5. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін тергеп-тексеруді бастау немесе оны жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
6. Тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданған кезде тергеп-тексеруді жүргізетін орган экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органына, сондай-ақ өзіне мәлім мүдделі тұлғаларға қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлайды және көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тергеп-тексеруді бастау туралы хабарламаның Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді.
7. Тергеп-тексерудің басталғаны туралы хабарламаның Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында орналастырылған күні тергеп-тексеру басталған күн деп танылады.
8. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган, егер оның иелігінде өскен импорттың болуының және осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген елеулі залалдың немесе оны келтіру қатерінің не демпингтік немесе субсидияланатын импорттың және осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың, оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуы болуының дәлелдемелері бар болған жағдайда ғана тергеп-тексеруді бастау туралы шешім (оның ішінде жеке бастама бойынша) қабылдауы мүмкін.
Егер қолда бар дәлелдемелер жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай тергеп-тексеруді бастау мүмкін болмайды.
9. Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы Заңның 32-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес ұсынылған мәліметтердің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен, демпингтік немесе субсидияланатын импортының және (немесе) осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың немесе оны келтіру қатерінің немесе демпингтік немесе субсидияланатын импорт салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының немесе мүше мемлекеттер экономика саласына келтірілген елеулі залалдың немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына өскен импорттың салдарынан оны келтіру қатерінің болуын айғақтамайтындығы анықталса, тергеп-тексеру жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
10. Тергеп-тексеруді жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде, тергеп-тексеруді жүргізетін орган мұндай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде өтініш берушіні жазбаша нысанда тергеп-тексеру жүргізуден бас тарту себебі туралы хабардар етеді.
11. Мүдделі тұлғалар тергеп-тексеруге қатысуға өздерінің ниеті туралы жазбаша нысанда және осы Заңда белгіленген мерзімде өтініш білдіруге құқылы. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган тексеруге қатысу ниеті туралы өтінішті тіркеген күннен бастап олар тергеп-тексеруге қатысушылар болып танылады.
Өтініш беруші және мүше мемлекеттерде өтінішке қолдау білдірген өндірушілер тергеп-тексеру басталған күннен бастап тергеп-тексеруге қатысушылар болып танылады.
12. Мүдделі тұлғалар тергеп-тексеру барысын бұзбайтын мерзімде тергеп-тексеру жүргізу үшін қажетті мәліметтерді (оның ішінде құпия ақпаратты) осындай мәліметтер алынған дереккөзді көрсете отырып, ұсынуға құқылы.
13. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғадан тергеп-тексеру мақсаттары үшін қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
Сұрау салулар мүше мемлекеттердегі өзге де ұйымдарға жіберілуі мүмкін.
Көрсетілген сұрау салуларды тергеп-тексеруді жүргізетін органның басшысы (басшының орынбасары) жібереді.
Сұрау салу мүдделі тұлғаның уәкілетті өкіліне берілген кезден бастап не оны пошта байланысымен жөнелткен күннен бастап күнтізбелік жеті күн өткен соң мүдделі тұлға сұрау салуды алған болып есептеледі.
Мүдделі тұлғаның жауабы сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей тергеп-тексеруді жүргізетін органға берілуге тиіс.
Егер жауап тергеп-тексеруді жүргізетін органға осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмей келіп түссе, тергеп-тексеруді жүргізетін орган оны алған болып есептеледі.
Тергеп-тексеруді жүргізетін орган көрсетілген мерзім өткен соң мүдделі тұлғаның ұсынған мәліметтерін назарға алмауы мүмкін.
Мүдделі тұлғаның уәжді және жазбаша нысанда жазылған өтініші бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган жауапты ұсыну мерзімін ұзартуы мүмкін.
14. Егер мүдделі тұлға тергеп-тексеруді жүргізетін органға қажетті ақпарат беруден бас тартса, оны белгіленген мерзімде ұсынбаса немесе анық емес ақпаратты беріп, осылайша, тергеп-тексерудің жүргізілуін едәуір қиындатса, мұндай мүдделі тұлға ынтымақтаспайтын тұлға болып танылады және тергеп-тексеруді жүргізетін орган алдын ала немесе түпкілікті қорытындыны өзінде бар ақпарат негізінде жасай алады.
Тиісті мүдделі тұлға тергеп-тексеруді жүргізетін органның сұрау салуында белгіленген ақпаратты ұсыну өлшемшарттарын толық орындаудың мүмкін еместігін немесе оның айтарлықтай материалдық шығындармен байланысты екендігін дәлелдей алатын жағдайда, тергеп-тексеруді жүргізетін орган сұрау салынған ақпараттың электрондық түрде немесе тергеп-тексеруді жүргізетін орган белгілеген электрондық форматта ұсынылмауын ынтымақтасудан бас тарту ретінде бағаламауға тиіс.
Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілгендерден өзгеше себептер бойынша мүдделі тұлға ұсынған ақпаратты ескермеген жағдайда, аталған тұлға мұндай шешімді қабылдау себептері мен негіздері туралы хабардар етілуге тиіс және оған осыған байланысты тергеп-тексеруді жүргізетін орган айқындайтын мерзімде өз түсініктемелерін ұсыну мүмкіндігі берілуге тиіс.
Егер тауардың қалыпты құнын айқындауды қоса алғанда, тергеп-тексеруді жүргізетін орган алдын ала немесе түпкілікті қорытындысын дайындаған кезде (демпингке қарсы тергеп-тексеру жүргізген кезде) осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері қолданылса және ақпарат, оның ішінде өтініш беруші ұсынған ақпарат пайдаланылса, онда мұндай қорытындыларды дайындаған кезде пайдаланылатын ақпарат мұндай тексеруді жүргізудің тергеп-тексеру барысын қиындатпайтын және оны жүргізу мерзімдерінің бұзылуына алып келмейтін жағдайда үшінші көздерден немесе мүдделі тұлғалардан алынатын қолжетімді ақпаратты пайдалана отырып тексерілуге тиіс.
15. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдаған күннен бастап қысқа мерзімде экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органына және өзіне мәлім экспорттаушыларға өтініштің (егер өтініште құпия ақпарат қамтылған жағдайда) немесе оның құпия емес нұсқасының көшірмелерін жібереді, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға олардың сұрау салуы бойынша осындай көшірмелерді ұсынады.
Егер белгілі экспорттаушылардың саны көп болса, өтініштің немесе оның құпия емес нұсқасының көшірмесі экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органына ғана жіберіледі.
Тергеп-тексеруді жүргізетін орган арнайы қорғау тергеп-тексеруіне қатысушыларға олардың сұрау салуы бойынша өтініштің немесе оның құпия емес нұсқасының (егер өтініште құпия ақпарат қамтылған жағдайда) көшірмелерін береді.
Тергеп-тексеру барысында тергеп-тексеруді жүргізетін орган құпия ақпаратты қорғау қажеттігін ескере отырып, тергеп-тексеруге қатысушыларға олардың сұрау салуы бойынша мүдделі тұлғаның тергеп-тексеру нысанасына қатысты дәлелдемелер ретінде кез келген жазбаша нысанда берілген мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді.
Тергеп-тексеру барысы да тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеруге қатысушыларға тергеп-тексеруге қатысы бар және өзі тергеп-тексеру барысында пайдаланатын, бірақ құпия емес ақпарат болып табылатын өзге де мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді.
16. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғалардың сұрау салуы бойынша жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру нысанасы бойынша консультациялар өткізеді.
17. Тергеп-тексеру барысында барлық мүдделі тұлғаларға өз мүдделерін қорғау мүмкіндігі беріледі. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғаның сұрау салуы бойынша ақпараттың құпиялығын сақтауды ескере отырып, өз көзқарастарын білдіру үшін кездесуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте қандай да бір мүдделі тұлғаның болмауы оның мүдделеріне залал келтіруге әкеп соқпайды.
18. Өнім өндіруде тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды қолданатын тұтынушылар, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ өзге де тұлғалар тергеп-тексеруді жүргізетін органға тергеп-тексеруге қатысы бар мәліметтерді беруге құқылы.
19. Тергеп-тексеруді жүргізу мерзімі:
1) арнайы қорғау шарасын қолдану туралы өтініш негізінде тергеп-тексеру басталған күннен бастап тоғыз айдан (тергеп-тексеруді жүргізетін орган бұл мерзімді ұзартуы, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін);
2) демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану туралы өтініш негізінде тергеп-тексеру басталған күннен бастап он екі айдан (тергеп-тексеруді жүргізетін орган бұл мерзімді ұзартуы, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін) аспауға тиіс.
20. Тергеп-тексеруді жүргізу тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарға қатысты кедендік операциялардың жүргізілуіне кедергі келтірмеуге тиіс.
21. Уәкілетті орган тергеп-тексеру жүргізуді қамтамасыз ету және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және мүдделі тұлғалардан мәліметтер, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтер сұрата алады.
22. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде тергеп-тексеруді жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мақсаттары үшін:
1) уәкілетті органның сұрау салулары бойынша;
2) уәкілетті орган арқылы тергеп-тексеруді жүргізетін органның сұрау салулары бойынша қажетті мәліметтерді, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді береді.
Уәкілетті органның және (немесе) тергеп-тексеруді жүргізетін органның сұрау салынған ақпаратын ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары негіздемелерін көрсете отырып, бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
23. Уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізетін органның сұрататын мәліметтерін, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді жинауды, өңдеуді және беруді қамтамасыз етеді.
24. Тергеп-тексеруді жүргізетін органға дәлелдемелер мен мәліметтерді ұсыну, сондай-ақ тергеп-тексеруді жүргізетін органмен хат алмасу орыс тілінде жүзеге асырылады, ал шетел тілінде жасалған құжаттардың түпнұсқалары орыс тіліндегі аудармасымен (аударманың дұрыстығын нотариаттың куәландыруымен) қоса берілуге тиіс.
25. Уәкілетті органның өкілдері тергеп-тексеруді жүргізетін органның тергеп-тексеру барысында өткізетін кездесулерге, консультацияларға, сондай-ақ жария тыңдауларға қатысады.
26. Комиссияның тергеп-тексеру нәтижелері жөніндегі баяндаманы және осы Заңның 5-бабында көрсетілген Комиссия шешімінің жобасын қарау күні тексерудің аяқталу күні болып табылады.
Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану, қайта қарау немесе тоқтату үшін негіздер жоқ екендігі туралы түпкілікті қорытынды жасаған жағдайда, тергеп-тексеруді жүргізетін орган тиісті хабарламаны Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында орналастырған күн тергеп-тексерудің аяқталу күні деп танылады.
Алдын ала арнайы баж, алдын ала демпингке қарсы баж немесе алдын ала өтемақы бажы енгізілген жағдайда, тергеп-тексеру тиісті алдын ала баждың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін аяқталуға тиіс.
27. Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру барысында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына өскен импорттың және онымен байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген елеулі залалдың немесе оны келтіру қатерінің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына демпингтік немесе субсидияланатын импорттың және онымен байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың немесе оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының орын алуы болмағанын анықтаған жағдайда, тергеп-тексеру арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізбестен аяқталады.
34-бап. Демпингке қарсы тергеп-тексеруді жүргізу ерекшеліктері
1. Демпингке қарсы тергеп-тексеру, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган демпингтік маржа жол берілетін ең төмен демпингтік маржадан аз не орын алған немесе ықтимал демпингтік импорттың көлемі немесе осындай импорттан туындаған материалдық залалдың мөлшері немесе мұндай залалды келтіру қатері немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуы болмашы болып табылады деп анықтаса, демпингке қарсы шара енгізілместен тоқтатылады.
Бұл ретте мөлшері екі пайыздан аспайтын демпингтік маржа жол берілетін ең төмен демпингтік маржа деп түсініледі.
2. Егер белгілі бір эскпорттаушы үшінші елден демпингтік импорттың көлемі экспорттаушы үшінші елдердің әрқайсысына тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлеміндегі жеке үлесі үш пайыздан аз пайызды құрауы, жиынтығында тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің жеті пайызынан аспайтын көлемде тиесілі болуы шартымен, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің үш пайызынан аз болса, ол болмашы болып табылады.
3. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган демпингке қарсы тергеп-тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылданғанға дейін құпия ақпаратты қорғау қажеттілігін ескере отырып, мүдделі тұлғаларды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша жасалған негізгі тұжырымдар туралы хабардар етеді және оларға өз түсініктемелерін беру мүмкіндігін ұсынады.
Мүдделі тұлғалардың түсініктемелерін беру мерзімін тергеп-тексеруді жүргізетін орган белгілейді, бірақ ол күнтізбелік он бес күннен кем болмайды.
35-бап. Өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізу ерекшеліктері
1. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган өтінішті қарауға қабылдағаннан кейін және тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдағанға дейін болжамды ерекше субсидияның болуына, мөлшеріне және оны берудің салдарларына қатысты ахуалды нақтылау және өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында экспортталатын тауарға қатысты өтемақы шарасын енгізу ұсынылатын экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органына консультациялар өткізуді ұсынуы тиіс.
Мұндай консультациялар тергеп-тексеру барысында да жалғасуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген консультациялардың өткізілуі тергеп-тексеруді бастау және өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылдауға кедергі келтірмейді.
3. Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының мөлшері ең төмен болып табылатынын не субсидияланатын орын алған немесе ықтимал импорттың көлемі немесе осындай импортпен байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залал мөлшері немесе оны келтіру қатері немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуы болмашы болып табылатындығын анықтаса, өтемақылық тергеп-тексеру өтемақы шарасы енгізілместен тоқтатылады.
4. Ерекше субсидияның мөлшері, егер тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауар құнының бір пайызынан аз болса, ең төмен деп танылады.
Егер субсидияланатын импорттың көлемі экспорттаушы үшінші елдердің әрқайсысына ұқсас тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлеміндегі жеке үлесі бір пайыздан аз пайызды құрауы, жиынтығында ұқсас тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің үш пайызынан аспайтын көлемде болуы шартымен, ұқсас тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің бір пайызынан аз болса, әдетте, ол болмашы деп танылады.
5. Егер әрқайсысының үлесіне осы тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің төрт пайызынан аз болуы, дамушы және неғұрлым аз дамыған елдерден Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауардың импортындағы жиынтық үлесі осы тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортының жалпы көлемінің тоғыз пайызынан аспауы шартымен, тергеп-тексеруді жүргізетін орган осы тауарға қатысты экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидияларының жалпы мөлшері тауар бірлігіне есептегенде оның құнының екі пайызынан аспайтынын немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауар импортының жалпы көлеміндегі мұндай үшінші елден осы тауар импортының үлесі төрт пайыздан кем екенін анықтаса, субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушы дамушы немесе неғұрлым аз дамыған елден шығатын тауарға қатысты өтемақылық тергеп-тексеру тоқтатылады.
6. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган өтемақылық тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша шешім қабылданғанға дейін құпия ақпаратты қорғау қажеттілігін ескере отырып, барлық мүдделі тұлғаларды тергеп-тексеру барысында жасалған негізгі түйіндер туралы хабардар етеді және оларға өз түсініктемелерін беру мүмкіндігін ұсынады.
