8. Мүлікті кепілге салу кезінде, егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өзгеше шешім қабылдамаса, кепіл нысанасы кепіл берушіде қалады.
І санаттағы объектінің операторы І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою бойынша, мүлік кепілінің шартымен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындағанға дейін кепіл беруші кепіл нысанасына билік етуге құқылы емес.
9. Мүлік кепілін ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
151-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шартын қолдану
1. Объектінің операторы І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі өз міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқылы, соған орай объект операторының І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен (сақтандыру жағдайы) орындамауы немесе тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының (пайда алушы) пайдасына сақтандыру сомасын төлеуге алып келеді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарымен жасалған шарттарды қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сақтандыру шарты қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалады.
І санаттағы объект операторының І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға байланысты мүліктік мүддесі қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шартының объектісі болып табылады.
І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді осы Кодексте белгіленген мерзімде орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.
Сақтандыру шартын қабылдату үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға сақтандыру шартын қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық түрде хабардар ете отырып, оны қабылдаудан бас тартады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайлардың бірінде:
1) ұсынылған сақтандыру шарты І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шартына сәйкес келмесе;
2) сот мұндай талапты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз деп таныған жағдайларды қоспағанда, қаржылық қамтамасыз ету ретінде ұсынылған сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдау туралы өтініш тіркелген күн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сақтандыру төлемі туралы талабын бұрын орындамаса, сақтандыру шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдаудан бас тартады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сақтандыру төлемі туралы талабы осындай талап алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде сақтандыру ұйымының бұлжытпай және міндетті түрде орындауына жатады. Сақтандыру ұйымы көрсетілген талапты орындамаған немесе орындау мерзімдерін бұзған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8-БӨЛІМ. ҚОРШАҒАН ОРТА МЕН ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МОНИТОРИНГІ
152-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған мониторингтің қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану, адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын табиғи және антропогендік ортаның зиянды факторларының әсерінен қорғау, сондай-ақ климат өзгеруінің әсер етуі мен климат өзгеруінің болжамды әсер етуі мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қамтитын барлық жүйесін, кіші жүйесін және түрін біріктіретін, мемлекет қамтамасыз ететін көп мақсатты жүйені білдіреді.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі мынадай элементтерді қамтиды:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар;
2) осы Кодекске сәйкес Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторингтің жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері;
3) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің міндеттері мыналар болып табылады:
1) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін, оларда болып жатқан процестерді, құбылыстар мен өзгерістерді ұдайы байқау, мұндай өзгерістерді бағалау, болжау және бақылау;
2) қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің деректерін жинау, жинақтау, сақтау, есепке алу, жүйелеу, жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылардың басқарушылық және шаруашылық шешімдер қабылдауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде функцияларды жүзеге асыруы мақсатында олардың арасында өзара іс-қимылды, үйлестіруді және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаның, оның ішінде табиғи ортаның (оның құрамдастарының, табиғи және табиғи-антропогендік объектілердің, табиғи кешендердің, биоәртүрліліктің) және антропогендік ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ табиғи және антропогендік ортаның адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және тұтас қоршаған ортаға ықпал ететін зиянды факторлары туралы анық және салыстырмалы ақпаратпен қамтамасыз ету.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі деректердің салыстырмалығын және ақпараттық ресурстардың үйлесімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және ақпараттық тәсіл негізінде жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекітеді, оларда мыналар қамтылуға тиіс:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деректерін жинауға, жинақтауға, сақтауға, есепке алуға, жүйелеуге, жинақтап-қорытуға, өңдеуге және талдауға қойылатын бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және өзге де талаптар;
2) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіру тәртібі;
3) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібі, оның құрылымы мен ақпарат көздері, сондай-ақ оған Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылардың және өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізу қағидалары, деңгейлері, тәртібі мен шарттары.
6. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы жұмыс процестерін үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
7. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасында, оның ішінде «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі шеңберінде ақпарат алмасу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторингтің жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері шеңберінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін байқау, оның ішінде Жерді қашықтан зондтау деректері пайдаланыла отырып жүргізіледі.
153-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар мыналар болып табылады:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
2) арнаулы уәкілетті мемлекеттік органдар;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдар;
4) осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті жеке және заңды тұлғалар.
154-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымы
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі мынадай мониторинг жүйелерін қамтиды:
1) экологиялық мониторинг;
2) табиғи ресурстар мониторингі;
3) арнайы мониторинг;
4) метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг;
5) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларында Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына мониторингтің қосымша жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері енгізілуі мүмкін.
155-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі
1. Деректерді жинақтау, сақтау, жүйелеу, интеграциялау және автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз ету, Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін ақпаратқа қолжетімділік беруді автоматтандыру «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады.
2. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құруды, оның жұмыс істеуін, жүргізілуі мен пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ осыған байланысты барлық жұмыс процесінің үйлестірілуін қамтамасыз етуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі:
1) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің деректер банктері;
2) табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары;
3) қалдықтардың мемлекеттік кадастры;
4) мемлекеттік климат кадастры;
5) мемлекеттік көміртек кадастры;
6) озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастры;
7) Қазақстан Республикасының ластағыштардың шығарылуы мен көшірілуінің тіркелімі;
8) экологиялық рұқсаттардың және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың мемлекеттік тізілімі;
9) қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі;
10) тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімі деректерін интеграциялау мен автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.
4. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің шеңберіндегі бағдарламалық құралдардың жүйесі деректерді бірыңғай әдістемелік негізде жинақтауды, сақтау мен өңдеуді жүзеге асыруға, оның әртүрлі деңгейлері, сондай-ақ Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мемлекеттік кадастрлар, тізілімдер, тіркелімдер, мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің деректер банктері арасында деректерді автоматтандырылған және тиімді алмасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне қатысушылар «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің шеңберінде өздері беретін деректердің анықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
156-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне қол жеткізу шарттары
1. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу мынадай:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың және Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдардың барлық ақпаратқа (алғашқы деректерге және ақпараттық өнімге) танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігі беріліп, шектеусіз қол жеткізуге құқығы болады;
2) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, барлық ақпараттық өнімге танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігі беріліп, шектеусіз қол жеткізуге құқығы болады деген шарттар сақтала отырып беріледі.
2. Бастапқы деректер деп мониторинг түрлерінің нәтижелері бойынша алынған және жинақтап-қорытуға, өңдеуге немесе талдауға ұшырамаған деректер түсініледі. Өндірістік мониторингтің өңделмеген деректері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен алынған деректер бастапқы деректерге жатады.
3. Ақпараттық өнім деп алғашқы деректерді жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат түсініледі. Ақпараттық өнімге талдамалық есептер, анықтамалар, баяндамалар, мәтіндік мазмұндағы өзге де құжаттар, картографиялық ақпарат, статистикалық нысандар мен есептілік, өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік, сондай-ақ біріктірілген (статистикалық) сипаттағы өзге де ақпарат жатады.
4. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу өтеусіз негізде беріледі.
157-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деңгейлері
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті деңгейде өндірістік мониторинг, қоғамдық мониторинг және жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің нақты учаскелерінде, елді мекендерден тыс жерлерде, жерүсті және жерасты су объектілерінен тыс жерлерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұйымдастыратын мониторинг түрлері жүргізіледі;
2) өңірлік деңгейде өңірлердің физикалық-географиялық және экономикалық ерекшеліктері, экологиялық жүктемесі бар аймақтардың және қоршаған орта жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалануға ықпал ететін табиғи және антропогендік факторлар кешенінің бар-жоғы ескеріле отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде мониторинг түрлері жүргізіледі;
3) республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын, қажет болған кезде жалпымемлекеттік маңызы бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілер бөліне отырып, мониторинг жүргізіледі.
2. Барлық деңгейде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингі жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
158-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қаржыландыру
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қаржыландырылады.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай қызмет түрлерін:
1) республикалық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды;
2) мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жұмыс істеуі мен дамуын, ғылыми-техникалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық өнім жасауды;
3) аумақтық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды, оны дамыту мақсатында ғылыми-техникалық өнім жасауды;
4) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды жүзеге асыруға бағытталған.
159-бап. Экологиялық мониторинг
1. Экологиялық мониторинг мемлекет қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасына қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, жинақтап-қорытудың, өңдеудің және талдаудың, сондай-ақ солардың негізінде экологиялық ақпаратты дайындаудың кешенді жүйесін білдіреді.
2. Экологиялық мониторинг:
1) қоршаған ортаның сапасын бағалау;
2) қоршаған ортаға әсер етудің антропогендік және табиғи факторларын айқындау мен талдау;
3) антропогендік және табиғи факторлардың әсер етуінен қоршаған орта жай-күйінің өзгерістерін болжау және бақылау;
4) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық қауіпсіздікті және орнықты дамудың экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаруашылық және басқарушылық шешімдер қабылдаған кезде оларды ақпараттық қамтамасыз ету;
5) барлық жеке және заңды тұлғаның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсаттарында жүйелі негізде жүзеге асырылады.
3. Экологиялық мониторинг объектілері мыналар болып табылады:
1) осы Кодекстің 166-бабы 6-тармағының 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген объектілер;
2) жерасты суларының сапасы;
3) I және II санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсер етуі;
4) экологиялық жүйелердің және олар ұсынатын экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі;
5) табиғи процестердің табиғи ағымын және қоршаған ортаның жай-күйі өзгерістерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне ықпалын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
6) климат өзгеруінің әсер етуі;
7) қалдықтар және оларды басқару.
4. Экологиялық мониторинг:
1) осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және (немесе) арнайы уәкілеттік берілген ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өз құзыреттері шеңберінде арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін ресми статистикалық ақпаратқа;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша немесе Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде мемлекеттік органдар беретін, сондай-ақ мемлекеттік органдар ашық қолжетімділікте орналастыратын ақпаратқа;
5) міндетті өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардан алатын өзге де ақпаратқа негізделеді.
5. Осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті тұлғалар тиісті деректерді жинауды, жинақтауды, сақтауды, есепке алуды, өңдеуді және экологиялық мониторинг мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз беруді қамтамасыз етеді.
6. Экологиялық мониторинг шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының экологиялық ақпарат беру жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында деректерді жинау мен дайындауды да жүзеге асырады.
160-бап. Табиғи ресурстар мониторингі
1. Табиғи ресурстар мониторингі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар ұйымдастыратын табиғи ресурстар түрлері жай-күйі мониторингі жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жиынтығын білдіреді.
2. Табиғи ресурстар мониторингі мыналарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер мониторингі;
2) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүргізілетін су объектілерінің мемлекеттік мониторингі;
3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер қойнауының мемлекеттік мониторингі;
4) Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүргізілетін ормандардың мемлекеттік мониторингі;
5) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жануарлар дүниесінің мониторингі;
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі.
3. Табиғи ресурстар мониторингінің деректері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік кадастрларда жинақтап-қорытылады.
161-бап. Арнайы мониторингтің түрлері
1. Арнайы мониторинг мынадай түрлерді қамтиды:
1) әскери-сынақ полигондарының мониторингі - жабық және жұмыс істеп тұрған әскери-сынақ полигондарының аумағында әскери техниканы, оның ішінде зымырандық техниканы және қару-жарақты сынауға байланысты қоршаған ортаның ластануын байқау жүйесі;
2) «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын, «Байқоңыр» кешенінің зымыран-ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтардағы қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі;
3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг;
4) осы Кодекстің 410-бабына сәйкес жүргізілетін төтенше экологиялық ахуал аймақтарындағы және экологиялық зілзала аймақтарындағы экологиялық жағдай мониторингі;
5) ғарыш мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген арнайы мониторинг түрлерін ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
9-БӨЛІМ. МЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ, ГИДРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА ЖАЙ-КҮЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
10-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
162-бап. Метеорологиялық мониторинг
1. Метеорологиялық мониторинг деректерді байқау, жинау, өңдеу, талдау, сақтау, метеорологиялық және агрометеорологиялық ақпаратты дайындау, оның ішінде метеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдарды дайындау және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын метеорология саласындағы қызметті білдіреді.