2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы:
1) мемлекеттік көміртегі кадастрын қалыптастыру және жүргізу;
2) парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеуді жүзеге асыру;
3) көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу;
4) Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесін іске асыруды қолдап отыру;
5) көміртегі бірліктерін сату және сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
289-бап. Көміртектік квоталау
1. Көміртектік квоталау деп мемлекеттің көміртектік бюджеттеу кезеңінде осы баптың 2-тармағында көрсетілген экономика секторларында квоталанатын қондырғылар жүзеге асыратын парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының жиынтық көлемін сандық шектеуді белгілеу және осы Кодекске сәйкес квоталау субъектілеріне көміртегі квоталарын бөлу түсініледі.
Парниктік газдардың квоталанатын шығарылуы деп көміртегі диоксидінің шығарылуы түсініледі.
2. Электр энергетикасы, мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі, сондай-ақ цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде өңдеуші өнеркәсіп (бұдан әрі - экономиканың реттелетін секторлары) көміртектік квоталауға жатады.
3. Парниктік газдардың квоталанатын шығарылу көлемі экономиканың реттелетін секторларында жылына жиырма мың тонна көміртегі диоксидінен асатын қондырғы квоталанатын қондырғы деп танылады.
Квоталанатын қондырғының операторы квоталау субъектісі деп танылады.
4. Осы Кодекстің 290-бабының 4-тармағына сәйкес Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезеңде квоталанатын қондырғы үшін белгіленген және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есепке жатқызылған парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының сандық көлемі көміртегі квотасы деп түсініледі.
Көміртегі квотасы квоталау субъектілері арасында көміртегі квотасының бірліктерін бөлу арқылы, сондай-ақ олардың көміртегі нарығында көміртегі бірліктерін сатып алуы есебінен қалыптастырылады.
5. Көміртегі квотасының көлемін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі көміртегі квотасының бірлігі деп түсініледі.
6. Квоталау субъектісінің көміртегі квоталарын алмай квоталанатын қондырғыны пайдалануына тыйым салынады.
7. Квоталау субъектісі өзінде бар көміртегі квотасының бірліктерін квоталау кезеңі шегінде өз қондырғылары арасында өз бетінше бөлуге құқылы.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының өтелмеген бірліктерін Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезең шегінде есепті кезеңдер арасында ауыстыруды жүзеге асыруға құқылы.
9. Квоталау субъектісі осы Кодекстің 295-бабының 8-тармағына сәйкес алынған бірліктерді қоспағанда, көміртегі квотасының бірліктерін сатуға немесе сатып алуға құқылы.
10. Көміртектік квоталау осы Кодекске және парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Белгіленген көміртегі квотасынан асып кеткен жағдайда квоталау субъектісі көміртегі квотасына деген жетіспеушілікті сатып алынған көміртегі бірліктерімен, қосымша көміртегі квотасымен және (немесе) офсеттік бірліктермен өтеуге құқылы.
Квоталанатын қондырғымен парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотында бар көміртегі бірліктерінің санынан асатын көлемде жүзеге асыруға тыйым салынады.
290-бап. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары
1. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары экономиканың реттелетін секторлары бойынша квоталау субъектілерінің арасында бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы санын, сондай-ақ көміртегі квотасы бірліктерінің резерві көлемін белгілейтін құжат болып табылады.
2. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезең көміртектік бюджеттеу кезеңіне сәйкес келуге тиіс.
Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының есептік кезеңі күнтізбелік бір жыл болып табылады.
4. Экономиканың реттелетін секторлары бойынша квоталау субъектілері арасында тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы саны парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес есептеледі.
5. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің санатына көміртегі бірліктері:
1) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде пайдалануға берілетін жаңа квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасы бірліктерін тегін бөлу;
2) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде анықталған, бұрын ескерілмеген квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлу;
3) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңінде квоталанатын қондырғылардың қуаты ұлғайтылған жағдайда көміртегі квотасының қосымша бірліктерін тегін бөлу;
4) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын тиісті кезеңде квоталанатын қондырғылар санатына ауысатын әкімшілендіру субъектілерінің қондырғылары үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлу;
5) көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сату мақсатында енгізіледі.
6. Көміртегі квотасының бірліктері резервінің көлемі мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органның ақпаратына сәйкес тиісті кезеңге арналған жалпы ішкі ұлттық өнімнің жыл сайынғы болжамды өсу қарқынының орташа көрсеткіші негізінде есептеледі.
7. Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервін басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
8. Қондырғының шығарындылары жылына жиырма мың тонна көміртегі диоксидінен асатынын растайтын парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп негізінде әкімшілендіру субъектілерінің қондырғысы квоталанатын қондырғылар санатына енгізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қондырғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тиісті верификацияланған есеп ұсынылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап көміртектік квоталауға жатады.
9. Пайдалануға берілетін жаңа квоталанатын қондырғы пайдалануға берілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап көміртектік квоталауға жатады.
10. Осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес көрсетілген резерв санатына енгізілген көміртегі бірліктері оларды аукцион шарттарында сатуды ұйымдастыру үшін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына беріледі.
11. Резервтен көміртегі бірліктерін сатудан түскен қаражат парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін реттеу жөніндегі іс-шараларды, бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру үшін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шотына түседі.
291-бап. Көміртегі квотасының бірліктерін бөлу
1. Квоталау субъектілерінің арасында көміртегі квотасының бірліктерін бөлу оларды Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарында айқындалған көлем шегінде тегін бөлу және аукцион арқылы сату шарттарында жүзеге асырылады.
2. Квоталанатын қондырғылар үшін тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес бенчмарктерді қолдану арқылы есептеледі.
Бенчмарк деп квоталанатын парниктік газдар шығарылуының өнімнің бірлігіне шаққандағы үлестік көлемі түсініледі.
Экономиканың реттелетін секторларындағы бенчмарктердің тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сату арқылы бөлу осы Кодекстің 299-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Көміртегі квотасының бірліктерін есепке жатқызу үшін квоталау субъектісі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде шот ашады.
5. Көміртегі квотасы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есепке жатқызылады.
6. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын шекте көміртегі квотасының бірліктері бір есептік кезеңнен басқасына ауыстырылуы мүмкін.
7. Көміртегі квотасының пайдаланылмаған (өтелмеген) бірліктері Көміртегі квоталарының келесі ұлттық жоспарына ауыстырылмайды.
8. Көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі оларды бөлуге негіз болған тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылы бойынша есептілікті ұсыну мерзімі аяқталған күннен кейінгі тоқсан жұмыс күнімен шектеледі.
292-бап. Көміртегі бірліктерін өтеу
1. Көміртегі бірліктерін өтеу деп оларды көміртегі бірліктерін квоталау субъектісінің тиісті шотынан есептен шығару және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталарды өтеу есебіне есепке жатқызу арқылы айналымнан алу түсініледі.
2. Көміртегі бірліктерін өтеу есепті жылда парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген верификацияланған есепке сәйкес айқындалатын, квоталанатын қондырғы шығарған парниктік газдардың іс жүзіндегі квоталанатын шығарылуына тең мөлшерде жыл сайын жүзеге асырылады.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі квотасының өтелген бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.
293-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезеңде орындалуы міндетті квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу жоспарын (бұдан әрі - мониторингтеу жоспары) әзірлейді.
2. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған бірінші жылдың бірінші сәуіріне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мониторингтеудің валидацияланған жоспарын ұсынады.
Мониторингтеу жоспары осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталау субъектісінің шоты бес жұмыс күні ішінде талап етілетін құжаттар ұсынылғанға дейін бұғаттауға жатады.
3. Квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мониторингтеу жоспарының нысаны парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
294-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын түгендеу
1. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу деп есепті кезеңде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау түсініледі.
2. Квоталау субъектісі ағымдағы жылғы бірінші сәуірге дейін мемлекеттік көміртегі кадастрында алдыңғы жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің нысаны Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін есептеу жөніндегі әдістемені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Квоталау субъектісі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің толтырылған электрондық нысанын верификациялау үшін мемлекеттік көміртегі кадастры арқылы валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органға жібереді.
5. Валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган мемлекеттік көміртегі кадастрында есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті верификациялауды жүргізеді. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепке түзетулер енгізу қажет болған жағдайда, валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді.
6. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы өзіне парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп жіберілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оны бекітілген нысанға сәйкестігі, верификациялаудың болуы, парниктік газдардың шығарылуын есептеудің және парниктік газдардың шығарылуын есептеу үшін пайдаланылған коэффициенттерді қолданудың дұрыстығы тұрғысынан қарайды және қарау нәтижелері бойынша:
1) осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келген жағдайда, парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті тіркейді;
2) парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есеп осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді, сондай-ақ валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органдарға қатысты шаралар қабылдау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген есептер негізінде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін талдауды және болжауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының парниктік газдардың шығарылуын реттеу саласындағы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
8. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеуді бақылау парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
295-бап. Көміртегі квотасын өзгерту
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған кезеңде квоталанатын қондырғының қуаттылығы ұлғайтылған жағдайда негізгі көміртегі квотасы болмаған немесе оның көлемі жеткіліксіз болған кезде қосымша көміртегі квотасын алу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш жасайды.
Қуаттылықты ұлғайту деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін ұлғайту түсініледі.
2. Квоталау субъектісі қосымша көміртегі квотасын алу мақсатында есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен ерте емес, бірақ 1 қазанынан кешіктірмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға көміртегі квотасын өзгертуге электрондық нысандағы өтінішті және көміртегі квотасын өзгертуді негіздейтін есеп-қисаптарды береді.
Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған соңғы жыл кезеңінде қосымша көміртегі квотасына өтініш жасаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен ерте емес, бірақ 1 маусымынан кешіктірмей береді.
3. Қосымша көміртегі квотасы мына формула бойынша есептеледі:
М = (Х - У) × Z,
мұнда:
М - сұралатын қосымша көміртегі квотасы;
Х - алдыңғы есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есепте көрсетілген өнімнің расталған көлемі;
У - қолданыстағы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бойынша бір жылға қондырғы үшін көміртегі квотасын есептеу үшін пайдаланылған өнім көлемінің мәні;
Z - бенчмарк.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қосымша көміртегі квотасын алу үшін квоталау субъектісі ұсынған құжаттарды алған кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қосымша көміртегі квотасын беру туралы оң шешім қабылданған жағдайда квоталау субъектісін, квоталанатын қондырғыны және қосымша көміртегі квотасының көлемін көрсете отырып, квоталау субъектісі мен көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына тиісті хабарламаны үш жұмыс күні ішінде жібереді.
6. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған және (немесе) олар осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды пысықтауға жібереді.
Квоталау субъектісі пысықталған құжаттарды ұсынғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімдерде қарайды.
7. Берілген қосымша көміртегі квотасы туралы ақпарат көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының ресми интернет-ресурсында жарияланады.
8. Квоталанатын қондырғының қуаттылығын төмендету есебінен пайда болған көміртегі квотасының бірліктерін сатуға болмайды және олар парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервіне қайтарылуға тиіс.
Қуаттылықты төмендету деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін төмендету түсініледі.
9. Квоталанатын қондырғы жойылған (пайдаланудан шығарылған) жағдайда квоталау субъектісі тиісті қондырғыны пайдалану жүзеге асырылған соңғы есепті кезеңдегі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті қоса бере отырып, жою туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган квоталау субъектісінен хабарламаны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторын көміртегі квотасының пайдаланылмаған бірліктерін пайдаланудан шығарылған қондырғының шотынан Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің шотына ауыстыру туралы хабардар етеді.
10. Қосымша көміртегі квотасын беруге арналған резервтің бөлінбеген көміртегі бірліктері тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылы бойынша есептілікті ұсыну мерзімі аяқталған күннен кейін тоқсан жұмыс күні өткен соң өтеледі.
296-бап. Квоталанатын қондырғының операторын ауыстыру
1. Квоталанатын қондырғының операторы ауыстырылған жағдайда, алдыңғы оператордың осы бөлімде көзделген құқықтары мен міндеттерінің барлығы квоталанатын қондырғының жаңа операторына ауысады.
