2. Учаскені және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі мен өндіру кезеңін бекітуді көздейтін уран өндіруге арналған келісімшартты немесе уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасау Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға өзіне қажетті жер учаскесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін негіз болып табылады.
168-бап. Түрлендіру ұғымы мен түрлері
1. Жер қойнауы учаскелерін түрлендіру:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту;
2) жер қойнауы учаскесін азайту арқылы жасалатын кеңістіктік шекараларын өзгерту болып табылады.
2. Түрлендірілген учаскелерді пайдаланушы бір тұлға (бір тұлғалар) болып табылған жағдайда жер қойнауы учаскелерін түрлендіруге жол беріледі.
169-бап. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін ұлғайту мына шарттарды бір мезгілде сақтаған кезде:
1) жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, өндіруге арналған жер қойнауы учаскесіне жанасатын кенжатынды (кен шоғырлары жиынтығын) тапса;
2) сұралатын учаске уран бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болса;
3) жер қойнауы учаскесі блоктар шегінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, табылған кенжатынның (кен шоғырлары жиынтығының) контурлары орналасатын блоктармен сұратылса;
4) құзыретті органның хабарламасында көрсетілген уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаса, жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы өтініште мыналар:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) уран өндіруге арналған келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) бастапқы жер қойнауы учаскесінің аумағын ұлғайту болжанып отырған, сұралатын жер қойнауы учаскесін көрсету қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша мыналар:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін келісімшартқа жер қойнауын пайдаланушы қол қойған қосымша;
2) сұралатын учаскеге құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебі қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы шешім қабылдайды немесе оны ұлғайтудан бас тартады;
2) өтініш иесін қабылданған шешім туралы, ал жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы шешім қабылданған жағдайда - сұралатын жер қойнауы учаскесі бойынша қол қою бонусының мөлшері туралы қосымша хабардар етеді.
5. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаған жағдайда бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган қол қою бонусының төленгенін растауды өтініш иесінен алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесімен уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасасады және өтініш иесіне оның бір данасын жібереді.
7. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңін ұзартуға негіз болып табылмайды.
170-бап. Жер қойнауы учаскесін азайту
1. Жер қойнауын пайдаланушы уран өндіру кезеңі аяқталғанға дейін кез келген уақытта аумақты және оған сәйкес келетін жер қойнауының учаскесін мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде мемлекетке олардың кез келген бөлігін қайтару арқылы:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайтарылатын күнге дейін жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстарды қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде аяқтаған;
2) аумақты және оған сәйкес келетін жер қойнауы учаскесін қайтаруды блоктармен жүзеге асырған;
3) егер жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынса, кепілді ұстаушының қайтаруға алдын ала келісімі бар болған;
4) жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде азайта алады.
2. Жер қойнауы учаскесін азайту туралы өтініште мыналар:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) уран өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) мемлекетке қайтару болжанып отырған жер қойнауы учаскесін (оның бөлігін) көрсету;
4) жер қойнауын пайдаланушыда қалатын жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) көрсету қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша мыналар:
1) қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою актісінің көшірмесі;
2) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған, жер қойнауы учаскесін азайтуды көздейтін келісімшарт қосымшасы қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылдайды немесе азайтудан бас тартады.
5. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайтудан:
1) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаған жағдайда бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін азайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесімен уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған данасын жібереді.
7. Жер қойнауын пайдаланушының бүкіл аумақты және жер қойнауы учаскесін қайтаруы уран өндіруге арналған келісімшарттың тоқтатылуына алып келеді.
24-тарау. Уран өндіру кезеңдері
171-бап. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі
1. Уран өндіруге арналған келісімшарттар бойынша оларды жасасу кезінде жер қойнауы учаскесі және өндірудің тәжірибелік-өнеркәсіптік кезеңі бекітіліп беріледі.
2. Жер қойнауын пайдаланушы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі ішінде кен орнын игеру жобасын әзірлеуді, бекітуді және оған осы Кодексте көзделген сараптамалар жүргізуді, сондай-ақ уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
3. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінің ұзақтығы осы Кодекстің 172-бабының 1-тармағында көрсетілген уран өндіру кезеңінің барынша ұзақтығын тиісінше қысқартумен төрт жылдан аспайтын мерзімді құрайды.
Құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін уран саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша хабарламада белгілейді.
4. Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру учаскесін және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бекітіп берудің міндетті шарты жер қойнауын пайдаланушының геологиялық қорларды есептеу бойынша жер қойнауының есебін және осы Кодексте көзделген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына қатысты сараптамалардың оң қорытындысын алуы болып табылады.
5. Өндіру учаскесі мен тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бекітіп беру туралы өтініште мыналар:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы және қорлардың бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) өндіруге арналған жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) көрсету;
4) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс.
6. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
7. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өндіру учаскесін және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бекітіп беру туралы шешім қабылдайды немесе осындай бекітіп беруден бас тартады.
8. Егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда құзыретті орган өндіру учаскесін және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бекітіп беруден бас тартады.
Құзыретті органның өндіру учаскесін және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бекітіп беруден бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
172-бап. Уран өндіру кезеңі
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт жасасу кезінде уран өндіру кезеңінің барынша ұзақтығы, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін қоса алғанда, жиырма бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім шегінде уран өндіру кезеңі жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын игеру жобасының негізінде айқындалады.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және жер қойнауы учаскесінде өндіру кезеңі уран өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап есептеледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда уран өндірудің бүкіл аумағын қайтару арқылы өндіру кезеңін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
173-бап. Уран өндіру кезеңін ұзарту
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша өндіру кезеңін қатарынан жиырма бес жылға дейінгі кезеңге ұзартады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға өндіру кезеңін ұзарту туралы өтінішті ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталғанға дейін кемінде алты айдан кешіктірмей белгіленген нысан бойынша береді.
3. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) уран өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) көрсету;
4) өндіру кезеңін ұзарту сұратылып отырған мерзімі қамтылуға тиіс.
4. Өтінішке қосымша мыналар:
1) 2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, өндіру кезеңін ұзартудың сұралып отырған мерзімі ішінде кен орнын әзірлеуді көздейтін уран кен орнын әзірлеу жобасы қоса беріледі.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Егер уран кен орны қорлары өсімінің көлемдері геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес бастапқы қорлардан отыз және одан да көп пайыздан асса, мұндай кен орнына қатысты уран өндіруге арналған келісімшарттың ережелерінде жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны іске асыру жөніндегі қосымша міндеттемелері қамтылуға тиіс.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап екі ай ішінде қаралуға жатады.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) осы баптың 4-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өндіру кезеңін ұзарту туралы;
2) осы баптың 4-1-тармағында көзделген жағдайда - осы бапта көзделген мерзімдерде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы;
3) өндіру кезеңін ұзартудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды
5-2. Осы баптың 5-1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы баптың 4-1-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 5-3-тармақпен толықтырылды
5-3. Келіссөздердің нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде мынадай:
1) өндіру кезеңін ұзарту туралы, сондай-ақ осы баптың 4-1-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібі туралы;
2) өндіру кезеңін ұзартудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды және ол туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
6. Құзыретті орган өндіру кезеңін ұзартудан:
1) егер өтініш осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімнен кеш берілген;
2) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) егер кен орнын игеру жобасында өтініште сұратылып отырған мерзімнен аз мерзім ішінде кен орнын игеру көзделген;
4) құзыретті органның хабарламасында көрсетілген уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болған;
5) құзыретті органның уран өндіру кезеңін ұзартуға ниеті болмаған жағдайларда бас тартады.
Өндіру кезеңін ұзарту өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша ғана жүргізіледі.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Егер келісімшарт өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініш берілген күні құзыретті орган бекітетін, өтініш берілген күнге қолданыста болатын уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартқан кезде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде уран өндіруге арналған келісімшартқа өндіру кезеңін ұзартуды көздейтін толықтыру жасалады.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Егер келісімшарт өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініш берілген күні құзыретті орган бекітетін, өтініш берілген күнге қолданыста болатын уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келмеген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартқан кезде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген, жаңа редакциядағы уран өндіруге арналған келісімшарт жасалады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Егер келісімшарт шеңберінде уран өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленсе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде келісімшарт шарттары осындай ұзарту күнінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтірілуге жатады.
Келісімшарттың өндіру кезеңін ұзарту шарттарының Қазақстан Республикасы үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілген шарттарға қарағанда пайдасы аз болмауы тиіс.
174-бап. Уран өндіру кезінде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану
1. Уран өндіруді жүргізудің міндетті шарттары:
1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;
2) жоғары технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау болып табылады.
Жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы ретінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика түсініледі.
2. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау:
1) халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға;
2) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық және басқа да іс-шаралар жүйесін қамтиды.
3. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау саласындағы талаптар:
1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық кезеңдерінде жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
2) таңдап өндіруге жол бермей, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан алудың толықтығын қамтамасыз ету;
3) уран қорларын және ілеспе құрауыштарды анық есепке алу;
4) ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, су жинау алаңдарында және жерасты сулары бар жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
5) уран кен орындарын пайдалануды және игеруді қиындататын, жер қойнауын су басудан, өрттен және басқа да дүлей факторлардан қорғау;
6) уранды немесе өзге де заттар мен материалдарды сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;
7) уран өндіру жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскесін консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;
8) қалдықтарды қоймаға жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстарды жобалау, уран кен орындарын игеру жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және жер қойнауын қорғау жөніндегі талаптарды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Осы Кодекске сәйкес белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган өзі айқындаған тәртіппен белгілейді.
