1) некеде тұрған адамдардың (адамның) баланы асырап алуы кезінде - бала асырап алушылардың (асырап алушының) неке туралы куәлігінің көшірмесі;
2) баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде - екінші жұбайының келісімі немесе ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарын тоқтатқанын растайтын құжат қоса берілуге тиіс. Арызға тиісті құжатты қоса беру мүмкін болмаған кезде арызда осы фактілерді растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс;
3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды;
4) атқаратын лауазымы және жалақысы туралы жұмыс орнынан анықтама не табысы туралы өзге құжат;
5) тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын немесе тұрғын үй-жайға меншік құқығын растайтын құжат;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттар қоса берілуге тиіс.
313-бап. Істі сот талқылауына дайындау
1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты немесе тұрған жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды бала асырап алудың негізділігі туралы және баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы комиссия қорытындысының негізінде асырап алуға беру туралы рұқсатты сотқа беруді міндеттейді.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысына:
1) асырап алынатын баланың тұрғылықты жері немесе тұратын жері бойынша не бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрмыс жағдайларын тексеру актісі;
2) асырап алынатын баланың туу туралы куәлігі;
3) асырап алынатын баланың денсаулық жағдайы, дене бітімінің және ақыл-ойының дамуы туралы медициналық қорытынды;
4) он жасқа толған асырап алынатын баланың асырап алуға,
сондай-ақ оның атының, әкесінің атының, тегінің өзгеруі мүмкіндігіне және асырап алушыларды (асырап алушыны) оның ата-анасы ретінде жазуға келісімі (егер мұндай келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда);
5) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, он алты жасқа толмаған ата-аналардың баласын асырап алуға келісімі, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің келісімі, ал заңды өкілдері болмаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі;
6) баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, патронат тәрбиешінің немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын білім беру, медициналық және басқа да ұйымдар басшысының баланы асырап алуға келісімі;
7) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер баланы асырап алу кезінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органда орталықтандырылған есепте тұру фактісін растайтын құжат, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның осы баланы бірінші кезекте асырап алуға олардың азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, туысқандарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын іске асырғанын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.
3. Сот қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардан бастапқы, өңірлік, орталықтандырылған есепте тұрған, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпаратты жазбаша сұрау салу негізінде сұратып алады.
4. Сот қажет болған кезде өзге құжаттарды да талап ете алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 314-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
314-бап. Арыздарды қарау
Бала асырап алу туралы істерді сот бала асырап алушылардың өздерінің (бала асырап алушының), қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Қажет болған жағдайларда сот асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге де заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа да мүдделі тұлғаларды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін іске қатысуға тарта алады.
Сот баланы асырап алу туралы істерді жабық сот отырысында қарайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 315-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
315-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Бала асырап алу туралы арызды қарап, сот арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күнін және туған жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.
Бала асырап алу туралы арыз қанағаттандырылған кезде бала асырап алушылардың (асырап алушының) және асырап алынған баланың өзара құқықтары мен мiндеттерi сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап туындайды.
Сот шешімінен үзінді көшірме сот шешімі шығарылған жердегі азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға, сондай-ақ сот шешімі шығарылған жердегі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
316-бап. Бала асырап алудың күшін жою
Бала асырап алудың күшін жою туралы істерді қарау және шешу талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
34-тарау. АЗАМАТТЫ ХАБАРСЫЗ КЕТТІ ДЕП ТАНУ НЕМЕСЕ ҚАЙТЫС БОЛДЫ ДЕП ЖАРИЯЛАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
317-бап. Арыз беру
1. Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы арыз оны берушінің тұрғылықты жері бойынша не хабарсыз кеткен азаматтың соңғы мәлім болған тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
2. Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен басқа да мүдделі тұлғалардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
318-бап. Арыздың мазмұны
Арызда оны берушіге азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау қандай мақсат үшін қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ азаматтың хабарсыз кетуін растайтын мән-жайлар не хабарсыз кеткен адамның қаза табу қаупін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым жағдайдан қайтыс болды деп жорамалдауға негіз болатын мән-жайлар жазылуға тиіс. Әскери қызметшілерге немесе соғыс қимылдарына байланысты хабарсыз кеткен өзге де азаматтарға қатысты арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.
