3. Тауарлармен электрондық сауда кезінде тауарларды жөнелтуді, тасымалдауды, жеткізуді жүзеге асыратын тұлғалар салық органының сұрау салуы бойынша мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша ұсынады.
29-бап. Тұлғаның және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, жекелеген жағдайларда азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алу, жұмсау кезіндегі міндеттері
1. Тұлғалар және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері:
1) ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алушының қызметі:
заңдық көмек көрсетуге, оның ішінде құқықтық ақпарат беруге, азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғауға және білдіруге, сондай-ақ оларға консультация беруге;
коммерциялық мақсаттарда жүргізілетін қоғамдық пікірге сауал жүргізу мен әлеуметтанушылық сауал жүргізуді қоспағанда, қоғамдық пікірге сауал жүргізуді, әлеуметтанушылық сауал жүргізуді зерделеуге және жүргізуге, сондай-ақ олардың нәтижелерін таратуға және орналастыруға;
аталған қызмет коммерциялық мақсаттарда жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, ақпаратты жинауға, талдауға және таратуға бағытталған жағдайда, салық органдарын уәкілетті орган белгілеген мөлшерден асатын мөлшерде шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алғаны туралы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде хабардар етуге;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алғаны және жұмсағаны туралы мәліметтерді салық органдарына уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша ұсынуға міндетті.
Осы тармақта көзделген талаптар:
1) мемлекеттік мекемелерге;
2) лауазымдық міндеттерін орындау кезінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, өз қызметін босатылмаған негізде жүзеге асыратын мәслихаттардың депутаттарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Парламенті мен мәслихаттардың депутаттарына, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне;
3) екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру ұйымдарына;
4) салықтық мониторингке жататын салық төлеушілерге;
5) мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары мен халықаралық мектептерге;
6) жеке практикамен айналысатын адамдардың, төрешілердің, бағалаушылардың, аудиторлардың қызметін жүзеге асыруға байланысты алынған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
7) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне;
8) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне;
9) спорттың ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлерін дамытуға, дене шынықтыру мен спортты қолдауға және ынталандыруға бағытталған, сондай-ақ спорттық іс-шараларды, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстарды, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
11) емделудің ақысын төлеу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
12) сыртқы сауда келісімшарттары бойынша пайда түрінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
13) халықаралық тасымалдарды ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны, халықаралық пошта байланысы қызметтерін көрсеткені үшін алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшарттар шеңберінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
15) төлем көзінен жеке табыс салығы ұсталып қалғанын растайтын құжаттар болған кезде, төлем көзінен бұрын осындай салық салынған дивидендтердің, сыйақылардың, ұтыстардың сомаларына;
16) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өзге де жағдайларға қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалар шет мемлекеттердің, халықаралық және шетелдік ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қаражаты есебінен жариялайтын, тарататын және (немесе) орналастыратын ақпарат пен материалдарда тапсырыс берген тұлғалар туралы мәліметтер, ақпарат пен материалдардың шет мемлекеттердің, халықаралық және шетелдік ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қаражаты есебінен дайындалғаны, таратылғаны және (немесе) орналастырылғаны туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Салық органдарының осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар туралы дерекқорды жүргізу тәртібін, көрсетілген мәліметтер мен орналастыруға жататын өзге де мәліметтерді, сондай-ақ дерекқорға қосу және одан алып тастау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
30-бап. Салықтық құпия
1. Мынадай:
1) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) төлеген (аударған) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің сомасы туралы;
2) есепке жатқызылуға тиіс қосылған құн салығының есептелген салық сомасынан асып кеткен сомасын салық төлеушіге бюджеттен қайтару сомасы туралы;
3) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегінің сомасы туралы;
4) әрекет етпейтін салық төлеушілер туралы;
5) осы Кодекстің 19-бабында көзделген жағдайда, уәкілетті органның интернет-ресурсындағы дерекқорда орналастыруға жататын;
6) салық төлеушінің таратуға (қызметін тоқтатуға) байланысты салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті ұсынуы туралы;
7) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есепке жазылған сомасы туралы;
8) жеке тұлғаларға мүлік салығының, жер салығының, көлік құралдары салығының есепке жазылған сомасы туралы;
9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты қолданылған жауаптылық шаралары туралы;
10) осы Кодекстің 650-бабына сәйкес қызметін тұрақты мекеме, құрылымдық бөлімше арқылы немесе тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидентті салық төлеуші ретінде тіркеудің бар (жоқ) екендігі туралы;
11) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мынадай тiркеу деректерi:
сәйкестендіру нөмiрi;
жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
дара кәсiпкердiң, заңды тұлғаның атауы;
салық төлеушiнi (салық агентiн) тiркеу есебiне қойған күн, тiркеу есебiнен шығарған күн, тiркеу есебiнен шығарудың себебi;
қызметтi тоқтата тұрудың басталған және аяқталған күнi;
салық төлеушiнiң резиденттiгi;
бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;
бақылау-касса машинасын пайдалану орны;
қолданылатын салық режимі туралы;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің жартыжылдық графигі туралы;
12) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілікті ұсынбауы туралы;
13) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын;
14) салық органдарында дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген және жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғаларды қоспағанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептелетін, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктемесінің коэффициенті туралы;
15) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
15) жеке тұлғалар декларациясын тапсырған жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі туралы;
16) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
16) кірістер мен мүлік туралы декларацияда жеке табыс салығының артық төленген сомасын қайтару жөніндегі талаптардың бар (жоқ) екендігі туралы;
17) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
17) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жариялануға жататын;
18) салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне қарай санаттау нәтижелері туралы мәліметтерді қоспағанда, салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы алған кез кезген мәліметтер салықтық құпияны құрайды.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпия болып табылатын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға бере алмайды.
3. Салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан мынадай жағдайларда:
1) қағаз жеткізгіште не электрондық құжат нысанында, прокурор санкциялаған уәжді сұрау салу негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде құқық қорғау органдарына және арнаулы мемлекеттік органдарға ұсынады. Мұндай мәліметтерді прокурор сұратқан жағдайда санкция талап етілмейді;
2) осы Кодексте айқындалған тәртіппен салықтарды есептеуге, ұстап қалуға және аударуға байланысты істер бойынша сот ісін жүргізу барысында сотқа;
3) жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған қаулының негізінде іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде сот орындаушысына;
4) осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік статистика, сыртқы сауда қызметі, қоршаған ортаны қорғау, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық мемлекеттік органдарына, сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың уәкілетті органына, монополияға қарсы органға және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
Қазақстан Республикасының осы тармақшада көрсетілген мемлекеттік органдары салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді.
Салықтық құпияны құрайтын ұсынылатын мәліметтердің тәртібі мен тізбесі уәкілетті органмен бірлескен актілерде белгіленеді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орталық мемлекеттік органға, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкiлетті мемлекеттік органға және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкiлетті органға ұсынады.
Осы тармақшада көрсетілген уәкілетті мемлекеттік органдар салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;
6) салықтық тексеру жүргізуге маман ретінде тартылған адамға;
7) Қазақстан Республикасы тараптардың бірі болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға;
8) мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтер бөлігінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдарға;
9) мүлік салығы, жер салығы, көлік құралдары салығы бойынша, сондай-ақ сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы және жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірістер бойынша жеке табыс салығы бойынша жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтер бөлігінде жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынады.
Осы тармақшада көрсетілген органдар салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;
10) есебі салық органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік органдарға және (немесе) тұлғаларға;
11) тармақшаның қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 6-бабының редакциясында қолданылады
11) валюталық бақылауды жүзеге асыру және оларды кейіннен валюталық бақылау агенттері болып табылатын уәкілетті банктерге беру үшін қажет мәліметтер бөлігінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.
Салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалады;
12) салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау кезінде апелляциялық комиссияның мүшелеріне;
13) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарын қарау кезінде қажетті мәліметтер бөлігінде бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарауды жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесіне;
14) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен осындай міндет жүктелген адамдар тапсыру күні мен салық органының кодын көрсете отырып, тапсырған кірістер мен мүлік туралы декларациялар туралы мәліметтер бөлігінде уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынады.
Көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Салық органдары «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етуді жүргізу процесінде алған салық төлеуші туралы мәліметтер мен ақпаратқа осы баптың 3-тармағының нормалары қолданылмайды.
5. Салықтық құпияға қол жеткізе алатын адамдар өздерінің міндеттерін атқару кезеңінде де, сондай-ақ оларды атқаруды аяқтағаннан кейін де салықтық құпияны жария етпеуге тиіс.
6. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтері бар құжаттарды жоғалту не осындай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
7. Электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру салықтық құпияны жария ету болып табылмайды.
Бұл ретте сақтауға берілген осындай деректерді пайдалануды уәкілетті орган ғана жүзеге асырады.
Электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін беру және сақтау уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уәкілетті органдар айқындаған тәртіпке және мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2-БӨЛІМ. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕ
4-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Салықтық міндеттеме
1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салықтық міндеттеме деп танылады, соған орай салық төлеуші осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасауға міндетті.
2. Мемлекеттің салық органы арқылы салық төлеушіден (салық агентінен) салықтық міндеттемесін толық көлемде орындауды талап етуге, ал салықтық міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, осы Кодексте айқындалған тәртіппен оны қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.
32-бап. Салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект
Мүлік пен әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) солардың негізінде салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.
33-бап. Салықтық база
Салықтық база салық салу объектісінің құндық, физикалық немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы айқындалады.
34-бап. Салықтық мөлшерлеме
1. Салықтық мөлшерлеме салық салу объектісінің немесе салықтық базаның өлшем бірлігіне салықты және бюджетке төленетін төлемді есептеу бойынша салықтық міндеттеменің шамасын білдіреді.
2. Салықтық мөлшерлеме салық салу объектісінің немесе салықтық базаның өлшем бірлігіне пайыздармен немесе абсолюттік сомамен белгіленеді.
35-бап. Салықтық кезең
Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлеріне қатысты белгіленген уақыт кезеңі салықтық кезең деп түсініледі, ол аяқталған соң салық салу объектісі, салықтық база айқындалады, салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы есептеледі.
5-тарау. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ОРЫНДАУ
36-бап. Салықтық міндеттемені орындау
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салықтық міндеттемені орындауды өз бетінше жүзеге асырады.
2. Салық төлеуші салықтық міндеттемені орындау үшін мынадай әрекеттер жасайды:
1) салық органында тіркеу есебіне тұрады;
2) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді;
3) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді, салықтық база мен салықтық мөлшерлемелерді негізге ала отырып, салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің, сондай-ақ осы Кодекстің Ерекше бөлігіне сәйкес олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдердің сомасын есептейді;
4) салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салықтық нысандарды және осы Кодексте белгіленген өзге де нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық органдарына ұсынады;
5) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген және есепке жазылған сомасын, осы Кодекстің Ерекше бөлігіне сәйкес салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді төлейді.
3. Салық төлеуші салықтық міндеттемені Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға тиіс.
Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген жағдайларда, салықтық міндеттемені салық төлеуші-жеке тұлға жалпы сомасы салықтың есептелген сомасынан аз болмайтын бірнеше төлемдерді салықтық кезең ішінде енгізу жолымен орындауы мүмкін.
4. Салық төлеушінің салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемесі, сондай-ақ қолма-қол емес нысанда орындалатын өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемесі салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұл мен айыппұлдардың сомасына төлем тапсырмасын екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым орындауға алған күннен бастап немесе банкоматтар немесе электрондық терминалдар арқылы төлемді жүзеге асырған күннен бастап, ал қолма-қол нысанда - салық төлеуші көрсетілген сомаларды екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, уәкілетті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға енгізген күннен бастап орындалған болып саналады.
5. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда салық төлеушінің уәкілетті өкілі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу, әлеуметтік аударымдарды аудару кезінде төлем құжаттарында ақшаны жөнелтуші салық төлеушінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауын және оның сәйкестендіру нөмірін көрсетеді.
6. Салық агенті орындайтын, салық төлеушінің салық төлеу жөніндегі салықтық міндеттемесі салық ұсталған күннен бастап орындалған болып саналады.
7. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттеме, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу жолымен орындалуы мүмкін.
8. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттеме, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодексте, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта төлеудің заттай нысаны немесе шетелдік валютамен төлеу көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен орындалады.
37-бап. Салықтық міндеттемені орындау кезінде салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу ерекшеліктері
1. Төлем көзінен ұсталатын салықтардың сомасын есептеуді салық агенті жүзеге асырады.
2. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде өлігінде көзделген жағдайларда, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлерінің сомасын есептеу жөніндегі міндет салық органына және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.
38-бап. Салықтық міндеттемені орындау мерзімдері
1. Салықтық міндеттемені орындау мерзімдері осы Кодексте белгіленеді.
2. Мерзімнің өтуі салықтық міндеттемені орындау мерзімінің басталуы айқындалған нақты оқиға немесе заңды әрекет орын алған күннен кейінгі күннен басталады.
Мерзім салықтық кезеңнің соңғы күнінің соңында аяқталады. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені мерзімінен бұрын орындауға құқылы.
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені салықтық кезең аяқталғаннан кейін орындайды.
39-бап. Салықтық берешекті өтеу тәртібі
Салықтық берешекті өтеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) бересі сомасы;
2) есепке жазылған өсімпұл;
3) айыппұлдар сомасы.
40-бап. Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру кезінде салықтық міндеттемені орындау
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруды құру нәтижесінде, оны жүзеге асыру және (немесе) тоқтату процесінде туындайтын салықтық міндеттеме сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша салықтық міндеттеме деп түсініледі.
Сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындауды:
1) мүлікті сенімгерлік басқару шарты, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт бойынша сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда пайда алушы (бұдан әрі осы Кодекстің мәтіні бойынша - сенімгерлік басқару құрылтайшысы):
сенімгерлік басқаруға берілген қатысу үлесі және (немесе) акциялар;
мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акті бойынша сенімгерлік басқаруға берілген мүлік;
заңды тұлға, дара кәсіпкер сенімгерлік операциялар бойынша екінші деңгейдегі банктен алған кіріс;
егер сенімгерлік басқару құрылтайшысы осындай міндет жүктелген жеке тұлға болып табылса, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны жасау және тапсыру бойынша жүзеге асырады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт деп мүлікті сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болатын, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асырмайтын бейрезидент-жеке тұлға немесе бейрезидент-заңды тұлға сенімгерлік басқарушы болып табылатын құжат түсініледі;
2) өзге жағдайларда - сенімгерлік басқарушы жүзеге асырады. Бұл ретте дара кәсіпкерден басқа, жеке тұлғаның және тұрақты мекеме құрмай, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның салық агенті болып табылатын екінші деңгейдегі банк жүзеге асыратын сенімгерлік операциялардан алған кірісі бойынша салықтық міндеттемені осындай екінші деңгейдегі банк салық агентінің міндеттерін атқару түрінде орындайды.