6) 5-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«5-бап. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атаулары»;
мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
«3-2. Венчурлік қордың атауында «венчурлік қор» деген сөздер қамтылуға тиіс.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атауларында «ұлттық», «орталық», «үкіметтік», «кепілдік берілген» немесе «сақтандырылған» деген сөздерді кез келген тілде көрсетілген немесе өзгертілген түрде пайдалануға тыйым салынады. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атаулары инвестициялардан түсетін кірістің сақтандырылуын немесе оған кепілдік берілуін бекітпеуге немесе ұғындырмауға тиіс.»;
7) 10-баптың 1) тармақшасындағы «инвестициялық қорлар туралы» деген сөздер «инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) мынадай мазмұндағы 7-1-тараумен толықтырылсын:
«7-1-тарау. Венчурлік қор
46-1-бап. Венчурлік қордың құқықтық жағдайы
1. Жай серіктестік нысанында құрылған венчурлік қор өз қызметін оған қатысушылар бірлескен қызмет туралы шарт (бұдан әрі - венчурлік қор шарты) жасасқан күннен бастайды.
2. Венчурлік қорға қатысушылардың саны екіден кем бола алмайды.
46-2-бап. Венчурлік қордың жарғысы
Заңды тұлға түрінде құрылатын венчурлік қордың жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мәліметтерден бөлек өз қызметінің айрықша түрі Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес венчурлік қаржыландыруды жүзеге асыру мақсатында ақша мен өзге де мүлікті тарту және жинақтау болып табылатыны туралы ереже қамтылуға тиіс.
Венчурлік қор Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерімен банктік салым шарттарын жасасуға құқылы.
46-3-бап. Венчурлік қор шарты
1. Венчурлік қор шарты бойынша екі немесе одан көп тұлға пайда табу үшін өздерінің салымдарын біріктіруге және заңды тұлға құрмастан венчурлік қаржыландыру жөніндегі бірлескен қызметті жүзеге асыруға міндеттенеді. Венчурлік қор шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде жазылған шарт бостандығы қағидатының негізінде жасалады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, сондай-ақ көзделмеген, бірақ оған қайшы келмейтін түрлі шарттардың элементтерін қамтуы мүмкін.
2. Венчурлік қор шартында тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және венчурлік қор шартында белгіленген шектерде және көлемде қатысады, бұл ретте бір немесе бірнеше тарап (венчурлік басқарушылар) венчурлік қордың жалпы істерін жүргізуді осындай шарттың барлық тараптары атынан жүзеге асырады.
3. Жеке тұлғалар, коммерциялық ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда коммерциялық емес ұйымдар венчурлік қор шартының тараптары бола алады.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік құқық бойынша заңды тұлғалар болып табылмайтын шетелдік ұйымдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең түрде венчурлік қор шартының тарапы ретінде қатысады.
5. Венчурлік басқарушының, егер венчурлік қор шарттарының ең болмағанда біреуінде қатысуға тыйым салынған болса, бір мезгілде екі немесе одан да көп венчурлік қор шарттарына қатысуға құқығы жоқ. Венчурлік басқарушы көрсетілген шектеуді бұза отырып жасаған венчурлік қор шарты осы шарттың кез келген басқа тарапының талап етуі бойынша венчурлік басқарушыға мұндай шарттың барлық тараптарына осыған байланысты өзі келтірген шығындарды өтеу міндетін жүктей отырып, сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
6. Венчурлік қор шартында оны дараландыру мақсатында «венчурлік қор» деген сөздерді қамтитын осы шарттың атауы (жеке-дара белгіленуі) көрсетіледі.
7. Венчурлік қор шарты тарапының ол бойынша өз құқықтары мен міндеттерін басқа тұлғаға беруі, оның ішінде құқықтық мирасқорлық нәтижесінде беруі, сондай-ақ жай серіктестіктің венчурлік қорына жаңа қатысушыны қабылдау қолданыстағы венчурлік қор шартын тоқтатуға және оның барлық тараптары арасында жаңа венчурлік қор шартын жасасуға алып келмейді.
