7) 37-баптың 7-тармағындағы «Офицерлік құрамды әскерге шақыру бойынша» деген сөздер «Осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 50-1-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі «офицерлерге де» деген сөздер «офицерлер мен запастағы сержанттарға да» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 53-1-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы «офицерлік құрамның әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілері» деген сөздер «осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған әскери қызметшілер» деген сөздермен ауыстырылсын.
13. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
56-бапта:
1-тармақтағы «Арнаулы», «арнаулы» деген сөздер тиісінше «Арнайы», «арнайы» деген сөздермен ауыстырылып, «немесе индустриялық аймақтың» деген сөздерден кейін «, оның ішінде ғылымды қажетсінетін аумақтың» деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақтың бірінші бөлігі «немесе индустриялық аймақтағы» деген сөздерден кейін «, оның ішінде ғылымды қажетсінетін аумақтағы» деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақтағы «арнаулы» деген сөз «арнайы» деген сөзбен ауыстырылып, «немесе индустриялық аймақ аумағында» деген сөздерден кейін «, оның ішінде ғылымды қажетсінетін аумақта» деген сөздермен толықтырылсын.
14-тармақ 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
14. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1-баптың 3) тармақшасы «, жоғары ғылыми ұйым» деген сөздермен толықтырылсын.
15. «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:
24-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың екінші бөлігінің ережелері ғылымды қажетсінетін аумақтың аумағындағы арнайы экономикалық аймақты тарату жағдайларына қолданылмайды.».
16. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 26-1) және 27-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«26-1) ғылым мен технологияларды дамыту жөніндегі форсайттық (болжамдық) зерттеулер - ғылым мен технологиялардың орта және ұзақ мерзімді даму перспективаларын сараптамалық-талдамалық бағалау;»;
«27-1) жас ғалым - ғылыми, ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте он жылдан аспайтын өтілі бар (бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кезеңді есепке алмағанда), ғылыми, ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін алатын және іске асыратын, қырық төрт жасты қоса алғанда сол жасқа дейінгі жеке тұлға;»;
32) тармақша «архивті,» деген сөзден кейін «ғылыми инфрақұрылымды,» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 45-1) тармақшамен толықтырылсын:
«45-1) ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертхана - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми жабдықты бірлесіп пайдалануы үшін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сатып алынған, оған тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін және «Қазақстан ғылымы» бірыңғай цифрлық жүйесінде тіркелуге жататын ғылыми инфрақұрылым;»;
2) 4-баптың 2-тармағындағы «Заңда реттелген құқықтық қатынастарға» деген сөздер «Заңмен реттелген,» деген сөздермен ауыстырылып, «гранттардан» деген сөзден кейін «, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың аударымынан түсетін арнаулы түсімдер есебінен» деген сөздермен толықтырылсын;
16-тармағының 3) тармақшасы 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
3) 5-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) Ұлттық ғылым академиясының қамқоршылық кеңесінің құрамын айқындайды;»;
4) 6-бапта:
мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
«19-1) ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің өзге де аккредиттелген субъектілерінің бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;»;
22) тармақшадағы «ғылыми және» деген сөздер «ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ ғылыми және» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 29-1) және 37-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«29-1) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сатып алынған ғылыми жабдықты пайдалану және ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханаларға, академиялық артықшылық орталықтарына қолжетімділік беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
«37-1) ғылымның және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың бағыттары жөніндегі ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;»;
41) тармақша «қазақстандық» деген сөзден кейін «және шетелдік» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 43-1), 43-2), 43-3) және 43-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«43-1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы венчурлік қаржыландыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
43-2) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың сұралатын қаржыландыру көлемінің (құнының) экономикалық негізділігін бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
43-3) ұлттық ғылыми кеңестер қараған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуын мониторингтеу қорытындыларын бекітеді;
43-4) ұлттық ғылыми кеңестің шешіміне сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың қаржыландыру көлемін (құнын) бекітеді;»;
5) 8-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 12-1) және 12-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«12-1) ғылыми қалашықтың даму стратегиясын келіседі;
12-2) ғылыми қалашықтың даму стратегиясын іске асыру туралы есепті жыл сайын әзірлейді;»;
6) 10-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың (ғылыми жарыстардың) конкурстары бойынша ұлттық және облыстық командалардың, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін кәсіптік шеберлік конкурстарының мүшелері ғылыми зерттеулер жүргізу үшін академиялық артықшылық орталықтарын, ғылыми инфрақұрылымды, оның ішінде дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында орналасқан цифрландыру объектілерін пайдалануға құқылы.»;
7) мынадай мазмұндағы 10-1-баппен толықтырылсын:
«10-1-бап. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері
1. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге академиялық еркіндікке және шығармашылық еркіндік құқығына кепілдік беріледі.
2. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің:
1) егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаса, ғылыми зерттеулерді басқаның араласуынсыз жүзеге асыруға, олардың нәтижелерін еркін талқылап, жариялауға;
2) өздерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін өз бетінше жоспарлауға және ұйымдастыруға;
3) ғылыми зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелердің бағыты мен мазмұнын, әдістері мен құралдарын өз бетінше айқындауға;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жол берілетін ғылыми негізделген тәуекелмен жүзеге асыруға;
5) заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, ғылыми және ғылыми-техникалық ақпаратқа қолжетімділік алуға;
6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруға байланысты себептер бойынша өз құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын қудалаудан қорғалуға;
7) өздері авторы (авторлары) болатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінен кіріс алуға;
8) өздерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің объективті бағалануына, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де ынталандыру шараларына;
9) ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауға қатысуға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру процесінде оларға білімі мен тәжірибесін беруге;
10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң- дарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер:
1) ғылыми әдеп талаптарына сәйкес ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға;
2) мүдделер қақтығысы мен жосықсыз бәсекелестікті болғызбауға;
3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді сақтауға міндетті.»;
8) 15-бапта:
3-тармақта:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) ғылым мен технологияларды дамыту жөніндегі форсайттық (болжамдық) зерттеулердің, сондай-ақ өзге де талдамалық және статистикалық материалдардың нәтижелерін ескере отырып, ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды жүзеге асырады;»;
4) тармақшадағы «ғылымды» деген сөз «ғылым мен технологияларды» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау.»;
16-тармағының 8) тармақшасының сегізінші - он жетінші абзацтары 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Ұлттық ғылым академиясының қызметі бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылады.»;
мынадай мазмұндағы 29, 30 және 31-тармақтармен толықтырылсын:
«29. Ұлттық ғылым академиясының мүлкі:
1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты;
2) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін түсімдер (кірістер);
4) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.
Ұлттық ғылым академиясы өз мүлкін тек қана жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланады.
30. Ұлттық ғылым академиясы өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.
31. Ұлттық ғылым академиясының жанында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді.
Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл:
1) ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша олардың жолданымдарын қарайды;
2) ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер үшін консультациялық қызметті жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және ғылыми ұйымдармен, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалармен ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
4) Ұлттық ғылым академиясына және уәкілетті органға Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесу үшін ғылыми ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді, сарапшылар мен өзге де тұлғаларды тартады.»;
9) 20-баптың 3-тармағының 8) тармақшасындағы «Қазақстан» деген сөз «осы Заңға және Қазақстан» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 22-бапта:
1-тармақтағы «ғылым» деген сөз «ғылымның және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың 3) тармақшасы «көлемінің» деген сөзден кейін «(құнының)» деген сөзбен толықтырылсын;
11) 25-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі «көлемінің» деген сөзден кейін «(құнының)» деген сөзбен толықтырылсын;
12) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын не бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыратын ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлеріне және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің өзге де аккредиттелген субъектілеріне еңбекақы төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.»;
13) 29-бапта:
1-тармақтағы «Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне» деген сөздер «Ғылыми қызметкерлерге» деген сөздермен ауыстырылсын;
4 және 6-тармақтар «шарттары» деген сөзден кейін «осы Заңда,» деген сөздермен толықтырылсын;
14) 30-баптың 2-тармағындағы «қырық жастағы ғалымдарды қоса алғандағы» деген сөздер алып тасталсын;
15) 31-баптың 1-тармағы екінші бөлігінің үшінші абзацындағы және 3-тармағындағы «, қырық жастағы ғалымдарды қоса алғандағы» деген сөздер алып тасталсын;
16) мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:
«5-1-тарау. Ғылымды қажетсінетін аумақ
33-1-бап. Ғылымды қажетсінетін аумақтар туралы негізгі ережелер
1. Ғылымды қажетсінетін аумақ - ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттарын қолдау, жоғары технологиялық өндірістерді ынталандыру мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасалатын аумақ.
