2. Ауғанстанда және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде, сондай-ақ әскери міндеттілер жиындарына шақырылған қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерлерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
3. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан не сол кезеңде жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе ауруға шалдығудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің жұбайларына не асырауында аталған әскери қызметшілердің балалары бар басқа адамдарға жұмыс орнынан балаларымен бірге демалу үшін демалыс үйлері мен пансионаттарға жолдамалармен, сондай-ақ аталған әскери қызметшілердің балалары үшін балаларды сауықтыру мекемелеріне жолдамалармен артықшылықты қамтамасыз ету ұсынылады.
4. Отбасылары осы Заң бойынша әлеуметтік қолдау шараларына құқығы бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алатын генералдардың, адмиралдардың және әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің жұбайларына «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тиісті жеңілдіктерге құқығы өмір бойы сақталады.
15-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру
Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
16-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды тоқтата тұру және тоқтату
1. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адам сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазасын өтеу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
2. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адамдар қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады.
17-бап. Жергілікті өкілді органдар мен ұйымдардың құқықтары
Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойынша жеңілдіктерді белгілей алады.
18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 6, 45-құжат; № 14, 98-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 925-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; 2018 ж., № 14, 42-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 6 мамыр
№ 322-VІ