Егер венчурлік қор шарты тараптарының келісімінде өзгеше көзделмесе, жай серіктестіктің венчурлік қорына жаңа қатысушыны қабылдау осы шартта белгіленген талаптарда, жалпы шартқа қатысуға ниеті бар тұлғаны қосу арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда, венчурлік басқарушы мен осындай тұлға арасында венчурлік қордың жаңа қатысушысының ортақ іске салым енгізу жағдайларын, тәртібі мен мерзімдерін айқындайтын қосылу туралы келісім жасалады. Бұл ретте венчурлік қор шартына өзгерістер енгізу талап етілмейді.
46-4-бап. Венчурлік басқарушының қызметі
1. Венчурлік қорға қатысушылардың мүдделерінде осы Заңда және венчурлік қорға қатысушылар жасайтын шартта белгіленген талаптарға сәйкес әрекеттер жасау арқылы венчурлік қор активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға венчурлік басқарушы болып табылады. Венчурлік басқарушы венчурлік қорға қатысушы болуы мүмкін.
2. Венчурлік басқарушы қор активтерін онымен жасалған шарт талаптарында басқару жөніндегі қызметке байланысты венчурлік қордың өкілі болып табылады. Венчурлік басқарушы сотта (төрелікте) венчурлік қордың өкілі болуға да құқылы.
3. Венчурлік басқарушы осы Заңның 46-3-бабы 5-тармағының талабын ескере отырып, бірнеше венчурлік қор активтерін басқаруға құқылы.
46-5-бап. Венчурлік қорлар қызметін жарнамалау
1. Венчурлік қорға қатысушылар және басқа да тұлғалар бұқаралық ақпарат құралдарында, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінде венчурлік қор қызметі туралы жарнаманы орналастыруға, сондай-ақ жария оферта арқылы жаңа қатысушыларды тартуға құқылы емес.
2. Осы Заңды қолдану мақсаттары үшін венчурлік басқарушының интернет-ресурсында венчурлік қор туралы ақпарат орналастыру венчурлік қор жарнамасы болып табылмайды.
46-6-бап. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарт
1. Венчурлік қор немесе қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын тұлға болып табылатын шаруашылық серіктестікке қатысушылар шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарт жасасуға құқылы, осы шарт бойынша олар белгілі бір түрде өз құқықтарын жүзеге асыруға және (немесе) көрсетілген құқықтарды жүзеге асырудан тартынуға (бас тартуға), оның ішінде шаруашылық серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында белгілі бір түрде дауыс беруге, дауыс беру нұсқасын шаруашылық серіктестікке басқа да қатысушылармен келісуге, үлесті немесе үлестің бір бөлігін осы шартта айқындалған баға бойынша және (немесе) белгілі бір мән-жайлар басталған кезде сатуға не белгілі бір мән-жайлар басталғанға дейін үлесті немесе үлестің бір бөлігін иеліктен шығарудан тартынуға (бас тартуға), сондай-ақ серіктестікті басқаруға, құруға, оның қызметіне, қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты өзге де әрекеттерді келісе отырып жүзеге асыруға міндеттенеді. Мұндай шарт тараптар қол қойған бір құжат жасау жолымен жазбаша нысанда жасалады.
2. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарт (оның бір бөлігі немесе бөліктері):
1) шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарт (оның бір бөлігі немесе бөліктері) жасалған мерзім өткен;
2) шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы бұрын жасалған шарттың (оның бір бөлігінің немесе бөліктерінің) ережелері қайшы келетін немесе шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы бұрын жасалған шартты (оның бір бөлігін немесе бөліктерін) қамтитын, шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы жаңа шарт жасалған;
3) шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда өз қолданысын тоқтатады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге мүліктен бөлек, қатысушылардың серіктестікке қаржы қарыздары бойынша талап ету құқықтары венчурлік қор болып табылатын шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салым болуы мүмкін.
