Шағымды кері қайтарып алу осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім сақталған жағдайда оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.
Осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлға көшпелі кедендік тексеру тағайындалған күннен бастап ол аяқталған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.
477-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шағымға қол қойылған күн;
2) шағым берілетін уәкілетті органның атауы;
3) шағым беруші тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (тұрған жері);
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) хабарлама ұсынған кеден органының атауы;
6) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын мәліметтер;
7) қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесі.
3. Шағымды қарау үшін маңызы бар өзге де мәліметтер шағымда көрсетілуі мүмкін.
4. Шағым берген тұлға не оның өкілі шағымға қол қояды.
5. Шағымға мыналар қоса беріледі:
1) шағым жасалып отырған хабарламаның және кедендік тексеру актісінің көшірмесі;
2) шағым берген тұлға өз талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
3) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
478-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Уәкілетті орган:
1) егер шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат шағымға қоса берілмесе, осы Кодекстің 476-бабында белгіленген шағым жасау мерзімін бұза отырып шағым берілген;
2) шағым осы Кодекстің 477-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) шағымды осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталмаған адам шағым берген;
4) осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған адамның шағымда баяндалған мәселелер бойынша сотқа талап қою арызын берген жағдайларда шағымды қараудан бас тартады.
2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда шағым тiркелген күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағым берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда тұлғаның сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағым берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы мұндай бас тартудың себебiн көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы тұлғаның осы Кодекстiң 476-бабында белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайта беру құқығын жоймайды.
479-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 481-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, шағым бойынша - шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің шағымдары бойынша шағым тіркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарылады.
2. Уәкілетті орган шағымды қарау кезінде осы Кодекстің 418-бабында белгіленген тәртіппен жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.
Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 481-бабында айқындалған тәртіппен ұзартылуы және (немесе) тоқтатыла тұруы мүмкін.
Шағым жасалып отырған мәселелер шегінде шағым қаралады.
Осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлғалар шағымды қарауға өздері тексеру барысында ұсынбаған құжаттарды берген жағдайда, уәкілетті орган мұндай құжаттарды қарау кезінде тағайындалған көшпелі кедендік тексеру барысында олардың анықтығын анықтауға құқылы.
Уәкілетті орган шағымды қарау кезiнде:
1) шағым берген тұлғаға және (немесе) кеден органына шағымда баяндалған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмелерді жазбаша нысанда ұсыну туралы сұрау салулар жіберу;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға мұндай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;
3) шағымда баяндалған мәселелер бойынша шағым берген тұлғамен кездесулер өткізуге;
4) кеден органдарының тексеру жүргізуге қатысқан лауазымды адамдарынан туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
Уәкілетті органның шағымды қарау жөніндегі өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар тұлғаларға қандай да бiр ықпал етуге тыйым салынады.
480-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару
1. Хабарламаға шағымдарды қарау үшін уәкілетті орган Апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Шағымды қарау аяқталған соң уәкілетті орган Апелляциялық комиссияның шешiмін ескере отырып, жазбаша нысанда шешiм шығарады.
2. Хабарламаға шағымдарды қарау кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының барлық екіұшты жайлары және реттелмеген мәселелері шағым берген тұлғаның пайдасына шешіліп қабылданады.
3. Шағымды қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін шығарады:
шағым жасалып отырған хабарламаны өзгеріссіз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
шағым жасалып отырған хабарламаның толық немесе бір бөлігінде күшін жою.
4. Шағым бойынша шешім - шағым берген тұлғаға, ал көшiрмесi хабарлама шығарған кеден органына жазбаша нысанда жiберіледi немесе табыс етіледі.
5. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалып отырған хабарламаның бір бөлігінде күші жойылған жағдайда, хабарлама ұсынған кеден органы хабарламаға шағымды қарау қорытындысы туралы хабарлама шығарады және оны шағым берген тұлғаға шағым бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді. Хабарламаға шағымды қарау нәтижелері туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Уәкілетті органның осы Кодексте белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған шешімі кеден органдарының орындауы үшін міндетті.
481-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту
1. Шағымды қарау мерзімі мынадай:
1) шағымды қарау барысында тағайындалған жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру жүргізілген жағдайда - осы Кодекстің 418-бабында белгіленген тәртіппен осындай тексеру тағайындалған күннен бастап уәкілетті орган тексеру актісін алғаннан кейін он бес жұмыс күні өткен күнге дейінгі уақыт кезеңіне;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға мұндай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберілген жағдайда - осындай сұрау салу жіберілген күннен бастап жауап алынған күнге дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.
2. Шағымды қарау мерзiмiн тоқтата тұру туралы уәкілетті орган шағым берген тұлғаға көрсетілген мерзімнің тоқтатыла тұру себептерiн көрсете отырып, сұрау салу жіберілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы баптың 1-тармағында белгіленген шағымды қарау мерзiмi мынадай:
1) осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлға шағымға толықтырулар ұсынған жағдайда - он бес жұмыс күніне ұзартылады.
Бұл ретте осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шағымға толықтыруларды кейіннен берудің әрбір жағдайында осы тармақшада көрсетілген мерзімге ұзартылады;
2) шағым жасалып отырған мәселені қосымша зерделеу қажет болған жағдайда уәкілетті орган тоқсан жұмыс күніне дейін ұзартады.
Уәкілетті орган шағымды қарау мерзімін ұзартқан жағдайда, шағым берген тұлғаға шағымды қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлама жіберіледі.
482-бап. Уәкілетті орган шешімінің нысаны мен мазмұны
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiмiнде мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) шешім қабылданған күн;
2) шағым жіберілген уәкілетті органның атауы;
3) шағым берген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы;
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) шағым жасалып отырған хабарламаның қысқаша мазмұны;
6) шағымның мәні;
7) уәкілетті орган шағым бойынша шешiм шығару кезiнде басшылыққа алған Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сiлтеме жасалған негiздеме.
483-бап. Уәкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) берудің салдары
1. Уәкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) беру шағым жасалып отырған бөлікте хабарламаны орындау мерзімін тоқтата тұрады.
2. Уәкілетті органға шағым берілген кезде шағым жасалып отырған бөлiкте хабарламаны орындау шағым бойынша шешiм шығарылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Сотқа арыз берілген жағдайда, шағым жасалып отырған бөлікте хабарламаны орындау сот арызды іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
7-БӨЛІМ. КЕДЕН ІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ. УӘКІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОПЕРАТОР
56-тарау. КЕДЕН ІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
484-бап. Кеден ісі саласындағы тұлғалар қызметінің ерекшеліктері
1. Кеден органдары бақылайтын және Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасымен реттелетін, тұлғалардың кеден өкілдері, кедендік тасымалдаушылар, уақытша сақтау қоймаларының иелері, кеден қоймаларының иелері, еркін қоймалардың иелері және бажсыз сауда дүкендерінің иелері ретінде қызметтер көрсетуге байланысты қызметі кеден ісі саласындағы тұлғалар қызметінің (бұдан әрі осы тарауда - кеден ісі саласындағы қызмет) ерекшеліктері болып табылады.
2. Кеден ісі саласындағы қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және кеден органы тиісінше кеден өкілдерінің тізіліміне, кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне, уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне, кеден қоймалары иелерінің тізіліміне, еркін қоймалар иелерінің тізіліміне, бажсыз сауда дүкендері иелерінің тізіліміне (бұдан әрі осы тарауда - кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдері) енгізген заңды тұлғалар жүзеге асыруға құқылы.
3. Кеден органының кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаларды кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне енгізу шарттары мен тәртібі, оларға енгізілген заңды тұлғаларды бұл тізілімдерден алып тастау негіздері, осындай тізілімдерге өзгерістер енгізу тәртібі, оларға енгізілген заңды тұлғаларды бұл тізілімдерден алып тастау тәртібі, сондай-ақ мұндай тұлғалардың қызметін тоқтата тұру және қайта бастау негіздері мен тәртібі кеден ісі саласындағы әрбір қызмет түріне қатысты осы Кодексте айқындалады.
4. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне енгізуге үміткер заңды тұлғаларға қатысты оларға енгізу шарттарының сақталуын тексеру кезінде, сондай-ақ кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне енгізілген заңды тұлғалардың қызметін бақылау кезінде осы Кодексте көзделген кедендік бақылау нысандары және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шаралар қолданылуы мүмкін.
485-бап. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдері
1. Кеден органдары осы Кодексте белгіленген тәртіппен кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдерін жүргізеді.
Кеден органының заңды тұлғаларды кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне енгізуі туралы, оларға енгізілген заңды тұлғаларды бұл тізілімдерден алып тастау туралы, тізілімге енгізілген кезде заңды тұлға мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы ақпарат, сондай-ақ кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тоқтата тұру, қайта бастау туралы ақпарат тиісті бұйрық қабылданған күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары жүргізетін кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдері негізінде кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың жалпы тізілімдерін қалыптастырады және оларды айына бір реттен сиретпей Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.
Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың жалпы тізілімдерінің нысандарын, оларды қалыптастыру және жүргізу тәртібін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары жүргізетін кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдерінде қамтылатын деректерді ұсынудың техникалық шарттарын Комиссия айқындайды.
486-бап. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету
1. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету мұндай қамтамасыз ету кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне енгізудің шарты болып табылатын жағдайларда беріледі.
2. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекске сәйкес мұндай тұлғаның кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу міндеті туындаған не оның кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, төлеушімен кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша ортақ міндеті болған жағдайларда, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның мұндай кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу міндетінің орындалуын қамтамасыз етеді.
3. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлға кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тиісті тізілімін жүргізуге уәкілеттік берілген, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізу туралы өтініш берілген кеден органына не осы Кодекске сәйкес айқындалатын өзге де кеден органына береді.
4. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндетінің орындалуы кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің осы Кодекстің 97-бабының 1-тармағында көрсетілген тәсілдерімен қамтамасыз етіледі.
5. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін мұндай тұлға осы Кодекстің 97-бабының 1-тармағында көрсетілген тәсілдердің кез келгенін таңдауға құқылы.
6. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуы осы баптың 5-тармағы ескеріле отырып, осындай қамтамасыз етуді беретін заңды тұлғаның таңдауы бойынша бірнеше тәсілмен қамтамасыз етілуі мүмкін.
7. Егер кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етудің ауыстырылатынына осы Кодекстің 12-тарауына, 142 және 353-баптарына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса және (немесе) кеден органы осы тарауға сәйкес кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомаларын төлеу туралы талап жібермесе және (немесе) кепіл нысанасына Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді берген заңды тұлға осы баптың 5-тармағын ескере отырып, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етудің бір тәсілін басқа тәсілге ауыстыруды жүзеге асыруға құқылы.
8. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуы - осы Кодексте көзделген жағдайларда кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыру кезеңі ішінде үздіксіз, ал кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша, оның ішінде ортақ міндеттің орындалуы кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет тоқтатылғанға дейін қамтамасыз етілуге тиіс.
9. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану тәртібін, қамтамасыз етудің бір тәсілін басқаға ауыстыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
10. Егер кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді беру үшін мұндай қамтамасыз ету мөлшері белгіленген шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеуді жүргізу талап етілсе, мұндай қайта есептеу кепілгерлік шарты немесе мүлік кепілі туралы шарт немесе сақтандыру шарты жасалған күнге (мұндай шарттарға өзгерістер енгізілген кезде - кепілгерлік шартына немесе мүлік кепілі туралы шартқа немесе сақтандыру шартына өзгерістер енгізу туралы шарт жасалған күнге) қолданыста болатын валюта бағамы бойынша, ал кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету берілген кезде өзге тәсілдермен:
1) тиісті тізілімге енгізу мақсатында кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету берілген кезде - кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаға жіберілетін, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізудің өзге де шарттарын сақтау туралы хабарлама кеден органында тіркелген күнге;
2) заңды тұлғаны кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізу шартын сақтау мақсатында кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның қамтамасыз етудің бір тәсілін басқасына ауыстыру туралы өтінішін кеден органы тіркеген күнге не кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етудің басқасы берілген кезде жүргізіледі.
11. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді қайтару мұндай тұлғаның кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеті болмаған кезде мынадай:
1) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізуден бас тартылған;
2) осы баптың 7-тармағына сәйкес қамтамасыз етудің бір тәсілін басқасына ауыстырылғану;
3) заңды тұлға кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімінен алып тасталған жағдайларда жүзеге асырылады.
12. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдаланылған ақшаны есепке жатқызуды (қайтаруды) мұндай қамтамасыз ету берілген кеден органы осы Кодекстің 113 және 114-баптарына сәйкес жүзеге асырады.
13. Егер кеден өкілі және (немесе) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыратын (қызметті жүзеге асыруға үміткер) заңды тұлға бір мезгілде уәкілетті экономикалық оператор болып табылса (уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізуге үміткер болса), кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету және (немесе) уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету заңды тұлға:
1) кеден өкілдерінің тізілімі мен кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне;
2) кеден өкілдерінің тізілімі мен уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне;
3) кедендік тасымалдаушылардың тізілімі мен уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне;
4) кеден өкілдерінің тізіліміне, кедендік тасымалдаушылардың тізілімі мен уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген кезде осы Кодекстің 489-бабының 2) тармақшасына, 496-бабының1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына және 535-бабының 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20 және 21-тармақтарына сәйкес айқындалған қамтамасыз етулердің бірінің ең жоғары сомасы мөлшерінде беріледі.
14. Осы баптың 13-тармағына сәйкес берілген, кеден өкілі және (немесе) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету осы баптың 2-тармағына және осы Кодекстің 535-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етеді.
15. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындамаған жағдайда, кеден органы екінші деңгейдегі банкке және (немесе) кепілгерге кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомаларын төлеу туралы талапты банк кепілдігінде және (немесе) кепілгерлік шартында көзделген, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындау мерзімдері аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жібереді. Бұл ретте кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындау мерзімдері аяқталған күннен кейінгі күннен бастап өсімпұл есепке жазылады.
Кеден органының кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомаларын төлеу жөніндегі талабын:
мұндай талапты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде - екінші деңгейдегі банктің;
мұндай талапты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілгердің бұжытпай және міндетті орындауына жатады.
Екінші деңгейдегі банк көрсетілген талапты орындамаған немесе орындау мерзімдерін бұзған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Кепілгер кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдырғаны немесе бөліп төлегені үшін мұндай пайыздар есепке жазылған жағдайда, өсімпұлдар, пайыздар төлеуді қоса алғанда, төлеуші сияқты көлемде кеден органы алдында жауапты болады.
Кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
487-бап. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жауаптылығы
Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптарын сақтамағаны үшін кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
57-тарау. КЕДЕН ӨКІЛІ
488-бап. Кеден өкілінің қызметі
1. Кеден өкілдерінің тізілімін уәкілетті орган жүргізеді.
2. Кеден өкілінің декларанттармен немесе өзге де мүдделі тұлғалармен қатынасы шарттық негізде туындайды.
3. Кедендік операциялар жасалған кезде кеден өкілі үшін осы Кодекске сәйкес декларант немесе өзге де мүдделі тұлғалар кедендік операциялар жасаған кезде белгіленгенге және қойылғанға қарағанда неғұрлым қолайсыз жағдайлар белгіленбеуге немесе анағұрлым қатаң талаптар қойылмауға тиіс.
489-бап. Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу шарттары
Кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу шарттары мыналар болып табылады:
1) өкілі болып отырған тұлғалардың мүлкіне зиян келтіру немесе осы тұлғалармен жасалған шарттарды бұзу салдарынан басталуы мүмкін кеден өкілінің азаматтық жауапкершілігінің тәуекелін, сақтандыру шартында белгіленетін сақтандыру сомасына сақтандыру шартының болуы;
2) Комиссия айқындайтын мөлшерде, ал кеден өкілі ретіндегі қызмет аясы кедендік әкету баждары салынбайтын және экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік операциялар жасаумен шектелетін заңды тұлғаға қатысты валюта бағамы қолданыла отырып, бір жүз елу мың еуроға баламалы мөлшерде кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету;
3) уәкілетті органға кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш берілген күнге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеттің болмауы;
4) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы шарттың (келісімнің) болуы.
490-бап. Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу тәртібі