13-бап. Сыртқы экономикалық мәмілелердің есебі
1. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (мәлімдеушілер) экспорттық бақылау мақсаттары үшін өніммен сыртқы экономикалық мәмілелердің есебін жүргізуге міндетті.
2. Өніммен, зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерімен сыртқы экономикалық мәмілелерге қатысты құжаттар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында неғұрлым ұзақ сақтау мерзімі белгіленбесе, бес жыл бойы сақталуға тиіс.
3. Экспорттық бақылау мақсаттары үшін сыртқы экономикалық мәмілелер есебінің ережелері мен нысанын уәкілетті орган айқындайды.
14-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылауға байланысты халықаралық санкцияларға қатысуы
Қазақстан Республикасының бір мемлекетке немесе бірқатар мемлекеттерге қатысты экспорттық бақылауға байланысты халықаралық санкцияларға қатысуы және бұл санкциялардың қолданысқа енгізілуі Біріккен Ұлттар Ұйымы немесе басқа да халықаралық ұйымдар шешімдерінің негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. Жекелеген жағдайларда мұндай санкцияларды Қазақстан Республикасы біржақты қолдана алады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15-бап. Өнімнің экспортын, импортын, транзитін және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өңделуін шектеу
1. Шет мемлекеттер Қазақстан Республикасы алдында алған міндеттемелерін бұзған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері бойынша өнімнің экспортына, импортына, транзитіне және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өңделуіне Қазақстан Республикасының шектеулер енгізуге, оларға эмбарго белгілеуге дейін құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау мүдделерін негізге ала отырып, өнімнің экспортына, импортына, транзитіне және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өңделуіне шектеулер енгізілетін мемлекеттердің тізбесін белгілейді және жекелеген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты санкция туралы ақпаратты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (мәлімдеушілер) назарына жыл сайын жариялап отырады.
16-бап. Экспорттық бақылау саласындағы ақпаратты беру жөніндегі міндеттеме
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан (мәлімдеушілерден) экспорттық бақылау саласына жататын қажетті құжаттар мен ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдары уәкілетті органнан, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің басқа да мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан (мәлімдеушілерден) экспорттық бақылау саласына қатысты қажетті құжаттар мен ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
3. Экспорттық бақылау саласындағы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (мәлімдеушілер) ұсынған құжаттар мен ақпарат тек қана экспорттық бақылау мақсатында пайдаланылады.
4. Мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын құжаттар мен ақпарат, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға (мәлімдеушілерге) қатысты құпия ақпаратты Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің уәкілетті органы мен мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларының қызметтік емес мақсаттар үшін жария етуіне, қолдануына болмайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны мемлекеттік органдарға және үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
5. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар (мәлімдеушілер) уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдарының талабы бойынша аталған органдардың осы Заңда көзделген міндеттер мен функцияларды орындауы үшін қажетті құжаттар мен ақпаратты ұсынуға міндетті.
17-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары мен нысандары
1. Қазақстан Республикасы экспорттық бақылау және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимдерін күшейту саласында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.
2. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығы:
1) жаппай қырып-жоятын қаруды, жеткізу құралдарын, сондай-ақ оларды жасау технологияларын таратуды болғызбау жөнінде шет мемлекеттермен бірге күш-жігерді және өзара іс-қимылды үйлестіру;
2) халықаралық қатынастардың тұрақты және қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу;
3) Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикаға тең құқықты және өзара тиімді негізде ықпалдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
4) Қазақстан Республикасының өніммен, зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелерімен, оның ішінде зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне құқықтармен халықаралық алмасуға қатысуын жандандыру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың (мәлімдеушілердің) жоғары технологиялардың әлемдік нарықтарына енуі үшін мүмкіндіктерді ұлғайту;
5) экспорттық бақылаудың халықаралық және мемлекетішілік тетіктерін жетілдіру, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасын бұзу фактілерін және оларды бұзған тұлғаларды анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының халықаралық экспорттық бақылау режимдеріне және халықаралық форумдарға қатысуы, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен келіссөздер мен консультациялар жүргізу, өзара ақпарат алмасу, сондай-ақ аталған салада екіжақты және көпжақты негізде бірлескен бағдарламалар мен өзге де іс-шараларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының мем-лекеттік органдары экспорттық бақылау саласында халықаралық ұйымдармен, шет елдердің мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы экспорттық бақылаудың мемлекетішілік тетіктерінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесуді мақсат ететін отандық ұйымдар мен шетелдік үкіметтік емес ұйымдар арасындағы келісімшарттарды дамытуға және ақпарат алмасуға жәрдемдеседі.
18-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
19-бап. Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің уәкілетті органы мен мемлекеттік органдары лауазымды тұлғаларының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің уәкілетті органы мен мемлекеттік органдары лауазымды тұлғаларының экспорттық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. «Экспорттық бақылау туралы» 1996 жылғы 18 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., №8-9, 240-құжат; 2000 ж., №20, 377-құжат; 2003 ж., №18, 143-құжат; 2004 ж., №23, 142-құжат; 2007 ж., №2, 18-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 21-і
№ 300-ІІІ ҚРЗ