Хабарламада мыналар қамтылуға тиіс:
1) табылған пайдалы қатты қазбалар туралы мәліметтер (пайдалы қатты қазбалардың түрі, анықталған минералдану контурлары және минералданудың басқа да сипаттамалары);
2) жоспарланып отырған тау-кен-аршу жұмыстарының алаңы, көлемі және мерзімі.
6. Жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, сондай-ақ тау-кен қайта өңдеу өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыруға құқылы емес.
7. Барлау учаскесінде көлемі бір мың текше метрден асатын тау-кен массасын алу және (немесе) топырақтың орнын ауыстыру жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсатпен жүзеге асырылады.
Өтініште сұралатын ұлғайту көлеміне нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау мақсаттары үшін алынатын тау-кен массасының және (немесе) орны ауыстырылатын топырақ көлемінің сұралатын ұлғаюы көлемінің негізділігін растайтын құзыретті тұлғаның қорытындысы қоса беріледі.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру туралы немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар осы тармақтың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда рұқсат беруден бас тартылады.
Жер қойнауын пайдаланушы тау-кен массасын алу және (немесе) топырақтың орнын ауыстыру бойынша қосымша жұмыстардың салдарын жою құнын өтейтін қамтамасыз етуді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынған жағдайда ғана көлемі бір мың текше метрден асатын тау-кен массасын алуға және (немесе) топырақтың орнын ауыстыруға кірісуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбаларды барлау нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы алған пайдалы қазбалар, сондай-ақ өзге тау-кен жынысы жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
8. Осы Кодекстің мақсаттары үшін құзыретті тұлға деп Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептілік кодексінде (KAZRC Кодексі) көзделген, оның қағидаларына сәйкес кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын жеке тұлға танылады.
KAZRC Кодексінің мақсаттары үшін құзыретті тұлға деп осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қазақстандық кәсіби ұйым осындай деп таныған, шетелдік кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын жеке тұлға танылады.
195-бап. Пайдалы қатты қазбаларға барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша мынадай мерзімдік есептерді:
1) лицензиялық міндетемелердің орындалуы туралы есепті;
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және олардағы жергілікті қамту үлесі туралы есепті;
3) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есепті;
4) геологиялық есептерді ұсынуға міндетті.
2. Мерзімдік есептер жыл сайын әрбір жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей алдыңғы күнтізбелік жыл үшін ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер нақты жер қойнауын пайдалану кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жыл үшін есептері көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға ол бекітетін тәртіппен беріледі.
Барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелерді орындау туралы есепте көрсетілген шығыстар туралы мәліметтерді «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор растауға тиіс.
Егер осындай мәліметтер аудит жүргізілген қаржылық есептілікте жеке келтірілсе (анықталса), аудитормен расталған деп танылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген есептер пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген геологиялық есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Лицензия қолданысы тоқтатылғаннан кейін оның иесі болып табылатын тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға барлау учаскесіндегі геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы түпкілікті есепті лицензияның қолданылу мерзімі тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей ұсынуға міндетті.
Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
196-бап. Барлау жоспары
1. Барлау жоспары пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаты болып табылады.
2. Барлау жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Барлау жоспарын бекіткеннен кейін оның көшірмесі пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Егер барлау жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, барлау жоспарының көшірмесі мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынғаннан кейін ғана пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылған барлау жоспарында көзделмеген барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
3. Барлау жоспарында пайдалы қатты қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, жоспар бекітілген немесе барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері, тәсілдері және көлемдері бойынша соңғы өзгерістер енгізілген күннен бастап қатарынан кемінде үш жыл перспективада оларды жүргізудің болжамды көлемі мен мерзімдері сипатталады.
Барлау жоспарында пайдалы қатты қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістерін және тәсілдерін, болжамды көлемін және оларды жүргізу мерзімдерін жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарын жасау бойынша бекітілетін нұсқаулыққа сәйкес дербес айқындайды.
Барлау жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейді және бекітеді.
Барлау жоспарын жасау бойынша нұсқаулықта көзделген жағдайларда барлау жоспары қоршаған ортаға әсер етудi бағалауды қамтуға тиіс.
4. Барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ көлемдері мен оларды жүргізу мерзімдері өзгертілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және өзгертілген барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, өзгертілген барлау жоспары мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
197-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бұзылған жерлерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
Барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін берілген жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеме өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеменің көлеміне енгізіледі.
2. Барлау учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай учаскеде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей барлау жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
Аталған тұлғаның өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, егер жоюды жүргізу мүмкін болмаса немесе табиғи және (немесе) табиғи-климаттық жағдайларға орай едәуір қиын болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткен күннен бастап алты айға дейінгі кезеңге барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою мерзімін ұзартады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес бас тартқан барлау учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою осындай бас тартылғанға дейін жүргізіледі.
4. Егер жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жүзеге асырмаса немесе операциялар жер беті қабатын (су айдындарының түбін) бұзбай жүргізілсе, осындай барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді.
Мұндай жағдайда барлау учаскесіне (барлау учаскесінің бір бөлігіне) жою жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ екенін растайтын зерттеу актісі жасалады, оған осы баптың 5-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығы тиісті барлау учаскесінде тоқтатылған тұлға, сондай-ақ пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органының өкілі жою актісіне қол қойған күннен бастап барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталған болып есептеледі. Барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүргізілген жағдайда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да жою актісіне қол қояды.
6. Барлау жөніндегі операциялар салдарын жою актісіне қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен ұсыну мақсатында мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
198-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлаудың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынған жағдайда осындай операцияларға кірісуге құқылы.
2. Барлау салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету банктік салым кепілі, кепілдік және (немесе) сақтандыру түрінде ұсынылады.
3. Қамтамасыз етудің жалпы сомасы пайдалы қатты қазбаларды барлау аумағын құрайтын блоктардың саны мен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізінде есептеледі. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бір блок үшін қамтамасыз ету мөлшерін өзі бекітетін әдістеме бойынша айқындайды.
Осы тармақта көзделген қамтамасыз ету сомасы жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тартқан жағдайда және онда барлау салдарын жоюды аяқтаған кезде соған мөлшерлес азайтуға жатады. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қамтамасыз етуді берген тұлғаны қамтамасыз ету сомасының азайтылғаны туралы хабардар етеді.
4. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 194-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда барлау бойынша жұмыстардың салдарын жоюды қосымша қамтамасыз етуді ұсынуға міндетті. Қосымша қамтамасыз ету сомасы осы Кодекстің 219-бабының ережелеріне сәйкес есептеледі.
199-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау учаскесінен бас тарту
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта бүкіл барлау учаскесінен не оның бір бөлігінен бас тартуға құқылы, мұндай бас тарту туралы құзыретті органға жазбаша мәлімдейді.
Осы тармақта көзделген барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту барлау учаскесінің аумағы туралы талаптар сақтала отырып, блоктармен жүзеге асырылуға тиіс.
2. Барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту туралы өтініште барлауға арналған лицензиядан шығарылуға жататын блок (блоктар) көрсетілуге тиіс.
Өтінішке барлау учаскесінен шығарылуға жататын барлау учаскесінің бір бөлігіне барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою актісі не осы Кодекстің 197-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жасалатын, барлау учаскесінен шығарылуға жататын барлау учаскесінің бір бөлігін зерттеу актісі қоса беріледі.
3. Барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту барлауға арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
200-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Құзыретті орган пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптары бұзылған;
2) осы Кодекстің 191-бабында көзделген пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның шарттары бұзылған кезде қайтарып алуға жатады.
2. Құзыретті орган бұзушылықты анықтаған кезде бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде - бұзушылыққа дейін болған жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге мәмілелерді жасау арқылы жойылуға жатады.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтар жасалған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде бұзушылықтарды жойғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органды хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда құзыретті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Құзыретті орган лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күнінен бастап үш айдан кейін лицензия өз қолданысын тоқтатады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай дауласу кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім дауласу нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
6. Егер лицензияны қайтарып алуға негіз болған міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-әрекеттер және т.б.) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушыда техникалық құралдардың және (немесе) қаржылық қаражаттың болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану жатпайды.
7. Осы бапқа сәйкес барлауға арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және осы Кодексте көзделген мерзімде жою жөніндегі жұмыстарға кірісуге міндетті.
8. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қайтарып алу жер қойнауының тиісті учаскесі туралы мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізуге негіз болып табылады.
201-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға айрықша құқық
1. Жер қойнауы учаскелерінің шекаралары ортақ (аралас учаскелер) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған бір немесе бірнеше лицензиялардың иесі:
1) пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорлары пайдалы қатты қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
2) кең таралған пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары кең таралған пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
3) геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есепте расталған пайдалы қазбалар кен орны жоқ болған немесе оның ресурстары аз мөлшерде болған жағдайларда жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия алуға айрықша құқыққа ие болады.
2. Айрықша құқық барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданылу мерзімінің кез келген уақытында іске асырылуы мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушы айрықша құқықтан барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданысы тоқтатылған кезде айырылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына тиісінше пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны немесе кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны басым тәртіппен беру туралы өтінішпен жүгіну арқылы айрықша құқықты іске асырады.
Өтінішті қарау және көрсетілген лицензияларды беру осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
5. Егер барлауға арналған лицензия аумағы шегіндегі жер қойнауы учаскесіне лицензия беру туралы өтінішті бергеннен кейін барлауға арналған лицензияның мерзімі өтсе, осы баптың 4-тармағында көзделген лицензия берілгенге не оны беруден бас тартылғанға дейін барлауға арналған лицензия жер қойнауы учаскесінің мәлімделген бөлігінде өз қолданысын жалғастырады.
Осы тармаққа сәйкес мәлімделген жер қойнауы учаскесі бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кең таралаған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру үшін барлауға арналған лицензияның қолданысы кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерді мойнына алмайды;
2) белгіленген мөлшерде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдерін) төлеуге міндетті;
3) осындай учаскеде барлауды жүзеге асыруға құқылы.
6. Осы бапта көзделген айрықша құқықты басқаға беруге жол берілмейді.
28-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру
202-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің мынадай операцияларды:
1) пайдалы қатты қазбаларды өндіруді (алуды);
2) тау-кен жұмыстарын жүргізу, тау-кен өндіруші және (немесе) тау-кен-қайта өңдеу өндірісін, техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануды;
3) өндіру учаскесіне барлау (пайдаланылатын барлауды) жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру деп жерасты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, буландыру, седименттеу және конденсаттау арқылы шашыранды кен орындарын драгалық және гидравликалық жолмен әзірлеу жұмыстарын, сондай-ақ өндіру учаскесінің аумағында алынған пайдалы қазбаларды жинауды, уақытша сақтауды, ұсақтауды және сұрыптауды қоса алғанда, пайдалы қатты қазбаларды кенжатындардан алуға және (немесе) жер бетіне шығаруға бағытталған және сонымен тікелей байланысты жұмыстар кешені түсініледі.
203-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілетін аумақтар
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалатын аумақтарға беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны:
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) басқа тұлғаның келісімінсіз көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін оның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
5) уран кен орнын немесе табиғатта сирек кездесетін уран кен орнын қамтитын жер қойнауы учаскесінің аумағына беруге жол берілмейді.
204-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға құзыретті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылары туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесі аумағының сипаттамасы;
3) осы тарауда көзделген мерзімнен аспайтын сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдаланудың мерзімін көрсету.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өтініш иесі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар көшірмелері;
2) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар: көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, жер бетінің топографиялық картасы;
3) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжат;
4) осы Кодекстің 216-бабына сәйкес әзірленген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасы;
5) осы Кодекстің 217-бабына сәйкес әзірленген жою жоспарының жобасы;
6) өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есеп;
7) егер өтінішті барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша берсе және өтініш берілген кезде мұндай есеп құзыретті органға ұсынылмаса, өтінішті берудің алдыңғы күніне есепті кезең үшін барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;
8) егер барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша өтініш берсе, барлауға арналған лицензия бойынша ағымдағы есепті кезеңде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдері) төлеленгенңн растайтын құжат;
9) өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға қаржылық, кәсіптік және техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат;
10) сұралатын жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) көмірсутектер өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының келісімі;
11) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға бір мың метр жерде іргелес жатқан аумаққа тиесілі болса, осы Кодекстің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім;
12) өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген, салық органынан анықтама.
4. Өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті қаржылық мүмкіндіктерінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі ұсынылады: