8. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
9. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдерінде аудармамен бірге беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
10. Өтініштің құзыретті органға түскен күні мен уақыты өтініш беру кезі деп айқындалады және есепке алуға жатады.
11. Берілген өтініш туралы мәліметтер құзыретті органның интернет-ресурсында өтініш берілген күннен бастап екі күн ішінде орналастыруға жатады және мыналарды қамтуға тиіс:
1) өтініш иесінің атауын (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) өтініш иесі пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақтың координаттарын;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақытын.
205-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру туралы өтінішті қарау
1. Құзыретті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 1) - 6) тармақшаларында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішті, өтінішке қоса берілетін пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есепті және сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды жібереді.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есептен мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізеді және өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көзделген лицензияны беруден бас тарту үшін негіздердің болуы нысанына қарайды.
Егер өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы өтініш иесін және құзыретті органды хабардар етеді. Хабарламада біріктірілген аумақтардың координаттары мен алаңы және сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағынан осы аумақты алып тастау тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Өтініш иесі хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініштен бас тартуға немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның ескертулерін есепке ала отырып, сұралатын жер қойнауы учаскесі туралы өзгертілген мәліметтерді ұсынуға құқылы.
Егер өтініш иесі белгілеген сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекарасы осы Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкес келмесе, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы өтініш иесін және құзыретті органды хабардар етеді. Хабарламада анықталған сәйкессіздіктер мен оларды жою тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Өтініш иесі хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессіздіктерді жояды, бұл туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды хабардар етеді не өз қарсылығын жазбаша түрде жолдайды. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сұралатын жер қойнауы учаскесі шекарасының осы Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкестігі туралы мәселені қайта қарайды.
Сұралатын жер қойнауы учаскесі шекарасының сәйкестігі туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы шекараларды келіседі не келісуден бас тартады, бұл туралы құзыретті органды және өтініш иесін хабардар етеді. Осы тармақта көзделген сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары туралы өзгертілген мәліметтерді ұсыну мерзімдерін өтініш иесі бұзған жағдайда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекараларын келісуден бас тартады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекараларымен келіспеген жағдайда құзыретті орган осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 7) немесе 8) тармақшаларына сәйкес өтініш иесіне лицензияны беруден бас тартады.
3. Сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жағдайда құзыретті орган өтініш иесіне үш жұмыс күні ішінде тиісінше осы Кодекстің 216 және 217-баптарында көзделген тау-кен жұмыстарының жоспарын келісу, жою жоспарына сараптама жүргізу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама өтініш иесіне жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
Өтініш иесі келісілген тау-кен жұмыстарының жоспарын және сараптаманың оң қорытындылары бар жою жоспарын құзыретті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабарлама күннен бастап бір жылдан кешіктірмей ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі құзыретті органға осындай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, көрсетілген мерзімді ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Құзыретті орган осы мерзімді, егер осындай ұзартудың қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бір жылдан аспайтын кезеңге ұзартады.
4. Құзыретті орган өтініш иесіне пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны мемлекеттік сараптамалардың оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
5. Өтініш иесіне басқа тұлғаға тиесілі немесе соның пайдалануындағы жер учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осы жер қойнауы учаскесінде көрсетілген жер учаскесінің жер бетіндегі ең төменгі нүктесінен отыз метр шекте осындай тұлғаның келісімінсіз операцияларды жүргізуге құқығы жоқ.
6. Осы баптың 3-тармағында көзделген хабарлама облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жерлерді жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін резервте қалдыру үшін негіз болып табылады.
7. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне жерді пайдалану құқығын жер қойнауын пайдаланушыға беруі үшін негіз болып табылады.
8. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
206-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Құзыретті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларды беру үшін өтініштер келіп түскен кезектілік тәртібіне қарай қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тартылғаннан кейін ғана қаралады.
Құзыретті орган кезекті өтінішті қарауға алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензия беруден бас тарту туралы өтініш иесін хабардар еткен күннен бастап он жұмыс күні өткен соң кіріседі.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағымданса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені құзыретті орган шағым қарау нәтижелері бойынша шешім күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Өндіруге арналған лицензия келіп түскен өтініштердің ішінен бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензияны беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
207-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Құзыретті орган мынадай негіздемелердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш бергенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесінің немесе өтініш иесін тікелей не жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаның жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиясын осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауының сұралатын учаскесі бойынша құзыретті орган қайтарып алған болса;
4) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануындағы жер қойнауы учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
5) өтініш иесіне не өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаға бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығы сұралатын жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде тоқтатылса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қауіп туындауына алып келетін болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензия не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жатса;
8) сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе;
9) өтініш иесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес келісілген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасын құзыретті органға беру мерзімін сақтамаса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
3. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия беруден бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей лицензияны беруден бас тартуға шағым жасауына болады.
4. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
5. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде берілген жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартуға барлауға арналған лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған кезде ғана не осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес жол беріледі.
Егер айрықша құқық бойынша барлауға арналған лицензияны беру туралы өтінішті берген кезде осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген мән-жайлар бар болса, құзыретті орган өтінішті қабылдайды және анықталған ескертулерді жою қажеттілігі туралы өтініш иесін хабардар етеді. Бұл жағдайда өтінішті қарау мерзімі өтініш иесінің көрсетілген ескертулерді жоюы және құзыретті органға өтінішті қайта беруі үшін күнтізбелік отыз күнге ұзартылады.
Көрсетілген ескертулер жойылмаған не өтініш белгіленген мерзімде қайтадан ұсынылмаған жағдайда құзыретті орган пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартады.
208-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мазмұны
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа жер қойнауын пайдаланудың мынадай талаптарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын және жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жұмсалған жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелердің мөлшері;
3) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың ең төмен үлесінің мөлшері;
4) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемесінің мөлшері;
5) ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемесінің мөлшері;
6) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алудың негіздемесі.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 209-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
209-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесі
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесі аумағының сыртқы шекаралары осы Кодекстің 19-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес болуға және өндірістік аумақтың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін тәсілмен айқындалуға тиіс. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесі аумағының сыртқы шекараларын көрсетілген талаптарға сәйкес айқындау мүмкін болмаған кезде олар бұрыштарының саны барынша аз болуы мүмкін көпбұрышты құрауы мүмкін.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің шекараларын айқындаған кезде: осы Кодекстің 204-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген есепте белгіленген пайдалы қатты қазбалар ресурстарының контурлары, байқау гидрогеологиялық ұңғымалары, кеніштің орналасқан жері және оның шекараларын дамыту перспективасы, кеніштің қосалқы объектілері және инфрақұрылым объектілері, аршылымның (жанасқан жыныс) және селдір (кондициялы емес) кеннің орналасу объектілері есепке алынады.
Тау-кен қайта өңдеу өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері де өндіру учаскесінің шекараларын айқындау кезінде орналастырылуы және есепке алынуы мүмкін. Тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияға сәйкес жер қойнауының жекелеген учаскесінде орналастырылуы мүмкін.
2. Егер өзге жер қойнауы учаскесінің шекаралары пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру, көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін оны сыртқы шекаралары бойынша ғана қалыптастыруға мүмкіндік бермесе, пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесі аумағының ішкі шекаралары да болуы мүмкін. Бұл жағдайда өндіру учаскесі аумағының ішкі шекаралары көрсетілген өзге жер қойнауы учаскесінің сыртқы аумақтық шекараларымен айқындалады.
210-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар
1. Өндіруге арналған лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушы осы бапта белгіленген өндіру жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар туралы талаптарды сақтауға міндетті.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өндіру жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар өндіруге арналған жекелеген лицензия бойынша мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
ауданы бес гектарды қоса алғанға дейінгі учаске аумағында өндіру кезінде 530 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
ауданы бестен асатын бір жүз гектарды қоса алғанға дейінгі учаске аумағында өндіру кезінде 1063 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
бір жүзден асатын он мыңға дейінгі гектарды қоса алғанда әрбір келесі гектар үшін есептеген кезде қосымша 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
он мың гектардан асатын әрбір келесі гектар үшін есептеген кезде қосымша 120 еселенген айлық есептік көрсеткіш.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер өндіруге арналған лицензияға және тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес қара металдар кенін өндіру көзделсе, осындай лицензия бойынша өндіру жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
ауданы бес гектарды қоса алғанға дейінгі учаске аумағында өндіру кезінде 3170 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
ауданы бестен асатын бір жүз гектарды қоса алғанға дейінгі учаске аумағында өндіру кезінде 6350 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
бір жүзден асатын он мыңға дейінгі гектарды қоса алғанда әрбір келесі гектар үшін есептеген кезде қосымша 60 еселенген айлық есептік көрсеткіш;
он мың гектардан асатын әрбір келесі гектар үшін есептеген кезде қосымша 720 еселенген айлық есептік көрсеткіш.
4. Өндіру мерзімінің соңғы толық емес жылында ең төмен шығыстар көрсетілген жылы өндіру кезеңінің әрбір толық айы үшін пропорционалды түрде есептеледі.
5. Өндіруге арналған лицензия қолданысының кез келген жылы ішінде өндіру учаскесінен бас тартқан кезде шығыстар бойынша ең төменгі талаптар көрсетілген жылы өндіру мерзімінің әрбір толық айы үшін пропорционалды түрде есептеледі.
6. Өндіру жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстардың есебі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және есепті жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізінде жүргізіледі.
7. Осы баптың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған жеке лицензия бойынша өндіру жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға жұмыстардың мынадай түрлеріне арналған шығыстары жатады:
1) ұңғылау жұмыстары немесе аршу жұмыстары;
2) желдетуді қамтамасыз ету;
3) бұрғылау-жару жұмыстары;
4) тау-кендерін бекіту немесе сүйемелдеу;
5) тау қысымын басқару;
6) кенді немесе жынысты тасымалдау;
7) үйінді жасау және (немесе) кенді қоймаға жинап қою;
8) кенді, жынысты бөлшектеу;
9) сілтісіздендіру (үймелеп және (немесе) жерасты);
10) өндіру учаскесіндегі кеніш, байыту өндірісі және өндірістік инфрақұрылымның қосалқы объектілері құрылысы бойынша барлық жұмыстар.
8. Осы баптың мақсаттары үшін жеке лицензия бойынша өндіру жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға басқарушылық және әкімшілік мұқтаждықтарға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, ғылыми зерттеулерге, персоналды оқытуға арналған шығыстар және басқа да осыған ұқсас шығыстар жатқызылуы мүмкін.
Өндіру жөніндегі операцияларға арналған шығыстарды есептеу кезінде мұндай шығыстардың үлесі жер қойнауын пайдаланушы кезеңдік есепте мәлімдеген жалпы шығыстардың жиырма пайызынан аспауға тиіс.
9. Өндіру жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға:
1) жергілікті жерде өндіру учаскесі шекараларының межелік және геодезиялық белгілерін орналастыруға, оның ішінде жерге орналастыру жұмыстарына;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын, жер пайдалану құқығын немесе жер учаскесіне меншік құқығын иелену, осындай иеленулерге ілеспе шығыстарды қоса алғанда;
3) өндіру учаскесімен тікелей байланысты емес ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) жер учаскелерін сатып алуға немесе жер учаскелерінің иелері мен пайдаланушыларына шығындарды өтеуге және жерлерді олардың нысаналы мақсаты бойынша пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіруге байланысты өтемақыларға арналған шығыстар жатқызылмайды.
10. Осы бапта көзделген өндіру жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер бұзылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жетіспейтін шығыстарды жүргізуге және бұл туралы құзыретті органға есепті жылдан кейінгі үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде есеп беруге міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармаққа сәйкес жүргізген шығыстары ағымдағы жылдың шығыстарына есептелмейді.
211-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
2. Өндіруге арналған лицензияның мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Өндіруге арналған лицензияның мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
3. Ұзарту туралы өтініш құзыретті органға өзі бекітетін нысан бойынша лицензияның мерзімі өткенге дейін төрт жылдан ерте берілмейді.
Егер өтінішті қарау кезеңінде өндіруге арналған лицензияның мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарастыру кезеңіне қолданылуын жалғастырады. Өндіруге арналған лицензияны ұзарту мерзімін есептеу аяқталған мерзімнің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.
4. Өндіруге арналған лицензияның мерзімі:
1) егер мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 2-тармағына сәйкес келмесе;
2) осы баптың 3-тармағында көзделген лицензияның қолданысын ұзарту туралы өтініш беру мерзімі бұзылса;
3) өндіруге арналған лицензияның жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдерін) төлеу және ұзарту туралы өтініш күнінің алдындағы есептік кезеңдер үшін өндіруге арналған ең төмен шығыстар бойынша шарттарды бұзушылықтарды жер қойнауын пайдаланушы жоймаған болса, ұзартылуға жатпайды.
212-бап. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезіндегі оқыту және ғылым саласындағы міндеттемелері
1. Өндіруге арналған лицензия қолданысының екінші жылынан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) құзыретті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2) құзыретті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған, белгіленген ең төменгі мөлшерден асатын қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылы тиісті міндеттемелерін орындау есебіне есептеледі.
213-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) бағаны төмендетуге арналған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) осы тармақтың нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
5) тауар биржаларында.
Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін міндетті түрде пайдалана отырып немесе жер қойнауын пайдаланушының жұмысы осындай тізілімінің жұмысымен үйлестірілген Интернеттің қазақстандық сегментінде орналасқан электрондық сатып алудың өзге де жүйелерін пайдалануымен, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жүргізіледі.
213-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктері 2022 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 13-тармағының редакциясында қолданылады
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылар, менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, жұмыскерлердің жалпы санынан Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын тартатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілері деп танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылардың, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөнінде операциялар жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде өткен конкурс нәтижелері бойынша немесе белгіленген тәртіпті бұза отырып сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі шығыстар құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының лицензиялық міндеттемелерді орындау ретінде есепке алатын шығыстардан алып тасталады.
2. Пайдалы қатты қазбаларға қатысты электрондық сатып алу жүйесінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.