4. Толық, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, орташа қауіпсіз мекемелерде ұсталатын сотталғандар айына екі реттен көп емес ақшалай аударымдарды алуға құқылы, бұл ретте олардың жалпы сомасы жиырма айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Сотталғандар жазаны өтеу кезеңінде тапқан жеке қаражаты есебінен жұбайына (зайыбына), туыстарына ақшалай аударымдарды шектеусіз жіберуге құқылы.
5. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатын сотталғандар ақшалай аударымдарды шектеусіз алуға және жіберуге құқылы.
6. Барлық қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандарын қолдануға байланысты қосымша көрсетілетін қызметтер сотталған адамның жеке қаражаты есебінен өтеледі.
109-бап. Телефон арқылы сөйлесу
1. Сотталған адамның мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес, әрқайсысының ұзақтығы он бес минут телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
Телефон арқылы сөйлесудің ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi.
Мекеме әкімшілігі сотталған адамның әлеуметтік байланыста болуын қолдау үшін қолда бар телекоммуникация құралдарын пайдаланады.
2. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда не жалғыз адамдық камерада ұсталатын сотталғандардың: жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған; оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған және өзге де айрықша жеке мән-жайлар болған жағдайларда телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
110-бап. Жазу керек-жарақтарын, әдебиетті, мерзімді басылымдарды сатып алу және сақтау
1. Сотталған адам бандерольдермен жазу керек-жарақтарын алуға, сауда желісі арқылы әдебиетті сатып алуға, сондай-ақ ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен газеттер мен журналдарға шектеусіз жазылуға құқылы.
2. Сотталғандарға Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiкке табыну мен зорлық-зомбылықты насихаттауды және үгiттеуді қамтитын, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы басылымдарды алуға, сатып алуға, жаздырып алуға, сақтауға және таратуға тыйым салынады.
3. Сауда желісі арқылы сатып алынатын әдебиеті бар бандерольдер сотталған адам алуға құқылы сауқаттар мен бандерольдер санына кірмейді.
4. Жазу керек-жарақтарын, әдебиетті, сондай-ақ газеттер мен журналдарды сақтау мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
111-бап. Сейілдеулер
1. Жазасын камераларда өтеп жүрген, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторға жабылған және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандардың осы Кодексте белгіленген тәртіппен күн сайын сейілдеуге құқығы бар.
2. Сотталғандардың сейілдеуі күндізгі уақытта мекеме аумағының арнайы жабдықталған бөлігінде жүргізіледі.
3. Сотталған адам мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларын бұзған жағдайда, сейілдеу мерзімінен бұрын тоқтатылады.
112-бап. Радиохабарлар тыңдау және телехабарлар көру
1. Сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде радиохабарлар тыңдауға құқығы бар.
2. Жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторларға жабылғандарды және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылғандарды қоспағанда, сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде телехабарлар көруге құқығы бар.
113-бап. Мекеменің шегінен тыс жерге шығу
1. Мекемелерде ұсталатын, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн қауіпсіздігі аралас мекемелерде қалдырылған және толық қауіпсіз мекемеге жіберілген сотталғандардың мекеменің шегінен тыс жерге:
1) қысқа мерзiмге - жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауыруына, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтiрген дүлей зілзалаға байланысты, бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге;
2) ұзақ мерзімге - қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар.
2. Мекемелердің балалар үйінде балалары бар сотталған әйелдердің балаларын жұбайына, туыстарына не балалар үйіне орналастыру үшін мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімге шығуға құқығы бар.
Мекемеден тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдердің олармен кездесу үшін жылына бір рет қысқа мерзімге шығуына құқығы бар.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша мынадай:
1) қайталап қауіпті қылмыс жасаған;
2) өлiм жазасы түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
4) есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегеді деп танылған, сондай-ақ алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден, инфекциядан емделудi аяқтамаған;
5) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін;
6) дәрежесі екінші немесе үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға шығуға рұқсат етілмейді.
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын және денсаулық жағдайына байланысты үнемі күтiмдi қажет ететін сотталғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандарға мекеме шегінен тыс жерге шығуға жұбайының (зайыбының), туысының немесе өзге еріп жүруші адамның бірге жүруiмен рұқсат етiледi.
5. Сотталған адамның шығу туралы өтініші бір тәулiктік мерзімде қаралады. Шығуға рұқсатты мекеме бастығы не оны алмастыратын адам осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды және сотталған адамның мiнез-құлқын ескере отырып бередi.
6. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерге шығуына байланысты шығыстарын ол ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаттан төлейдi не өзге адамдар төлейдi.
8. Сотталған адамның белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын, күтпеген мән-жайлар туындаған жағдайда, сотталған адам болған жердегi iшкi iстер органы бастығының уәжді қаулысымен мекемеге оралу мерзiмi мекеме әкiмшiлiгiн дереу хабардар ете отырып, бес тәулiкке дейiн ұзартылады.
