11) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың іске асырылу барысын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;
12) жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде жүгінген адамдарды тіркейді;
13) мансап орталықтары жұмыскерлерінің кәсіби тұрғыдан дамуы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;
14) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.
2. Еңбек мобильділігі орталығы өз функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада филиалдар түрінде құрылатын мансап орталықтары арқылы жүзеге асырады.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды қамтамасыз ету үшін еңбек мобильділігі орталығы мобильді (жылжымалы) мансап орталықтарын құрады.
3. Еңбек мобильділігі орталығы өз функцияларын іске асыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде Электрондық еңбек биржасын пайдаланады.
Еңбек мобильділігі орталығы жүгінген адамдарға өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында Электрондық еңбек биржасына тегін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
4. Еңбек мобильділігі орталықтарының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
21-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында жергілікті атқарушы орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияны (бұдан әрі - өңірлік комиссия) құрады.
2. Өңірлік комиссия облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейіндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдерінен жасақталады.
3. Өңірлік комиссия облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағында орналасқан мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың халықты жұмыспен қамту бөлігінде облыстың даму жоспарын, өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек картасын іске асыру мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
4. Өңірлік комиссияның қызметі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын тиімді түрде іске асыруды қамтамасыз етуге және оларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға бағытталған.
22-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жергілікті атқарушы орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияны (бұдан әрі - аудандық (қалалық) комиссия) құрады.
2. Аудандық (қалалық) комиссия ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, аудан, қала деңгейіндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аудандарындағы өңірлік кәсіпкерлер палаталары филиалдарының, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдерінен жасақталады.
3. Аудандық (қалалық) комиссия ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында орналасқан мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің халықты жұмыспен қамту бөлігінде облыстың даму жоспарын, өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек картасын іске асыру мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
4. Аудандық (қалалық) комиссияның қызметі ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын тиімді түрде іске асыруды қамтамасыз етуге және оларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға бағытталған.
23-бап. Электрондық еңбек биржасы
1. Электрондық еңбек биржасы - осы Кодекске сәйкес жұмыс іздеуді және персоналды іріктеуге жәрдемдесуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын білдіретін ақпараттандыру объектісі.
2. Электрондық еңбек биржасын қолдап отыруды және оған жүйелі-техникалық қызмет көрсетуді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жүзеге асырады.
24-бап. Отбасының цифрлық картасы
1. Отбасының цифрлық картасы - «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасында іске асырылған, отбасылардың (адамдардың) тізімдерін олардың әлеуметтік саламаттылығының деңгейі бойынша қалыптастыруға және сегменттеуге мүмкіндік беретін талдамалық шешім.
2. Отбасының цифрлық картасының мәліметтері осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғау шараларына әлеуетті мұқтаж адамдарды (отбасыларды) айқындау, оның ішінде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың проактивті мемлекеттік қызметтер көрсетуі үшін негіз болып табылады.
3. Отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
2-БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
САЛАСЫНДАҒЫ СУБЪЕКТІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ
25-бап. Қордың қызметі
Қор өз қызметін Қордың комиссиялық сыйақысы есебінен жүзеге асырады.
Қордың комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шамасын уәкілетті мемлекеттік орган жыл сайын, бірақ жылына екі реттен асырмай белгілейді.
Қордың комиссиялық сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Қордың комиссиялық сыйақысы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін тәртіппен, келіп түскен әлеуметтік аударымдардан, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдан, инвестициялық кірістен алынады.
Қордың меншікті қаражаты Қордың жарғылық капиталынан, комиссиялық сыйақыдан қалыптастырылады және тұрады.
Қор мынадай қызмет түрлерін:
1) әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды;
2) әлеуметтік аударымдардың, әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды қайтарудың, сондай-ақ инвестициялық кірістің есебін жүргізуді;
3) осы Кодексте көзделген тәртіппен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуді (айқындауды), оларды тағайындауды, жүзеге асыруды, тоқтата тұруды, қайта есептеуді, қайта бастауды, тоқтатуды және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарауды;
4) әлеуметтік төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің артық есепке жазылған (төленген) сомаларын қайтарудың есебін жүргізуді;
5) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуді;
6) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйені құруды және дамытуды жүзеге асырады.
Қорды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қабылдайды.
Осы Кодексте реттелмеген бөлікте Қордың қызметіне Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қолданылады.
26-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері
1. Қордың:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;
2) Қордың қызметін қамтамасыз етуге комиссиялық сыйақы алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілерінен Қордың қызметін қамтамасыз етуге қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
4) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар ашуға;
5) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, төлеушіге және өтініш берушіге сұрау салу арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарауға қажетті құжаттардың (мәліметтердің) анықтығына тексеру жүргізуге;
6) әлеуметтік төлемдерді тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы қабылданған шешімдерді уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда қайта қарауға;
7) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қор:
1) Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;
2) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда төлеушіге әлеуметтік аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтаруды жүзеге асыруға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің және олардан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтаруды қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, бұрын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алмауға;
4) Қордың уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
5) жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуді қамтамасыз етуге;
6) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығына бес жылда бір рет тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізуді қамтамасыз етуге;
7) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алынған жағдайда, әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату үшін шешімдердің жобаларын қалыптастыруға;
8) әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату не тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдауға;
9) әлеуметтік төлемдерге деген қажеттілікті есептеу жөніндегі болжамды деректерді қалыптастыруға;
10) график бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік корпорацияны күнделікті қаржыландыруды жүргізуге;
11) әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;
12) Қор активтерін есепке алуды жүзеге асыру үшін бағдарламалық қамтылым түрінде Қордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің болуына, сондай-ақ ақпараттың сақталуы мен санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз етуге;
13) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталығы болуына;
14) ақпараттық жүйелерден алынған әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
15) Мемлекеттік корпорацияға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы актілерінің негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы ақпаратты ұсынуға;
16) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынуға;
17) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Қор:
1) Қордың активтерін кепілге беруге;
2) кәсіпкерлікпен және осы Кодексте көзделмеген өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.
27-бап. Төлеушінің құқықтары мен міндеттері
1. Төлеушінің:
1) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда әлеуметтік аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтарып алуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорациядан төленген әлеуметтік аударымдардың сомалары және (немесе) олар бойынша өсімпұл туралы қажетті ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
3) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес басқа да құқықтарды іске асыруға құқығы бар.
2-тармақтың бірінші абзацының қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 262-баптың 6-тармағының редакциясында қолданылады
2. Төлеуші:
1) әлеуметтік аударымдарды және әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды уақтылы және толық көлемде төлеуге;
2) әлеуметтік аударымдар сомасын есептеуді және қайта есептеуді, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар уақтылы және (немесе) толық төленбеген жағдайда өсімпұлды есептеуді өзі дербес жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік кіріс органдарына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық есептілігін ұсынуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір қатысушы бойынша есептелген және төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) өсімпұл сомаларының бастапқы есебін жүргізуге;
5) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы тиісті кезең үшін өзіне тиесілі жалақының құрамдас бөліктері туралы ай сайын хабардар етілген кезде Қорға төленетін әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары туралы мәліметтерді оған ұсынуға;
6) Қордың сұрау салулары бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) беруге;
7) мемлекеттік кіріс органдарының талап етуі бойынша осы Кодекстің 256-бабында белгіленген тәртіппен өз пайдасына әлеуметтік аударымдар бойынша берешек өндіріп алынатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімін ұсынуға;
8) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
28-бап. Қордың активтерін құру
1. Қордың активтері Қордың комиссиялық сыйақысы, әлеуметтік төлемдерге және әлеуметтік төлемдердің артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтаруға бағытталған қаражат шегеріле отырып, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұл, инвестициялық кіріс, әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтару және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, Қорға түсетін өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.
2. Қордың активтері тек қана мынадай:
1) осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру;
2) тізбесі мен лимиттерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын активтерді инвестициялау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру;
3) әлеуметтік аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды, сондай-ақ өзге де қате есепке жатқызылған қаражат сомаларын қайтару мақсаттары үшін пайдаланылуы мүмкін.
3. Қордың активтері:
1) кепіл нысанасы бола алмайды;
2) кредиторлардың талап етуі бойынша өндіріп алынбайды;
3) мүлікке тыйым салу немесе өзге де ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;
4) Қордың және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассалық өкіммен өндіріп алынбайды;
5) осы Кодекстің 30-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сенімгерлік басқаруға берілмейді;
6) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды.
29-бап. Қор активтерінің сақталуын қамтамасыз ету
1. Мемлекет Қор активтерінің сақталуына және нысаналы пайдаланылуына кепілдік береді.
2. Қор активтерінің сақталуы:
1) Қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тиісті нормалар мен лимиттерді белгілеу арқылы оның қызметін реттеу;
2) инвестициялық қызметті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы жүзеге асыру;
3) Қордың активтерін инвестициялық басқару жөніндегі барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есепке алу;
4) Қордың меншікті қаражаты мен активтерінің бөлек есебін жүргізу;
5) Қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарға шектеу енгізу;
6) жыл сайынғы аудит жүргізудің міндеттілігі;
7) Қордың тұрақты қаржылық есептілігі арқылы қамтамасыз етіледі. Қордың қаржылық және өзге де есептілігінің тізбесін, нысандарын, Қордың оларды ұсыну мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды;
8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қор активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесі мен лимиттерін айқындауы;
9) Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялық декларацияда Қордың активтерін орналастыру кезінде әртараптандыру және тәуекелдерді азайту жөніндегі талаптарды белгілеу;
10) осы Кодекске сәйкес Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
30-бап. Қордың активтерін басқару тәртібі
1. Қордың активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялық декларация және Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қордың активтерін инвестициялау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қаржы құралдарының тізбесі мен лимиттеріне сәйкес Қордың активтерін орналастыруды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және жасалған шартқа сәйкес Қорға тоқсан сайын оның шоттарының және Қор активтерімен жүргізілетін инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті ұсынады.
31-бап. Қордың есепке алуы және есептілігі
1. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және Қордың меншікті қаражаты мен активтері бойынша қаржылық есептілікті бөлек-бөлек ұсынады.
2. Қор бухгалтерлік есепке алуды және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі және оларды сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
32-бап. Қордың аудиті
1. Қордың жылдық қаржылық есептілігінің аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйымдар жүргізеді.
2. Аудиторлық есеп коммерциялық құпия болып табылмайды.
3. Қордың жылдық қаржылық есептілігіне жүргізілген міндетті аудиттің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) Қордың меншікті қаражаты;
2) Қордың активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
4. Қордың жылдық қаржылық есептілігінің міндетті аудиті бойынша шығыстар Қордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
33-бап. Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер Қордың басшы қызметкерлері болып танылады.
2. Қордың басшы қызметкерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
1) атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары үшін:
білімі - жоғары кәсіби (заңгерлік, қаржылық, экономикалық);
халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшы лауазымдарда кемінде алты жыл жұмыс өтілі;
2) бас бухгалтер үшін:
білімі - жоғары кәсіби (қаржылық, экономикалық);
қаржы-бухгалтерлік саладағы басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі.
3. Қордың басшы қызметкері болып мынадай:
1) мінсіз іскерлік беделі жоқ адам тағайындалмайды.
Кәсібилігін, адалдығын, алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауын, оның ішінде қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қылмыстық жазаны қолдану туралы заңды күшіне енген сот үкімінің болмауын растайтын фактілердің болуы мінсіз іскерлік бедел болып табылады;
2) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервациялауға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған;
3) заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
4) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) тағайындалған күнге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған адам тағайындалмайды.
5-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ
34-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін ұйымдастыру
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғам нысанында құрылады, коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздер болуға тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «БЖЗҚ» деген аббревиатура пайдаланылып, оның атауын қысқартуға жол беріледі.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, заңды тұлғалардың өз атауында «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қандай тілде болмасын, толық және қысқартылған түрінде пайдалануына тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалғыз акционері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдайды.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі акцияларын сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының органдары, олардың функциялары мен өкілеттіктері, олардың шешімдерді қалыптастыруы мен қабылдауының тәртібі осы Кодексте, Қазақстан Республикасының Үкіметімен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің құрамына дауыс беру құқығымен тұрақты негізде кіреді.
7. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуды және есепке алуды жүзеге асырады және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Өзге тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартуына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуына және есепке алуына тыйым салынады.