46-7-бап. Акционерлік келісім
1. Венчурлік қор немесе қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын тұлға болып табылатын қоғамның акционерлері акционерлік келісім жасасуға құқылы.
2. Осы Заңның мақсаттары үшін акциялармен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру туралы және (немесе) акцияларға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы шарт акционерлік келісім деп танылады. Акционерлік келісім бойынша оның тараптары акциялармен куәландырылған құқықтарды және (немесе) акцияға құқықтарды белгілі бір түрде жүзеге асыруға және (немесе) көрсетілген құқықтарды жүзеге асырудан тартынуға (бас тартуға) міндеттенеді.
Акционерлік келісімде оның тараптарының акционерлердің жалпы жиналысында белгілі бір түрде дауыс беру, дауыс беру нұсқасын басқа акционерлермен келісу, акцияларды күні бұрын белгіленген баға бойынша және (немесе) белгілі бір мән-жайлар басталған кезде сатып алу немесе иеліктен шығару, белгілі бір мән-жайлар басталғанға дейін акцияларды иеліктен шығарудан тартыну (бас тарту), сондай-ақ қоғамды басқаруға, оның қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты өзге де әрекеттерді келісе отырып жүзеге асыру міндеттері көзделуі мүмкін.
Акционерлік келісім тараптар қол қойған бір құжат жасау жолымен жазбаша нысанда жасалады.
3. Өз акцияларына қатысты осы келісімді жасаған акционерлік келісім тарапының қоғамды басқару органдарының нұсқауларына сәйкес дауыс беру міндеттемесі акционерлік келісімнің нысанасы бола алмайды.
4. Акционерлік келісім тек оның тараптарына ғана міндетті болып табылады. Акционерлік келісімнің тарапы акционерлік келісімді бұза отырып жасаған шартты акционерлік келісімнің мүдделі тарапының талап қоюы бойынша шарттың басқа тарапының акционерлік келісімде көзделген шектеулер туралы білетіні немесе көрінеу білуге тиіс екені дәлелденген жағдайларда ғана, сот жарамсыз деп тануы мүмкін.
5. Акционерлік келісімде акционерлік келісімнен туындайтын міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету тәсілдері және осындай міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік шаралары көзделуі мүмкін.
Акционерлік келісім тараптарының осы келісімге негізделген құқықтары, оның ішінде келісімді бұзу арқылы келтірілген залалдардың өтелуін, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) өндіріп алынуын, өтемақыны (нақты ақшалай соманың немесе акционерлік келісімде көрсетілген тәртіппен айқындауға жататын соманың) төленуін немесе акционерлік келісімді бұзуға байланысты өзге де жауаптылық шараларының қолданылуын талап ету құқықтары сот, төрелік арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қорғалуға жатады.
6. Акционерлік келісім (оның бір бөлігі немесе бөліктері):
1) акционерлік келісім (оның бір бөлігі немесе бөліктері) жасалған мерзім өткен;
2) бұрын жасалған акционерлік келісімнің (оның бір бөлігінің немесе бөліктерінің) ережелері өзіне қайшы келетін немесе бұрын жасалған акционерлік келісімді (оның бір бөлігін немесе бөліктерін) қамтитын жаңа акционерлік келісім жасалған;
3) акционерлік келісімде көзделген өзге де жағдайларда өз қолданысын тоқтатады.
46-8-бап. Опциондық шарт
1. Венчурлік қорға қатысушылар, венчурлік қорға қатысушы болу ниеті бар тұлғалар, венчурлік қор, қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) венчурлік қордың және (немесе) стартап-компанияның активтеріне не оларға қатысуға қатысты өзара опциондық шарттар жасасуға құқылы.
Қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) стартап-компанияның жұмыскерлерімен стартап-компанияның мүлкіне немесе оған қатысуға қатысты опциондық шарттар жасасуға да құқылы.
Осы Заңның мақсаттары үшін опциондық шарт деп оған байланысты бір тарап осындай шартта көзделген талаптарда басқа тараптан (басқа тараптардан) шартта белгіленген мерзімде опциондық шартта көзделген әрекеттерді жасауын, оның ішінде ақша төлеуін, мүлікті беруін немесе қабылдауын талап етуге құқылы болатын шарт танылады. Опциондық шартта осындай шартпен айқындалған мән-жайлар басталған кезде опциондық шарт бойынша талап мәлімделді деп есептелетіні көзделуі мүмкін.
Егер опциондық шартта көзделген әрекеттер жасау туралы талап белгіленген мерзімде мәлімделмесе, опциондық шарт тоқтатылады.
Опциондық шартты жасасу және орындау кезінде «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының талаптары сақталуға тиіс.
2. Опциондық шартта, оның ішінде коммерциялық ұйымдар арасында жасалған опциондық шартта оның өтемсіз екендігі көзделген не егер осындай шартты жасасу тараптардың қатынастарынан туындайтын өзге де мән-жайға немесе заңмен қорғалатын өзге де мүддеге байланысты болған жағдайларды қоспағанда, тарап опциондық шарт бойынша талапты мәлімдеу құқығы үшін осындай шартта көзделген төлемді төлейді.
3. Егер опциондық шартта өзгеше көзделмесе, опциондық шарт тоқтатылған кезде осы баптың 2-тармағында көзделген төлем қайтарылуға жатпайды.
46-9-бап. Шарт жасасуға арналған опцион
1. Венчурлік қорға қатысушылар, венчурлік қорға қатысушы болу ниеті бар адамдар, венчурлік қор, қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) венчурлік қордың және (немесе) стартап-компанияның мүлкіне не оған қатысуға қатысты өзара шарт жасасуға арналған опцион (құқық) (шарт жасасуға арналған опцион) беру туралы келісім жасасуға құқылы.
Қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) стартап-компанияның активтеріне немесе оған қатысуға қатысты шарт жасасуға арналған опционды осындай стартап-компанияның жұмыскерлеріне беруге де құқылы.
Осы Заңның мақсаттары үшін шарт жасасуға арналған опцион деп бір тарап кері қайтарып алынбайтын оферта арқылы басқа тарапқа шарт жасасуға арналған опционда көзделген талаптарда бір немесе бірнеше шарт жасасу құқығын беретін шарт танылады.
Шарт жасасуға арналған опционда акцепт осындай опционда айқындалған, оның ішінде тараптардың бірінің ерік-жігеріне тәуелді болатын жағдай басталған кезде ғана мүмкін болады деп көзделуі мүмкін.
Шарт жасасуға арналған опционды жасасу және орындау кезінде «Акционерлік коғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының талаптары сақталуға тиіс.
2. Шарт жасасуға арналған опционда кері қайтарып алынбайтын офертаның акцепті үшін мерзім белгіленбеген жағдайда, бұл мерзім, егер шарттың мәнінен немесе әдет-ғұрыптан өзгеше туындамаса, бір жылға тең деп саналады.
3. Егер шарт жасасуға арналған опционда өзгеше көзделмесе, ол бойынша төлем кері қайтарып алынбайтын оферта негізінде жасалған шарт бойынша төлемдер шотына жазылмайды және акцепт болмаған жағдайда қайтарылуға жатпайды.
4. Шарт жасасуға арналған опционда жасалуға жататын шарттың нысанасын және басқа да елеулі талаптарын айқындауға мүмкіндік беретін талаптар қамтылуға тиіс.
Жасалуға жататын шарттың нысанасы кері қайтарып алынбайтын офертаның акцепті сәтінде оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген тәсілмен сипатталуы мүмкін.
5. Шарт жасасуға арналған опцион жасалуға жататын шарт үшін белгіленген нысанда жасалады.
6. Шарт жасасуға арналған опцион, егер осындай келісімнің мәнінен өзгеше туындамаса, басқа келісімге қосылуы мүмкін.
7. Шарт жасасуға арналған опцион бойынша құқық, егер осы келісімде өзгеше көзделмесе немесе оның мәнінен өзгеше туындамаса, басқа тұлғаға берілуі мүмкін.
46-10-бап. Венчурлік қаржыландыру мақсатында жасалатын шарттардың ерекшеліктері
1. Венчурлік қаржыландыру мақсатында шарт жасасқан тараптың, егер:
1) мән-жайлар туралы анық емес растамалар ұсынған тарап олардың анық еместігі туралы және контрагенттің келісілген талаптарда шарт жасасу кезінде осындай анық емес растамаларға сүйенетіні туралы білсе немесе білуге тиіс болса;
2) мән-жайлар туралы растамалар жазбаша нысанда жасалса және оларда осындай растамаларды берген тұлғаның осы арқылы өзі үшін міндеттемелер немесе өзге де азаматтық-құқықтық салдар жасау жөніндегі айқын ниеті болса, басқа тараптың шартты жасасу, оны орындау немесе тоқтату үшін маңызы бар мән-жайлар туралы анық емес растамаларына ақылға қонымды түрде сүйене отырып, өзіне келтірілген залалдарды өтетуге құқығы бар.
2. Шартты жарамсыз деп тану осы баптың 1-тармағында көзделген салдардың басталуына кедергі келтірмейді.
3. Міндеттеме тараптары өздерінің венчурлік қаржыландыруды жүзеге асыруы кезінде әрекет ете отырып, шартта бір тараптың басқа тараптың шартта айқындалған мән-жайлар басталған кезде туындаған және оның тарапының міндеттемені бұзуына байланысты емес мүліктік жоғалтуларын (міндеттемені орындаудың мүмкін болмауынан, үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік билік органының шартта көрсетілген тарапқа немесе үшінші тұлғаға талаптар қоюынан туындаған жоғалтулар және басқалары) өтеу міндетін көздей алады. Шартта осындай жоғалтуларды өтеу мөлшері немесе оны анықтау тәртібі айқындалуға тиіс.
4. Тараптың жоғалту мөлшерін ұлғайтуға әдейі жәрдемдескені дәлелденсе, сот шарт тараптары көздеген жоғалтуларды өтеу шегін төмендетуге құқылы.
5. Шарт тараптары көздеген жоғалтулар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарттың жасалмаған немесе жарамсыз деп танылуына қарамастан өтеледі.
6. Жоғалтулар үшінші тұлғаның заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты туындаған жағдайда, кредитордың осы үшінші тұлғаға залалдарды өтеу туралы талабы осындай жоғалтуларды өтеген тарапқа өтеді.
7. Осы баптың қағидалары, жоғалтуларды өтеу туралы талап акционерлік келісімде (шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шартта) не акцияларды немесе шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестерді иеліктен шығару туралы шартта көзделген, оның ішінде осындай акционерлік келісімнің (шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарттың) тарапы кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға немесе мемлекет болып табылған жағдайларда да қолданылады.».
10. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., №18, 142-құжат; 2008 ж., №23, 114-құжат; №24, 126-құжат; 2009 ж., №2-3, 16-құжат; №8, 41-құжат; №19, 88-құжат; 2010 ж., №7, 28-құжат; 2011 ж., №3, 32-құжат; №5, 43-құжат; №6, 50-құжат; №15, 118-құжат; №16, 129-құжат; 2012 ж., №8, 64-құжат; №10, 77-құжат; №14, 95-құжат; №20, 121-құжат; 2013 ж., №1, 3-құжат; №5-6, 30-құжат; 2014 ж., №4-5, 24-құжат; №11, 61-құжат; №19-I, 19-II, 96-құжат; №21, 122-құжат; №23, 143-құжат; 2015 ж., №8, 45-құжат; №16, 79-құжат; №20-IV, 113-құжат; №22-II, 145-құжат; №22-V, 156-құжат; №22-VI, 159-құжат; 2016 ж., №6, 45-құжат; 2017 ж., №4, 7-құжат; 2018 ж., №10, 32-құжат):
55-баптың 3-тармағындағы «инвестициялық қорлар туралы» деген сөздер «инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» деген сөздермен ауыстырылсын.
11. «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., №16, 127-құжат; 2012 ж., №5, 41-құжат; №8, 64-құжат; №15, 97-құжат; 2013 ж., №9, 51-құжат; №21-22, 114-құжат; №23-24, 116-құжат; 2014 ж., №11, 64-құжат; №16, 90-құжат; №21, 118-құжат; №23, 143-құжат; 2015 ж., №19-II, 102-құжат; №20-IV, 113-құжат; №22-I, 143-құжат; №22-V, 154, 158-құжаттар; №22-VI, 159-құжат; 2016 ж., №7-I, 49-құжат; №23, 118-құжат; №24, 131-құжат; 2017 ж., №16, 56-құжат; №22-III, 109-құжат; 2018 ж., №7-8, 22-құжат; №9, 27-құжат):
6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келу, кету және болу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
«Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінде еңбек қызметін жүзеге асыруды қоса алғанда, қызметін жүзеге асыру үшін көшіп келушілердің келу, кету және болу ерекшеліктері «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.».
12. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., №4, 29-құжат; 2014 ж., №4-5, 24-құжат; №12, 82-құжат; 2015 ж., №19-II, 102-құжат; №22-I, 140-құжат; №23-II, 172-құжат; 2017 ж., №14, 54-құжат; №23-V, 113-құжат; 2018 ж., №10, 32-құжат):
2-баптың 4-тармағындағы «инвестициялық қорлар туралы» деген сөздер «инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» деген сөздермен ауыстырылсын.
13. «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., №20-VІІ, 118-құжат):
1-баптың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) стартап-компания - Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын және төменде келтірілген талаптардың біріне сәйкес келетін:
қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың қатысуымен құрылған;
инновацияларды әзірлейтін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға.».
14. «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., №22-V, 155-құжат; 2016 ж., №24, 126-құжат; 2017 ж., №20, 96-құжат; №24, 115-құжат; 2018 ж., №10, 32-құжат):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 33-1) және 33-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«33-1) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық қызметтi iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын бiрыңғай материалдық-техникалық кешенге меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде иелiк ететiн заңды тұлға;
33-2) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларды акселерациялау - «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өздерінің индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыруға дайындау мен оқыту процесі;»;
2) 6-бап мынадай мазмұндағы 6-2) тармақшамен толықтырылсын:
«6-2) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркін айқындайды;»;
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 24-1) және 59-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«24-1) қызметтер көрсету мен олардың құнын айқындау тәртібін қоса алғанда, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
«59-1) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;»;
4) 11-баптың 2-тармағында:
3) тармақшада «индустриялық-инновациялық жобаларға» деген сөздерден кейін «, венчурлік қорларға» деген сөздермен толықтырылсын;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) тәуекелмен инвестициялаудың инвестициялық қорларын, венчурлік қорларды және венчурлік қаржыландыруды дамытуға, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы технологиялар трансфертіне деген сұранысты дамытуға жәрдем көрсетеді;»;
5) мынадай мазмұндағы 13-1-баппен толықтырылсын:
«13-1-бап. «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі
1. «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің функцияларына мыналар жатады:
1) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларға акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету;
2) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылар үшін маркетингтік және өзге де іс-шаралар өткізу бойынша қызметтер көрсету;
3) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылардың дамуын ынталандыру үшін консультациялық, ақпараттық, талдамалық, білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер көрсету;
4) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылардың дамуын ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржылық ресурстарды тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық жасау, халықаралық тәжірибені зерделеу және білім алмасу;