9. Сотталған адам мерзiмінде оралмаған кезде мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іздестіруді жүзеге асырады.
114-бап. Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк, зейнетақымен қамсыздандыру
1. Жұмыспен қамтылған сотталғандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.
2. Сотталған әйелдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүктiлiкке және босануға байланысты жәрдемақылармен қамтамасыз етiледi.
3. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
4. Мекемелерде бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген сотталғандарға қатысты ерiктi медициналық сақтандырудың қолданысы өтеу мерзімі аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
115-бап. Материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету
1. Мекемелердегі бiр сотталған адамға шаққандағы тұрғын алаңның нормасы - екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған мекемелерде - үш шаршы метрден, кәмелетке толмағандар үшін - үш жарым шаршы метрден кем болмауы керек.
2. Сотталғандардың тұрақты тұруына арналған ортақ тұрғын үй-жайларда, бөлмелер мен камераларда нақты бар тұрғын алаң негізге алына отырып, осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген нормаларға сәйкес жазаны өтеу орындарының лимиті айқындалады.
Әр мекеме үшін жазаны өтеу орындарының лимитін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілейді және сотталғандардың тұрақты тұруына арналған жаңа тұрғын алаңдар пайдалануға берілген және бұрыннан бар тұрғын алаңдар реконструкцияланған кезде өзгереді.
3. Сотталғандарға жеке жатын орындар мен төсек керек-жарақтары беріледі.
Сотталғандар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жынысы және климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киіммен, ішкиіммен және аяқкиіммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
4. Сотталғандарды еңбекке тартатын кәсіпорындар қаражаты есебінен оларға белгіленген нормалардан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкін.
Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін жұмсауға рұқсат етілетін, осы Кодексте белгіленген ақша сомасынан асырып, сотталғандар ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан: мекемелерде пайдалануға рұқсат етілген аяқкиім мен киімді, оның ішінде спорттық аяқкиім мен киімді қосымша сатып алуға; медициналық көрсетімдер бойынша қажетті емдәмдік тамақ алуға; өздерінің қалауы бойынша көрсетілетін емдеу-профилактикалық және нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын өзге де қосымша қызметтер көрсетудің ақысын төлеуге құқылы.
5. Жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ науқастар мен мүгедектерге жақсартылған тұрғынжай-тұрмыстық жағдайлар жасалады және тамақтанудың жоғарылатылған нормалары белгіленеді.
6. Мүгедек болып табылатын сотталғандар ұсталатын үй-жайлар арнаулы техникалық құралдармен және құрылғылармен жабдықталады.
116-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзетін аналарды және балалары бар әйелдердi материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету ерекшелiктерi
1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жүрген мекемелерде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн.
Мекемелердiң балалар үйлерiнде балалардың қалыпты тұруы мен дамуы үшiн қажеттi жағдайлар қамтамасыз етiледi.
Сотталған әйелдер өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын мекемелердің балалар үйлерiне орналастырады және жұмыстан бос уақытта олармен шектеусіз қарым-қатынаста болады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат етіледі.
2. Сотталған әйелдердiң жазбаша келiсiмiмен балалар олардың жұбайларына, туыстарына немесе сот шешімімен өзге де адамдарға берiледi не балалар үш жасқа толғаннан кейін тиiстi балалар мекемелерiне жiберiледі.
3. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзетін аналардың саны мен ассортименті медициналық қорытындыда айқындалатын азық-түлiк салынған сауқаттар мен сәлемдемелер алуына болады. Сотталған жүктi әйелдердің босану уақытында және босанғаннан кейiнгi кезеңде әйелдердің мамандандырылған медициналық көмекке құқығы бар.
4. Мекемелердің балалар үйлерінде балалар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жеке жатын орынмен, төсек керек-жарақтарымен, жынысы мен климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киiммен, iшкиiммен және аяқкиiммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етiледi.
117-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес көрсетіледі.
2. Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға медициналық қызмет көрсету үшін емдеу-профилактикалық мекеме (соматикалық, психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханалар; медициналық бөлімдер, медпункттер) ұйымдастырылады. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын сотталғандарды мәжбүрлеп емдеуді мекеменің медициналық бөлімі жүзеге асырады.
3. Мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың орындалуына жауапты болады.
4. Мекемелерде туберкулезге қарсы көмекті, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды ұйымдастыру және ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын сотталғандарды медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жазасын өтеп жүрген адам қайтыс болған жағдайда, мекеме әкімшілігі бұл туралы прокурорға, жұбайына (зайыбына) немесе туыстарына, ал шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам қайтыс болған жағдайда - қосымша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дереу жазбаша нысанда хабарлайды.
