ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді сақтауы мүмкін болмаған кезде I санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілер үшін - экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының жобасы;
қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы қорытындыда көрсетілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзге де талаптар;
3) кешенді экологиялық рұқсат беру туралы шешім қабылдау себептерінің негіздемесі.
2. Кешенді экологиялық рұқсат бланкілерінің нысандары және оларды толтыру тәртібі экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленеді.
113-бап. Ең үздік қолжетімді техникалар
1. Ең үздік қолжетімді техникалар деп қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерінің неғұрлым тиімді және озық даму сатысы түсініледі, бұл олардың қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбауға немесе, егер бұл іс жүзінде жүзеге асырылмаса, барынша азайтуға бағытталған технологиялық нормативтер мен өзге де экологиялық шарттарды белгілеуге негіз болу үшін практикалық жарамдылығын куәландырады. Бұл ретте:
1) техникалар деп пайдаланылатын технологиялар, сондай-ақ объектіні жобалауға, салуға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, басқаруға және пайдаланудан шығаруға қолданылатын тәсілдер, әдістер, процестер, практикалар, ұстанымдар мен шешімдер түсініледі;
2) егер техникалардың даму деңгейі мұндай техникаларды шығындар мен пайданы назарға ала отырып, мұндай техникалардың Қазақстан Республикасында қолданылу-қолданылмауына немесе өндірілу-өндірілмеуіне қарамастан және олар объектінің операторына негізді түрде қолжетімді болатындай шамада ғана өндірістің тиісті секторында экономикалық және техникалық ықтимал шарттарда ендіруге мүмкіндік берсе, олар қолжетімді болып есептеледі;
3) ең үздік деп бір тұтас ретінде қоршаған ортаны қорғаудың жалпы жоғары деңгейіне жетуде неғұрлым пәрменді қолжетімді техникалар түсініледі.
2. Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану қоршаған ортаның ластануын кешенді түрде болғызбауға, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді барынша азайтуға және бақылауға бағытталған.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану салалары деп осы Кодекске сәйкес өздері үшін ең үздік қолжетімді техникалар айқындалатын экономиканың жекелеген салалары, қызмет түрлері, технологиялық процестер, қызметті жүргізудің техникалық, ұйымдастырушылық немесе басқарушылық аспектілері түсініледі. Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану салалары осы Кодекске 3-қосымшада айқындалады.
3. Ең үздік қолжетімді техникалар мынадай өлшемшарттар үйлесімі негізінде айқындалады:
1) аз қалдықты технологияны пайдалану;
2) қауіптілігі неғұрлым аз заттарды пайдалану;
3) технологиялық процесте түзілетін және пайдаланылатын заттардың, сондай-ақ қалдықтардың қолданылуға келетіндей шамада қалпына келтірілуі мен рециклингіне ықпал ету;
4) өнеркәсіптік деңгейде табысты сыналған процестердің, құрылғылардың және операциялық әдістердің салыстырмалылығы;
5) ғылыми білімдегі технологиялық серпілістер мен өзгерістер;
6) қоршаған ортаға тиісті эмиссиялардың табиғаты, ықпалы мен көлемі;
7) жаңа және жұмыс істеп тұрған объектілер үшін пайдалануға берілу күні;
8) ең үздік қолжетімді техниканы ендіруге қажетті мерзімдердің ұзақтығы;
9) процестерде пайдаланылатын шикізат пен ресурстардың (суды қоса алғанда) тұтынылу деңгейі мен қасиеттері және энергия тиімділігі;
10) қоршаған ортаға эмиссиялардың жағымсыз әсері мен қоршаған орта үшін тәуекелдерді болғызбау немесе олардың жалпы деңгейін барынша қысқарту қажеттігі;
11) аварияларды болғызбау және қоршаған ортаға жағымсыз салдарларды барынша азайту қажеттігі;
12) халықаралық ұйымдар жариялаған ақпарат;
13) Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде екі және одан да көп объектілерде өнеркәсіптік ендіру.
