5. Жобалау құжаттарын әзірлеу ерекшеліктері жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде белгіленеді.
24-бап. Бір аумақта әртүрлі тұлғалардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуі
1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде өзгеше көзделмесе, әртүрлі жер қойнауын пайдаланушылар сол бір аумақта (бірлескен аумақта) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізе алады.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың ортақ аумақта операцияларды жүргізу тәртібі олардың арасындағы келісіммен айқындалады. Келісім ортақ аумақтағы жұмыстың барлық немесе жекелеген түрлерін жүргізу шарттары мен тәртібін айқындай алады.
Келісім жай жазбаша нысанда жасалады және жер қойнауын пайдаланушы оны жер қойнауын пайдалануға құқық берген мемлекеттік органға ол жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Келісім жер қойнауын пайдаланушылардың біреуі шеккен шығындар үшін негізді және мөлшерлес өтемақыны көздеуі мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар ортақ аумақта операциялар жүргізу тәртібі туралы келісімге қол жеткізбеген кезде ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде жер қойнауын пайдаланушының біреуінің екіншісінің алдындағы басымдығы белгіленеді. Бұл жағдайда ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде:
1) пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар жүргізетін;
2) егер жер қойнауын пайдаланушының екеуі де пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін;
3) егер жер қойнауын пайдаланушының екеуі де пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін;
4) егер екінші жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы болып табылады.
4. Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушы осындай басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы жүргізетін немесе жоспарлайтын жұмыстардың уақытын, ұзақтығын, орнын, көлемі мен сипатын есепке алуға және оларды жүргізу үшін кедергі келтірмеуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы негізсіз пайда алу мақсатын көздемей, өзінің басымдығын адал және ақылға қонымды пайдалануға міндетті.
5. Ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушыға соңғысының жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап бір ай мерзімде ортақ жер қойнауы учаскесінде жүргізілетін және жүргізу жоспарланатын өз жұмыстарының ұзақтығы, орны, көлемі мен сипаттамасы туралы ақпарат беруге міндетті. Мұндай ақпарат коммерциялық құпияны құрауы мүмкін.
Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушыға жұмыстардың уақыты, ұзақтығы, көлемі, орны мен сипаты туралы берілген ақпаратты осындай басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы үш ай ішінде бір реттен жиілетпей өзгерте алады. Бұл жағдайда басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы екінші жер қойнауын пайдаланушыны жоспарланатын жұмыстардың уақытын, ұзақтығын, көлемін, орны мен сипатын өзгерту туралы осындай өзгерістерге дейін қалғаннан кешіктірмей хабардар етуге міндетті. Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарлама алғанға дейін басталған жұмыстарды аяқтауға құқылы.
25-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін шектелген аумақтар
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе:
1) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктеріне арналған жерлердің аумағында;
2) елді мекендер жерлерінің аумағында және оларға бір мың метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда;
3) тау-кен-байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектісі болып табылмайтын, жұмыс істеп тұрған гидротехникалық құрылыс орналасқан жер учаскесінің аумағында және оған төрт жүз метр қашықтықтағы іргелес жатқан аумақта;
4) су қоры жерлерінің аумағында;
5) ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары кен орындарының және учаскелерінің контурларында;
6) көмінділерден, қабірлер мен зираттардан, сондай-ақ көмінділер мен зираттарға бөлінген жер учаскелеріне жүз метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда;
7) үшінші тұлғаларға тиесілі және ғимараттар мен құрылысжайлар, көпжылдық екпелер алып жатқан жер учаскелері аумағында және оларға жүз метр қашықтықта іргелес жатқан жер учаскесі аумағында - осындай тұлғалардың келісімінсіз;
8) автомобиль және теміржолдар, әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация және авиатехникалық орталықтардың объектілері, теміржол көлігі объектілері, көпірлер, метрополитендер, тоннельдер, энергетикалық жүйелердің және электр беру желілерінің объектілері, байланыс желілері, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілер, магистральдық құбыржолдар алып жатқан жерлердің аумағында;
9) мемлекет мұқтажы үшін мемлекеттік заңды тұлғаларға бөліп берілген жер қойнауы учаскелерінің аумақтарында;
10) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салынатын басқа да аумақтарда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салынады.
