Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайларда, іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазба және сот отырысының хаттамасы берілмейді, оларға аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
5. Сот отырыстарын аудио-, бейнежазбаға түсіру сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін сот ісін жүргізу мақсатында ғана, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады.
Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
283-бап. Хаттама жасау
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот отырысының немесе жеке процестік әрекеттің хаттамасын сот отырысының хатшысы жасайды не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жүргізіледі.
Күрделі істер бойынша қысқаша хаттама мәтінді автоматты түрде тану арқылы алынған аудиожазбаның мәтінін таратып жазумен сүйемелденуі мүмкін.
2. Хаттама, қысқаша хаттама компьютерлік, машинкада жазу не қолмен жазу тәсілдерімен жасалады.
3. Іске қатысатын адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал жеке процестік әрекет туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасы сот отырысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Хаттамаға төрағалық етуші мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескерілуге және олардың қолы қойылып куәландырылуға тиіс.
Қысқаша хаттамаға қоса тіркелетін электрондық хаттама және аудио-, бейнежазба, аудиожазба мәтінінің таратып жазылуы хатшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады, оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
6. 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. Егер іске қатысатын адамдар өздерінің ауызша нысанда берген түсіндірмелерін, арыздарын, өтінішхаттарын, қорытындыларын қосымша жазбаша нысанда берсе, сот жазбаша құжаттарды олардың мазмұнын хаттамада оларды толық көрсетпей-ақ іске тіркейді.
284-бап. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулер
Іске қатысатын адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасымен, қысқаша хаттамамен, аудио-, бейнежазбаның мазмұнымен олар дайындалған және оларға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде танысуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаға жасалған процестік әрекеттердің және олардың нәтижелерінің тіркелуінің толық еместігін көрсете отырып, жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.
285-бап. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына жасалған ескертулердi қарау
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына жасалған ескертулерді төрағалық етуші қарайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Істі қарауға қатысатын адамдар хабарландырыла отырып, ескертулерді сот отырысында қарау қажеттілігін төрағалық етуші айқындайды. Істі қарауға қатысқан адамдардың келмеуі хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды.
Төрағалық етуші ескертулерді қарау нәтижелері бойынша олардың дұрыстығын өзінің қарарымен және қолтаңбасымен куәландырады не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Ескертулердің барлығы іске тігіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымы шағым жасалуға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Ескертулерді қарау нәтижелерімен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
4. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулер олар берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
5. Егер төрағалық етуші дәлелді себептермен хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулерді қарай алмаса, олар іс материалдарына қоса тіркеледі.
3-КІШІ БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ТАЛАП ҚОЮ ІСІН ЖҮРГІЗУ
27 - 29-тараулар. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 30-тараудағы «Арыз беру», «арызбен», «Арыз», «Арызға», «арыз беру», «арыз», «Арызды», «арызын», «арызды» деген сөздер тиісінше «Талап қоюды беру», «талап қоюмен», «Талап қою», «Талап қоюға», «талап қоюды беру», «талап қою», «Талап қоюды», «талап қоюын», «талап қоюды» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
30-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫН ДАУЛАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
298-бап. Талап қоюды беру
1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, заңда көзделген тәртіппен қабылданған және жарияланған нормативтік құқықтық актімен олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға осы нормативтік құқықтық актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгiнуге құқылы.
Заңға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актіге наразылықты заңсыз нормативтік құқықтық актіні шығарған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.
2. Талап қою осы Кодекстің 148-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге және онда дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атауы, лауазымды адамның атауы, оның қабылданған күні туралы деректер, осы нормативтік құқықтық актімен немесе оның жекелеген ережелерімен азаматтың немесе заңды тұлғаның қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, Қазақстан Республикасы заңдарының қандай баптарына немесе ережелеріне қайшы келетіндігі қосымша қамтылуға тиіс.
3. Талап қоюға дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат құралының органы және оны қашан ресми жариялағаны көрсетіле отырып, қоса тіркеледі.
4. Прокурордың сот қарағанға дейін наразылық келтірілген нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінген жағдайларын қоспағанда, сотқа талап қоюды беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұрмайды.
299-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен талап қою соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде судья істі сот талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
300-бап. Талап қоюды қарау
1. Сотқа талап қоюмен жүгiнген азамат немесе заңды тұлға, прокурор, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган (лауазымды адам) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.
2. Іс азаматтың немесе заңды тұлға өкілінің, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады.
Сот прокурордың талап қоюын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күн мерзімде прокурордың қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.
Көрсетілген тұлғалардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін не лауазымды адамның өкілеттігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігін тексереді.
4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы талап қоюды қарау кезінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндеті нормативтік құқықтық актiні қабылдаған мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына не лауазымды адамға жүктеледі.
5. Сотқа жүгінген тұлғаның өзінің талабынан бас тартуы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соқпайды. Нормативтік құқықтық актіні шығарған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның қойылған талапты мойындауы сот үшін міндетті емес.
301-бап. Соттың шешімі және оны орындау
1. Соттың шешімі осы Кодекстің 228-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.
2. Нормативтік құқықтық актіні толығымен немесе оның жекелеген бөлігін заңға сәйкес емес және жарамсыз деп таныған сот шешімі осы нормативтік құқықтық актiні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін міндетті. Шешім дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне қолданылған белгісіз тұлғалар тобы үшін міндетті.
3. Нормативтік құқықтық актінің заңдарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы сот шешімінің преюдициялық күші бар. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығын басқа азаматтар немесе заңды тұлғалар оның сот тәртібімен бұрын тексерілмеген бөлігінде ғана қайта даулай алады.
4-КІШІ БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ
31-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
302-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер
1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) бала асырап алу туралы арыздар бойынша;
3) азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
4) азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығын шектеу туралы немесе одан айыру туралы;
5) кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы;
6) кәмелетке толмағандарды девиантты мiнез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) азаматты туберкулезден мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы;
9) қаржы ұйымдарын, және банк конгломератына бас ұйым ретінде кiретiн және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
2021.05.01. № 409-VI ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу, мерзімінен бұрын аяқтау және оның мерзімін ұзарту туралы;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау, оларды оңалту, олардың банкроттығы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы;
12) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
13) азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
14) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілген шағымдар бойынша;
15) бағалы қағаздарды көрсетуші тұлғаның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
16) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, оның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;
17) интернет-казиноны, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арыздар бойынша;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) жоғалған сот немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
303-бап. Істі соттың талқылауына дайындау
Судья осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен осы Кодекстің 31-тарауында белгіленген ерекшеліктерімен қоса сот арызды іс жүргізуіне қабылдап алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде істі соттың талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
304-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31 - 49-тарауларында белгіленген ерекшеліктерімен қоса талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз берушінің және мүдделі тұлғалардың қатысуымен қарайды.
2. Егер арыз берген немесе істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде соттың ведомстволығына құқығы туралы даудың бар екендігі туралы белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онымен тараптар мен мүдделі тұлғаларға олардың талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.
32-тарау. ЗАҢДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ФАКТІЛЕРДІ АНЫҚТАУ
305-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуын;
3) тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді;
4) әке болуды тануды;
5) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін;
6) егер арыз берушіде мүліктің тиесілігі туралы құқық белгілейтін құжат бар болып, бірақ ол жоғалған болса және көрсетілген факт соттан тыс тәртіппен анықтала алмайтын болса, жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болуын;
7) егер жазатайым жағдайды өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым жағдайды;
8) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын;
9) егер нотариаттық әрекет жасайтын тұлға мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге бере алмаса, мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орнын анықтау туралы істерді қарайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында басқа заңдық маңызы бар фактілерді анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, оларды сот анықтайды.
306-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар
Сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды.
307-бап. Арыз беру
Жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша сотқа берілетін заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы істер бойынша арыз жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болу фактісін қоспағанда, арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
308-бап. Арыздың мазмұны
Арызда арыз берушінің осы фактіні қандай мақсатпен анықтауы қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
309-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы соттың шешімі, егер мұндай құқық осы органдар беретін құжаттарды ауыстырмай, тіркелуге жататын болса, тиісті құқықты мемлекеттік тіркеуге және тиісті құжаттарды беруге негіз болып табылады.
33-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
310-бап. Арыз беру
Кәмелетке толмаған баланы асырап алу (бұдан әрi - асырап алу) туралы арызды бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар баланың тұрғылықты жерi (тұратын жері) бойынша сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша бередi.
311-бап. Арыздың мазмұны
Бала асырап алу туралы арызда:
1) бала асырап алушылардың (асырап алушының) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), олардың тұрғылықты жері;
2) асырап алынатын баланың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және туған күні, оның тұрғылықты жері (орналасқан жерi), асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) бала асырап алу туралы өтінішін негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
4) бала асырап алушылар (асырап алушы) баланың туу туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізуге тілек білдірген кезде, асырап алынатын баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның туған күнін, асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың туу туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.
312-бап. Бала асырап алу туралы арызға қоса берілетін құжаттар
Асырап алу туралы арызға:
1) некеде тұрған адамдардың (адамның) баланы асырап алуы кезінде - бала асырап алушылардың (асырап алушының) неке туралы куәлігінің көшірмесі;
2) баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде - екінші жұбайының келісімі немесе ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарын тоқтатқанын растайтын құжат қоса берілуге тиіс. Арызға тиісті құжатты қоса беру мүмкін болмаған кезде арызда осы фактілерді растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс;
3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды;
4) атқаратын лауазымы және жалақысы туралы жұмыс орнынан анықтама не табысы туралы өзге құжат;
5) тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын немесе тұрғын үй-жайға меншік құқығын растайтын құжат;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттар қоса берілуге тиіс.
313-бап. Істі сот талқылауына дайындау
1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты немесе тұрған жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды бала асырап алудың негізділігі туралы және баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы комиссия қорытындысының негізінде асырап алуға беру туралы рұқсатты сотқа беруді міндеттейді.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысына:
1) асырап алынатын баланың тұрғылықты жері немесе тұратын жері бойынша не бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрмыс жағдайларын тексеру актісі;
2) асырап алынатын баланың туу туралы куәлігі;
3) асырап алынатын баланың денсаулық жағдайы, дене бітімінің және ақыл-ойының дамуы туралы медициналық қорытынды;
4) он жасқа толған асырап алынатын баланың асырап алуға,
сондай-ақ оның атының, әкесінің атының, тегінің өзгеруі мүмкіндігіне және асырап алушыларды (асырап алушыны) оның ата-анасы ретінде жазуға келісімі (егер мұндай келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда);
5) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, он алты жасқа толмаған ата-аналардың баласын асырап алуға келісімі, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің келісімі, ал заңды өкілдері болмаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі;
6) баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, патронат тәрбиешінің немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын білім беру, медициналық және басқа да ұйымдар басшысының баланы асырап алуға келісімі;
7) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер баланы асырап алу кезінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органда орталықтандырылған есепте тұру фактісін растайтын құжат, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның осы баланы бірінші кезекте асырап алуға олардың азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, туысқандарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын іске асырғанын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.
3. Сот қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардан бастапқы, өңірлік, орталықтандырылған есепте тұрған, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпаратты жазбаша сұрау салу негізінде сұратып алады.
4. Сот қажет болған кезде өзге құжаттарды да талап ете алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 314-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
314-бап. Арыздарды қарау
Бала асырап алу туралы істерді сот бала асырап алушылардың өздерінің (бала асырап алушының), қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Қажет болған жағдайларда сот асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге де заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа да мүдделі тұлғаларды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін іске қатысуға тарта алады.
Сот баланы асырап алу туралы істерді жабық сот отырысында қарайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 315-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
315-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Бала асырап алу туралы арызды қарап, сот арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күнін және туған жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.