2. Квоталанатын қондырғының жаңа операторы он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы өтініш беруге міндетті, оған квоталанатын қондырғыға қатысты тиісті құқық белгілейтін құжаттың (қондырғыны сатып алу-сату шартының, қабылдау-беру актісінің немесе квоталанатын қондырғыға қатысты жаңа оператордың меншік құқығын немесе өзге де заңды пайдалану құқығын растайтын өзге де құжаттың) нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 2-тармағында көзделген өтініш пен құжаттарды алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
297-бап. Квоталанатын қондырғы операторының атауын және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту
1. Квоталанатын қондырғының операторы өзінің атауы және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда, он жұмыс күнде ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы электрондық нысанда өтініш беруге міндетті.
2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 1-тармағында көзделген өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
298-бап. Көміртегі офсеті
1. Көміртегі офсеті деп Қазақстан Республикасында экономиканың кез келген секторында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілген парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту түсініледі.
Квоталанатын қондырғының парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын қысқарту көміртегі офсеті деп танылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - жобаның өтініш берушісі) көміртегі офсетін мақұлдауды алу және офсеттік бірліктер алу мақсатында өз жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарауына ұсынуға құқылы.
3. Офсеттік бірлік деп көміртегі офсетін есептеу мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі түсініледі.
4. Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жобаның өтініш берушісінің шотына беру арқылы оларды айналысқа енгізуді жүзеге асырады.
6. Офсеттік бірліктер айналысқа енгізілу кезінде қолданылу мерзімінің шектелу жағдайларын қоспағанда, қолданылу мерзімі бойынша мерзімсіз болып табылады.
7. Жобаның өтініш берушісінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен офсеттік бірліктерді сатуға құқығы бар.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының бірліктерін өтеу көлемін алынған (сатып алынған) офсеттік бірліктер көлеміне азайтуға құқылы.
299-бап. Көміртегі бірліктері және көміртегі нарығы
1. Көміртегі бірлігі көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі болып табылады және көміртегі диоксиді баламасының бір тоннасына тең болады.
2. Көміртегі бірлігі (көміртегі квотасының бірлігі, офсеттік бірлік) осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасында көміртегі нарығының субъектілері арасында айналымына рұқсат берілген тауар болып табылады.
3. Мыналар көміртегі нарығының субъектілері болып табылады:
1) квоталау субъектілері;
2) көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
3) көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы.
4. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарынан тұрады.
Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан көміртегі квотасының бірліктерін көміртегі нарығының субъектілеріне аукцион шарттарымен сатуды жүзеге асырады.
Қайталама көміртегі нарығында көміртегі нарығының субъектілері тікелей мәміле немесе тауар биржасы арқылы көміртегі бірліктерін өзара сатып алу-сатуды жүзеге асырады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
6. Тауар биржасында көміртегі бірліктерінің саудасы Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүзеге асырылатын тауар биржасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларына сәйкес айқындайды.
8. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының көміртегі бірліктерін сатуы және сатып алуы тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады.
9. Квоталау субъектісі, жобаның өтініш берушісі мәміле жасау күнгі көміртегі квотасының бірлігі мен офсеттік бірліктің биржалық белгіленімі деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шарты бойынша тікелей сату арқылы көміртегі квотасының бірліктері мен офсеттік бірліктерді өткізуге құқылы.
Мәміле жасау күні тауар биржасында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасы бірлігіне немесе офсеттік бірлікке соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша күші жойылған, өтелген, айналыстан алынған немесе айналыстан шығарылған көміртегі бірліктері сауда объектісі бола алмайды.
11. Қазақстан Республикасында айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің шет мемлекеттің көміртегі нарығындағы саудасы, сондай-ақ шет мемлекетте айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің Қазақстан Республикасының көміртегі нарығындаға саудасы қағидалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
300-бап. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі
1. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналысқа енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, бұғаттауға, өтеуге, жоюға, айналыстан алуға байланысты операцияларды есепке алудың электрондық жүйесі.
2. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде әрбір квоталанатын қондырғыға қатысты жеке шот ашылады.
3. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қалыптастырады және жүргізеді.
5. Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналысқа енгізілген, сақтауда тұрған, берілген, сатып алынған, резервке қойылған, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналыстан алынған көміртегі бірліктерін дәлме-дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.