319-бап. Істі сот талқылауына дайындау
1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан, ішкі істер органдарынан, әскери бөлімдерден ол туралы бар мәліметтерді сұратады.
2. Судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда арыз берушінің өзінің есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевидениеде) азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс қозғалғаны туралы жарияланым беруге міндеттейді.
Жарияланым сот белгілеген мерзімде жүргізіледі және:
1) азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы арыз келіп түскен соттың атауын;
2) арыз берушінің атауын және оның тұрғылықты жерін (егер арыз заңды тұлғадан келіп түссе, орналасқан жерін);
3) жоғалып кеткен адамның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған жері мен соңғы жұмыс орнын;
4) азаматтың жүрген жері туралы мәліметтері бар адамдарға жарияланым берілген күннен бастап үш ай мерзімде сотқа бұл туралы хабарлауды ұсынуды қамтуға тиіс.
3. Арыз беруші бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым туралы растауды орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті. Жарияланым туралы растауды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға әкеп соғады.
Судья қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жоғалып кеткен азаматтың мүлкін күзету және басқару үшін қорғаншы тағайындауды ұсына алады.
320-бап. 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
321-бап. Сот шешімінің салдары
1. Азаматты хабарсыз кетті деп таныған сот шешімі қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның хабарсыз кеткен азаматтың мүлкіне оның орналасқан жері бойынша қорғаншы тағайындауына негіз болып табылады.
2. Азаматты қайтыс болды деп жариялаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органының адамның қайтыс болуы туралы жазбаны азаматтық хал актілерін тіркеу кітабына енгізуі үшін негіз болып табылады.
Қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкіне қатысты мұра сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап ашық деп есептеледі.
322-бап. Сот шешімімен хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың келу немесе жүрген жерін анықтау салдары
1. Сот шешімімен хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азамат келген немесе оның жүрген жері анықталған жағдайда бірінші сатыдағы сот жаңа шешіммен өзінің бұрын шығарған шешімінің күшін жояды. Бұл шешім хабарсыз кетті деп танылған азаматтың мүлкіне қорғаншылықты тоқтату және қайтыс болды деп жарияланған адамның қайтыс болуы туралы азаматтық хал актілерін тіркеу кітабындағы жазбаны жою үшін негіз болып табылады.
2. Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің күшін жою көрсетілген адамдардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
35-тарау. АЗАМАТТЫҢ ӘРЕКЕТКЕ ҚАБІЛЕТІН ШЕКТЕУ ТУРАЛЫ, АЗАМАТТЫ ӘРЕКЕТКЕ ҚАБІЛЕТСІЗ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ, ОН ТӨРТТЕН ОН СЕГІЗ ЖАСҚА ДЕЙІНГІ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДЫ ӨЗ ТАБЫСЫНА ӨЗ БЕТІНШЕ БИЛІК ЕТУ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ ОДАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
323-бап. Арыз беру
2020.02.07. № 356-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматты құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге салыну салдарынан әрекетке қабілетін шектеулі деп тану туралы іс онымен бірге тұратынына не тұрмайтынына қарамастан, оның отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының, прокурордың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Психикалық науқастану немесе психиканың бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы салдарынан азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс сотта онымен бірге тұратынына не тұрмайтынына қарамастан, отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының, прокурордың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесінің арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
3. Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығын шектеу туралы немесе одан айыру туралы іс ата-аналарының, бала асырап алушылардың, қорғаншысының не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе прокурордың арызы негізінде қозғалуы мүмкін.
4. Азаматты әрекетке қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз деп тану туралы немесе он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығынан айыру туралы іс қорғаншы белгілеу (тағайындау) жолымен әрекет қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз адамның да, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген адамдардың да мүдделерін қорғау мақсатында қозғалады.
5. Азаматты әрекетке қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз деп тану туралы немесе он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығынан айыру туралы арыз - осы адамның тұрғылықты жері бойынша, ал егер адам психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесіне жатқызылса, онда сол мекеменің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
324-бап. Арыздың мазмұны
2020.02.07. № 356-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматты әрекетке қабілеті шектеулі деп тану туралы арызда құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге салынған адамның өз отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшырататынын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арызда өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбеуі немесе не істегенін білмеуі салдарынан оның психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты
хал-жайы болуын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
3. Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз жалақысына, стипендиясына немесе өзге де табысына өз бетінше билік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы арызда кәмелетке толмағанның өз жалақысына, стипендиясына немесе өзге де табысына анық ақылға сыйымсыз билік ететіні туралы куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
325-бап. Істі сот талқылауына дайындау
1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды.
Ресми өкіл-адвокат заңды өкілдің өкілеттіктерін иеленеді. Мұндай адвокаттың заң көмегі заңға сәйкес бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.
2. Азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы туралы жеткілікті деректер болған кезде сот оның психикалық жай-күйін анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындайды.
Өзін әрекетке қабілетсіз деп тану туралы өзіне қатысты іс қозғалған адам сараптамадан өтуден анық жалтарған кезде сот психиатрдың қатысуымен сот отырысында азаматты сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жіберу туралы ұйғарым шығара алады.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның орналасқан жері туралы оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірін, басқа да туыстарын немесе жақын адамдарын, ал олар болмаған кезде аталған адамның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органын жиырма төрт сағат ішінде хабардар етуге міндетті.
326-бап. Арызды қарау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматты әрекетке қабілеті шектеулі, әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның өз жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кірістеріне өз бетінше билік ету құқығын шектеу туралы немесе одан айыру туралы арызды сот азаматтың өзінің, арыз берушінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен қарайды.
Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы өзіне қатысты іс қаралатын азамат, егер оның сот отырысына қатысуы оның өмірі немесе денсаулығы үшін не айналасындағылардың өмірі немесе денсаулығы үшін қауіп төндірмесе, сот отырысына шақырылуға тиіс. Адам өз ұстанымын өзі не өкілдері арқылы баяндауға құқылы.
Егер адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс бойынша сот отырысына азаматтың өзінің қатысуы оның өмірі немесе денсаулығы үшін не айналасындағылардың өмірі немесе денсаулығы үшін қауіп төндірсе, іс оның тұратын жері бойынша сотта қаралады. Іс стационарлық жағдайларда психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымда немесе психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдар үшін әлеуметтік қызмет көрсететін стационарлық мекемеде азаматтың өзінің қатысуымен қаралуы мүмкін.
2. Көрсетілген санаттағы істерді қарау кезінде арыз беруші сот шығындарын төлеуден босатылады. Сот арыз берген адамның азаматтың әрекет қабілетін көрінеу негізсіз шектеу немесе одан айыру мақсаттарында теріс пиғылды әрекет жасағанын анықтап, одан істі қарауға байланысты барлық сот шығындарын өндіріп алады.
327-бап. Арыз бойынша соттың шешімі
1. Егер азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тануға, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өзінің жалақысына, стипендиясына немесе өзге де табыстарына өз бетінше билік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы негіздердің болмау фактісін анықтаса, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
2. Азаматтың әрекетке қабілетін шектеу туралы, сондай-ақ он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз еңбекақысына, стипендиясына немесе өзге де табыстарына өз бетінше иелік ету құқығын шектеу немесе одан айыру туралы сот шешімі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршы тағайындауы үшін негіз болып табылады.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қорғаншы тағайындауы үшін негіз болып табылады.
4. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз азаматқа қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғаны туралы он күн мерзімде сотқа хабарлауға міндетті.
5. Әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған азамат осы Кодексте көзделген тәртіппен сот шешіміне шағым жасауға құқылы.
328-бап. Азаматты әрекетке қабілетті деп тану
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22-бабының екінші тармағында, 27-бабының екінші тармағында көзделген жағдайларда сот азаматтың өзінің, оның отбасы мүшесінің, жақын туысының, қамқоршының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, психиатриялық диспансердің арызы бойынша азаматтың әрекет қабілетін шектеудің күшін жою туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз жалақысына, стипендиясына немесе өзге де табыстарына өз бетінше билік ету құқығын шектеудің күшін жою немесе одан айырудың күшін жою туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде оған белгіленген қамқоршылық күшін жояды.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 26-бабының үшінші тармағында көзделген жағдайларда сот қорғаншының, психиатриялық емдеу мекемесінің, отбасы мүшесінің, жақын туысының, прокурордың, психиатриялық (психоневрологиялық) мекеменің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның арызы бойынша сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысы негізінде сауыққан немесе денсаулығы едәуір жақсарған адамды әрекетке қабілетті деп тану туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қорғаншылық күшін жояды.