2. Ғылымды қажетсінетін аумақ осы Заңға сәйкес мәртебесі берілетін және одан айырылатын ғылыми қалашық немесе ғылыми-технологиялық парк нысанында болуы мүмкін.
3. Ғылымды қажетсінетін аумақтың жобаларын және инфрақұрылымын қаржыландыру бюджеттен тыс қаражат және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Жобаларды ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке арналған бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган ғылыми қалашық пен ғылыми-технологиялық парктің даму стратегияларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асыратын тұлғаны айқындайды.
Мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Ғылымды қажетсінетін аумақтардың аумағында құрылған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды іске асыру ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
33-2-бап. Ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуды ынталандыру шаралары
1. Ғылымды қажетсінетін аумақтардағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ынталандыру шараларына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық жеңілдіктері;
осы Заңға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру;
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдау;
«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алу құқығы.
2. Ғылымды қажетсінетін аумақтарда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми қалашықтың немесе ғылыми-техникалық парктің басқарушы компаниясының өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасына келуге виза алады.
3. Уәкілетті органның шешімі бойынша ғылыми қалашықтың аумағында құрылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім туралы және рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады. Лицензиялау уәкілетті орган бекітетін жекелеген біліктілік талаптары бойынша жүзеге асырылады.
33-3-бап. Ғылыми қалашық. Ғылыми қалашықтың негізгі міндеттері
1. Ғылыми қалашық - елдің экономикалық дамуының басым бағыттарын дамыту мақсатында аумағында білім беру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық, инновациялық және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалған елді мекенге берілетін мәртебе.
2. Ғылыми қалашықтың негізгі міндеттері:
1) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;
2) экономиканы орнықты дамыту мақсатында ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды әзірлеу және өндіріске ендіру;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру;
4) технологиялардың тиімді трансферін қамтамасыз ету;
5) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларға инвестициялар тарту;
6) өндіріс және кадр әлеуетін дамыту;
7) ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу.
33-4-бап. Ғылыми қалашық мәртебесін беру тәртібі
1. Ғылыми қалашық мәртебесі елді мекенге ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.
2. Ғылыми қалашық мәртебесі елді мекенге мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген кезде беріледі:
1) елді мекен аумағында ғылыми қызметкерлердің үлесі тиісті елді мекеннің жұмысқа орналасқан халқы санының кемінде үш пайызы болатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің болуы;
2) ғылыми қалашықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ғылыми, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымның болуы, сондай-ақ зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу және ғылымды қамтитын өнімдер (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) шығару;
3) ғылымды дамытудың басым ғылыми бағыттары бойынша ғылымды қамтитын отандық өнімдерді (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) әзірлеу мен өндіруді, сондай-ақ инвестициялар тартуды жүзеге асыратын ұйымдардың болуы.
3. Уәкілетті орган ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық мемлекеттік органмен бірлесіп, ғылыми қалашық қызметінің басым ғылыми бағыттарын қамтитын ғылыми қалашықтың даму стратегиясын әзірлейді, оны тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі.
Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылыми қалашықтың даму стратегиясын бекітеді.
4. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы ғылыми қалашықтың даму стратегиясын орындау шараларын қабылдайды.
5. Ғылыми қалашықтың даму стратегиясын іске асыру мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму жоспарында ғылыми қалашықтың даму стратегиясының негізгі міндеттері, нысаналы индикаторлары, нәтижелер көрсеткіштері мен іс-шаралары көрсетіледі.
6. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы жыл сайын уәкілетті органға Жоғары ғылыми - техникалық комиссияның бекітуі үшін ғылыми қалашықтың даму стратегиясының іске асырылуы туралы есепті енгізеді.
33-5-бап. Ғылыми қалашыққа қатысушылар
1. Ғылыми қалашыққа қатысушылар - уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ғылыми қалашыққа қатысушылар тізіліміне енгізілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар.
2. Ғылыми қалашыққа қатысушылар тізіліміне ғылыми қалашыққа қатысушыларға қойылатын талаптарға сай келетін ғылыми қалашыққа қатысушылар енгізіледі.
Ғылыми қалашыққа қатысушыларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілейді.
Ғылыми қалашыққа қатысушылар тізілімі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
3. Ғылыми қалашыққа қатысушылар өз қызметін ғылыми қалашықтың даму стратегиясын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру мақсатында жүзеге асырады.
33-6-бап. Ғылыми қалашықтың басқару органы
1. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы - оның басқару органы.
Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы - уәкілетті органмен және (немесе) ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы айқындаған немесе құрған, ғылыми қалашықты кешенді басқаруды қамтамасыз ететін заңды тұлға.
Басқару тиімділігін арттыру және инвестициялар тарту мақсатында басқарушы компанияға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отандық және шетелдік әріптестер тартылуы мүлкін.
2. Басқарушы компанияның құрылымы мен құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның жарғысында белгіленеді.
3. Басқарушы компанияның функцияларына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздер есебінен ғылыми қалашыққа қатысушылардың жобаларын іріктеу және қаржыландыру;
2) ғылыми қалашықтың дамуын ынталандыру үшін ғылыми, технологиялық, цифрлық, білім берушілік және қаржылық ресурстарды тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық;
3) ғылыми қалашық аумағында ғылым мен өнеркәсіптің ғылыми, ғылыми-инновациялық әлеуетін ілгерілету, ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру және өзара іс-қимылын ынталандыру мақсатында ғылыми қалашықты құруға, басқаруға және оларға қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіруге қатысу;
4) ғылыми қалашыққа қатысушыларға акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету;
5) ғылыми қалашықты дамытуға қатысу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденттері мен резиденттерін тарту;
6) ғылыми қалашыққа қатысушылар тізілімін жүргізу;
7) венчурлік қаржыландыруды тарту;
8) осы Заңға және ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясының жарғысына сәйкес өзге де функциялар.
4. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы ғылыми қалашыққа қатысушыларды тіркеуді жүзеге асырады және ғылыми қалашыққа қатысушыларды тіркеу туралы құжаттарды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысан бойынша береді.
5. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы жыл сайын өз қызметі туралы есеп пен ғылыми қалашыққа қатысушылар бойынша ақпаратты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына, уәкілетті органға және ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органға береді.
6. Елді мекен ғылыми қалашық мәртебесінен айырылған жағдайда ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес таратылады.
33-7-бап. Ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айырудың негіздері мен тәртібі
1. Ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айыру негіздері:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік қызмет нәтижелерінің ғылыми қалашықтың даму стратегиясының міндеттеріне сәйкес келмеуі;
2) бес жыл ішінде ғылыми қалашықтың даму стратегиясының іске асырылуын мониторингтеу қорытындылары бойынша ғылыми қалашықтың даму стратегиясында көзделген нәтижелерге қол жеткізбеу;
3) ғылыми қалашық мәртебесін берудің осы Заңның 33-4-бабының 2-тармағында көзделген өлшемшарттарына сәйкес келмеуі;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының немесе уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғылыми қалашық мәртебесін сақтаудың орынсыздығы туралы жүгінуі.
2. Елді мекен ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісілген уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айырылады.