3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын, бір жыл алға болжанатын шығындарды жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерінен өндірілген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне берілген электр энергиясының бір киловатт-сағатына есептеп айқындауға және болжамды жылдың он бесінші қаңтарынан кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпаратты жариялауға міндетті.
4. Қаржы-есеп айырысу орталығы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын он бес жыл мерзімге жасасады және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуды тиісті тіркелген тарифтің қолданылу мерзімінен аспайтын мерзім ішінде жүзеге асырады.
5. Қаржы-есеп айырысу орталығы «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуге және оның нәтижелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар:
1) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айға дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желілерге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат беруге;
2) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей оны шығарудың, желілерге жіберудің тәулік сайынғы нақты көлемдері туралы ақпарат беруге;
3) қаржы есеп айырысу орталығына жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай айларға бөле отырып, электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің алдағы жылға арналған болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға;
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) өңірлік электр желілік компанияға және (немесе) жүйелік операторға тәуліктік және айлық (ай басталғанға дейін күнтізбелік он күн бұрын) электр энергиясын беру кестелерін ұсынуға;
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергиясын өндірудің тәуліктік кестелерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген міндеттермен қатар, белгіленген қуаттылығы кемінде бір мегаватт болатын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүйелік оператор берген, генерациялайтын қондырғылардың жұмыс режимдерін сақтауға міндетті.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 6-2-тармақпен толықтырылды
6-2. Су қоймаларымен жарақтандырылған гидроэлектр станциялары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін су режимі шеңберінде Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде жүйелік оператордың өкіміне сәйкес электр энергиясын өндіруді тәулік ішінде реттеуді жүзеге асыруға міндетті.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне жаңартылатын энергия көздерін енгізгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде оларды пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға қаржы-есеп айырысу орталығымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінім береді.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге қоса мынадай материалдар мен құжаттарды:
1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін;
2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпаратты береді.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын барлық энергия өндіруші ұйымдарда өзінің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінде коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі болуға міндетті. Коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінде деректерді өңірлік диспетчерлік орталықтарға қашықтықтан беру мүмкіндігі болуға тиіс.
3-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау
8-бап. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.04.07. № 128-V ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Тіркелген тариф
1. Тіркелген тарифтерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қолдау көзделген жаңартылатын энергия көздерінің әрбір түрі үшін он бес жыл қолданылатын мерзіммен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бекітілген тіркелген тарифтер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, инфляция ескеріле отырып жыл сайын индекстеледі.
Бекітілген тіркелген тарифтер жобаны қаржыландыру құрылымына және экономикалық негізділігіне қарай Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруі ескеріле отырып, жыл сайын индекстелуге жатады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнің құжаттарында көзделген нысаналы көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi бұрын бекiтiлген тіркелген тарифтердiң деңгейлерiн жыл сайын түзетуге құқылы. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтiлген тіркелген тарифтердi түзету туралы актiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн екi жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қуаты аз жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiн енгiзудi ынталандыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерiн дамытуға табиғи, климаттық, техникалық немесе өзге де жағдайлары қолайсыздау жерлердi электрмен қамтамасыз ету үшiн тіркелген тарифтер жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерiнiң белгiленген қуаты бойынша сараланады.
Осы тармақтың күшi қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерiн пайдаланатын энергия өндiрушi ұйымдармен жасалған қолданыстағы сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.
2013.04.07. № 128-V ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын сату кезіндегі қолдау
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өз қалауымен, өндірілген электр энергиясын мынадай нұсқалардың бірі бойынша:
1) осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, өзі мен қаржы-есеп айырысу орталығы арасында сатып алу-сату шартын жасасқан күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына;
2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға өткізуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірілетін электр энергиясын осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген нұсқа бойынша өткізуге көшуге құқылы емес.
2. Қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында олардың желіге жіберу үлесіне барабар бөледі.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер осы Заңның 7-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерiнен электр энергиясын сатудан қаржы-есеп айырысу орталығы алған ақша сомасы ағымдағы тоқсанда жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды өтеу үшiн қажеттi шамадан кем болса немесе асып кетсе, қаржы-есеп айырысу орталығы қайта есептеудi жүргiзедi және келесi тоқсанға электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында шығындарды қайта бөледi.
Шартты тұтынушының нарықтан шығуы, таратылуы себебі бойынша одан ақша толық алынбаған жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы жоғарыда көрсетілген тұтынушыға есептелген электр энергиясының тиісті үлесін барлық шартты тұтынушыларға Қазақстан Республикасында электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміне қатысты олардың тұтыну көлеміне пропорционалды түрде бөледі.
4. Қаржы-есеп айырысу орталығынан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шартты тұтынушының шығындарын осы шартты тұтынушының электр энергиясын сатып алушылар желіге жіберілген электр энергиясының жалпы көлеміне қатысты сатып алушының сатып алған электр энергиясы көлемінің тиісті үлесіне барабар өтейді.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Шартты тұтынушының қаржы-есеп айырысу орталығынан жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiлерi өндiрген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындары электр энергиясына шектi тарифтiң шамасын айқындау кезiнде ескерiледi.
5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген жылу энергиясын сатып алу-сату шарттары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының өзін-өзі ақтау мерзімінен кем емес кезеңге жасалады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiндегi жылу тасымалдағыштың тиісті параметрлерiне сәйкес келетiн параметрлерiмен елдi мекеннің орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне берiлетін барлық жылу энергиясын осы елді мекеннің энергиямен жабдықтаушы ұйымы сатып алады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндiрген жылу энергиясына жұмсалатын шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен энергиямен жабдықтаушы ұйымның тарифiне енгізіледі.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылумен жабдықтаудың маусымдық сипатына байланысты орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне жылу энергиясын беру кезеңдерiн энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келiседi.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылу энергиясын беру кезiнде энергия берушi ұйымдардың жылу энергиясын беру қызметіне ақы төлеуден босатылады.
7. Энергия беруші ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарға желілер бойынша электр энергиясын беруге еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын беру кезінде энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен өндірілетін электр энергиясының теңгерімсіздігін қаржылық реттеуді уәкілетті орган бекіткен электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығы жүзеге асырады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Нетто-тұтынушы өзiне қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйымға оның қолданыстағы тарифi бойынша, электр желiсiнен есептi кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiне, нақ сол кезең iшiнде электр желiсiне өзі берген көлемдi шегере отырып, ақы төлейдi.
Электр желiсiне есептi кезең iшiнде нетто-тұтынушы берген электр энергиясының көлемi желiден нақ сол кезең iшiнде өзi тұтынған электр энергиясының көлемiнен асып кеткен жағдайда, қызмет көрсететiн энергиямен жабдықтаушы ұйым нетто-тұтынушы берген электр энергиясы үшін сатуға арналған өзінің қолданыстағы тарифi бойынша нетто-тұтынушыға жоғарыда аталған асып кету көлемінде ақы төлейдi.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымның нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алуы-сатуы уәкiлеттi орган әзiрлеген және бекiткен Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Мемлекет уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жиынтық қуаты бес киловаттан аспайтын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары құнының елу пайызы мөлшерінде жеке тұтынушыларға атаулы көмек береді. Атаулы көмек жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары пайдалануға берілгеннен кейін төленеді.
11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғысын сатып алуға атаулы көмек алған жеке тұтынушы осы қондырғыда шығарылған электр және (немесе) жылу энергиясын басқа тұтынушыларға сатуды жүзеге асыруға құқылы емес.
2013.04.07. № 128-V ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілеріне қосу, электр және (немесе) жылу энергиясын беру кезіндегі қолдау
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңадан салынған объектілер, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, қайта жаңартылған объектілер кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйым және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйым электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарт жасауға міндетті. Бұл ретте жасалатын шартта жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйымның және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйымның шарт талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы көзделеді.
2. Энергия беруші ұйым кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесінің кедергісіз және кемсітушіліксіз анықталуын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің қосылуын қамтамасыз етеді.
3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық берілуі тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі авариялық бұзушылықтарды жүйелік оператордың жою кезеңдеріне қолданылмайды.
4.Қазақстан Республикасы бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне электр энергиясын беру-тұтынудың тәуліктік диспетчерлік кестелерін қалыптастыру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын беру оларға басым тәртіппен қосылады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Энергия беруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу үшін жұмыс істеп тұрған электр және жылу желілерін кеңейткен және реконструкциялаған жағдайда тиісті шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымдардың тарифтеріне қосылады.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желілеріне қосу нүктесіне дейінгі желілерді салуға, желіге қосуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желісіне қосу нүктесіне дейін энергия беруге және берілетін энергияны өлшеуге байланысты шығындар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің меншік иесіне жүктеледі.
4-тарау. Қорытынды ережелер
11-бап. Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы шілденің 4-і.
№ 165-ІV ҚРЗ