6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Дауларға шағым жасау және оларды қарау тәртібі
Субъектінің, меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезіндегі іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Меншік иелері және (немесе) операторлар нормативтік құқықтық актілерді және өзге де құжаттарды осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай мерзім ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруге міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған дербес деректерді жинау, өңдеу, егер осы деректерді одан әрі өңдеу және қорғау оларды жинау мақсаттарына сай болса, осы Заңның талаптарына сәйкес келеді деп танылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы мамырдың 21-і.
№ 94-V