145-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі
1. Жер қойнауын пайдаланушылар, мұнай және (немесе) шикі газ, уран, көмір өндіру және олардың айналымы саласындағы операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар не олардың уәкілетті өкілдері есептерді жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы ұсынады. Көрсетілген есептер уәкілетті өкілдің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуға тиіс. Есептерді ұсыну нысандары мен тәртібін көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі деп жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» ақпараттық жүйесі түсініледі.
146-бап. Шикі газды жағу
1. Мыналарды:
1) авариялық жағдай қатері немесе оның туындауы, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қатер төнуі;
2) ұңғыма объектілерін сынау кезіндегі;
3) кен орнын сынамалап пайдалану кезіндегі;
4) шикі газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу кезіндегі жағдайларды қоспағанда, шикі газды факелде жағуға тыйым салынады.
2. Шикі газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу деп осы баптың 4-тармағына сәйкес белгіленген нормативтер және көлемдер шегінде, технологиялық жабдықты іске қосу-баптау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде, сондай-ақ технологиялық жабдықтың жұмысындағы технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулар кезінде көмірсутектерді өндірудің үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін шикі газды жағу танылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда шикі газды факелде рұқсатсыз жағуға жол беріледі.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы мұндай жағу туралы көмірсутектер және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарды он күн ішінде жазбаша хабардар етуге міндетті.
Осындай хабарлама шикі газды жағудың себептерін және жағылған шикі газдың көлемдері туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарын және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесі бойынша айқындалған нормативтер мен көлемдер шегінде шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасын сақтаған жағдайда көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша шикі газды факелде жағуға жол беріледі.
Шикі газды факелде жағуға рұқсат беру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Ұңғыма объектілерін сынау кезінде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы бекіткен ұңғыма объектілерін сынау жоспарында көзделген мерзімге, ұңғыманың әрбір объектісі үшін тоқсан күннен аспайтын мерзімге шикі газды жағуға жол беріледі.
Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде үш жылдан аспайтын жалпы мерзімге шикі газды жағуға рұқсат берілуі мүмкін.
6. Технологиялық жабдықты іске қосу-баптау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде шикі газды жағу көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша есептелген нормативтер мен көлемдер шегінде жүзеге асырылады.
7. Технологиялық жабдық жұмысындағы технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулар жағдайларында жер қойнауын пайдаланушы тергеу жүргізуге және көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулардың, әрбір жағдайы бойынша жағылған газдың уақыты мен көлемдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ олардың себептерін көрсете отырып, есепті тоқсаннан кейінгі айдың жиырма бесінші күнінен кешіктірмей, тоқсан сайын есеп беруге міндетті.
147-бап. Шикі газды қайта өңдеу және кәдеге жарату
1. Шикі газды қайта өңдеу деп шикі газдан құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттердің және (немесе) ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін өнімді өндіру жөніндегі технологиялық процесс түсініледі.
2. Көмірсутектерді өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы шикі газды жағу көлемдерін азайтуға бағытталған іс-шаралар жүргізуге міндетті.
Кен орнын әзірлеу жобасында шикі газды өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі бөлім міндетті түрде болуға тиіс.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар шикі газды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендету мақсатында көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларын әзірлеуге міндетті. Шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламалары көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның бекітуіне жатады және олар әр үш жыл сайын жаңартылуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларының орындалуы туралы есептерді жыл сайын көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша оған жіберуге тиіс.
4. Мыналарды:
1) осы Кодекстің 146-бабында белгіленген жағдайларда және шарттармен жағылатын;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау құжатында көзделген көлемдерде жер қойнауын пайдаланушы өзінің технологиялық қажеттіліктеріне пайдаланатын;
3) жер қойнауын пайдаланушы өзге тұлғаларға қайта өңдеу және (немесе) кәдеге жарату мақсатында өткізетін шикі газ көлемдерін қоспағанда, өндірілетін шикі газдың толық көлемін қайта өңдемей көмірсутектерді өндіруге тыйым салынады.
Бұл ретте шикі газды өңдеу экономикалық жағынан тиімсіз кен орындарында кен орнын әзірлеу жобасында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасында, жеке мұқтаждыққа пайдаланылатын газды қоспағанда, қабаттық қысымды сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газдың бүкіл көлемін кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
5. Кен орнын әзірлеу жобасында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасында мұндай кен орнында ішкі қабаттық қысымды ұстап тұрудың өзге әдістері тиімсіз және мұндай айдау қоршаған орта мен адамның өмірі үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне ие болған жағдайда, қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газды кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
6. Бірлесіп игерген жағдайда жобалау құжаттарында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларында қабаттық қысымды сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында бір кен орнынан екінші кен орны қабатына (өзге де жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын қоса алғанда) өндірілетін шикі газды айдау арқылы кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
7. Кен орнын әзірлеу жобасында көзделмеген, сондай-ақ кен орнын әзірлеу жобасын бұза отырып жүзеге асырылған, шикі газды қабатқа айдауға тыйым салынады.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган шикі газды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыра алады.
9. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта өзгеше көзделмесе, өндірілген ілеспе газ мемлекет меншігі болып табылады.
148-бап. Қабаттық қысымды ұстап тұру және суларды дайындау
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған әртүрлі келісімшарттар бойынша көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекстің 150-бабында көзделген жағдайларда қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында бір жер қойнауын пайдаланушыдан дайындалған қабаттық суды екінші жер қойнауын пайдаланушының кен орнының қабатына айдауды жүзеге асыруы мүмкін.
2. Жер қойнауын пайдаланушы қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында одан әрі кен орны қабатына айдауға ілеспе және (немесе) өзге де (теңіз суын қоса алғанда) суды дайындау үшін қажетті инфрақұрылымдық объектілерге иелік ететін тұлғаларды тарта алады.
149-бап. Шекарамаңы жер қойнауы учаскелеріндегі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде бір бөлігі басқа іргелес немесе қарсы беттегі мемлекеттің заңды құзырындағы аумақта немесе теңізде Қазақстан Республикасының аумағының шегінде орналасқан шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде немесе бір бөлігі аумағында орналасқан, сонымен қатар кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан жағдайда, ол бұл туралы құзыретті органға дереу хабарлауға міндетті.
2. Қазақстан Республикасының табылған кенжатынның бір бөлігі (кенжатындар жиынтығы) жер қойнауында жатқан мемлекетпен тиісті халықаралық шарттар болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай мемлекетпен келісімге қол жеткізілгенге дейін шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.
Бұл ретте құзыретті орган шекарамаңы жер қойнауының учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны ол туралы хабардар етеді және күнтізбелік отыз күн ішінде шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде орналасқан кен орнын бірлесіп әзірлеудің тәртібі мен шарттарын реттейтін халықаралық шартты әзірлеуге бастама жасайды.
3. Құзыретті орган шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі тоқтатылған операцияларды құзыретті орган қалпына келтіруге рұқсат бергенге дейін келісімшарт өзінің қолданысын тоқтата тұрған болып есептеледі.
150-бап. Әртүрлі жер қойнауы учаскелеріндегі кен орындарын бірлесіп игеру
1. Бірлесіп игеру деп бірнеше жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі бірлескен операциялар келісімнің негізінде жүргізуді, оның ішінде кен орындарын әзірлеу үшін ортақ инфрақұрылымды пайдалануы түсініледі.
2. Егер бірнеше кен орындарын бірлесіп игеру бір немесе бірнеше кен орындарын әзірлеудің техникалық және экономикалық көрсеткіштерін жақсартатын болса, мұндай игеруге жол беріледі.
3. Әртүрлі жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген тәртіппен құзыретті органмен келісу бойынша:
1) бір жер қойнауын пайдаланушыда қуаттары, инфрақұрылымдық объектілері және (немесе) өзге де техникалық және технологиялық мүмкіндіктері бар болған кезде жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып (қажеттілік кезінде), мұндай жер қойнауын пайдаланушымен осындай қуаттарды, инфрақұрылымдық объектілерді және (немесе) өзге де техникалық және технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануға шарт жасасуға;
2) инфрақұрылымдық объектілерді бірлесіп жобалауға және (немесе) салуға не тиісті шарт негізінде оларды бірлесіп пайдалануға құқылы.
4. Бірнеше жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауының әртүрлі учаскелерінде бірнеше кен орындарын бірлесіп игерген жағдайда, жобалау құжаттарында бірлесіп игерудің қажеттілігі мен тиімділігі, сондай-ақ оны жүзеге асыру схемасы негізделеді.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасын іске асыру мақсаттары үшін бірлескен инфрақұрылымдық объектілерді жедел басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компанияны айқындауы мүмкін.
6. Жер қойнауын пайдаланушы (оның ішінде басқарушы компания) бірлесіп игеру кезінде жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісім бойынша басқа жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесінде оның жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларының бір бөлігін немесе барлығын, егер бұл бірлесіп игеру үшін қажет болса, жүргізуге құқылы.
7. Осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, инфрақұрылымдық объектілерді бірлесіп пайдалану кезінде өндірілген көмірсутектердің көлемін бөлу жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісім бойынша жүргізіледі.
8. Қажет болған кезде жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісімде инженерлік қамтамасыз ету жүйелерін (соның ішінде электр энергиясын, жабдықты және материалдарды) бірлесіп пайдалану көзделеді.
151-бап. Көмірсутектерді бірыңғай объект ретінде кен орнында барлау немесе өндіру
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін табылған кенжатынның немесе кен орнының бір бөлігі көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа жер қойнауын пайдаланушының пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің шегінде орналасса, мұндай жер қойнауын пайдаланушылар өз таңдауы бойынша:
1) осы Кодексте белгіленген беру рәсімдерін сақтай отырып, осы кенжатын немесе кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие бір ғана жер қойнауын пайдаланушы қалатындай немесе бір келісімшарт негізінде жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестерге ие бірнеше жер қойнауын пайдаланушы қалатындай етіп өзінің жер қойнауын пайдалану құқығын беруге;
2) бірыңғай объект ретінде кенжатында немесе кен орнында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шартты құзыретті органмен алдын ала келісіп, жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып осындай шарт жасасуға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан бірыңғай объект ретінде кенжатында немесе кен орнында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шарт жасасуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
3. Бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне келісімшарттармен жүктелген міндеттемелердің орындалуы бойынша ортақ жауаптылықта болады.
152-бап. Мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеуді жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүргізеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу үшін пайдаланылатын жабдық пен аспаптарды сынақтан өткізеді.
3. Егер сынау немесе қарап-тексеру кезінде жабдықтың немесе аспаптардың ақаулары бар екені анықталса, онда ақаудың мерзімін анықтауға мүмкіндік болмаған кезде ақаудың мерзімі алдыңғы өлшеуден бастап ақау анықталған күнге дейінгі уақыттың жартысы ретінде айқындалады.
21-тарау. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруді, теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу ерекшеліктері
153-бап. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіру ерекшеліктері
1. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіру осы тарауда көзделген ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодексте көмірсутектерді барлау мен өндіру үшін белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
153-баптың 2-тармағы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Алдын ала газсыздандыру бойынша қажетті іс-шараларды, құрамындағы метанды белгіленген нормативтерге дейін төмендетуді қамтамасыз ететін көмір қабаттарынан алынған метанды кейіннен кәдеге жарата отырып, желдету және қабаттық газсыздандыру бағдарламаларын өткізбей, көмір қабаттарындағы табиғи метан мөлшері жоғары деңгейде болатын көмір кен орындарын игеруге тыйым салынады.
Көмірді барлауға және (немесе) өндіруге арналған лицензия шеңберінде жұмыс істеп тұрған шахталарды газсыздандыру кезінде көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасамай көмір қабаттарындағы метанды өндіруге жол беріледі.
3. Бұл ретте мұндай жер қойнауын пайдаланушы өндірілген көмір қабаттарындағы метанды одан әрі өткізбей, оны өзінің технологиялық қажеттіліктері үшін ғана пайдалануға құқылы.
4. Көмір өндіруді жүргізіп жатқан жер қойнауын пайдаланушы көмір қабаттарындағы метанды одан әрі өткізу мақсатында өндіруді жүзеге асыруға ниеттенген жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте көзделген тәртіппен көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуы қажет.
154-бап. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізудің жалпы шарттары
1. Теңіз деп су қабатының беті, сондай-ақ Каспий мен Арал теңіздерінің қазақстандық бөлігі шегіндегі түбі танылады.
2. Ішкі су айдындары деп Қазақстан Республикасының шекараларында орналасқан жасанды су айдындары мен су ағындары танылады.
3. Сақтық аймағы - теңіздің жағалау сызығынан құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан, теңізге және ішкі су қоймалары мұнайдың төгілуі салдарынан ластануы немесе теңіздің ластану көзі болуы мүмкін құрлық аймағы.
4. Теңіз нысандары деп теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде пайдаланылатын жасанды аралдар, бөгеттер, құрылыстар, қондырғылар, құбыржолдар және өзге де объектілер танылады.
5. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізетін жер қойнауын пайдаланушылар теңізде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ең озық тәжірибені басшылыққа алуға, теңіздегі кеме қатынасына, балық аулауға және теңіздің нақты учаскесінде әдетте жүзеге асырылатын өзге де заңды қызметке кедергі жасамауға және зиян келтірмеуге міндетті.
6. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы ретінде елу пайыз мөлшердегі үлестік қатысуы теңізде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің міндетті шарты болып табылады.
Кейін ұлттық компания келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың шешімдер қабылдауына өзінің бақылауын сақтаған жағдайда, келісімшартта ұлттық компанияның үлестік қатысуының көрсетілген мөлшері төмендетілуі мүмкін.
7. Қоршаған ортаға теріс әсерді барынша төмендету мақсатында теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізетін жер қойнауын пайдаланушылар теңіз объектілерін пайдалану жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыруды жүзеге асыруы мүмкін.
8. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы теңізде жүргізілген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған теңіздің ластануы жағдайында қоршаған ортаға, жеке және (немесе) заңды тұлғаларға келтірілген зиян үшін, егер зиянның еңсерілмейтін күштің әсерінен немесе зардап шегушінің жасырын пиғылы салдарынан келтірілгені дәлелденбесе, кінәсінің болу-болмауына қарамастан жауапты болады.
9. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі теңіз объектілерінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инспекцияларды жүргізу үшін өкілеттігі бар мемлекеттік органдардың өкілдерін жағалаудан өз есебінен жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекеттік органдар өкілдерінің теңіз объектілерінде инспекция жүргізуі жер қойнауын пайдаланушының қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.
10. Теңізде көмірсутектерді барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы барлау аумағына барлық қажетті геофизикалық және сейсмологиялық зерттеулер жүргізілгеннен, сондай-ақ осы Кодекстің 156-бабы 1-тармағының талаптары орындалғаннан кейін ғана ұңғымаларды бұрғылауға кірісуге құқылы.
11. Бұрын бұрғыланған ұңғыма бақылаудан шыққан кезде мұндай ұңғыманы бақылауға алудың өзге әдістерін қолдану мүмкін болмаған не қалыптасқан жағдайларда тиімсіз болып табылатын кезде тығындау ұңғымасын бұрғылауды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған ұңғымаларды бұрғылау жобасында көзделмеген іздестіру, барлау, пайдалану ұңғымаларын немесе өзге де ұңғыманы бұрғылауға тыйым салынады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы тығындау ұңғымасын бұрғылау туралы шешім қабылдауға ықпал еткен нақты мән-жайлар мен себептерді көрсете отырып, құзыретті органға осындай ұңғыманы бұрғылаудың басталғаны туралы ақылға қонымды мерзім ішінде жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
12. Сақтық аймағының шегінде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болдырмайтындай қажетті шаралар қабылдауға міндетті.
13. Ішкі су айдындарында және сақтық аймағында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға осы Кодекстің теңіздегі көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар үшін белгіленген ережелері қолданылады.
14. Осы баптың 8 және 9-тармақтарының талаптары теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілу қаупі бар объектілерді пайдаланатын тұлғаларға қатысты да қолданылады.
15. Осы тараудың мақсаттары үшін мұнайдың төгілуі деп мұнай өнімдерінің төгілуі де түсініледі.
155-бап. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі
1. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін ресурстар деп теңізге мұнайдың төгілуін жою кезінде пайдаланылатын персонал, кемелер, жабдық, химиялық заттар және өзге де материалдар танылады.
2. Теңізге мұнайдың төгілу қаупі бар объектілерге теңіз объектілері, теңіз порттары және кемелер жатады.
3. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз ету мұнайдың төгілуінің болжалды көлемдеріне қарай мынадай деңгейлер бойынша жүзеге асырылады:
бірінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объектідегі ресурстар арқылы жойылатын мұнайдың шамалы төгілуі (он тонна мұнайдан аспайтын);
екінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объект ресурстарына қосымша жағалаудан ресурстар тартыла отырып жойылатын мұнайдың елеулі (орташа) төгілуі (он тоннадан екі жүз елу тоннаға дейін);
үшінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объект ресурстарына және жағалау ресурстарына қосымша елдегі ресурстар мен халықаралық ресурстар тартыла отырып жойылатын мұнайдың көп көлемде төгілуі (екі жүз елу және одан да көп тонна).
Қауіпті бағалау негізінде мұнайдың ықтимал төгілуінің анықталған көлемдері көрсетілген үш деңгейден де жоғары болуы мүмкін. Ресурстар саны мұнайдың ықтимал төгілу қаупінің деңгейіне сәйкес болуға тиіс.
4. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жүйесіне:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган азаматтық қорғау және сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітетін, теңізде, Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жоспары (бұдан әрі - ұлттық жоспар);
2) ұлттық жоспар негізінде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері әзірлейтін және тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін облыстардың теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің аумақтық жоспарлары;
3) объектілік жоспарлар - кемелерді қоспағанда, ұлттық және тиісті облыстардың аумақтық жоспарлары, сондай-ақ мұнайдың төгілу қаупін бағалау негізінде қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерімен келісілетін, мұнайдың төгілу қаупі бар объектілердің меншік иелері әзірлеген теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар;
4) 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенциясына сәйкес әзірленген мұнаймен ластауға қарсы күрес жөніндегі төтенше шаралардың кеме жоспарлары кіреді.
5. Ұлттық жоспарды іске асыруға мына мемлекеттік органдар:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган - жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайдың төгілуін жоюға әзірлігін қамтамасыз ету үшін;