Қазақстан Республикасының
Заңы
Ғылым туралы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 31 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «мемлекеттiк-жеке әрiптестiк», «мемлекеттiк-жеке әрiптестiкті» деген сөздер тиісінше «мемлекеттік-жекешелік әріптестік», «мемлекеттік-жекешелік әріптестікті» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Осы Заң ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуінің және оны дамытудың негізгі қағидаттары мен тетіктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - нәтижесінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері өз қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін ресми тануды иеленетін рәсім;
2) ғалым - ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын әрі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке адам;
3) ғылым - функциясы табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы;
4) ғылым жөніндегі ұлттық баяндама - әлемдік және ұлттық ғылымның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, ғылымды дамытудың басым бағыттарын негіздеуді қамтитын жыл сайынғы есеп;
5) ғылыми-білім беру консорциумы - ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және басқа да заңды тұлғалар, оның ішінде өндіріс саласында жұмыс істейтін басқа да заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, технологиялық инновацияларды әзірлеу және жоғары білікті мамандарды даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіретін бірлескен шаруашылық және ғылыми қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті тең құқықты уақытша бірлестік;
6) ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйым -нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған конкурстың қорытындылары бойынша мемлекеттік уәкілетті орган айқындайтын әрі іргелі және қолданбалы зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыруды сүйемелдеуді және орындалатын бағдарламаның шеңберінде орындаушы ұйымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама - болжанған ғылыми-техникалық жұмыс мазмұнын қамтитын, жоспарланған жұмыстарды жүргізудің мақсаттары мен міндеттері, өзектілігі, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығы негізделген ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді білдіретін құжат;
8) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат - мемлекеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатынасын білдіретін, ғылым мен техника саласындағы әртүрлі ұйымдар қызметінің, ғылыми-техникалық жетістіктерді іске асырудың, жаңа технологиялар жасаудың, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы негізгі басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттарын, нысандары мен әдістерін айқындайтын әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі;
9) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет есебі - ғылыми-техникалық жұмыстың іске асырылуы туралы ақпаратты, ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді, сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың әрі қарай жүргізілуінің орындылығы туралы не аяқталған ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама нәтижесі туралы ақпаратты қамтитын құжат;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті орындау барысында алынған және кез келген ақпарат жеткізгіште тіркелген жаңа білім немесе шешімдер, ғылыми әзірлемелер мен технологияларды өндіріске енгізу, сондай-ақ жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;
11) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар білімді кеңейту және жаңа білім алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын анықтау, жобаларды ғылыми жинақтау, ғылыми негіздеу мақсатында ғылыми ізденіспен, зерттеулер, эксперименттер жүргізумен байланысты жұмыс;
12) ғылыми зерттеулер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;
13) ғылыми инфрақұрылым - ғылыми ұйымның балансындағы ғылыми зертханалық және инженерлік жабдық, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс, бірегей объектілер, сондай-ақ өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
14) ғылым кандидаты, ғылым докторы - ізденушілердің диссертациялар қорғауы негізінде берілген ғылыми дәрежелер;
15) ғылыми қызмет - зерделенетін объектiлерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшелiктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімдi практикада пайдалануға бағытталған қызмет;
16) ғылыми қызметкер - ғылыми ұйымда, жоғары оқу орнында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке адам;
17) ғылыми-техникалық ақпарат - ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік қызмет барысында алынатын, ғылымның, техниканың, технологиялардың ұлттық және шетелдік жетістіктері туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат;
18) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық пен әлеуметтік-саяси және өзге де міндеттерді шешу үшін ғылымның, техника мен өндірістің барлық саласында жаңа білім алуға және оны қолдануға, осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технологияның және өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;
19) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
20) зияткерлік меншік - азаматтың немесе заңды тұлғаның ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижесінде алынған зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарына айрықша құқығы;
21) инженерлік-техникалық қызметкер - ғылыми ұйымда немесе жоғары оқу орнында жұмыс істейтін, кәсіптік орта немесе жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізуге және оны іске асыруға жәрдемдесетін жеке адам;
22) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор - ғылыми ұйымның немесе жоғары оқу орнының қолдаухаты бойынша уәкілетті орган беретін ғылыми атақтар;
23) қолданбалы зерттеу - практикалық мақсаттарға қол жеткізу және нақты міндеттерді шешу үшін жаңа білім алуға және оны қолдануға бағытталған қызмет;
24) салалық уәкілетті орган - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
25) стратегиялық зерттеулер - стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған іргелі не қолданбалы зерттеулер;
26) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар - өнімді жасау немесе жаңғырту кезінде орындалатын жұмыстар кешені, тәжірибелік үлгілерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу, тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді дайындау және сынау;
27) тәжірибелік өндіріс - негізгі қызметі тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді, жаңа өнімдер мен технологиялық процестерді дайындау және байқаудан өткізу болып табылатын ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының құрылымдық бөлімшесі немесе заңды тұлға;
28) философия докторы (РһD), бейіні бойынша доктор - тиісті мамандықтар бойынша докторантураның кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін ғылыми дәреже;
29) іргелі зерттеу - табиғат, қоғам, адам дамуының негізгі заңдылықтары мен олардың өзара байланысы туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және (немесе) эксперименттік зерттеу.