2. Сыртқы аумақтық шекаралары толығымен осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесін пайдалануға беруге тыйым салынады.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген тыйым салу:
1) тиісті аумақта тұратын жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдауды көздейтін келісім жасасу арқылы жергілікті ақтарушы және өкілді органдармен келісілген, пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды немесе пайдалы қатты қазбаларды жерасты тәсілімен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге қолданылмайды. Бұл жағдайда осы келісімнің болуы тиісті лицензияны беруге арналған шарт болып табылады;
2) бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге;
3) жерасты суларына арналған іздестіру-бағалау жұмыстары бөлігінде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізуге қолданылмайды.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген тыйым салу кен іздеушілікке және көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
Осы баптың 1-тармағында белгіленген тыйым салу аэрогеофизикалық зерттеулер немесе Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық әдістерін пайдаланатын зерттеулер арқылы жүргізілетін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
26-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелері шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша шектеулер Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиісті учаскеде жұмыстарды дереу тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.
27-бап. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салудың шарттары
1. Елді мекендерді, өнеркәсіп кешендерін және (немесе) басқа да шаруашылық объектілерін жобалауға және салуға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органының аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша алдағы уақытта құрылыс салынатын учаске астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ екендігі немесе олардың елеусіз екендігі туралы оң қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.
2. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша алынған рұқсатымен пайдалы қазбаларды алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген немесе құрылыс салудың экономикалық жағынан орындылығы дәлелденген жағдайда жол беріледі.
3. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға рұқсат беру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
28-бап. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қазақстандық кадрларды, тауар өндірушілерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынушыларды қолдауды қамтамасыз ету
1. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылардың, менеджерлердің және мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлердің және мамандардың жалпы санының елу пайызынан аспауға тиіс.
Кадрлардағы жергілікті қамту үлесін есептеу жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялардың шарттарында белгіленетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде сатып алынатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі күнтізбелік бір жыл ішінде сатып алынған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құрауға тиіс.
Тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың үлесін есептеуді ұйымдар индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітетін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеудің бірыңғай әдістемесіне сәйкес жүзеге асырады.
4-тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығының режимдері
1-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режимі
29-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия ұғымы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия мемлекеттік орган беретін және оның иесіне көрсетілген жер қойнауы учаскесінің шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға құқық беретін құжат болып табылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес реттелетін рұқсаттарға жатпайды.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бір ғана жер қойнауы учаскесін пайдалану үшін беріледі.
3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір тұлғаға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялардың шексіз саны берілуі мүмкін.
4. Лицензия мүдделі тұлғаның өтініші бойынша беріледі. Лицензия беруге өтініш нысанын құзыретті орган бекітеді.
5. Берілген лицензия оны берген мемлекеттік органның интернет-ресурсында берілген күні жариялануға жатады.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны беруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган берілген лицензиялардың тізілімін жүргізеді.
Лицензияда қамтылған мәліметтерден басқа, көрсетілген тізілімде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жеке тұлғаның тұрғылықты жері туралы;
2) жер қойнауын пайдалану құқығына қатысты ауыртпалықтың тіркелгені туралы;
3) есепті жүргізу мақсаттары үшін қажетті өзге де мәліметтер.
Берілген лицензиялардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
30-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрлері
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай лицензиялар беріледі:
1) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия;
3) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
4) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
5) жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия;
6) кен іздеушілікке арналған лицензия.