25-тарау. Уран өндіру шарттары
175-бап. Уран өндірудің жалпы шарттары
1. Уран өндірудің міндетті шарттары жоғары технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
2. Өндірілген уран санын есепке алу мақсатында, жер қойнауына сілтісіздендірілген ертінділермен қайтарылатын уранды есептен шегере отырып, өнімділік ерітінділермен жер бетіне шығарылған уран айқындалады.
176-бап. Уран өндіру шарттары
1. Уран өндіру жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына және (немесе) кен орнын игеру жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Уран өндіру жөніндегі барлық жұмыстар құжаттандырылуға жатады.
3. Уран өндіру кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) өндіруде қолданылатын техникалық құралдарының оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) өндірілген және жер қойнауында қалдырылатын уран қорларын, оларды қайта өңдеу өнімдерін және өндіру кезінде пайда болатын өндіріс қалдықтарын анық есепке алуды;
3) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің және (немесе) өндірудің нормалары мен стандарттарын, қолданылатын әдістері мен тәсілдерін сақтауды;
4) өндіру қалдықтары мен қайта өңдеу өнімдерін қоймаға жинап қою және орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындауды;
5) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында көзделген тәртіппен уранды алуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Өндіру барысында алынатын уран және басқа да ілеспе пайдалы қазбалар, егер осы Кодексте немесе келісімшартта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
5. Минералдық шикізатты шығару жөніндегі операцияларға байланысты жерасты сілтісіздендіру тәсілі кезінде жер бетіне шығарылған өнімділік ерітінділер, егер осы ерітінділер олардан уран және басқа да ілеспе пайдалы қазбалар алынғаннан кейін сол көлемде жер қойнауына айдалса, жерасты суларын өндіруге жатпайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда, Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды пайдалану арнайы рұқсатын алмастан жер қойнауы учаскесі шегінде уранды және жер бетіне шығарылған өнімділік ерітінділерден алынған құрамында пайдалы құрауыштары бар басқа да пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
Ілеспе өндірілген жерасты суларын одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Уран өндіру кезеңінде уран кен орнының геологиялық құрылымы мен қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесіне жете зерттеу (жете барлау) жүргізуге жол беріледі.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жете барлау жөніндегі жұмыстар кен орнын әзірлеу жобасына сәйкес жүргізіледі.
Егер жете зерттеу ішінде жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде жаңа кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан жағдайда, оны бағалау кен орнын әзірлеу жобасына толықтыруға сәйкес жүргізіледі.
177-бап. Уран өндіру салдарын жою
1. Уран өндіру салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған өндіру салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
Уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Уран өндіру салдарын жою:
1) осы Кодекстің 164-бабының 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке қайтаруға ниеттеніп отырған жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауының осы учаскесіне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде уран бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасын бекітуге және осы Кодексте көзделген сараптамалардан өту үшін ұсынуға;
2) уран өндіру салдарын жою жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесінде өндіру салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
4. Уран өндіру салдарын жою:
1) жер қойнауын пайдаланушы не тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға;
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде өндіру салдарын жою жүргізілген жағдайда - жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жою актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
Бұл ретте, егер жою актісіне қол қойылғаннан кейін он жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы, тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлғаның өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жою жобасын бұза отырып орындағаны анықталса, онда мұндай тұлғалар анықталған бұзушылықты құзыретті органмен келісілген мерзімде өз есебінен жоюға міндетті.
5. Уран өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындау банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.
6. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында уран өндірудің жоспарланатын көлемдеріне пропорционалды түрде айқындалған мөлшер сомасында ақша салу арқылы қалыптасады.
Банктік салым салынатын жарналардың мөлшері уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында айқындалады және игеруді талдау шеңберінде үш жылда кемінде бір рет қайта есептелуге жатады.
7. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарт шарттары бойынша қалыптасқан кепілге салынған банктік салым бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
8. Келісімшарт тоқтатылған кезде қамтамасыз ету сомасы құзыретті органның келісімімен жер қойнауы учаскесінде орындалған және осы баптың 4-тармағында көзделген тәртіппен қабылданған жою жұмыстары құнының бөлігіне мөлшерлес азайтылуы мүмкін.
9. Егер уран өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жоюға жұмсалған нақты шығындар қамтамасыз ету мөлшерінен асып түссе, онда жер қойнауын пайдаланушы жою жөніндегі жұмыстарды қосымша қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Егер жоюға жұмсалған нақты шығындар қамтамасыз ету мөлшерінен аз болса, онда қалған ақша осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушыда қалады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 178-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
178-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым, цифрландыру және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) уран өндіру саласындағы уәкілетті органның білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;