1) өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшы туралы мәліметтер, өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) өтініш иесі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің аумағы.
Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер өтініш иесінің уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі.
Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, өтініш иесі оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша оның мөлшері айқындалған қол қою бонусын төлейді және құзыретті органға:
1) қол қою бонусының төленгенін растауды;
2) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың жобасын;
3) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын жібереді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасына мынадай шарттар енгізілуге тиіс:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрлері;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардағы елішілік құндылықтың ең төмен үлесі бойынша міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін басым тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша елішілік құндылық үлесі бойынша міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауаптылығы;
9) олардың негізінде жер қойнауы барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдалануға берілген өзге де шарттар.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасы құзыретті органның сараптама жасауына және құқықтық сараптама жасауға жатады. Келісімшарт жобасының сараптамасын құзыретті орган оны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасын құзыретті орган оны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін міндетті құқықтық сараптамадан өткізу үшін жібереді. Құқықтық сараптама жиырма жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, олар теріс немесе оң болуы мүмкін.
Өтініш иесі келісімшарт жобасын сараптамалық қорытындыда жазылған ескертулерді жою мақсатында пысықтайды. Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік орган оған он жұмыс күні ішінде қайта сараптама жүргізеді.
Өтініш иесі осы тармақта көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз тарапынан қол қойылған көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты құзыретті органға жібереді.
Құзыретті орган келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Жұмыстар бағдарламасында бастапқыда мәлімделген міндеттемелерді қысқартуды немесе алып тастауды көздейтін көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартқа қосымша келісімдер жасасуға тыйым салынады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 39-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
39. Осы Кодекстің күрделі жобалар және күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша ережелері:
1) осы Кодекстің 120-бабына сәйкес жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға толықтыруларға);
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қолданылмайды.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 40-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 40-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
40. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 1) немесе 2) тармақшасында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарттарға сәйкес келетін жер қойнауы учаскесі бойынша барлау кезеңінде болса не жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген өлшемшартқа сәйкес келетін жер қойнауы учаскесі бойынша барлау және (немесе) өндіру кезеңінде болса;
жер қойнауын пайдаланушыда өтініш беру кезінде құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтар болмаса;
жер қойнауын пайдаланушы өтініш берілген жылдың алдындағы кезеңде жұмыс бағдарламасында көзделген жұмыстардың іс жүзіндегі көлемін толық орындаса немесе барлау кезеңі жұмыстарының бағдарламасын толық көлемде орындаса, осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жоба (жобалар) өлшемшарттарының кем дегенде біреуіне сәйкес келетін жер қойнауы учаскелеріне қатысты осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 1) немесе 2) тармақшаларында көзделген шарттарға сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге құқығы бар.
Егер өтініш берілген күнге физикалық жұмыстардың орындалмаған көлемі бойынша міндеттемелер кейінгі кезеңдердің міндеттемелерінде көзделетін жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігі төртінші абзацының талаптары осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген өлшемшартқа сәйкес келетін кен орындарына қатысты қолданылмайды.
Күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органға беретін өтініші бойынша жүзеге асырылады.
Өтініште жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтерден басқа, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту негіздері көрсетіледі.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жаңа редакцияда жазылуы көзделетін осындай келісімшартқа толықтырудың жобасы;
осы Кодекстің 36-бабының 5-1-тармағына сәйкес өтініш иесі айқындаған, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа енгізілуге жататын, кадрлардағы елішілік құндылық бойынша ең төменгі міндеттемелер;
осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген күрделі жобаларға қатысты - осы Кодекстің 36-бабы 1-3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгені.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде барлау мерзімі (кезеңі) осындай келісімшарт бойынша барлаудың іс жүзінде пайдаланылған мерзімі шегеріле отырып, осы Кодекстің 116 және 117-баптарының ережелері ескеріліп айқындалатын барлаудың ең көп мерзімі шегінде айқындалады.
Егер Каспий немесе Арал теңізінің қазақстандық секторы шегінде толық немесе ішінара орналасқан жер қойнауы учаскелеріндегі келісімшарттарды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін жасалған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі ретінде жер қойнауын пайдаланушыға берілсе, мұндай келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының тиісті инвестициялық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі, сондай-ақ келісімшарттың талаптарында көзделген, осындай инвестициялық жобаны іске асыруға байланысты өзге де ілеспе міндеттемелер, оның ішінде шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көзделуге тиіс.
Егер бастапқы келісімшарт бойынша бірнеше жер қойнауы учаскелері (кен орындары) болса, олардың бір бөлігі осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның (жобалардың) өлшемшартына сәйкес келмесе, осы тармаққа сәйкес күрделі жобалар бойынша үлгілік келісімшарттың талаптарына өту осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның өлшемшартына сәйкес келетін жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) қатысты ғана жер қойнауының тиісті учаскесін (жер қойнауы учаскелерін) және (немесе) кен орнын (кен орындарын) күрделі жоба бойынша үлгілік келісімшарт талаптарында жеке келісімшартқа бөліп шығару арқылы жүзеге асырылады.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Егер келісімшартқа толықтыру жобасы бойынша өтінішті қарау нәтижелері бойынша ескертулер болса, құзыретті орган бұл туралы өтініш иесін хабардар етеді. Құзыретті органның ескертулерімен келіскен жағдайда өтініш иесі оларды жоюға және құзыретті органға келісімшартқа толықтырудың пысықталған жобасын жіберуге құқылы. Ескертулерді жою кезеңінде өтінішті қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Өтініш иесі құзыретті органның ескертулерімен келіспеген жағдайда, өтініш иесі оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімшартқа толықтыруға қол қояды және оны өтініш иесіне жібереді не күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуден мынадай:
өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар осы тармақтың талаптарына сәйкес келмеген;
өтініш иесі құзыретті органның осы тармақтың оныншы бөлігіне сәйкес жіберілген ескертулерін жоймаған немесе өтініш иесі жоюдан бас тартқан жағдайларда, бас тартады.
Осы баптың 12, 13, 32, 33, 34 және 35-тармақтарының ережелері осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге қолданылмайды.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 41-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
41. Өндіру учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы дайындық кезеңі ішінде бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде:
1) күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту туралы өтініш 2026 жылғы 1 наурызға дейін берілсе;
2) өтініш беру кезінде жер қойнауын пайдаланушыда бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелердің құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жойылмаған бұзушылықтары болмаса;
3) өндіру учаскесі (кен орны) мынадай талаптардың біріне сәйкес келсе:
осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген параметрлердің кем дегенде біреуі болатын құрлықтағы жобаларға жатқызылса;
жиынтығында мынадай көрсеткіштері бар көмірсутектер кен орны қорларын қамтыса:
қатталған жағдайларда мұнайдың тығыздығы кемінде 880 кг/м3 құраса;
мұнай кенжатынының жоғарғы шекарасы (шатыры) бір мың метрден астам тереңдікте болса, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге құқылы.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту туралы өтініш осы баптың 40-тармағының алтыншы - он екінші бөліктеріне сәйкес қаралады.
Бұл ретте осы баптың 40-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, өтінішке жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған, өндіру учаскесінің (кен орнының) осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының талаптарына сәйкестігін растайтын геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есеп қоса беріледі.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде келісімшартта осындай келісімшарт бойынша өндірудің нақты мерзімі шегеріле отырып, осы Кодекстің 119-бабының 1-1-тармағында көзделген өндіру кезеңінің мерзімі белгіленеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 27-і.
№ 125-VI