31-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия құзыретті орган бекітетін нысан бойынша ресімделеді.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияда, оның түрі ескеріле отырып, мыналар көрсетіледі:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;
2) лицензияны берген мемлекеттік органның атауы;
3) лицензия берілген тұлға туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін - атауы, орналасқан жері;
4) лицензияның нөмірі мен күні;
5) лицензияның шарттары: лицензияның мерзімі, жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары, осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдаланудың өзге де шарттары.
3. Лицензия мерзімі лицензияда көрсетілген күннен бастап есептеледі.
4. Егер жер қойнауын пайдалану құқығын екі немесе одан көп тұлға иеленсе, лицензияда жер қойнауын пайдалану құқығының ортақ иелері болып табылатын тұлғалар үлестерінің мөлшері көрсетілуге тиіс.
5. Лицензия қазақ және орыс тілдерінде ресімделеді.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның шарттары осы Кодексте белгіленген шарттарға сәйкес келуге тиіс.
7. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамасында жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның өзге шарттары белгіленсе, осы шарттар бұрын берілген лицензияға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген ережелер ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық салу, кедендік реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгерістеріне қолданылмайды.
8. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия оның шарттарының мазмұнын бұза отырып берілсе, лицензия берілген кезде қолданыста болған, осы Кодекстің жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның мазмұны туралы ережелері қолданылады.
32-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияға өзгерістер енгізу
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияға өзгерістерді лицензияны берген мемлекеттік орган оны қайта ресімдеу арқылы жүргізеді.
Қайта ресімделген лицензия оны берген мемлекеттік органның интернет ресурсында қайта ресімдеу күні жариялануға жатады.
2. Лицензия мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген:
жеке тұлғалар үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) азаматтығы өзгерген;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауы немесе орналасқан жері өзгерген;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес ауысқан;
3) лицензия мерзімі ұзартылған;
4) жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары өзгерген жағдайларда қайта ресімделуге жатады.
3. Лицензияны қайта ресімдеу құзыретті орган бекітетін нысан бойынша берілген жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.
Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың түпнұсқалары не нотариат куәландырған көшірмелері қоса беріледі.
Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар, дұрыстығын нотариус куәландыратын әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, өзге тілде жасалуы мүмкін.
4. Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш осы Кодекстің талаптарына сәйкес болмаған жағдайда лицензияны қайта ресімдеуден бас тартады.
5. Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде лицензияны қайта ресімдеуді жүргізеді не осындай қайта ресімдеуден бас тарту туралы хабардар етеді.
6. Лицензияны қайта ресімдеуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақсан Республикасының заңнамасына сәйкес бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шағым жасауы мүмкін.
7. Осы баптың 2-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда лицензияны қайта ресімдеу осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
8. Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген грамматикалық немесе арифметикалық қателерді, қателесіп жазуларды не басқа да осыған ұқсас қателерді лицензияны берген мемлекеттік орган түзетуге тиіс.
Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген қателерді түзету лицензияны қайта ресімдеу болып табылмайды.
Қателерді түзету лицензияны берген мемлекеттік органның бастамасымен, не жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізілуі мүмкін.
Мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қателерді түзетуді осындай өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Лицензияны берген мемлекеттік орган лицензиядағы қатені түзеткеннен кейін оны екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға береді.
Түзетілген лицензия лицензияны берген мемлекеттік органның интернет ресурсында түзетілген күні жариялануға жатады.
Лицензиядағы қателерді түзетуге байланысты туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.
33-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның қолданылуы:
1) осы Кодексте өзгеше көзделмесе, лицензия берілген мерзім аяқталған;
2) егер лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған болса, оның жалғыз иегері қаза болған (оның ішінде оны қайтыс болды деп жариялаған);
3) лицензия кері қайтарып алынған немесе ол жарамсыз деп танылған;
4) жер қойнауын пайдаланушы лицензия берілген жер қойнауы учаскесінен бас тартқан жағдайларда тоқтатылады.