Мүдделі тұлғалардың түсініктемелерін беру мерзімін тергеп-тексеруді жүргізетін орган белгілейді, бірақ ол күнтізбелік он бес күннен кем болмайды.
36-бап. Демпингтік немесе субсидияланатын импорт жағдайында мүше мемлекеттердің экономика саласын айқындау ерекшеліктері
1. Демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізу кезінде мүше мемлекеттердің экономика саласы, осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 1-бабының 17) тармақшасында белгіленген мағынада түсініледі.
2. Егер мүше мемлекеттерде ұқсас тауарды өндірушілер бір мезгілде болжамды түрде демпингтік немесе субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауарды импорттаушылар болып табылған жағдайда немесе болжамды түрде демпингтік немесе субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауарды экспорттаушылармен немесе импорттаушылармен байланысты тұлғалар болса, мүше мемлекеттерде ұқсас тауарларды қалған өндірушілер ғана мүше мемлекеттердің экономика саласы деп түсініледі.
Мүше мемлекеттерде ұқсас тауар өндірушілер, егер:
1) мүше мемлекеттерде ұқсас тауарды жекелеген өндірушілер тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушыларды немесе импорттаушыларды тікелей немесе жанама түрде бақылаған;
2) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды жекелеген экспорттаушылар немесе импорттаушылар мүше мемлекеттерде ұқсас тауарларды өндірушілерді тікелей немесе жанама түрде бақылаған;
3) мүше мемлекеттерде ұқсас тауарды жекелеген өндірушілерді және тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушыларды немесе импорттаушыларды үшінші тұлға тікелей немесе жанама түрде бақылаған;
4) мүше мемлекеттерде ұқсас тауарларды жекелеген өндірушілер мен шетелдік өндірушілер, тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушылар немесе импорттаушылар үшінші тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылаған жағдайда, тергеп-тексеруді жүргізетін органның осындай өндірушілердің мінез-құлқы байланысты емес тұлғалардан ерекшеленетін осындай байланыстан туындайды деп болжауға негіздері болған жағдайда, болжамды түрде демпингтік немесе субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауарды экспорттаушылармен немесе импорттаушылармен байланысты тұлғалар ретінде қаралады.
3. Мүше мемлекеттердің экономика саласын айқындаған кезде ерекше жағдайларда бұл мүше мемлекеттердің аумағы екі немесе одан да көп аумақтық оқшауланған бәсекелес нарық жұмыс істейтін аумақ ретінде қаралады, ал аталған нарықтардың біреуінің шегіндегі мүше мемлекеттердегі өндірушілер, егер мұндай өндірушілер осындай нарықта тұтыну немесе қайта өңдеу мақсатында өздері өндіретін ұқсас тауардың кемінде сексен пайызын сатса және осындай нарықтағы ұқсас тауарға деген сұранысты мүше мемлекеттердің қалған аумағындағы мұндай тауар өндірушілер айтарлықтай шамада қанағаттандырмаса, мүше мемлекеттер экономикасының бөлек саласы ретінде қарастырылады.
Мұндай жағдайларда демпингтік немесе субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауардың сатылуы аталған бәсекелес нарықтардың бірінде шоғырланған және демпингтік немесе субсидияланатын импорт осындай бір нарық шегінде мүше мемлекеттерде ұқсас тауарлар өндірушілердің барлығына немесе барлығына дерлік залал келтірген жағдайда, тіпті, егер мүше мемлекеттердің экономика саласының негізгі бөлігіне залал келтірілмесе де, демпингтік немесе субсидияланатын импорт салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың, оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының болуы анықталуы мүмкін.
4. Егер мүше мемлекеттердің экономика саласы осы баптың 3-тармағында белгіленген мағынада түсінілсе және тергеп-тексеру нәтижелері бойынша демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылданған жағдайда, мұндай шара Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың бүкіл импортына қатысты қолданылуы мүмкін.
Көрсетілген жағдайда демпингке қарсы немесе өтемақы бажы тергеп-тексеруді жүргізетін орган тауарды экспорттаушыларға осы аумаққа мұндай тауардың демпингтік бағалар (демпингтік импорт кезінде) бойынша немесе субсидияланатын бағалар (субсидияланатын импорт кезінде) бойынша экспортын тоқтату мүмкіндігін не мұндай мүмкіндікті экспорттаушылар пайдаланбаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына экспорттау шарттарына қатысты тиісті міндеттемелер алуына мүмкіндік берген соң ғана енгізіледі.
37-бап. Жария тыңдау
1. Тергеп-тексеруге қатысушылардың кез келгенінің жазбаша нысанда және осы Заңға сәйкес белгіленген мерзімде ұсынған өтінішхаты негізінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган жария тыңдау өткізуді қамтамасыз етеді.
2. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеруге қатысушыларға жария тыңдауды өткізу уақыты мен орны туралы хабарламаны, сондай-ақ жария тыңдауды өткізу барысында қаралатын мәселелердің тізбесін жіберуге міндетті.
Жария тыңдауды өткізу күні тиісті хабарлама жіберілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он бес күн өткен соң белгіленеді.
3. Жария тыңдауға тергеп-тексеруге қатысушылар немесе олардың өкілдері, сондай-ақ тергеп-тексеруге қатысты өздерінде бар мәліметтерді беру мақсатында олар тартқан тұлғалар қатысуға құқылы.
Жария тыңдау барысында тергеп-тексеруге қатысушылар өз пікірлерін білдіре алады және тергеп-тексеруге қатысты дәлелдемелерді ұсына алады. Тергеп-тексеруді жүргізетін органның өкілі жария тыңдауға қатысушыларға өздері хабарлаған фактілердің мәніне қатысты сұрақтар қоюға құқылы. Тергеп-тексеруге қатысушылар да бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы және оларға жауап беруге міндетті. Жария тыңдауға қатысушылар құпия деп танылған ақпаратты жариялауға міндетті емес.
4. Жария тыңдау барысында ауызша нысанда берілген мәліметтер, егер оларды тергеп-тексеруге қатысушылар жария тыңдау өткізілген күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде тергеп-тексеруді жүргізетін органға жазбаша нысанда ұсынса, олар тергеп-тексеру барысында назарға алынады.
38-бап. Тергеп-тексеру барысында ақпарат жинау
1. Демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру объектісі болып табылатын, өзіне белгілі тауарды экспорттаушыларға және (немесе) өндірушілерге сұрақтардың тізбесін жібереді.
Сұрақтар тізбесі мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды (арнайы қорғау тергеп-тексеруі жүргізілген жағдайда) не ұқсас тауарды (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда) өндірушілерге де жіберіледі.
Қажет болған жағдайда, сұрақтар тізбесі тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды импорттаушыларға және тұтынушыларға жіберілуі мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, сұрақтар тізбесі жіберілген тұлғалар оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тергеп-тексеруді жүргізетін органға өз жауаптарын ұсынады.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың уәжді және жазбаша нысанда баяндалған өтініші бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган бұл мерзімді күнтізбелік он төрт күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
3. Сұрақтар тізбесі экспорттаушының және (немесе) өндірушінің өкіліне тікелей тапсырылған күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кейін немесе оны пошта арқылы жөнелткен күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кейін тауарды экспорттаушы және (немесе) өндіруші алды деп есептеледі.
Тізбеге енгізілген сұрақтарға жауаптарды, егер олар тергеп-тексеруді жүргізетін органға құпия және құпия емес нұсқаларда осы баптың 2-тармағында көрсетілген отыз күн мерзім өткен күннен немесе оны ұзарту мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмей келіп түскен болса, тергеп-тексеруді жүргізетін орган оларды алды деп есептеледі.
4. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру барысында мүдделі тұлғалар ұсынған ақпараттың дәлдігіне және анықтығына көз жеткізеді.