346-бап. Иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;
2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, оларды келу орнынан кеден органына дейін тасымалдау үшін осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын жеке тұлға тұрақты немесе уақытша тұратын қызмет аймағында кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің консулдық мекемелерінің басшылары және басқа да консулдық лауазымды адамдары, консулдық мекемелерінің консулдық қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері, олардың бірге тұратын отбасы мүшелері не осындай тұлғалардың атынан және тапсырмасы бойынша өзге де адамдар тауарларды келу орнынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын тұлғалардың өтініші бойынша айқындалатын кеден органына дейін тасымалдау үшін осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, консулдық мекемелердің жұмыскерлері, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары), олармен бірге тұратын отбасы мүшелері тауарлардың келу орнынан қызмет аймағында (өңірінде) олар қызметкерлері, жұмыскерлері, персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары) болып табылатын дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктері, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің орналасқан кеден органына дейін тасымалдау үшін әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлары;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің басшылары, дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персоналының мүшелері және консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдары, олармен бірге тұратын отбасы мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша оларды келу орнынан кету орнына дейін тасымалдау үшін әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетуге жататын мәліметтерді Комиссия айқындайды.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған кезде олардың жеткізілу орнын:
1) осындай көлік құралдары меншік иесінің тапсырмасы бойынша әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты - жеке тұлғаның - жеке пайдалануға арналған көлік құралының меншік иесінің тұрақты не уақытша тұрғылықты жері туралы мәліметтер негізінде, ал жеке пайдалануға арналған өзге де көлік құралдарына қатысты - жеке пайдалануға арналған көлік құралын әкелетін жеке тұлғаның өтініші негізінде;
2) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - осындай тауарлар декларантының орны немесе болжамды тұрақты не уақытша тұрғылықты жері туралы мәліметтер негізінде;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуді жүзеге асыратын тұлғаның мәлімдеген мәліметтері негізінде;
4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - қызметкері, жұмыскері, персоналы (қызметкері, лауазымды адамы) жеке пайдалануға арналған тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тұлға болып табылатын дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің орналасқан орны туралы мәліметтер негізінде;
5) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - кету орны туралы мәліметтер негізінде жөнелтуші кеден органы айқындайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарларды тасымалдау кезінде кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес декларант ретінде әрекет ететін жеке тұлға осы Кодекстің 230-бабында тасымалдаушы үшін көзделген міндеттерді орындайды.
5. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 354-бабы ескеріле отырып, осы Кодекстің 226-бабына сәйкес ұсынылады.
347-бап. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан көп емес мерзімге әкелуіне жол беріледі.
Осы Кодекстің 342-бабы 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан аспайтын мерзімге әкелуге жол беріледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекетте тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жеке тұлғаларының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша бір жылдан көп емес мерзімге әкелуіне жол беріледі.
2. Осы баптың 1 және 4-тармақтарындағы ережелері осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы, жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты қолданылмайды.
Көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, көрсетілген жеке тұлғаларға болу мемлекетінде артықшылықтарды ұсыну мерзіміне жол беріледі.
Көрсетілген мерзім ұзартылған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтініші бойынша кеден органы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу мерзімін осындай ұзарту кезеңіне ұзартады.
3. Осы баптың 1-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің консулдық мекемелерінің жұмыскерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары уақытша әкелетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелуге осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылған жағдайда жол беріледі.
4. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелген шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдарын уақытша әкелуіне осындай тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген, бұрын уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болған кезде осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда жол беріледі.
Осы тармақтың қолдану мақсаттары үшін жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдары деп жеке пайдалануға арналған сол типтегі көлік құралдары (авто- және мотокөлік құралдары, авто- және мотокөлік құралдарының тіркемелері, су кемелері немесе әуе кемелері) сияқты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бұрын уақытша әкелінген және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары түсініледі.
5. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында мұндай көлік құралдары уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін, көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары тәркіленген немесе сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған не осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағына немесе 456-бабының 6-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін алған не көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты осы Кодекстің 34-бабы 7-тармағының 8) тармақшасында көзделген мән-жайлар басталған жағдайларды қоспағанда, осы бапқа сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе өзге де мақсаттарда кедендік декларациялауға жатады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін декларант осы Кодексте белгіленген тәртіппен осындай көлік құралдарын кедендік рәсімдермен орналастыруға құқылы.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзімі өткеннен кейін мұндай көлік құралдары осы Кодексте белгіленген тәртіппен кедендік рәсімдермен орналастырылады не мұндай көлік құралдарына қатысты әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе осы бапқа сәйкес өзге де мақсаттарда кедендік декларациялау жүзеге асырылады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылған не оларға тыйым салынған жағдайда мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қоюдың не оларға тыйым салудың күшін жою туралы шешім қабылданған жағдайда осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қою не оларға тыйым салу осы баптың 9-тармағында көзделген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын декларанттың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында беру шартын бұзумен байланысты болған жағдайларды қоспағанда, осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі мұндай шешім заңды күшіне енген күнінен бастап қайта басталады.
Оларға қатысты осы баптың 1 немесе 2-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін осы тармақта көзделген әрекеттер жасалмаған уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын, мұндай кідіртуге дейін осы Кодекстің 351-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес қызмет аймағында осындай көлік құралдары болатын кеден органы кідіртеді.
6. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында декларанттың іс жүзінде иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.
Декларант уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын өзге тұлғаға, соның ішінде осындай көлік құралы меншік құқығымен тиесілі тұлғаға осы бапта белгіленген жағдайларда және шарттармен беруі мүмкін.
7. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары:
1) осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы жеке тұлғаларға - осындай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелуі мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін;
2) осы тармақтың 1-тармақшасында көрсетілмеген тұлғаларға - мұндай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын еркін айналымға шығаруы мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін берілсе, мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын беруге рұқсат етіледі.
8. Кеден органының рұқсатынсыз және кедендік декларациялаусыз декларанттың жеке пайдалануға арналған мынадай көлік құралдарын:
1) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын - техникалық қызмет көрсету, жөндеу (күрделі жөндеуді, жаңғыртуды қоспағанда) жүргізу және (немесе) сақтау үшін өзге тұлғаның иелік етуіне;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасы уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - оның ата-анасына, балаларына, тіркелген некеде тұрған жұбайына (зайыбына);
3) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - өзге шетелдік жеке тұлғаларға;
4) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған су немесе әуе кемесін - кеменің техникалық құрылғысында көрсетілген тұлғалардың қатысуынсыз оны пайдалану болжанбайтын жағдайда осы көлік құралдарын пайдалану мақсатында басқару үшін су кемесінің капитанына, әуе кемесінің командиріне, экипаж мүшелеріне;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігіне тіркелген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігінде және (немесе) консулдық мекемесінде, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінде жұмыс істейтін жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқанЕуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінің өзге қызметкеріне беруіне рұқсат етіледі.
9. Кеден органының рұқсатымен және кедендік декларациялаусыз декларанттың мынадай көлік құралдарын:
1) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасына;
2) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - егер осындай әкетуді декларанттың қайтыс болуы, ауыр науқастануы себебі бойынша немесе өзге де объективті себеп бойынша жүзеге асыру мүмкін болмаса, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған осындай көлік құралын әкету үшін өзге де тұлғаға беруіне рұқсат етіледі.
10. Осы баптың 9-тармағының бірінші абзацында көрсетілген кеден органы рұқсатының нысанын және оны кеден органының беруі тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Осы баптың 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда, декларантты қоспағанда, уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралы берілген жеке тұлғалар осындай көлік құралын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.
12. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын декларанттың осы баптың 7, 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда еркін айналымға шығару мақсатында оларды кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін беруіне рұқсат етіледі.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын осы баптың 7, 8 және 9-тармақтарында белгіленгендерден өзге жағдайларда беру фактілері анықталған жағдайда, еркін айналымға шығару мақсатында оларды кедендік декларациялау жүзеге асырылғанға дейін осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес мұндай көлік құралдарын кеден органдары кідіртеді.
13. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында декларанттың осы баптың 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда өзге тұлғаға беруі декларантты осы бапта белгіленген талаптарды сақтау міндетінен босатпайды, сондай-ақ осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін тоқтата тұрмайды және ұзартпайды.
348-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды жеке тұлғалардың уақытша әкетуі
1. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып табылатын жеке пайдалануға арналған тауарларды жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан уақытша әкетуіне Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде өзінің уақытша болу кезеңінде рұқсат етіледі.
2. Егер уақытша әкетілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды сәйкестендіру оларды кедендік баждар, салықтар төленбей Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта әкелуге ықпал ететін болса, жеке тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осындай тауарларды сәйкестендіруді жүргізеді. Жеке пайдалануға арналған тауарларды сәйкестендіру туралы жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетіледі, оның бір данасы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан осындай тауарларды уақытша әкетуді жүзеге асыратын жеке тұлғаға беріледі.
Мұндай сәйкестендірудің болмауы жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кедендік баждарды, салықтарды төлемей, кеден органына бұл тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан оларды әкеткеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелінетінін растаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта әкелуіне кедергі болмайды.
3. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуге немесе жөндеу бойынша операциялар жүргізуге осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде болған кезде қажет болғанда жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жеке пайдалануға арналған көлік құралына Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарда есепке алуға (тіркелуге) жататын оның бөлшектерін ауыстыруға байланысты жөндеу жүргізу кезінде ауыстырылған бөлшегі мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелу кезінде еркін айналымға шығару мақсатында кедендік декларациялауға жатады.
349-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік төлемдерді қолдану
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждар, салықтар не жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждар, салықтар, осы бапта осындай жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар қолданудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, төлеуге жатады.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың санаттарына қарай кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай мөлшерлемелерін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалары мен тәсілін, сондай-ақ оларға қатысты жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды төлеуге жататын жеке пайдалануға арналған тауарлардың санаттарын Комиссия айқындайды.
3. Осы бапта Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды қолданудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедендік баждар, салықтар төленбей, жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына Комиссия айқындайтын құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалары шегінде әкелінеді.
Кедендік баждар, салықтар төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған осындай тауарларды әкелудің тәсілдеріне қарай Комиссия айқындайды. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына иесімен бірге жөнелтілетін және (немесе) иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің мұндай нормалары бұрын қолданыста болған және жүру жолы мен межелі орнында қажетті, жатқызу өлшемшарттарын Комиссия айқындайтын жеке пайдалануға арналған тауарлар есепке алынбай айқындалады.
Комиссия тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына оларды әкелудің тәсіліне қарай уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждар, салықтар төленбей жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің Комиссия айқындағаннан да анағұрлым қатаң құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларын белгілеуі мүмкін тауарлардың санаттарын айқындауға құқылы.
Комиссия олардың шегінде жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждар, салықтар төленбей әкелінетін құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларды айқындау кезінде осындай нормаларды қолдану тәртібін, оның ішінде көрсетілген нормалар әкелінетін осындай тауарларды есепке алу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу күнін анықтау тәртібін айқындауға құқылы.