34-бап. Лицензияның жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары
1. Лицензия сот тәртібімен мынадай жағдайларда:
1) лицензияны берген мемлекеттік органға оның лицензияны беру шешіміне әсер еткен көрінеу анық емес ақпаратты беру фактісі анықталған кезде;
2) сот анықтаған, мемлекеттік органның лауазымды адамы мен өтініш иесінің арасындағы теріс пиғылды келісу фактісі салдарынан осы Кодексте белгіленген лицензия беру тәртібі бұзылып, бұл мемлекеттік органның лицензияны беру туралы негізсіз шешіміне алып келсе;
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған және осындай беру күні әрекетке қабілетсіз болып табылған тұлғаға лицензия берілсе;
4) егер лицензия беру осы Кодексте көзделмесе немесе тыйым салынса, жарамсыз деп танылуы мүмкін.
2. Лицензияны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгіну құқығына - мүдделі тұлға және прокурор, ал осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияны берген мемлекеттік орган да ие болады.
Лицензияны алу құқығы мен заңды мүдделері лицензияны беру нәтижесінде бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.
3. Лицензия сот шешімі күшіне енген күннен бастап жарамсыз деп танылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияны жарамсыз деп таныған кезде лицензия алған тұлға жер қойнауы учаскесін заңсыз пайдаланудан осындай тұлға алған кіріс мөлшерінде келтірілген шығынды және лицензияны жарамсыз деп тануға байланысты мемлекет шығыстарын мемлекетке өтеуге міндетті.
5. Егер осы Кодекстің, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, заңды тұлға жарғысының талаптары бұзыла отырып берілген лицензияны жарамсыз деп тану талабы пайдакүнемдік себептерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетінен туындаса, тұлғаның мұндай тануды талап етуге құқығы жоқ.
6. Лицензияның жарамсыздығымен байланысты даулар бойынша талаптың ескіру мерзімі талап қоюшы лицензияны жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап үш айды құрайды.
2-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың келісімшарттық режимі
35-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ұғымы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мазмұны, жасалу, орындалу және тоқтатылу тәртібі осы Кодексте айқындалатын шарт болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бір тарап (Қазақстан Республикасының атынан құзыретті орган) екінші тарапқа (жер қойнауын пайдаланушыға) белгілі бір мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге міндеттенеді, ал жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарына және осы Кодекске сәйкес өз есебінен және өзі тәуекел етіп жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға міндеттенеді.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін, сондай-ақ уран өндіру үшін жасалады.
4. Келісімшарт жасау кезінде пайдалануға бір ғана жер қойнауы учаскесі беріледі.
Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта, өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бірнеше жер қойнауы учаскелері бекітіліп берілуі мүмкін.
5. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, нақ сол бір тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шексіз санын жасауы мүмкін.
6. Құзыретті орган жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізеді. Жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
36-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобалары құзыретті орган бекітетін келісімшарттардың үлгілік нысандарына сәйкес әзірленеді. Келісімшарттың үлгілік нысанынан ауытқуға осы Кодексте көзделген жағдайларда, шектерде және тәртіппен жол беріледі.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта қамтылатын талаптар қатарына мыналар жатады:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрі;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс (қосымша жұмыстар) бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды өндіру кезеңінде оқытуды қаржыландыруы жөніндегі міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардың жергілікті қамтуының ең төмен үлесі жөніндегі міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, басым жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша жергілікті қамту үлесі жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
9) жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және ғылыми-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша міндеттемелері;
10) жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстары бойынша міндеттемелері;
11) жер қойнауын пайдаланушының және оның мердігерлерінің көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін сақтауы жөніндегі міндеттемелері;
12) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін сақтауы бойынша міндеттемелерді бұзушылығын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылығы;
13) жер қойнауын пайдалану құқығы берілген өзге де шарттар.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бұрын тоқтатылған және көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен сенімгерлік басқару шарты жасалған жер қойнауы учаскесіне келісімшарт жасалған жағдайда, жасалатын келісімшартта жаңа жер қойнауын пайдаланушының: