндiрiп алу үшiн бөлiп беру туралы талап қоюға құқылы.
2. Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
3. Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 223-бап өзгертiлдi
223-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киім-кешек, аяқ киім және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.
Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгіндегі мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 224-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
224-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншігi
1. Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығында тиесілі болады.
Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығында тиесілі болады.
Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің меншігінде жер учаскелері, жер учаскесіндегі екпелер, оның ішінде жеке орман қорындағы екпелер, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсіріліп, ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнім беретін және жегін мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлік құралдары, құрал-саймандар және қожалық мүшелері берген және (немесе) қожалық үшін оның мүшелерінің ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлік болуы мүмкін.
3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметі нәтижесінде алынған жемістер, өнім мен кірістер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің ортақ мүлкі болып табылады және олардың арасында келісім бойынша пайдаланылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 225-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
225-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiн бөлу
1. Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша шаруа немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк осы Кодекстiң 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлiнуге тиiс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бiрлескен меншiк құқығындағы шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкiне үлестерi тең деп танылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 226-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
226-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын шаруашылық серiктестiгi немесе кооператив етiп қайта құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретінде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен ; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 227-бап өзгертiлдi
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттік тұрғын үй қорының үйіндегі тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актілерінде белгiленедi.
12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк)
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 228-бап өзгертiлдi
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткізу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 229-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ істерін жүргізу
Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ істерін жүргізу олардың ортақ келісімі бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісу бойынша олар бірлескен қызметке басшылық етуді және ортақ істерді жүргізуді, бұл жағдайда шартқа қалған қатысушылар берген сенімхат негізінде әрекет ететін қатысушылардың біріне немесе осы Кодекстің 823-бабында көзделген жағдайда үшінші тұлғаға тапсыра алады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 230-бап
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi
1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.
2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.
3.алынып тасталды
4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актілерімен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 231-бап өзгертiлдi
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары
Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртібі қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту
1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келісімiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 233-бап өзгертiлдi
233-бап. Консорциум
1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).
2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.
Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.
3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келісімiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келісімде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
13-тарау. Меншік құқығына және өзге де заттық құқықтарға ие болу
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 235-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алу мүмкiн.
3-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен жер учаскесін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде, сондай-ақ жер учаскесін алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару кезінде мүлікке меншік құқығына ие болады.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы мемлекеттік тіркеу кезінен бастап туындайды.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
3. 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлiкке құқықты мемлекеттік тіркеу кезіне дейін мүлікке материалдар мен жылжымайтын мүлік тұрғызылатын басқа мүлікке меншік құқығы туралы қағидалар қолданылады.
237-бап. Өңдеу
1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.
Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.
3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 238-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
1-1. Егер шарт бойынша мүлікті иеленушінің меншiк құқығы мемлекеттік тiркелуге жататын болса, онда мүлікті иеленушінің меншiк құқығы, егер заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе, осындай тiркеу жасалған кезден бастап туындайды.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттік тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткізу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткізу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 240-бап өзгертiлдi
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттік тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Иелену мерзiмiнiң өтуi затты иеленген кезден басталады.
5. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру
Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.
24.12.01 ж. № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.22.06 № 147-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 242-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 242-бап өзгертілді
242-бап. Иесiз заттар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.
2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы) туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.
3. Иесi жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесi жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнеді.
Егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiнеді.
Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленетін азаматтардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және коммуналдық меншікке берілмейді.
Мемлекеттік меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ зат ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне қайта алуға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 243-бап жаңа редакцияда
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар
1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.
2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.
Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 244-бап өзгертілді
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс
1. Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.