118-бап. Материалдық жауаптылық
1. Жазасын өтеу кезінде мемлекетке, мекемеге, жеке немесе заңды тұлғаларға материалдық залал келтiрген жағдайда, сотталғандар заңда белгiленген тәртiппен материалдық жауаптылықта болады.
2. Сотталған адам мемлекетке, мекемеге келтiрген залалдың, өзінің қашып шығуының жолын кесуге, сондай-ақ осы Кодекстің 130-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда өз денсаулығына қасақана зиян келтiрген жағдайда өзін емдеуге байланысты қосымша шығындардың орнын толтыруға тиiс.
19-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ, ОЛАРҒА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ
119-бап. Еңбекке тарту
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарына жұмысқа орналастырады, мекемелердің аумағында не оларды күзету мен оқшаулау қамтамасыз етілген кезде оның шегінен тыс жерде орналасқан ұйымдарда жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.
Мекемелердің әкімшілігі еңбекке қабілетті барлық сотталғандарды ақысы төленетін жұмысқа тарту үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қолданады.
2. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде әкімшілік олардың жынысын, жасын, денсаулық жағдайын, еңбекке қабілеттілігін, мүмкіндігінше - мамандығын және жазаны өтеу уақытында оны алуын ескеруге міндетті.
3. Сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіне кірмейтін ұйымдардың объектілерінде еңбекке тарту мекеме әкімшілігі, ұйым және сотталған адам арасындағы шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
4. Сотталғандар мекемелер аумағында жеке еңбек қызметімен айналысуға құқылы.
5. Сотталғандарды камералық ұстау жағдайларында еңбекке тарту осы Кодекстің 149-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Сотталғандарды пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар мен лауазымдардың тiзбесi мекемелердiң ішкi тәртiптеме қағидаларында белгiленедi.
7. Мекемелердiң ұйымдарында ерікті жалданушы инженерлік-техникалық жұмыскерлер мен бiлiктi жұмысшылардың еңбегiн жұмыс iстейтін сотталғандар санының он бес пайызына дейiнгi шекте пайдалануға жол берiледi.
8. Сотталғандарға еңбек жанжалдарын шешу мақсатында жұмысты тоқтатуға тыйым салынады. Жеке еңбек даулары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
9. Сотталғандардың жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін мекемелер аумағында орналасқан өндірістік объектілерді өзге меншік нысандарындағы ұйымдарға беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
120-бап. Еңбек жағдайлары және оған ақы төлеу
1. Сотталғандардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен айқындалады.
2. Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және жалақының белгіленген ең төмен мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
121-бап. Мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарға тарту
1. Сотталғандар кезектілік тәртібімен жұмыстан бос уақытта ұзақтығы аптасына екі сағаттан аспайтын:
1) камераларды, бөлмелерді және ортақ пайдаланылатын үй-жайларды абаттандыру бойынша;
2) негізгі қоршауда және ішкі тыйым салынған аймақтың шегінен тыс жерде орналасқан инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзету құралдары бар объектілерді қоспағанда, мекеменің аумағын және оған іргелес жатқан аумақты абаттандыру бойынша;
3) мәдени-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық тұру жағдайларын жақсарту бойынша ақысы төленбейтін жұмыстарға тартылады.
2. Мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарындағыларды қоспағанда, сотталғандардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуы осы Кодексте көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
122-бап. Жалақыдан, зейнетақыдан, жәрдемақылардан және өзге де кірістерден ұстап қалу
Сотталғандардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақыларынан және өзге де кірістерінен атқару парақтары немесе басқа да атқарушылық құжаттар бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен, бірақ көрсетілген кірістердің жалпы сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде жүргiзiледi. Ұстап қалудан қалған сома ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының есебіне жатқызылады.
123-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Мекемелерде сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беру жүзеге асырылады.
2. Сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін еңбек нарығының мониторингін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша мекеме әкімшілігі қалыптастырады.
3. Техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА ТӘРБИЕЛІК ЫҚПАЛ ЕТУ
124-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысы олардың түзелуіне, заңдардың талаптарын сақтауға, еңбекке және өзге де қоғамға пайдалы қызметпен айналысуға, білім деңгейі мен мәдени деңгейін арттыруға, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуға ұмтылысын қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған.
2. Мекемелерде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, имандылыққа, әлеуметтік-құқықтық, еңбекке, дене шынықтыруға тәрбиелеу және өзге де тәрбие түрлері жүзеге асырылады.
3. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесінің түрі, жаза мерзімі, ұстау жағдайлары ескеріле отырып, сараланып ұйымдастырылады. Ол психологиялық-педагогикалық әдістер қолданыла отырып, жеке, топтық және көпшілік нысандарда жүзеге асырылады.
