4) қажет болған жағдайда тиісті салалардың мамандары арасынан сарапшылар тартуға құқығы бар.
99-бап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 4-тармағының редакцияда қолданылады
99-бап. Аукцион өткізу
1. Егер осы Кодекстің 95-бабында көрсетілген мерзімдерде аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмеген және (немесе) егер өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі жіберілмеген жағдайларда (аукцион өткізуге өтініш берген тұлғадан басқа), аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілген мерзім аяқталған не аукционға қатысуға өтініштерді қарау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукцион өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда аукцион өткізуге өтініш берген тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасасу үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
Аукционды өткізбеу туралы ақпарат комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
2. Аукционға оған қатысуға жіберілген және аукцион қатысушысы ретінде тіркелген өтініш иелері қатысады.
3. Аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні аукцион өткізіледі.
4. Құзыретті орган аукцион өткізу күнінен кемінде он жұмыс күні бұрын аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелеріне аукцион өткізу күні және уақыты туралы хабарлайды.
5. Аукцион көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсын пайдалану арқылы, құзыретті орган бекітетін тәртіппен электрондық нысанда өткізіледі.
100-бап. Аукцион қорытындысын шығару және көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасау
1. Қол қою бонусының неғұрлым жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
2. Аукцион нәтижелері ол өткізілген күні жарияланады және комиссияның барлық қатысқан мүшелері және аукцион жеңімпазы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың көшірмесі аукцион жеңімпазына табыс етіледі.
Аукционның нәтижелері олар шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
3. Аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) қол қою бонусын төлейді;
2) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге өз тарапынан қол қойылған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, аукцион жеңімпазы барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қосымша әзірлейді және оны барлауға және өндіруге келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген барлау кезеңі белгіленеді. Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
Егер аукционның жеңімпазы аукционға қатысуға өтініш беру кезеңінде жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту бойынша ең төмен міндеттемені ұсынған болса, ұсынылған міндеттемелер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған немесе өндіруге арналған келісімшартта бекітіледі.
4. Құзыретті орган аукцион жеңімпазынан келісімшартты және қол қою бонусын төлегенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде онымен көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасады және аукцион жеңімпазына оның қол қойылған бір данасын жібереді.
5. Егер аукцион жеңімпазы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемесе және (немесе) өз тарапынан қол қойылған, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, жер учаскесі қайтадан аукционға шығарылады.
101-бап. Аукцион өтпеді деп тану тәртібі мен негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион, егер аукцион өткізілетін күні екіден кем қатысушы тіркелсе, өтпеді деп танылады және қайталама аукцион өткізілмейді.
Егер аукционға қатысушы ретінде тіркелген жалғыз тұлға аукцион өткізуге өтініш берген тұлға болып табылса, мұндай тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасау үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
2. Аукционды өтпеді деп тану комиссияның барлық қатысқан мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарлама хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымында жариялануға жатады.
102-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды сот қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Мыналар аукционды жарамсыз деп тану үшін негіздер болып табылады:
1) осы Кодексте белгіленген, аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен аукцион өткізу қағидаларын бұзу;
2) аукцион қорытындылары бойынша келісімшарт жасалған тұлғаның құзыретті органға мұндай тұлғаны аукционға жіберу туралы шешімге әсер еткен көрінеу анық емес мәліметтерді ұсыну фактісінің анықталуы.
3. Аукционға қатысушылар аукционның нәтижелеріне оның нәтижелері жарияланған күннен бастап үш ай ішінде осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.
4. Келісімшарт жасалғанға дейін аукционның жарамдылығына дау айтылған жағдайда, сот мәні бойынша шешім шығарғанға дейін келісімшартты жасасу мерзімі тоқтатыла тұрады.
5. Аукционды жарамсыз деп тану аукцион қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттың жарамсыздығына алып келеді.
6. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша аукцион жарамсыз деп танылған жағдайда, мұндай аукционның жеңімпазы деп жарияланған тұлға төленген қол қою бонусын қайтаруды талап етуге құқылы.
2-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру
103-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру шарттары
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғам көмірсутектер саласындағы ұлттық компания деп танылады.
2. Осы параграфта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен жалпы негіздерде көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге құқық алуға құқылы.
3. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі осындай ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы аукцион негізінде берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның пайдалануына тікелей келіссөздер негізінде, тек мүдделі тұлға аукцион өткізуге өтініш бергенге дейін ғана берілуі мүмкін.
5. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшартты ұлттық компания дербес өзі де және сонымен бірге стратегиялық серіктесімен бірлесіп те жасауы мүмкін.
6. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания бекіткен және инвестициялық қаржыландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған құзыретті органмен келісілген тиісті талаптарға сай келетін заңды тұлға (заңды тұлғалар консорциумы) көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның стратегиялық серіктесі болып танылуы мүмкін.
7. Ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы жер қойнауын пайдалану жөніндегі осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық серіктес арасында тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалу құқығын алу мақсаттары үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалған бірлескен қызмет туралы шарт (келісім) және (немесе) қаржыландыру туралы келісім бойынша барлауды қаржыландыру инвестициялық қаржыландыру деп танылады. Ұлттық компания стратегиялық серіктесті көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты жасауға өтініш берілген кезде айқындайды.
Бірлескен қызмет туралы келісімде стратегиялық әріптестің қол қою бонусын төлеу не ұлттық компания төлеген қол қою бонусының сомасын өтеу жөніндегі міндеттемесі көзделуге тиіс.
8. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларға берілген жағдайды қоспағанда, келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге болмайды.
Бұл ретте мұндай заңды тұлға алған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге құқылы емес.
104-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтініші
1. Тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар көмірсутектер саласындағы ұлттық компания өзі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің шекараларын көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді.
2. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер болған жағдайда, өтінішке барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қоса береді.
3. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда өтініште:
1) стратегиялық серіктестің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын, басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, стратегиялық серіктесті тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) стратегиялық әріптес соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, оның бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) көмірсутектер саласындағы ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық әріптес арасында жасалған бірлескен қызмет туралы тиісінше куәландырылған келісім және (немесе) қаржыландыру туралы келісім қамтылуға тиіс.
4. Өтініш және оған қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания шетелдік заңды тұлға болып табылатын стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда, мұндай құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, жасалуы мүмкін.
105-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
1. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) ұлттық компания немесе оның стратегиялық әріптесі тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2) ұлттық компания құзыретті органға қол қою бонусының төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған (стратегиялық серіктес тартылған жағдайда - оның да тарапынан) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, ұлттық компания тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын қосымша әзірлейді және осындай бағдарламаны барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын барлау кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ұлттық компания көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
5. Құзыретті орган келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасайды және оның қол қойылған бір данасын (даналарын) ұлттық компанияға жібереді.
6. Келісімшартқа жұмыстар бағдарламасында ұлттық компания мәлімдеген міндеттемелердің қысқартылуын немесе алып тасталуын көздейтін қосымша келісімдерді жасауға тыйым салынады.
3-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы
106-бап. Құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тиісті жобалау құжаттарынсыз көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізілген;
3) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағының талаптары бұзылған жағдайларда тоқтатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген мерзімде мыналарды:
1) осы Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бұзушылықтардың біреуін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердің екіден көп бұзушылықтарын жоймаған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын, егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Көрсетілген негіз бойынша келісімшарт қолданысы біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
4. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган, егер:
1) жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша растамаса не осындай келіссөздер жүргізуден бас тартса;
2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде келісімшарт талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға тараптар қол қоймаса, жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті орган бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға осындай келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткен соң келісімшарт қолданысын тоқтатады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығына хабарлама алған күннен бастап екі ай ішінде сотта дау айтуға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
107-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскелері және мүлік
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осындай келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі мемлекетке қайтарылған болып табылады.
2. Барлау кезеңі аяқталған күннен бастап барлау учаскесі, учаскені және өндіру кезеңін не дайындау кезеңін бекітуді көздейтін және осы Кодекстің 110-бабына сәйкес көмірсутектерді өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тіркелген толықтыруда көрсетілген жер қойнауы учаскесін қоспағанда, мемлекетке қайтарылған болып табылады.
3. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта екі және одан көп өндіру учаскесі бекітілсе, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған кезден бастап, мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.
4. Жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы қолданысы тоқтатылған кезде, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі:
1) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою;
2) жер қойнауы учаскесін кейіннен өзге тұлғаға беру үшін оны консервациялауды жүргізу;
3) жер қойнауы учаскесін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.
5. Хабарлама мынадай жағдайларда және мерзімдерде:
1) өндіру кезеңі аяқталған соң жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда - осындай аяқталардан кемінде екі ай бұрын;
2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда - жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламамен бір мезгілде;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылған жағдайда - келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоюмен бір мезгілде;
4) осы Кодекстің 119-бабы 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы хабарлама жіберумен бір мезгілде жіберіледі.
6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін жер қойнауы учаскесіне консервациялау жүргізу шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қаупімен байланысты операциялары қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;
2) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жою немесе консервациялау жобасы бекітілгеннен және олардың сараптамаларының оң қорытындылары алынғаннан кейін дереу осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды бастауға міндетті;
3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмірсутектерді, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы. Көрсетілген мерзімде алып кетпеген жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.
7. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан жалтарған жағдайда жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстардың жүргізілуі қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.