4. Қолданылуы кезінде табиғи ортаның бір немесе бірнеше құрамдасына жағымсыз әсер етуді болғызбау немесе қысқарту табиғи ортаның басқа құрамдастарына жағымсыз әсер етуді ұлғайту есебінен қол жеткізілетін технологиялық процестер, техникалық, басқарушылық және ұйымдастырушылық тәсілдер, әдістер, ұстанымдар мен практикалар ең үздік қолжетімді техника ретінде айқындалмайды.
5. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың негізінде бекітеді. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындылар мынадай ережелерді қамтиды:
1) ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі тұжырымдар;
2) ең үздік қолжетімді техникалардың сипаттамасы;
3) ең үздік қолжетімді техникалардың қолданылуын бағалауға қажетті ақпарат;
4) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері;
5) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетика, су ресустары мен өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері;
6) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты мониторинг жөніндегі талаптар;
7) ремедиация жөніндегі талаптар.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері белгілі бір уақыт кезеңі үшін және белгілі бір жағдайлар кезінде орташалау ескеріле отырып, объектіні ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыда сипатталған бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техниканы қолдана отырып пайдаланудың қалыпты жағдайларында қол жеткізілуі мүмкін эмиссиялар (ластағыш заттардың концентрациялары) деңгейлерінің диапазоны ретінде айқындалады. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда диапазонның төменгі шекарасындағы эмиссиялар деңгейлеріне қол жеткізілуі мүмкін жағдайлардың сипаттамасы да келтіріледі.
Ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетикалық, су және өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері объектіні ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыда сипатталған бір немесе бірнеше ең үздік қолжетімді техникаларды қолдана отырып пайдаланудың қалыпты жағдайларында қол жеткізілуі мүмкін мәндердің диапазоны ретінде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау тәртібін (бұдан әрі - ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау қағидалары) айқындайды және ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды бекітеді.
Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар мынадай:
1) барлық мүдделі тараптардың қатысуы мен мүдделерінің тепе-теңдігі негізінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу процесінің ашықтығы мен айқындығы;
2) ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың тиісті салалары бойынша қажетті білімі мен тәжірибесі бар қоғам өкілдерінің, отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылардың қатысу міндеттілігі;
3) үздік әлемдік тәжірибеге бағдарлану;
4) циклділік, серпінділік және озық даму;
5) қоғамдық пікірді кеңінен қамту, оның ішінде қоғамдық тыңдауларды өткізудің міндеттілігі;
6) барлық мүдделі тараптардың бәтуаға қол жеткізу қажеттілігі қағидаттары негізінде әзірленеді.
Кешенді технологиялық аудит жүргізу ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеудің және (немесе) қайта қараудың бірінші кезеңі болып табылады, оны жүргізу қағидалары ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қолдану, мониторингілеу және қайта қарау қағидаларына енгізіледі.
Кешенді технологиялық аудит кәсіпорындарда қолданылатын, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбауға және (немесе) барынша азайтуға, оның ішінде тиісті мәліметтер жинау және (немесе) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласына жататын объектілерге бару арқылы азайтуға бағытталған техникаларды (технологияларды, тәсілдерді, әдістерді, процестерді, практиканы, ұстанымдар мен шешімдерді) сараптамалық бағалау процесін білдіреді.
Ендірілген ең үздік қолжетімді техникалардың нәтижелілігі мен өзектілігі тұрғысынан кешенді технологиялық аудиті мен мониторингін Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның функцияларын жүзеге асыратын ұйым жүргізеді.
7. Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның функцияларын жүзеге асыратын ұйым қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады.
Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюроның міндеттеріне:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу және жаңартып отыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
2) ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу және ең үздік қолжетімді техникаларды ендіру процесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
3) мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен жұртшылыққа ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу мәселелері бойынша хабар беру және оларға ең үздік қолжетімді техникалар саласында консультациялық қолдау көрсету;
4) ең үздік қолжетімді техникалар саласында нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға қатысу;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және техникалық жұмыс топтарының ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу, қазіргі заманғы технологиялардың трансфері мен олардың Қазақстан Республикасында бейімделуі мәселелері жөніндегі қызметін ұйымдастырушылық, әдістемелік және сараптамалық-талдамалық қолдауды қамтамасыз ету кіреді.
8. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарда мыналар қамтылады:
1) саланы, саланың бір бөлігін, қызмет түрін, технологиялық процестер мен техникалардың сипаттамасын қоса алғанда, нақты қолдану саласы туралы жалпы ақпарат;
2) эмиссиялардың, сондай-ақ энергетика және су ресурстарын тұтынудың ағымдағы деңгейлерін қоса алғанда, қолдану саласына тән негізгі экологиялық проблемалардың сипаттамасы;
3) ең үздік қолжетімді техниканы айқындау әдіснамасы;
4) ең үздік қолжетімді техникаларды айқындау мақсатында қарау үшін ұсынылатын, нақты қолдану саласы үшін қазіргі бар техникалардың сипаттамасы;
5) технологиялық процестердің қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету үшін оларды жүзеге асыру кезінде қолданылатын және қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектіні техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды талап етпейтін әдістер;
6) ең үздік қолжетімді техниканы ендірудің қоршаған орта үшін артықшылықтарын бағалау;
7) ең үздік қолжетімді техниканы қолданудағы шектеулер туралы деректер;
8) ең үздік қолжетімді техниканы сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер;
9) өздеріне қатысты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп жатқан немесе оларды тәжірибелік-өнеркәсіптік ендіру жүзеге асырылып жатқан жаңа техникалар туралы ақпарат;
10) ең үздік қолжетімді техниканы іс жүзінде қолдану үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;
11) осындай ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді қоса алғанда, ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі тұжырымдарды қамтитын қорытынды;
12) анықтамалықпен одан әрі жұмыс істеу үшін техникалық жұмыс тобының қосымша комментарийлері мен ұсынымдары.
9. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу кезінде осы саладағы ең үздік әлемдік тәжірибе ескеріледі, оның ішінде ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың негізі ретінде ең үздік қолжетімді техникаларды нақты қолдану салаларында олардың техникалық және экономикалық қолжетімділігін негіздейтін Қазақстан Республикасының климаттық және экологиялық жағдайларына негізді бейімделу қажеттігін ескере отырып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болып табылатын мемлекеттерде ресми қолданылатын ұқсас және салыстырмалы анықтамалықтар пайдаланылуға тиіс.
10. Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды қайта қарау тиісті анықтамалықтың алдыңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін әрбір сегіз жыл сайын және ғылыми-техникалық даму мен қандай да бір техникалардың техникалық және (немесе) экономикалық қолжетімділік деңгейін арттыруды ескере отырып, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді төмендету, ресурс тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға және төмен көміртекті дамуға көшуіне ықпал ету мақсатында ғана жүзеге асырылады.
11. Ең үздік қолжетімді техниканы ендіру деп жаңа объектілерді жобалау, салу немесе жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, оның ішінде жаңа жабдықты орнату арқылы техникалық қайта жарақтандыру (жаңғырту) жөніндегі, мұндай объектілерге қызмет көрсетуде, пайдалануда, басқаруда және пайдаланудан шығару кезінде тәсілдерді, әдістерді, процестерді, практикаларды, ұстанымдар мен шешімдерді қолдану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырудың уақыт жағынан шектелген процесі танылады. Бұл ретте көрсетілген іс-шаралар жиынтығында қоршаған ортаны қорғаудың жарияланған ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарда сипатталған ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты көрсеткіштерден төмен болмайтындай деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.
114-бап. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш
1. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға электрондық түрде беріледі және онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса); оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
2) объектінің атауы және тұрған жері;
3) негізгі қызмет түрі, өндірілетін өнімнің (тауардың) түрлері мен көлемі;
4) объектіні салу, реконструкциялау және (немесе) пайдалану жоспарланып отырған аумақтың ағымдағы жай-күйінің сипаттамасы;
5) объектінің қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуін болғызбау немесе оның деңгейін төмендету мақсатында объектіде қолданылатын немесе қолдануға ұсынылатын техникалардың сипаттамасы, оның ішінде кешенді экологиялық рұқсатқа енгізу үшін оператор ұсынатын технологиялық нормативтердің есеп-қисаптары мен негіздемелері;
6) тиісті қолданылу салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар туралы қорытындыларда келтірілген ең үздік қолжетімді техникалары бар пайдаланылатын немесе пайдаланылуы болжанатын техниканың салыстырмалы сипаттамасы;
7) кешенді экологиялық рұқсатқа енгізу үшін ұсынылатын, Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарына және қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындының тұжырымдарына сәйкес келуге тиісті, объектіні салу, пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезеңдеріне қатысты міндетті экологиялық шарттар;
8) шикізатты, суды, электр және жылу энергиясын пайдалану (тұтыну) туралы ақпарат;
9) объектіні салу және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін оператордың алуы немесе ұсынуы қажет болатын болжамды рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпарат;
10) жұмыс істеп тұрған объектілер үшін:
алдыңғы жеті жылда объектіде болған, қоршаған ортаны ластауға немесе экологиялық залал келтіруге алып келген авариялар мен оқыс оқиғалар туралы мәліметтер;
экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының (бар болса) іске асырылуы туралы ақпарат.
2. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініштің нысаны және оны толтыру тәртібі экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленеді.
3. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтінішке мыналар қоса беріледі:
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) белгіленіп отырған қызметке қатысты - объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері жөніндегі қорытынды не қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізудің қажеттілігі жоқтығы туралы тұжырымды қамтитын, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне жүргізілген скринингтің нәтижелері туралы қорытынды;
2) технологиялық нормативтердің негіздемесі және оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау материалдарымен бірге эмиссиялар нормативтерінің жобасы;
3) қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасы;
4) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасы;
5) ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерді сақтауы мүмкін болмаған кезде I санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілер үшін - осы Кодекстің 119-бабына сәйкес әзірленген экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының жобасы;
6) күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасы (көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде).
4. Объект операторының өтініші бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, өзге де мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар оған объектінің құрылысы және (немесе) пайдаланылуы әсер ететін аумаққа қатысты өздерінде бар барлық экологиялық ақпаратқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолжетімділік беруге міндетті.
115-бап. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтінішті қарау рәсімі
1. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш ұсынылған материалдардың нысаны мен мазмұны осы Кодекстің талаптарына сәйкес келген жағдайда қаралуға жатады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны толық және жиынтықты болуы тұрғысынан тексереді. Өтініш көрсетілген мерзім ішінде қарауға қабылданады не құжаттар топтамасы және (немесе) мәліметтер толық ұсынылмаған жағдайда мұндай өтініштің қайтарылу себептері көрсетіле отырып, қабылданбайды.
Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініште барлық талап етілетін мәліметтер мен қоса берілетін құжаттар болған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес I санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізеді және осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде қарауға қабылданған өтінішті оған қоса берілетін құжаттармен бірге өзінің құрылымдық бөлімшелеріне, сондай-ақ кешенді экологиялық рұқсатқа енгізілуге жататын міндетті экологиялық шарттарға қатысты өз құзыреттері шеңберінде ескертулері мен ұсыныстарын алу үшін мынадай мүдделі мемлекеттік органдарға:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға;
2) объект жататын тиісті салада реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органға;
3) құзыретіне объектіні салу мен пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қажетті рұқсаттарды беру кіретін өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға;
4) аумағында объект орналасқан немесе орналасатын облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органына жібереді.
Егер объект екі немесе одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтары шегінде орналасса немесе орналасатын болса, қоса берілетін құжаттары бар өтініш әрбір тиісті жергілікті атқарушы органға жіберілуге жатады;
5) егер мұндай қызметке рұқсат беру туралы шешімдер қабылдау бойынша трансшекаралық рәсімдер жүргізу қажеттігі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда белгіленсе, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жәрдемімен - объектіні салу және (немесе) пайдалану қоршаған ортасының жай-күйіне елеулі қолайсыз әсер етуі мүмкін мемлекетке жібереді.
3. Егер «бір терезе» қағидаты бойынша тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді біріктіру тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрықтарымен айқындалған болса, кешенді экологиялық рұқсаттың құрамына өзге де мемлекеттік органдар беретін рұқсаттар енгізілуі мүмкін.
4. Осы баптың 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген мүдделі мемлекеттік органдар өтініш алынған күннен бастап жиырма бес жұмыс күні ішінде кешенді экологиялық рұқсатқа енгізілуге жататын міндетті экологиялық шарттарға қатысты өз қорытындыларын ұсынуға тиіс.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін алған мүдделі мемлекеттік органдардың қорытындылары өтініш берушіге жіберілуге және өтініш бойынша шешім қабылданған кезде есепке алынуға жатпайды.
6. Кешенді экологиялық рұқсат беруге арналған өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде ескертулер болған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіге осындай ескертулерді өтініш қарауға қабылданғаннан кейін жиырма бес жұмыс күні ішінде жібереді.
Өтініш беруші жіберілген ескертулерді ескертулер жіберілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жоюға тиіс. Ескертулер көрсетілген мерзімде жойылмаған жағдайда, өтініш берушіге кешенді экологиялық рұқсат беруден уәжді бас тарту беріледі.
Өтініш беруші барлық ескертулерді жойғаннан және мүдделі мемлекеттік органдардан қорытындылар алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган алынған ескертулер мен ұсыныстарды, сондай-ақ өтініш берушінің ұстанымын ескеріп, ішкі және (немесе) сыртқы сарапшыларды тарта отырып, кешенді экологиялық рұқсаттың жобасын дайындайды және мұндай жобаны өтініш берушіге жібереді. Өтініш беруші ұсынылған кешенді экологиялық рұқсаттың жобасы бойынша өз ұстанымын бес жұмыс күні ішінде ұсынады.
Өтініш беруші кешенді экологиялық рұқсаттың жобасын мақұлдаған жағдайда өтініш берушінің ұстанымын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кешенді экологиялық рұқсат беріледі.
Кешенді экологиялық рұқсаттың жобасына енгізілген шарттар бойынша туындайтын келіспеушіліктерді сараптама комиссиясы осы Кодекстің 74-бабында көзделген тәртіппен шешеді.
116-бап. Қатысы бар шет мемлекетпен консультациялар
1. Осы Кодекстің 115-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген жағдайда, егер қатысы бар шет мемлекет өтініш бойынша кешенді экологиялық рұқсат беруге қатысты өз ұстанымын ұсынса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелерін ескере отырып Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жәрдемімен консультация жүргізуге тиіс.
2. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтінішті қарау мерзімі қатысы бар мемлекетпен консультациялар аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
117-бап. Кешенді экологиялық рұқсатты беру
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш берушінің жауабы немесе осы Кодекстің 115-бабының 6-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес келіспеушіліктерді қарау нәтижелері алынғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде кешенді экологиялық рұқсатты беру туралы немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кешенді экологиялық рұқсатты беруден мынадай:
1) өтініш беруші кешенді экологиялық рұқсат алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған мәліметтердің анық емес екені анықталған;
2) өтініш беруші кешенді экологиялық рұқсат алу үшін ұсынған құжаттар және (немесе) оларда қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына және (немесе) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыға не қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізудің қажеттілігі жоқтығы туралы тұжырымды қамтитын белгіленіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің нәтижелері туралы қорытындыға сәйкес келмеген;
3) өтініш беруші осы Кодекстің 115-бабында көзделген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған кешенді экологиялық рұқсаттың шарттарымен келіспеген жағдайларда бас тартады.