36-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДЫ ТОЛЫҒЫМЕН ӘРЕКЕТКЕ ҚАБІЛЕТТІ (ЭМАНСИПАЦИЯ) ДЕП ЖАРИЯЛАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
329-бап. Кәмелетке толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арыз беру
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22-1-бабында көзделген жағдайда он алты жасқа толған, кәмелетке толмаған бала өзін толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызбен өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгіне алады.
2. Кәмелетке толмағанды толық әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды сот ата-аналарының (ата-анасының біреуінің), баланы асырап алушылардың немесе қамқоршысының кәмелетке толмағанды әрекетке толығымен қабілетті деп жариялауға келісімі болмаған кезде қабылдайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 330-бап жаңа редакцияда
330-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды қарау
Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды сот арыз берушінің, ата-анасының (ата-анасының біреуінің), бала асырап алушылардың (бала асырап алушының), қамқоршының, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен қарайды.
Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде, қозғалған іс бойынша процесте ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамның мүдделерін білдіруі және қорғауы үшін ресми өкіл - адвокатты тағайындау туралы мәселені шешеді.
Ресми өкіл - адвокат заңды өкілдің өкілеттіктеріне ие болады.
331-бап. Кәмелетке толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арыз бойынша сот шешімі
1. Сот кәмелетке толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы арызды мәні бойынша қарап, арыз берушіні қанағаттандыратын немесе қанағаттандырудан бас тартатын шешім қабылдайды.
2. Арыз қанағаттандырылған кезде он алты жасқа толған, кәмелетке толмаған бала эмансипация туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап толығымен әрекетке қабілетті (эмансипацияланған) деп жарияланады.
37-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ АРНАУЛЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНА НЕМЕСЕ ЕРЕКШЕ РЕЖИМДЕ ҰСТАЙТЫН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНА ЖІБЕРУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
332-бап. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру
1. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына орналастыру туралы арызды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган не ішкі істер органы, ал ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына ішкі істер органы баланың тұрғылықты жері (орналасқан жері) бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа береді.
2. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы арызда мән-жайлар жазылуға және арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу үшін заңда көзделген негіздердің бар-жоғы туралы және кәмелетке толмағанның оны көрсетілген білім беру ұйымында ұстауға және оқытуға кедергі келтіретін ауруының жоқ екендігі туралы куәландыратын құжаттар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қаулысы ұсынылуға тиіс.
333-бап. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы арызды қарау
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сотқа кәмелетке толмаған адам, оның заңды өкілдері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өкілдері, сондай-ақ соттың қалауы бойынша өзге де адамдар шақырылады.
Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде, қозғалған іс бойынша процесте ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамның мүдделерін білдіруі және қорғауы үшін ресми өкіл - адвокатты тағайындайды.
Ресми өкіл - адвокат заңды өкілдің өкілеттіктеріне ие болады.
2. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы арызды қарауға прокурордың қатысуы міндетті болып табылады.
3. Арыз беруші кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден босатылады.
334-бап. Кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы арыз бойынша сот шешімі
1. Сот кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы арызды мәні бойынша қарап, шешім шығарады, онда арыз қабылданбайды не қанағаттандырылады.
2. Арызды қанағаттандыру туралы шешім кәмелетке толмаған адамды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру үшін негіз болып табылады.
3. Кәмелетке толмаған адамның арнаулы білім беру ұйымында немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімі шешім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 38-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
38-тарау. ПСИХИКАҒА БЕЛСЕНДІ ӘСЕР ЕТЕТІН ЗАТТАРДЫ ТҰТЫНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС ПСИХИКАЛЫҚ, МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҚ БҰЗЫЛУШЫЛЫҒЫ (АУРУЫ) БАР АДАМДЫ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТЕТІН ҰЙЫМНЫҢ СТАЦИОНАРЫНА МӘЖБҮРЛЕП ЕМДЕУГЕ ЖАТҚЫЗУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 335-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
335-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты емес психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы арыз беру
1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты емес психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы арызды оның келісімінсіз психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның өкілі психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым орналасқан жердегі сотқа береді.