2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;
2) монументтік өнер құрылыстарын орнатуды;
3) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;
2) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін жұмыстарды қоспағанда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.
4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
14-бап. Меншік құқығы субъектілері
Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері болып табылады.
15-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік меншік
Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени құндылығы бар, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын құрайтын тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығына олардың меншік иелерімен жасалатын шарттар бойынша ие болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін - уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.
16-бап. Тарих және мәдениет ескерткіші меншік иесінің құқықтары
Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік объектілері ретінде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары, оларды өз бетінше жою құқығын қоспағанда, тиесілі болады.
Тарих және мәдениет ескерткішінің меншік иесі, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқықтарымен тиесілі болса және пайда болуы немесе мазмұны бойынша өсиет қалдырушының жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, елу жылға дейiнгі мерзімге ескерткіштің мазмұнын жарияламауды талап етуге немесе зерттеу үшін қол жеткізуден және көпшілікке көрсетуден бас тартуға құқылы.
Меншік иесінің тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (кіріс алуға) құқығы бар, бұл қорғау міндеттемесімен шектеледі.
17-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерi меншік иелерінің және оларды пайдаланушылардың міндеттері
1. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің меншiк иелерi және оларды пайдаланушылар:
1) тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану;
2) осы Заңның 16-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тарих және мәдениет ескерткiшiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалатын шарттарда белгіленетін тәртіппен және шектерде ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы оларды сақтау жөніндегі қызметтi жүзеге асырады және тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттарын сақтауға мiндеттi.
2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын меншік құқықтарындағы болжанып отырған немесе болған өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен оларды пайдаланушылардың тарих және мәдениет ескерткіштерін күтіп-ұстау шарттары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін қорғау міндеттемесінде тіркеледі.
18-бап. Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін алып қою
Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 256-бабына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына және осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
19-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіне меншік құқығын иелену кезіндегі артықшылықтар
Ортақ үлестік меншіктегі тарих және мәдениет ескерткішінің бөліктері меншік иелерінің осы тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін меншікке иеленуге артықшылықты құқығы болады.
Тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін иеленудің осы баптың бірінші бөлігінде көзделген артықшылықты құқығы сатып алушы меншігінің тарих және мәдениет ескерткіші деген мәртебесі болмаған жағдайларға да қолданылады.
Тарих және мәдениет ескерткіші жария сатылған кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің нарықтық (аукциондық) баға бойынша артықшылықты иелену құқығы бар.
20-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану
1. Тарихи-мәдени мұра объектілері ғылыми, білім беру және ақпараттық мақсаттарда пайдаланылады.
2. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, зерттеу және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
21-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті орган бекітеді.
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.
22-бап. Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия
Тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында уәкілетті органның жанынан консультативтік-кеңесші орган - тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылады.
Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ережесін және құрамын уәкілетті орган бекітеді.
23-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану
1. Тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін қайта жаңғырту және сақтау мақсаттарында, сондай-ақ ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланылады.
2. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің жерін пайдалану режимi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының жобаларында айқындалады.
3. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, зерттеу, кеңінен таныту және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
24-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру тәртібі мен шарттары
1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беру ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда жүзеге асырылады.
2. Коммуналдық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.
Республикалық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.
Коммуналдық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.
Республикалық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.
25-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыру
Тарих және мәдениет ескерткішін пайдаланып жүрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішін оның сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндетін бұзған, соның салдарынан тарих және мәдениет ескерткішіне жойылу немесе бүліну қатері төнген жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалану құқығынан айырылады.
26-бап. Меншікке және пайдалануға берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда, тарихи-мәдени мұра объектілері алып жатқан жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылады.
27-бап. Қала құрылысы жобаларын келісу
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын қозғайтын қала құрылысы жобалары уәкiлеттi органмен келісілуге жатады.
28-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары
1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне оның қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы белгіленеді.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын айқындауды:
жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - жергілікті атқарушы органдар;
халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді және тарих және мәдениет ескерткіштерінің орналасуы тіркелетін тиісті жергілікті жердің тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі.
3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.
29-бап. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту
1. Тарих және мәдениет ескерткішінің паспортында көрсетілген тарих және мәдениет ескерткішінің кеңістіктегі тұрған орнын, оның келбетін, көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын, интерьерін және өзге физикалық сипаттамаларын өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту болып табылады.
2. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынады.
Бұған тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайларда немесе егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайларын жақсартуға алып келетін болса:
1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде уәкілетті органның;
2) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен ғана жол беріледі.
3. Шешімді алған жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстырған және оны өзгерткен кезде оның сақталу жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.
Орны ауыстырылған және өзгертілген тарих және мәдениет ескерткішін:
жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган тіркейді.
4. Көрсетілген жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты шығыстар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге шешім алған жеке және заңды тұлғалардың есебінен жүргізіледі.
30-бап. Аумақтарды игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету
1. Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды одан әрі жүргізуді тоқтата тұруға және үш жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына хабарлауға міндетті.
2. Жер учаскелерін игеру сатысында тарихи-мәдени мұра объектілері анықталған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары табылғаны туралы хабарланған кезден бастап бір ай ішінде оларды алдын ала есепке алу тізіміне қосады және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін олар осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.
Жер учаскелерін игеру барысында анықталған және алдын ала есепке алу тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастауды тиісті мемлекеттік органдар олар алдын ала есепке алу тізіміне қосылған кезден бастап үш ай ішінде жүргізеді.
Осы тармақта көзделген іс-шаралар белгіленген мерзімдерде орындалмаған жағдайда, меншік иесі не жер пайдаланушы жер учаскесін игеруді қайта бастауға құқылы.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне қосылған тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумақтарында үлкен ауқымдағы қалпына келтіру немесе жаңа құрылыс жұмыстарын бастау ниеті болған кезде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне алдын ала хабарлама жібереді.
3. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
31-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау
1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарының негізінде жүзеге асырылады.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінде жоспардан тыс ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
2. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жоспарын уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.
3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.
4. Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді.
Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.
5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.
32-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар
Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарға мыналар жатады:
1) ғылыми зерттеу - тарих және мәдениет ескерткішін зерделеуге, сақталу сапасын, дәрежесін бағалауға және сақтау бойынша жүзеге асырылатын қажетті жұмыстардың көлемін айқындауға бағытталған іс-шаралар кешені, оның ішінде ғылыми-жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында жүзеге асырылатын қызмет;
2) консервациялау - тарих және мәдениет ескерткішін одан әрі бұзылудан сақтайтын және тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи қалыптасқан келбетін өзгертпей, конструкциялық бөліктері мен сәндік элементтерін бекітуді және қорғауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені. Тарих және мәдениет ескерткішінің физикалық тұрғыдан сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралардан тұратын аварияға қарсы жұмыстар да консервациялауға жатады;
3) реставрациялау - құндылығы жоқ әрі тарих және мәдениет ескерткішінің келбетін бұзатын қабаттарынан тазарту арқылы тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуы мен ашылуын, ғылыми негізделген деректер негізінде ғимараттың, ансамбльдің және кешеннің жоғалған элементтерінің орнын толтыруды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;
4) қайтадан жасау - жеткілікті ғылыми деректер мен тарих және мәдениет ескерткішінің ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы болған кезде жоғалған тарих және мәдениет ескерткішін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;
5) жөндеу - тарих және мәдениет ескерткішінің бұрынғы келбетін өзгертпей, мерзімдік жұмыстар жүргізу арқылы оның техникалық жай-күйін сақтап тұру жөніндегі іс-шаралар кешені;
6) бейімдеу - тарих және мәдениет ескерткішінің тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оны қазіргі заманға сай пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені.
2. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар бюджет қаражаты, инвестициялар тарту, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетін жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия негізінде жүзеге асырады.
5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды бастағанға дейін күнтізбелік он күн бұрын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың басталғаны туралы, уәкілетті органға халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың басталғаны туралы хабар беруге міндетті.
6. Жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде:
жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сипаты мен қорытындысы қамтылатын есепті - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына;
халықаралық және республикалық маңызы тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сипаты мен қорытындысы қамтылатын есепті уәкілетті органға жібереді.
33-бап. Археологиялық жұмыстарды жоспарлау
1. Археологиялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен археологиялық жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.
Археологиялық жұмыстарды жоспардан тыс жүргізуге жол берілмейді.
2. Археологиялық жұмыстар жоспарын уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.
3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.
4. Уәкілетті орган археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді.
Археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.
5. Археологиялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.
34-бап. Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының аумағында археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия болған кезде жол беріледі.
Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін, бұл жөнінде уәкілетті органға хабар берілетін жұмыстарды қоспағанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына археологиялық жұмыстардың басталғаны туралы жұмыстарды бастағанға дейін күнтізбелік он күн бұрын хабар беруге міндетті.
2. Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі.
3. Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің Қазақстан аумағында археологиялық жұмыстармен айналысатын жеке және заңды тұлғалары археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде мынадай құжаттарды жібереді:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы, археологиялық объектінің атауы, қаржыландыру көзі көрсетілген хат;
2) археологиялық жұмыстардың мақсаттарын, міндеттерін және сипатын қамтитын қысқаша есеп;
3) әрбір материал мен олжаның түрлі-түсті фотосуреттері қоса беріле отырып, материалдар мен олжалардың мөлшері, салмағы, пішіні, дайындалу материалы, орындалу техникасы көрсетілген материалдар мен олжалар тізбесі.
4. Ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде қарайды.
5. Осы баптың 3-тармағына сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде жеке және заңды тұлғаларға жетіспейтін құжаттарды немесе ақпаратты сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беру қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.
6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген, келіп түскен құжаттарды қарау үшін уәкілетті орган тұрақты жұмыс істейтін сараптама комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
7. Комиссия отырыстары жеке және заңды тұлғалардан құжаттардың келіп түсуіне қарай өткізіледі.