2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделеді, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерді жүргізу бөлігінде осы Заңмен реттелген құқық қатынастарға сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының күші қолданылмайды.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. Мемлекеттік органдардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті
3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы енгізеді;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясын (бұдан әрі - Жоғары ғылыми-техникалық комиссия) құрады және оның ережесі мен құрамын бекітеді;
6) ғылым бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңестерді құрады, ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесін, ережесі мен құрамын бекітеді;
7) Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады;
8) зерттеу университеті мәртебесін береді және оның даму бағдарламасын бекітеді;
9) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу тәртібін бекітеді;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібін бекітеді;
11) базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдардың тізбесін бекітеді;
12) ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындайды және оларды беру тәртібін бекітеді;
13) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыратын заңды тұлғаларды айқындайды;
14) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландырудың нормаларын бекітеді;
15) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
16) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
17) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеу;
4) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын әзірлеуді және олардың қалыптастыру, орындау және аяқтау сатыларында іске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастыру;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-1) және 5-2) тармақшалармен толықтырылды
5-1) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік есепке алу қағидаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді бекіту;
5-2) ғылыми зерттеулерді және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ұйымдастыру және жүргізу тәртібін бекіту;
6) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу;
7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларын әзірлеу, сондай-ақ оларды аккредиттеуден өткізу;
8) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін үйлестіру;
10) салалық уәкілетті органдардың ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде жүзеге асыратын жұмысын үйлестіру;
11) мүшелерін сайлау тәртібін қоса алғанда, ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені бекіту;
12) ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгі ережені бекіту;
13) диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту;
14) ғылыми дәрежелерді беру тәртібін бекіту;
15) ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру тәртібін бекіту;
16) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалған диссертацияларды мемлекеттік тіркеу тәртібін бекіту;
17) ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережені әзірлеу;
18) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібін әзірлеу;
19) ғылыми зерттеулерді және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ұйымдастыру және жүргізу тәртібін әзірлеу;
20) ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйымды айқындау;
21) өз құзыреті шегінде мемлекеттік ғылыми ұйымдардың басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату;
22) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың және олардың орындалуы жөніндегі есептердің мемлекеттік есепке алынуын ұйымдастыру;
23) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың есептерін бекіту;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кіреді.
5-бап. Салалық уәкілетті органның құзыреті
Салалық уәкілетті органның құзыретіне:
1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу, тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;
2) тиісті салада іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыруға қатысу;
3) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді және тиісті салада олардың іске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастыру;
4) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, тиісті салада орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөнінде есептерді бекіту;
5) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кіреді.
3-тарау. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
6-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне шығармашылық еркіндікке, жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатысуға, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқыққа кепілдік беріледі және олар қамтамасыз етіледі.
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар көрсететін қызметтерді уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пайдалануға құқылы.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен сату немесе сатуға ұсыну құқығын қоса алғанда, зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқығы бар.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмеуді қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
7-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен еңбек қатынастарында тұратын ғылыми, инженерлік-техникалық және өзге де қызметкерлер, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дербес жүзеге асыратын ғалымдар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар болып табылады.
2. Жеке тұлғалардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібіне және конкурс шарттарына сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға құқығы бар.
8-бап. Ғылыми ұйымдар
1. Қызметінің негізгі түрі ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу болып табылатын заңды тұлға ғылыми ұйым болып табылады.
Ғылыми ұйымдар жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
2. Мемлекеттік меншікке негізделген ғылыми ұйымдар мемлекеттік ғылыми ұйымдар болып табылады.
Дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі ғылыми ұйымдар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі ғылыми ұйымдар мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдар болып табылады. Жанама тиесілілік әрбір келесі тұлғаға өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тиесілі болатынын білдіреді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында әрекет ететін өзге де ұлттық және салалық академиялар, қоғамдық бірлестіктер болып табылатын ғалымдардың шығармашылық одақтары ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатты қалыптастыруға және іске асыруға, ғылымды дамытудың басым бағыттарын әзірлеуге, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, ғылыми сыйлықтар алуға ұсынылған жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптауға, ғылыми-техникалық салада нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ғалымдарды кәсіби жұмылдыруға қатысады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіреді.
9-бап. Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі
1. Жоғары оқу орны жүзеге асыратын қызметтің негізгі түрі білім берумен қатар: ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу болып табылады.
2. Жоғары оқу орындарының, сондай-ақ олардың ғылыми қызметкерлерінің ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар көрсететін қызметтерді пайдалануға, мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқығы бар.
3. Жоғары оқу орындары оқу білім беру процесіне ғылымның озық жетістіктерін енгізумен қатар оқыту процесіне ғылыми, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдарын, оның ішінде шетелдік ғалымдарды тартуға құқылы.
4. Мемлекеттік жоғары оқу орындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ғылыми зертханаларды, ғылыми-зерттеу институттарын, тәжірибелік өндірістерді, инновациялық инфрақұрылымның мамандандырылған субъектілерін, жобалау-конструкторлық ұйымдарды, сондай-ақ ғылыми-білім беру консорциумдарын құруға құқылы.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынысы бойынша жоғары оқу орындарына зерттеу университеті мәртебесін бере алады.
10-бап. Зерттеу университеті
1. Зерттеу университеті Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен университетті дамыту бағдарламасын іске асыратын әрі іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді және өзге де ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге қатысатын жоғары оқу орны болып табылады.
2. Зерттеу университетінің негізгі міндеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру процесінің интеграциясы болып табылады.
3. Зерттеу университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларының стандарттарын өз бетінше әзірлейді және іске асырады. Білім беру бағдарламаларын іске асыру шарттарына және меңгеру нәтижелеріне қойылатын талаптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік стандарттармен белгіленетін тиісті бағдарламаларынан төмен бола алмайды.
4. Зерттеу университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдау кезінде бейiндiк бағыттың қосымша талаптарын белгiлеуге құқылы.
11-бап. Ғылым саласындағы өзге де ұйымдар
Қызметінің негізгі түрі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет болып табылмайтын ұйымдар өздерінің құрылтай құжаттарында бекітілген міндеттерді шешу мақсатында өз құрылымында ғылыми бөлімшелер құруға құқылы.
4-тарау. Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру
12-бап. Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеу
1. Ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік бюджеттен орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және негіздерде жүргізіледі.