Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды олар келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Аккредиттеу нәтижелері бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган шетелдік әуемен тасымалдаушыға Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларында белгіленген нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлік береді не одан уәжді түрде бас тартады.
Аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тарту үшін:
1) Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларына сәйкес тізбе бойынша құжаттарды ұсынбау не толық ұсынбау;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұсынылған құжаттарда анық емес мәліметтердің не қолданылу мерзімі өтіп кеткен мәліметтердің (құжаттардың) болуы негіз болып табылады.
Аккредиттеу тәртібі, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларында айқындалады.
4. Шетелдік әуемен тасымалдаушыға қатысты тасымалдауға құқық беру шарттары Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
5. Шетелдік әуемен тасымалдаушылар экипажды және жолаушыларды Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.
6. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың өкілдіктері Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді қазақ тілінде жүзеге асырады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
82-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау
1. Авиациялық жұмыстар азаматтық әуе кемесін пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Авиациялық жұмыстардың тізбесі мен оларды орындауға қойылатын талаптар Азаматтық авиация саласындағы ұшуларды жүргізу қағидаларында белгіленеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Азаматтық авиация ұйымының жұмыскерлері болып табылмайтын, бірақ авиациялық жұмыстарды орындау кезінде жұмысқа тартылған адамдар авиация персоналына жатпайды.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 82-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
82-1-бап. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың құқықтық жағдайы
1. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың қызметі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
2. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.
3. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператор тікұшақ қызметтерін көрсету жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы.
4. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың өкілеттіктеріне мемлекеттік органдар мен бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдарға тікұшақ қызметтерін ұсыну жатады.
10-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
83-бап. Әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тасымалдаушы, егер зиян еңсерілмейтін күштің салдарынан немесе жәбірленушінің ниетінен туындағанын дәлелдемесе, әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Жолаушыны әуемен тасымалдау жолаушы әуе кемесінің бортына отырғызылған кезден бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы әуе кемесінің бортын тастап шыққан кезге дейiнгi кезеңді қамтиды.
2. Халықаралық ұшуды орындаған кезде әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
84-бап. Багаж бен жүктің және жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер багаждың немесе жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) оның кінәсінен болмағандығын дәлелдемесе, залалды мынадай мөлшерде:
1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;
2) тасымалға құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - жарияланған құн мөлшерiнде;
3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін - багаждың, жүктің құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде - оның құны мөлшерінде өтейді.
Тасымалдаушы жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде залалды өтейді.
Халықаралық ұшуды орындаған кезде тіркелген багаждың, жүктің, жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
Егер багаждың, жүктiң бір бөлiгiнiң немесе солардың iшіндегі қандай да бір заттың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) сол багаж түбіртегiнде немесе жүкқұжатында жазылған багаждың немесе жүктiң құнына әсер ететін болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезде бүкіл осы багаждың және (немесе) жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
Тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуынан, жетіспеушілігінен немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген залалды өтеумен қатар, жөнелтушiге (алушыға), егер тасымалдау ақысы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, жетіспеген, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе багажды тасымалдау үшiн алынған ақыны қайтарады.
2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 85-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
85-бап. Пошта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі, зақымданғаны (бүлінгені) және (немесе) жеткiзiлуiнiң кешіктірілгені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушының кінәсінен пошта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі, зақымданғаны (бүлінгені) және (немесе) жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн пошта операторлары жөнелтушілердің немесе адресаттардың алдында жауапкершілікте болған мөлшерде тасымалдаушы пошта операторларының алдында материалдық жауапкершілікте болады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
86-бап. Тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі
1. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай:
1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
2. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
87-бап. Азаматтық авиация қызметімен байланысты міндетті сақтандыру
Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен жабдықтарының меншік иелері (иелері) мен пайдаланушылары Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңдарының талаптарына сәйкес өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде жолаушылардың және авиация персоналының алдындағы, сондай-ақ жүк иесінің немесе жүкті жөнелтушінің алдындағы жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Халықаралық әуемен тасымалдау кезіндегі сақтандыру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 11-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-тарау. ҰШУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН ІС-ӘРЕКЕТТЕР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 88-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
88-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері мен іс-әрекеттері
1. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдар:
1) әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің талаптарын, сондай-ақ қосылған ақпараттық таблода көрсетілген іс-әрекеттерді сөзсіз орындауға;
2) қол жүгі мен жеке заттарын осы үшін арнайы бөлінген орындарға орналастыруға;
3) әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-әрекеттерді орындауға міндеттейтін ақпараттық табло қосылған кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға;
4) бүкіл ұшу кезінде әуе кемесінің бортында тәртіп пен реттілікті сақтауға міндетті.
2. Әуе кемесiнің бортындағы адамдардың, оның iшiнде кеменің иесі болып табылатын адамдардың экипаждың iс-әрекетіне араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету не әуе қозғалысын басқару органдарының нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдардың:
1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар туғызуына;
2) экипаж мүшелеріне қауіп төндіруіне;
3) 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың бүкіл кезеңдерінде ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін пайдалануына, әуе кемесін жүргізу, биікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануына тыйым салынады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 89-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
89-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдар ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар
Осы Заңның 88-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларына:
ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында адамдардың өміріне немесе денсаулығына және әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, зорлық-зомбылық актісін жасау;
әуе кемесіне және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін оның жабдықтарына зақым келтіру;
ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін көрінеу жалған мәліметтерді хабарлау;
әуе кемесін қиратуы немесе ұшу кезінде оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіруі мүмкін қондырғыларды немесе заттарды әуе кемесіне орналастыруға әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасау;
әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің есіктерін және (немесе) авариялық шығатын есіктерді ашуға әрекет ету;
темекі бұйымдарын тұтыну жатады.
90-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі мүмкiн қызмет
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассаларының шегіндегі жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқа да бөгеттердiң құрылысы; оның салдарынан әуе кеңiстiгiнде электромагниттiк, жарық арқылы, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулелену түрлері жүргізілетін жұмыстар; құстардың топталып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдаланумен тікелей байланысты емес, бірақ ұшудың, әуе кемелері жабдықтарының және олардағы адамдардың қауіпсіздігіне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
Мұндай қызмет Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағиадаларына сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Рұқсат алу:
1) биіктігі мен орналасқан жері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалған әуеайлақ ауданындағы барлық объектілерді;
2) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық арқылы сәулелену объектілерін;
3) жарылыс қаупі бар объектілерді;
4) шығарылатын газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғыларды орналастыру үшін талап етіледі.
Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарудың ең жоғары ықтимал биіктігі ескеріледі;
5) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы көрудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстарды орналастыру үшін талап етіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген объектілерді орналастыру жергілікті атқарушы органдар немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Әуеайлақтың бақылау нүктесінен он бес километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды және құстарды тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндiретiн қызметтi жүзеге асыру ережелерiнің бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар осы бұзушылықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
6. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі ықтимал қызмет атқарылып жатқан ауданға олардың абайсызда ұшып кіру жағдайларын болғызбау үшін, осындай қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға аталған қызмет туралы хабар беруге мiндеттi.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Осындай қызметтiң жүзеге асырылуын бақылауды және қадағалауды азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде орындайды.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс және монтаждау жұмыстарының барлық түрін жүргізуді ұлттық қауіпсіздік органдары немесе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.
91-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi таңбалау
1. Ғимараттар мен құрылыстардың иелерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына, Қазақстан Республикасының азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орнатуға мiндеттi.
Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берiлмейдi.
2. Әуеайлақ ауданындағы объектiлерге таңба салудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға жүктеледi.
12-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР МЕН ИНЦИДЕНТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТЕКСЕРУ
92-бап. Авиациялық оқиғалар мен инциденттер
1. Әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың мерт болуына (дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болуына) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған оқиға мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиға деп танылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, пилот басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе пилотсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) дене жарақатын табиғи себептер салдарынан алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушыларға дене жарақаты салынған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы, осы әуе кемесінен бөлініп түскен бөлігін қоса алғанда, әуе кемесінің қандай да бір бөлігімен тікелей жанасуы, реактивтік қозғалтқыш газдары ағысының тікелей әсері салдарынан дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болған немесе денсаулығына ауыр зиян, сондай-ақ денсаулығына ауырлығы орташа зиян келген;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мыналарды:
бір ғана қозғалтқыш, оның капоттары немесе оның қосалқы агрегаттары бүлінген кездегі қозғалтқыштың істен шыққан немесе зақымданған;
тек қана әуе бұрандалары, күш түсетін бұрандалардың қалақтары, соңғы жағындағы бұранданың қалақтары, планердің күш түспейтін элементтері, ағыстатқыштар, қанатының ұштары, антенналар, датчиктер, қалақтар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар, алдыңғы әйнектері, доңғалақтары зақымданған немесе шассилері, шассилердің ашылатын панельдері болымсыз зақымданған не қаптамада аздаған майысқан жерлер немесе ойықтар болған, оның ішінде бұршақтың немесе құстармен соқтығысудың салдарынан (радиолакатор антеннасының ағыстатқышындағы ойықтарды қоса алғанда) аздаған зақымданған жағдайларын қоспағанда, әуе кемесі зақымданған немесе оның конструкциялары сынған, соның салдарынан әуе кемесі конструкциясының беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, ірі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру қажет болатын;
3) әуе кемесі хабарсыз жоғалып кеткен немесе оған бару мүлдем мүмкін болмайтын жерде болған авиациялық оқиға азаматтық (эксперименттік) авиациядағы оқиға деп танылады.
3. Мемлекеттік авиациядағы авиациялық инцидент деп әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
4. Азаматтық (эксперименттік) авиациядағы авиациялық инцидент деп азаматтық әуе кемесін пайдаланумен байланысты, қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған және әуе кемесінің, экипаждың, ұшуды басқару және қамтамасыз ету қызметтерінің қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты, ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
93-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру
1. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тексерілуге жатады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру мақсаты оқиғаның себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтау, болашақта авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Кімнің болсын кінәсі мен жауапкершілігін анықтау авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты болып табылмайды.
Азаматтық және эксперименттік авиацияда авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия жүзеге асырады.
Тізбесі азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында белгіленген оқыс оқиғалардың жекелеген түрлерін ұшу қауіпсіздігін басқару жүйелері шеңберінде пайдаланушылар (азаматтық авиация ұйымдары) дербес тергеп-тексереді. Мұндай тергеп-тексерулер азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін пайдаланушылар (азаматтық авиация ұйымдары) түпкілікті есепті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға береді.
Мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеруді мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізу тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ мемлекеттік авиациядағы авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізу тәртібі мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен Қазақстан Республикасында мемлекеттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.