17-тарау. ОРМАНДАРДЫ ҚОРҒАУ
260-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсiрген кезде мемлекеттiк орман қорының учаскелерiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру және орман өсiру кезінде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
261-бап. Орман иелеріне және (немесе) орман пайдаланушыларға пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Ауыл және орман шаруашылығын кешенді жүргізу үшін орман иелерінің және (немесе) орман пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануына берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасы Орман кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
2. Мемлекеттік орман қорының учаскелері пайдалануына берілген орман иелері және (немесе) орман пайдаланушылар оларда орман орналастыруды жүргізуге және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде белгіленген тәртіппен орман қорын мемлекеттік есепке алуды жүргізуге қатысуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiн, күзетiлуiн, қорғалуын, молықтырылуын және пайдаланылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
262-бап. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, осындай учаскелерді пайдалану, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру кезiндегi экологиялық талаптар
1. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзетуді, қорғауды, пайдалануды, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшін мемлекеттік орман иеленушілердің Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен бөтен жер учаскесін шектеулі мақсатты пайдалануға (сервитут) құқығы бар.
2. Табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсер етулерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттiк орман қоры учаскелерi шекараларының бойымен енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
3. Күзет аймағы шегiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде ормандардың жай-күйiне жағымсыз әсер ететiн қызметке тыйым салынады.
263-бап. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлiнген белдеулеріндегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлiнген белдеулерінде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болғызбауға, шудың әсер етуiн азайтуға арналған.
2. Темiржолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбыржолдардың және басқа да желiлiк құрылысжайлардың бөлінген белдеулерінде орналасқан, қорғаныштық екпелер бар учаскелерде орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитариялық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялауға байланысты кесуге және қорғаныштық екпелерді жасау жобаларына сәйкес өзге де мақсатта кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды өздерінің жерлерінде осы екпелер орналасқан жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
264-бап. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қорын қорғау
1. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қоры орман екпелері мен өзге де екпелер орналасқан аумақтардың жиынтығын білдіреді.
2. Қалалық және ауылдық қоныстардың жасыл қорын қорғау жасыл қорды сақтау мен дамытуды қамтамасыз ететін және экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру және қолайлы қоршаған орта жасау үшін қажетті іс-шаралар жүйесін көздейді.
3. Жасыл қордың құрамындағы аумақтарда көрсетілген аумақтарға жағымсыз әсер ететін және олардың экологиялық, санитариялық-гигиеналық және рекреациялық мақсаттағы функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіретін қызметке тыйым салынады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарда ормандарды күзету, қорғау және молықтыру, орман өсіру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
265-бап. Жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау режимі
1. Жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау мақсатында қызметтің шектеулі режимі белгіленеді.
2. Жасыл белдеулердегі қызметтің шектеулі режимі:
1) жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілер жай-күйінің қолайсыз өзгеруіне алып келмейтін қызмет түрлерін жүзеге асыру және технологияларды қолдану басымдығы;
2) әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен жасыл белдеулерде орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау міндеттерін шешудің теңгерімділігі қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жасыл белдеулердің құрамына кіретін аумақтарда:
1) уытты химиялық препараттарды, пестицидтерді, агрохимикаттарды пайдалануға;
2) қауіпті қалдықтарды орналастыруға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес қауіпті өндірістік объектілерге жатқызылған, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді орналастыруға;
4) минералдық сулар мен емдік балшықтар көздерін игеруді, басқа да табиғи емдік ресурстарды пайдалануды қоспағанда, пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге;
5) күрделі құрылыс объектілерін (гидротехникалық құрылысжайларды, байланыс желілерін, электр беру желілерін, құбыржолдарды, автомобиль жолдарын, теміржол желілерін, басқа да желілік объектілерді, көрсетілген объектілердің ажырамас технологиялық бөлігі болып табылатын ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру объектілерін, рекреациялық қызметті, туризмді жүзеге асыруға арналған объектілерді қоспағанда) құруға;
6) мал шаруашылығы және құс шаруашылығы кешендері мен фермаларын салуға, көң-қойма орнатуға;
7) мал қорымдарын орналастыруға;
8) улы химикаттар мен минералдық тыңайтқыштар қоймаларын орналастыруға тыйым салынады.
4. Бүлінген жерлерді рекультивациялау, жерлерді эрозиядан, су басудан, су жайылудан, батпақтанудан, қайтадан сортаңданудан, құрғаудан, қалдықтармен, химиялық заттармен ластанудан, зақымданудан және жасыл белдеулердегі басқа да жағымсыз әсер етуден қорғау басым тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Жасыл аймақтарды рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар ормандарда санитариялық қауіпсіздік шараларын орындауды және зиянды организмдердің ошақтарын жоюды, оның ішінде табиғи экологиялық жүйелердің тозуына, табиғи ресурстардың сарқылуына және қоршаған орта жай-күйінің өзге де жағымсыз өзгерістеріне алып келмейтін химиялық препараттарды қолдана отырып жоюды қамтиды.
6. Жасыл белдеулерде Қазақстан Республикасының орман заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, орман екпелерін және өзге де екпелерді жаппай кесуге тыйым салынады.
7. Орманды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жасыл белдеулердің аумақтарында басым тәртіппен, бірақ тиісті орман екпелерін және өзге де екпелерді кесу жүргізілген кезден бастап бір жылдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
8. Жасыл белдеулерде орналасқан ормандарды пайдалану, күзету, қорғау, молықтыру ерекшеліктерін орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
18-тарау. ӨСІМДІКТЕРДІҢ, ЖАНУАРЛАРДЫҢ, МИКРООРГАНИЗМДЕРДІҢ ГЕНДІК ҚОРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ГЕНЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
266-бап. Өсімдіктердің және табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін жануарлардың гендік қорын қорғау және молықтыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының құнды гендік қоры және ұлттық қазынасы болып табылатын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қатері төнген, эндемиялық және реликтік түрлерінің қырылуына, популяциясының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді.
2. Құнды табиғи гендік қор объектілері - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қатері төнген, эндемиялық және реликтік түрлерінің популяциясы, сондай-ақ селекцияда пайдаланылатын не болашақта селекция үшін әлеуетті ықтимал объектілер болып табылатын екпе өсімдіктердің және жануарлардың туыстастарын қоса алғанда, құнды агробиоәртүрлілік объектілері анықталған учаскелер заңнамада белгiленген тәртiппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлеріне, генетикалық резерваттарға және айналасына табиғи ресурстарды пайдаланудың ерекше шарттары бар қорғалатын не буферлiк аймақтар белгiленетін басқа да қорғалатын объектiлерге бөлінуі мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілері табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілуі мүмкін, ал олардың өсіп-өну және мекендеу учаскелері, шоғырлану және көбею орындары, миграция жолдары өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерінің сақталуын, осы учаскелерді пайдаланудың ерекше режимін қамтамасыз ететіндей қорғауда болуға тиіс.
Табиғи гендік қорды орналастыру учаскелерін карантиндік объектілер мен бөтен түрлерден қорғау қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі объектілерін молықтыру және пайдалану аналық дара нұсқаларының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүзеге асырылуға және осы салада ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде, сондай-ақ генетикалық ресурстарға қатысы бар ғылымның тиісті жетістіктерін, практиканы және дәстүрлі білімді пайдалану кезінде қабылданған әдеп талаптарына сай келуге тиіс.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 267-баптың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
267-бап. Табиғи-ғылыми коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын күтіп-баптау және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Өсімдіктердің (оның ішінде, гербарийлік коллекциялар), жануарлардың және генетикалық банктерді, ДНҚ мен РНҚ коллекцияларын қоса алғанда, микроорганизмдердің генетикалық коллекциялары олардың сақталуын, қол жеткізу мен пайдаланудың белгіленген режимін қамтамасыз ететін жағдайларда ұсталуға тиіс.
Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген коллекцияларға қол жеткізу және оларды пайдалану тәртібін, шарттарын ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Ботаникалық коллекцияларды, өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану тәртібін өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Табиғи-ғылыми коллекциялар мен генетикалық ресурстар коллекциялары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде мемлекеттік не жеке меншікте болуы мүмкін.
Меншік нысандарына қарамастан, ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қоспағанда, табиғи-ғылыми коллекциялар және оларды ұстаушылар ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алуға және тіркеуге жатады.
19-тарау. КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ СОЛТҮСТІК БӨЛІГІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ АЙМАҒЫ
268-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шекаралары
Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шекараларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
269-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру режимін шектеу
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шегінде функционалдық аймақтарға бөлу негізінде қызметке толық тыйым салынған қорық учаскелері бөліп шығарылады және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстың жекелеген түрлерін жүргізуге қосымша уақытша шектеулер енгізіледі.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қорық аймағында мынадай пайдалану режимі белгіленеді:
1) теңізде балықтардың қалыпты уылдырық шашуын және құртшабақтардың ширауын қамтамасыз ету үшін 1 сәуірден бастап 15 шілде аралығындағы кезеңде Жайық пен Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзенінің жер беті атырауының теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр радиуста, сондай-ақ 1994 жылы 1 қаңтардағы жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда аталған атыраулар бойындағы кеңістік шекараларының арасында және одан әрі шығысқа қарай Жем өзеніне дейін құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргізуге, ұңғымаларды сынауға және кеме қатынасына тыйым салынады. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша балық аулауды және оны тасуды, навигациялық жағдай құралдарын қоюды, ауыстыруды, алуды және тексеруді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын кемелердің қатынасына жол беріледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген кезеңде мұнай өндіру процесі жабдықтармен, химиялық реагенттермен, жанар-жағармай және басқа материалдармен, азық-түлікпен дербес қамтамасыз етуге көшірілуге тиіс. Тыйым салу кезеңі аяқталған соң кейіннен әкету үшін мұнай өндіру процесіндегі қалдықтарды жинақтау мен сақтауды қамтамасыз ететін барлық шаралар қабылдануға тиіс;
3) құстарды ұя салатын жерлерінде (қамыс нуларында, құмдауытты жағалау маңы шығанақтары мен аралдарда) сақтау мақсатында осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген кезеңде құрылыс жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ұңғымаларды сынауға тыйым салынады;
4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілгеннен басқа мерзімдерде құрлық - теңіз шекарасындағы қамысты нулардың (табиғи биологиялық сүзгілердің) шегінде жұмыстар жүргізу жылдың маусымы ескеріле отырып, қоршаған ортаны қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімдерімен реттеледі;
5) Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу қазан айынан бастап мамыр айы аралығында олар шоғырланған жерден 1852 метрден (бір теңіз милі) жақын болмайтын қашықтықта жүзеге асырылуға тиіс. Жатақтардың ауысуы ескеріле отырып, итбалықтар шоғырланған жерлерді анықтау үшін барлық мүмкін болатын шаралар қабылдануға тиіс;
6) құстар мен Каспий итбалығына жағымсыз әсер етуді болғызбау үшін қоршаған ортаны қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарды алдын ала хабардар ете отырып, ғылыми-зерттеу және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жағдайларды қоспағанда, олардың анықталған мекендеу және көбею орындарынан бір километрден төмен биіктікте әуе көлігінің ұшып өтуіне тыйым салынады.
3. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы экожүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңізде барлау мен өндіруді жобалау кезінде бұрғылау негіздерін салу, ұңғымаларды сынау және кеме қатынасы барынша шектеледі.
270-бап. Каспий теңізінің су қорғау аймағы
Каспий теңізінің жағалауы бойынша су қорғау аймағының ені осы Кодекстің 223-бабы 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, теңіздің соңғы он жыл ішіндегі орташа-көпжылдық деңгейі белгісінен екі мың метрге тең, минус 27 метрге тең деп қабылданады.
271-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандары
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандарын жергілікті атқарушы органдар нақты және перспективалық су пайдалануды ескере отырып, өз құзыреті шегінде белгілейді. Осындай аудан аумағының теңіз жағындағы ені теңіздің соңғы он жылдағы орташа-көпжылдық деңгейі белгісінен 3,9 километрден кем болмауға тиіс.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі халық су пайдаланатын жерлерде жағалау маңы суын қорғау аудандарының құрамында бөлінетін құрлықтың жағалау маңындағы белдеуі шекараларды айқындау бөлігінде де, қорғау режимі бөлігінде де Каспий теңізінің су қорғау аймағына сәйкес келеді.
272-бап. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағы шегінде қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының ықпал ету аймағының нақты тіркелген шекарасы болмайды және ол шамамен акваторий шегінде минус 29 метр абсолютті белгіден құрлықтағы минус 26 метрге дейін жетеді.
2. Каспий теңізі деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының ықпал ету аймағы шегінде:
1) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылысжайлармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланатын объектілерді жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
2) мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, техникаға техникалық қызмет көрсету пункттерін, механикалық шеберханаларды, жуу орындарын елді мекендер шегінен тыс жерге орналастыруға және салуға, қалдықтарды орналастыру орындарын ұйымдастыру мен жайластыруға, сондай-ақ судың сапасына жағымсыз ықпал ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
3) экологиялық рұқсатсыз құрылыс, түбін тереңдету және жару жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбаларды өндіруге, кәбілдер, құбыржолдар және басқа да коммуникациялар тартуға, бұрғылау, ауыл шаруашылығы және өзге де жұмыстарды орындауға тыйым салынады.
273-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында қызметті жүзеге асыру кезінде мынадай экологиялық талаптар сақталуға тиіс:
1) авариялық-құтқару жұмыстарын қоспағанда, топырақты қазып алуға және басқа жерге апаруға байланысты жұмыстарға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган беретін арнайы рұқсат болған кезде жол беріледі;
2) құрылысжайларды салу, монтаждау және бөлшектеу ластағыш заттардың барлық түрін жинауды қамтамасыз ететін технологиялар пайдаланылған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін;
3) құрылыс жұмыстары мен өзге де жұмыстардың кез келген түрін жүргізу кезінде су ішінде және теңіз түбінде жару жұмыстарын пайдалануға тыйым салынады;
4) теңіз түбіндегі жару жұмыстары қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау және жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсаты бойынша жүзеге асырылуы мүмкін;
5) суда жүзетін және су маңында жүретін құстардың ұя салатын жерлерін бұзуға, сондай-ақ бекіре балықтарының уылдырық шашатын жерлерге баруына бөгет жасауға тыйым салынады;
6) су тарту құрылысжайларын балық қорғау құрылғыларымен жарақтандырған кезде ғана теңізден су тартуға жол беріледі;
7) су тарту құрылысжайларында балық қорғау құрылғылары жұмысының тиімділігін үздіксіз бақылауға арналған техникалық құрылғылар орнатылуға тиіс;
8) қалдықтарды теңізге төгуге тыйым салынады;
9) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның рұқсаты бойынша төгілетін тазартылған сарқынды сулардың, оның ішінде салқындату және өрт сөндіру жүйелері суының, мұнайдан тазартылған теңіз суының, балласт сулардың шектеулі тізбесін қоспағанда, сарқынды суларды теңізге төгуге тыйым салынады;
10) бақылау тұстамасының шегінен тыс төгілу нәтижесіндегі судың температурасы соңғы үш жыл ішінде төгу кезеңіндегі судың орташа айлық температурасымен салыстырғанда бес градустан жоғары көтерілмеуге тиіс;
11) көлік маршруттары олардың теңіз сүтқоректілеріне, балықтар мен құстарға ықпалын болғызбайтындай немесе азайтатындай етіп таңдалуға тиіс;
12) арнайы талаптар қолданылатын аймақта жобаларда көзделмеген теміржолдарды, автомобиль жолдарын төсеуге, магистральдық құбыржолдарды тартуға тыйым салынады.
Су қорғау аймағында және тереңдігі он метрден аспайтын жағалау маңындағы таяз сулы учаскелерде жұмыстарды жүргізу үшін өнімділігі жоғары су түбіндегі топтар мен уылдырық шашатын жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін көлік құралдары пайдаланылуға тиіс. Қажет болған жағдайда, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу кезінде топырақ-өсімдік қабатының және сол жердегі биоценоздардың тұтастығын барынша аз дәрежеде бұзатын жалпақ шынжыртабанды, қысымы төмен шиналармен, ауа жастықшаларымен жүретін арнайы көлік құралдарын пайдалануға жол беріледі.
274-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте көзделген өзге де экологиялық талаптарға қосымша ретінде осы бапта белгіленген экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Келісімшарт аумағы шегінде бұрын бұрғыланған ұңғымалар табылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оларды балансқа қабылдауға және олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.
3. Авариялық жағдайдың туындау қатері төнген жағдайларды қоспағанда, ұңғымаларды пайдалану кезінде флюидтерді алау етіп жағуға тыйым салынады.
4. Ұңғымаларды сынау кезінде көмірсутектерді алау етіп жағу қоршаған ортаға неғұрлым қауіпсіз болып табылатын ең үздік қолжетімді техника қолданыла отырып, барынша азайтылуға тиіс. Тиісті техниканың қолданылуын негіздеу қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушы шыққан түтіннің сейілуіне ықпал ететін қолайлы ауа райы жағдайында ғана осы тармақта көрсетілген ең үздік қолжетімді техниканы қолдана отырып, ұңғымаларды сынау кезінде көмірсутектерді алау етіп жағуды жүзеге асыруға міндетті, бұл ретте алау қондырғыларының конструкциясы көмірсутектердің толық жануын қамтамасыз етуге тиіс.
5. Ұңғыма құстардың миграция жолдарында орналасқан жағдайда орнитофаунаға залал келтіруді болғызбау үшін ұйымдастырушылық-техникалық шаралар қабылдануға тиіс.
6. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде атмосфераға шығарындылар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған, сынақтан өткен қағидаттармен және әдістермен мониторингтеуге және бақылауға жатады.
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін бекітілген жобалық құжатта айқындалатын қалдықтарды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды алдын ала жүргізбей, бұрғылау қалдықтарын жер қойнауына айдауға тыйым салынады.
8. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ілеспе газды жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін бекітілген жобалық құжатта көзделген нормалардан асырып, қабаттық қысымды ұстап тұру арқылы мұнай беруді ұлғайтуды қамтамасыз ететіндей жер қойнауына айдауға, сондай-ақ ілеспе газды жобалық көрсеткіштерден асырып қысып айдауға тыйым салынады.
9. Қайталап пайдалануға тартылмайтын және жер қойнауына айдалмайтын бұрғылау қалдықтарын (шламдар мен ерітінділерді) залалсыздандыру және сақтау жөніндегі операциялардың барлығы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағынан тыс жерде орналасқан арнайы полигонда жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай арнайы полигон бұрғылау жұмыстары басталған күннен кешіктірілмей пайдалануға берілуге тиіс.