76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар туралы есептілік ұсынуға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын есептілік мерзімді немесе бір реттік болуы мүмкін.
Мемлекеттік органға ұсынылатын мерзімді есептілікте жер қойнауын пайдаланушының белгілі бір кезең ішіндегі (есепті кезең) қызметінің нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.
Жер қойнауын пайдаланушы бір реттік есептілікті мемлекеттік органға нақты бір мәселе бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы хабарлау мақсатында ұсынады.
Есептіліктің құрамы және оны ұсыну тәртібі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның жазбаша сұрау салуы бойынша осындай сұрау салуды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға міндетті.
3. Кен іздеушілікті және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға Өндіруші салалар ашықтығының бастамалары стандартында көзделген, «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті ұсынуға міндетті.
Осы есептіліктің нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты Қазақстан Республикасындағы Өндіруші салалар қызметі ашықтығының бастамалары стандартын іске асыру бойынша уәкілеттік берілген мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
77-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділік жасау
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беретін мемлекеттік орган берілген жер қойнауын пайдалану құқықтары туралы ақпаратқа ашық қолжеткізуді қамтамасыз етеді.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпарат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, мынадай мәліметтерді:
1) берілген лицензияның мазмұны және жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарт туралы;
2) мыналарды:
өздеріне (өзіне) тиесілі бақылау нысанын және тәсілін;
жеке тұлғалар үшін - тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдаланушыны бақылаушы тұлғалар және ұйымдар туралы;
3) ұсынылған есептілікке сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жылдар бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасы туралы;
4) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жылдар бойынша төлемақының (жалдау төлемдері) төленген сомалары туралы;
5) қамтамасыз етудің түрін, қамтамасыз ету сомасын, оның қолданылу мерзімін және қамтамасыз етуді берген ұйымның атауын қамтитын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюды қамтамасыз ету туралы;
6) мыналарды:
кепілді тіркеу күнін;
жеке тұлғалар үшін - кепіл ұстаушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - кепіл ұстаушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) тіркелген кепілі туралы;
7) мыналарды:
ауысудың негізі мен күнін;
алынатын жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес мөлшерін;
жеке тұлғалар үшін - алушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - алушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы туралы;
8) егер тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін қамтамасыз ету жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшартта немесе лицензияда көзделсе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін алдыңғы есепті кезеңде сатып алған тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесі туралы;
9) егер жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық мамандарды оқытуға, Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға, жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдауға жылдар бойынша жұмсаған шығыстары жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелері болып табылса, осындай шығыстардың жалпы сомасы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Геологиялық есептер мен өзге де құжаттамада қамтылатын, мемлекеттік органдар осы Кодекске сәйкес алған геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық құпиясы болып табылады және көрсетілген органдар оның құпиялылығын сақтау шараларын қабылдауға міндетті.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган көрсетілген геологиялық ақпаратты жариялау немесе оған ашық қолжетімділік жасау арқылы оны:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның негізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыдан оны алған күннен бастап қатарынан бес жыл өткен соң ашып көрсетеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны иеленушінің жазбаша өтініші бойынша құпиялылық мерзімі өтініште көрсетілген, бірақ бес жылдан аспайтын кезеңге ұзартылады. Мұндай ұзарту туралы өтініш құпиялылықтың бастапқы бес жыл мерзімі өткенге дейін берілуі мүмкін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыдан алынған геологиялық ақпарат бойынша);
3) жер қойнауын пайдаланушының жазбаша келісімімен;
4) басқа мемлекеттік органдар алынатын мәліметтер құпиялылығын сақтау шараларын қабылдаған жағдайда, олардың талап етуі бойынша;
5) бұрын осындай мәліметтер алынған тиісті жер қойнауы учаскесі қайтарылған күннен бастап үш ай өткен соң;
6) егер мәліметтер жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде алынған болса, ашып көрсетеді.
Көрсетілген мәліметтерді өзге тәсілмен ашып көрсетуге тыйым салынады.
4. Келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді елішілік құндылық бөлігінде орындауға қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және жүргізуі туралы, қазақстандық мамандарды оқытуға арналған шығыстар туралы және Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар көлемдері туралы ақпарат құпия болып танылмайды.
Осы тармақта құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын тұлғалардың анықталған бұзушылықтар және қабылданған шаралар туралы ақпаратпен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарында танысуға құқығы бар.
V БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУЛАР, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
12-тарау. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
78-бап. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу тәртібі
Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыруға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес реттелуге тиіс.
79-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы кінәлі тұлғаларды жол берілген бұзушылықтарды жою міндетінен босатпайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу салдарынан жер қойнауы ресурстарына залал келтірген тұлғалар келтірілген залалды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтеуге міндетті.
Жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау әдістемесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітеді.
80-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт пен лицензия бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта немесе лицензияда көзделген міндеттемелерді бұзу осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығына алып келеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт және лицензия шарттарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы шарттардың бұзылғандығын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап үш жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар немесе лицензиялар бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы мерзімнің және оны есептеу тәртібінің өзгеруіне алып келмейді.
13-тарау. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары, қағидаттары, негізгі бағыттары және түрлері
81-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары
Қазақстан Республикасының және өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жер қойнауын зерттеу, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзара көмегі мен бірлескен әрекеттерін үйлестіру жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың мақсаты деп танылады.
82-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
1. Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық өзара құрметтеу, сенім білдіру, өзара көмек, ымыраға келу, кемсітпеушілік, бір-бірінің істеріне араласпау, қабылдаған міндеттемелерді уақытында орындау, дауларды бейбіт түрде шешу қағидаттарына негізделеді.
2. Мемлекет пайдалы қазбаларды зерттеу, барлау мен өндіру және жерасты кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастыруға нарықтық тәсілдерді ендіру арқылы инвестицияларды тарту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін қолайлы жағдай жасауғакүш-жігерін салады.
83-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары
Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары мыналар болып табылады:
1) минералдық-шикізаттық базаны ұлғайту мақсатында өзара тиімді негізде жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүзеге асыру, бір мезгілде қауіпсіздік деңгейін арттыру және қоршаған ортаның ластануын барынша азайту жағдайында өндіріс тиімділігінің өсуін және пайдалы қазбаларды және оларды қайта өңдеу өнімдерін пайдалануды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік билік және басқару органдарының тиімді ынтымақтастығының жаңа тетіктерін әзірлеу;
3) минералдық-шикізаттық ресурстардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің нарығын дамыту, оның ішінде халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы елдердің шаруашылық қызмет субъектілерінің өзара тиімді кооперативтік байланыстарын орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы дамыту;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу, минералдық-шикізаттық базаны молайту және сапалық жақсарту саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
5) минералдық-шикізаттық ресурстар, сондай-ақ оларды қайта өңдеу (өзгерту) өнімдері ағынының халықаралық транзиті мақсатында көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті жеңілдету;
6) қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдалану қауіпсіздігі саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
7) минералдық-шикізаттық ресурстарды өндіру және (немесе) қайта өңдеу (өзгерту) жөніндегі кәсіпорындардағы ірі аварияларды болдырмауда және олардың салдарын жоюда ынтымақтастық жасау;
8) кезеңдер, пайдалы қазбалар қорларының сыныпталуы, геологиялық есептердің, пайдалы қазбалар қорлары баланстарының және басқа да геологиялық ақпараттың нысаны мен мазмұны бойынша жұмыстардың мазмұнына қойылатын әлемдік практикада қабылданған талаптар базасында геологиялық барлау жұмыстарын регламенттейтін нормативтік-әдістемелік құжаттарды жетілдіру және келісу жөніндегі шараларды үйлестіру;
9) минералдық-шикізаттық ресурстарды барлау, өндіру, қайта өңдеу (өзгерту) және пайдалану саласында қолданылатын жаңа технологияларға қолжетімділікті жеңілдету;
10) трансшекаралық кен орындарын бірлесіп барлау мен әзірлеуге және жер қойнауының өзге де трансшекаралық ресурстарын игеруге қатысу.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
VI БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
14-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеудің шарттары мен тәртібі
84-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің геологиялық түсіру жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды, сондай-ақ жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында үш жыл ішінде жер қойнауын пайдалануға құқығы бар.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның иесіне геологиялық зерттеу учаскесіне айрықша құқықтар бермейді.
85-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу аумағы
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы шегінде берілуі мүмкін.
2. Лицензия иесінің, аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу жағдайларынан басқа кезде, пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру үшін басқа тұлғаға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесінің аумағында осындай тұлғаның келісімінсіз жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқығы жоқ.
86-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәліметтер;
2) геологиялық зерттеу аумағын құрайтын блокқа (блоктарға) нұсқаулар.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес өтініш иесі әзірлеген және бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жоспары және (немесе) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
4. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
87-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодекстің 86-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, лицензия беруден бас тартады.
3. Лицензия беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
4. Лицензияны беруден бас тартуға өтініш иесі бұл туралы хабарлама алған күннен бастап оған он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
5. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
88-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттары
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттары мыналар болып табылады:
1) геологиялық зерттеу жоспары;
2) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
2. Геологиялық зерттеу жоспары геологиялық түсірілім жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды жүргізу үшін әзірленеді.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы кен орындарын және жерасты суларының учаскелерін іздестіруді және бағалауды жүргізу үшін әзірленеді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Геологиялық зерттеу жоспарында геологиялық түсірілім жұмыстарының және (немесе) геофизикалық жұмыстардың түрлері мен тәсілдері, шамамен алғандағы көлемдері, аумақтары және үш жылдық кезеңдегі осындай жұмыстарды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасында жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының түрлері, әдістері мен тәсілдері, бұрғыланатын ұңғымалар саны және олардың сипаттамалары, үш жылдық кезеңдегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері, іздестіру-бағалау жұмыстарының салдарын жою жөніндегі шаралар және олардың құнын бағалау сипатталады.
Геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістері мен тәсілдерін, олардың көлемдері мен жүргізу мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарында дербес айқындайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ олардың көлемдері өзгерген кезде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге және оларды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға беруге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер экологиялық рұқсат немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алуды талап етсе, геологиялық зерттеу жөніндегі өзгертілген жобалау құжаттары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға экологиялық рұқсат немесе тиісінше, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ұсынылады.
5. Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия берілгеннен кейін енгізілетін өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісуге жатады. Мұндай келісу өзгертілген жоба ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына өзгерістерді, геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес келмесе, мұндай өзгерістерді келісуден бас тартады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тарту жер қойнауын пайдаланушыны келісу үшін қайтадан жүгіну құқығынан айырмайды.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
89-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесі шегінде экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыстарды жүргізуге құқылы.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша жүргізілетін жұмыстар құжаттастыруға жатады. Құжаттамада жер қойнауын дұрыс зерттеуге қажетті барлық мәліметтер көрсетіледі.
3. Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жүргізілген операциялар барысында алынған геологиялық ақпараттың дұрыстығы мен сақталуын;
2) геологиялық құжаттаманы жүргізудің уақтылығы мен сапасын;
3) лицензия берген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде геологиялық зерттеу учаскесі бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептерді және осындай жұмыстардың нәтижелері бойынша геологиялық есепті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, жарылғыш заттарды тұрақты түрде жинап қоюға және сақтауға, жыралар, шурфтар, траншеялар және тау-кен қазбаларының басқа да түрлерін жасауға, сондай-ақ аршу жұмыстарын жүргізуге құқығы жоқ.
Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде геофизикалық зерттеулермен және жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарымен байланысты мақсаттарда ғана ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
5. Жерасты сулары учаскесінің қорларында жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сараптама жасалуға тиіс. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін, жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені және оның құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары учаскесінің қорларын жерасты суларының мемлекеттік есебіне алу үшін осы қорлар туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негіз болып табылады.
Жерасты суларын өндіру Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
90-бап. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу бойынша есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша мерзімді геологиялық есептер ұсынып отыруға міндетті.
2. Мерзімді геологиялық есептер жыл сайын өткен күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың іс жүзіндегі кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есеп көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін оның иеленушісі болып табылатын тұлға лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті ұсынуға міндетті.
4. Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.