4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса - осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса - осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса - бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;
7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса - сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады.
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі.
57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттері
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді.
58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді заңдастыру шаралары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
12-тарау. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшін жауаптылық. Дауларды шешу
59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
60-бап. Заңсыз көшіп келушілерді шығарып жіберу
1. Заңсыз көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге жатады.
Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
Заңсыз көшіп келушілерді кідіртіп ұстауға және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу үшін қажетті мерзімге ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жол беріледі.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп келушілер, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған не көшіп келушінің Қазақстан Республикасында заңсыз болу фактісі анықталған кезде оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл ретте шығарып жіберуге жұмсалған қаражаттар мүдделі мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған тұлғаларға талап арыздары бойынша сот тәртібімен өтелуге жатады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлік ұйымы жауапты болып табылады.
61-бап. Дауларды шешу
Уәкілетті органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (жоғары тұрған лауазымды адамға) және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
13-тарау. Қорытынды ережелер
62-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті мемлекеттік органдар берген құжаттар өзінің күшін сақтайды.
63-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3) тармақшасын, 50-баптың 1) тармақшасын және 10-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 117-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы шілденің 22-і
№ 477-IV ҚРЗ