Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының ақылы негізде бір білім алушыға жұмсалатын шығындары білім беру грантының немесе мемлекеттік білім беру тапсырысының мөлшерінен кем болмайды.
63-бап. Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы
1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге білім беру ұйымдары бюджет қаражаттары есебінен көрсететін білім беру қызметтері тегін ұсынылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiне:
1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде ақылы негiзде бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге;
2) осы Заңның 63-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқушылардан және педагог қызметкерлерден ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады.
Өнер мамандығы бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру мекемелері бюджеттік қаражаттар есебінен көрсетілетін білім беру қызметтерінің көлемдерінен тыс ақылы негізде білім беру қызметтерін ұсынуға құқылы.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.19.05. № 315-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Мемлекеттік білім беру мекемелері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс, ақылы қызметтер көрсету туралы шартты жасай отырып, ақылы негізде мынадай:
1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;
2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан тыс пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;
3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;
4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;
6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;
7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;
8) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру (техникалық және қызмет көрсетуші еңбек мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);
9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) беруге құқылы.
4. Мемлекеттік білім беру мекемелері ақылы негізде ұсынатын тауарларға (жұмыстарға және қызметтер көрсетуге) бағалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге жатады.
5. Жеке меншік білім беру ұйымдары ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды және қызметтер көрсетуді) өткізуден, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының шеңберінде оқытудан түскен кірістерді, құрылтайшылардың қаражаттарын және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерін дербес пайдаланады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Ақылы негізде қызметтер көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының (тәрбиеленушінің), оның ата-анасының немесе өзге да заңды өкілдердің өзара қатынастары шартпен реттеледі.
Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мезгілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейтін болады.
Оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген ретте төлем сомасы жалақының ұлғаюы жағдайында және инфляция индексі ескеріле отырып, жылына бір реттен жиі емес өзгертілуі мүмкін.
64-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау және дамыту бюджет қаражаттары, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын тәртіппен мүліктерге иелік ету және пайдалану құқығы бар. Білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі алып қойылуға немесе білім беру ұйымының негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдаланылуға тиіс емес.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Білім беру ұйымдарын жекешелендіру «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Конкурстық негізде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын алған мемлекеттік орта білім беру мекемелері грантты материалдық-техникалық және ғылыми-әдістемелік жағынан білім беру процесін қамтамасыз етуге жұмсайды.
10-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет
65-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Білім беру ұйымының өз жұмысының ерекшеліктеріне сәйкес шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасуға, студенттер, магистранттар, докторанттар, педагог және ғылыми қызметкерлер алмасудың халықаралық бағдарламаларына қатысуға, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіруге құқығы бар.
Әскери және арнаулы оқу орындарының халықаралық шарттар мен келiсiмшарттарға сәйкес шетелдiк азаматтардың қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.
Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында және білім беру ұйымдарының жарғысында айқындалған тәртіппен сыртқы экономикалық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын құру халықаралық шарттардың негізінде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Халықаралық мектеп мәртебесін беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша, ол айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Халықаралық оқу орындарының және Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, олардың филиалдарының білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ оларды мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.
2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.
3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
11-тарау. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылық
67-бап. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
12-тарау. Қорытынды ережелер
68-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі
1. Осы Заң, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағының екінші бөлігін, 52-баптың 6-тармағының екінші абзацын, 7-тармағы 1) тармақшасының екінші және бесінші абзацтарын, 8-тармағының 2), 3) тармақшаларын және 53-баптың 3-тармағының 1), 3) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Бiлiм беру ұйымдарына осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн тиісті оқу мерзімдерімен оқуға түскен адамдар оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуын бiтiрiп, оларға оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм туралы белгiленген үлгiдегi құжат берiледi.
3. «Білім туралы» 1999 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 13, 429-құжат; № 23, 927-құжат; 2001ж., № 13-14, 173-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 18, 111-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 12, 71-құжат; № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі.
№ 319-ІІІ ҚРЗ