Әрбір сотталған адаммен тәрбие жұмысы оның жеке басының дара ерекшеліктері мен жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Сотталғандардың тәрбиелік іс-шараларға қатысуы оларға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану, сондай-ақ олардың мінез-құлқын бағалау кезінде ескеріледі.
125-бап. Әлеуметтік бейімдеу және психологиялық көмек жөніндегі жұмыс
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандармен жеке тәртіппен олардың қажеттіліктеріне сәйкес, әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыстар мен психологиялық жұмыс жүргізеді.
2. Сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыс мынадай:
1) сотталғандармен жұмыс жөніндегі жеке бағдарламаларды әзірлеу;
2) сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу, ұйымдастыру және іске асыру;
3) мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды және жұртшылықты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге тарту;
4) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын нығайтуға жәрдемдесу;
5) босатылатын адамдарға осы Кодекстің 27-тарауына сәйкес көмек көрсету нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мекеме әкімшілігі сотталған адамды түзеу мақсатында оның қоғамның толыққанды мүшесінің әлеуметтік мәртебесінде қалпына келуіне, құқық нормалары мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары негізінде оның қоғамда өз бетінше өмір сүруге оралуына жәрдемдеседі (қайта әлеуметтендіру).
4. Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізуге психолог тартылады, ол әрбір сотталған адамның жеке басының жеке-психологиялық ерекшеліктеріне диагностика жүргізеді және сотталғандардың оқшаулау жағдайларына, әлеуметтік ортаға және ұстау режиміне бейімделуіне, адамдар арасындағы қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ босап шығуға дайындалуына психологиялық көмек көрсетеді.
126-бап. Сотталғандардың ерікті ұйымдары
1. Сотталғандардың түзелуіне жәрдемдесу мақсатында мекемелерде ерікті негізде мекеме әкімшілігінің бақылауымен жұмыс істейтін сотталғандардың ұйымдары құрылады.
Өзін жақсы жағынан көрсеткен сотталғандардың арасынан мекемелер ұжымдары мен отрядтарының кеңестері құрылады.
2. Мыналар сотталғандардың ерікті ұйымдарының негізгі міндеттері болып табылады:
1) мекемеде оң моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру;
2) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын дамыту;
3) сотталғандардың қоғамдық-пайдалы бастамасын қолдау;
4) сотталғандарға рухани, кәсіптік және дене бітімінің дамуына көмек көрсету;
5) сотталғандардың еңбегін, тұрмысын және бос уақытын ұйымдастыруға жәрдемдесу.
3. Ерікті ұйымдардың жұмысына қатысу сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және мінездемелерін жасау кезінде ескеріледі.
4. Сотталғандардың ерікті ұйымдарының мүшелері қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтарды пайдаланбайды және мекеме әкімшілігінің өкілеттіктеріне ие бола алмайды.
127-бап. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуды ұйымдастыру
1. Мекемелерде отыз жасқа толмаған сотталғандардың бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылады.
2. Отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектер бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмдi өздерiнiң қалауы бойынша алады.
3. Емтихандарды тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылады.
4. Өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелердегі сотталғандарға бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуы үшін жағдайлар жасалады.
5. Бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алуға ұмтылыс көтермеленеді және сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және оларға мінездеме жасау кезiнде ескерiледi.
21-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨТЕРМЕЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ
128-бап. Көтермелеу шаралары
1. Жақсы мiнез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, ерікті құрылымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру жөнінде шаралар қолданғаны үшiн сотталғандарға мынадай көтермелеу шаралары:
1) алғыс жариялау;
2) сыйлықпен марапаттау;
3) сыйлықақы беру;
4) қосымша қысқа мерзiмдi кездесу беру;
5) мереке күндерi тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi сомада қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру;
6) бұрын белгіленген жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау қолданылады.
2. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу шараларынан басқа, демалыс және мереке күндерiн сағат тоғыздан он сегізге дейін мекеменің шегінен тыс жерде өткiзуге рұқсат беріледі.
129-бап. Көтермелеу шараларын қолдану тәртібі
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 128-бабы бірінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген көтермелеу - мінез-құлқының бағалауы жоқ не дәрежесі бірінші, екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға, ал 6) тармақшадағы - дәрежесі бірінші немесе екінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға, осы баптың үшінші бөлігінде айқындалған тәртіппен қолданылады.
2. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға көтермелеу тәртібімен жылына төрт ретке дейін қосымша қысқа мерзiмдi кездесу алуға рұқсат берiледi.
3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жаза қолданылған күннен бастап кемінде үш ай өткен соң жол беріледі. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға жол берілмейді.
4. Көтермелеу мекеменің лауазымды адамының уәжді қаулысымен қолданылады.
130-бап. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу
1. Осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамау жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзу болып табылады.
2. Мыналар жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылады: