4. Апелляциялық кеңестің құрамына мыналар кіре алмайды:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдер;
2) жұбайлары, жақын туыстары немесе жекжаттары;
3) сараптама ұйымының қызметкерлері.
5. Апелляциялық кеңестің кез келген мүшесі:
1) осы баптың 4-тармағының негізінде апелляциялық кеңестің отырысына қатысушылар мәлімдеген өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру жағдайында;
2) еңбекке уақытша жарамсыздығына, демалыста немесе іссапарда болуына байланысты болмаған жағдайда ауыстырылуы мүмкін.
6. Апелляциялық кеңестің әрбір отырысы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бейнетүсіру қолданылып жүргізіледі.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 41-1-баппен толықтырылды
41-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылық берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жария етілгенге дейiн қайтарып алуы мүмкін.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 41-2-баппен толықтырылды; 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 41-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41-2-бап. Қарсылықты қарау
1. Қарсылықты қарауды апелляциялық кеңес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және осы Заңда көзделген мерзімдерде жүзеге асырады.
2. Қарсылық беруге арналған мерзім өткізіп алынған кезде апелляциялық кеңес ұсынылған құжаттардың негізінде мерзімді өткізіп алу себептері дәлелді деп танылған жағдайда, оны қарауға қабылдай алады.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қарсылықты қарау мерзімі үш айға дейін, оның ішінде өтініш берушінің жазбаша өтінішхаты бойынша ұзартылуы мүмкін.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Апелляциялық кеңес отырыс өткізілетін күнді мынадай:
1) тараптар, оның ішінде қарсылықты өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхатын берген жағдайды қоспағанда, қарсылықты мәлімдеуші келмеген;
2) өтініш беруші қосымша дәлелдемелерді ұсыну үшін уақыттың қажеттігі туралы өтінішхат берген;
3) тараптардың дәлелдерін және (немесе) қарсылыққа байланысты мән-жайларды қосымша зерделеу қажет болған жағдайларда ауыстыруға құқылы.
5. Апелляциялық кеңес мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қараудан бас тарту туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы.
Апелляциялық кеңес қарсылықтың нысанасын немесе негізін өз бастамасы бойынша өзгертуге құқылы емес.
6. Апелляциялық кеңестiң барлық мүшелері қарсылықты қараған кезде тең құқықтарды пайдаланады. Апелляциялық кеңестің шешімі оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
7. Қабылданған шешім шығарылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарсылықты мәлімдеушіге жіберіледі.
8. Апелляциялық кеңес қарсылықты мәлімдеушінің өтінішхаты бойынша қарсылықты қараусыз қалдыра алады. Қарсылықты қараусыз қалдыру туралы шешім апелляциялық кеңес отырысының хаттамасымен ресімделеді.
9. Қабылданған шешімге сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 41-3-баппен толықтырылды
41-3-бап. Апелляциялық кеңестiң шешiмiндегі қате жазуларды және айқын техникалық қателерді түзету
1. Шешім шығарған апелляциялық кеңес қарсылық бойынша шешім жарияланғаннан кейін оның күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы емес.
2. Апелляциялық кеңес шешімде жіберілген қате жазуларды немесе айқын техникалық қателерді өз бастамасы бойынша немесе қарсылықты қарауға қатысатын тұлғалардың өтініші бойынша түзете алады.
Түзетулер енгізу туралы мәселе апелляциялық кеңестің отырысында шешіледі. Қарсылықты қарауға қатысатын тұлғаларға апелляциялық кеңес отырысының уақыты мен орны туралы хабар беріледі, алайда олардың келмеуі түзетулер енгізу туралы мәселені қарау үшін кедергі болып табылмайды.
3. Апелляциялық кеңестің шешіміне түзетулер енгізу апелляциялық кеңестің қосымша шешімімен ресімделеді.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 41-4-баппен толықтырылды
41-4-бап. Қарсылықты қараусыз қалдыру
1. Апелляциялық кеңес, егер:
1) қарсылық берген, апелляциялық кеңес отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабар берілген, қарсылықты өзі болмағанда қарау туралы мәлімдемеген тұлға апелляциялық кеңестің отырысына екінші рет шақырғанда келмесе;
2) қарсылық берген тұлғаның өзінің қарсылығын кері қайтарып алу туралы өтінішхаты болса, қарсылықты қараусыз қалдырады.
2. Қарсылықты қараусыз қалдыру туралы шешім апелляциялық кеңес отырысының хаттамасына түсіріледі.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
42-бап. Дауларды қарау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мынадай даулар сот тәртiбiмен қаралады:
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тауар белгісіне немесе географиялық нұсқамаға және тауар шығарылған жердің атауына куәлік берудің құқыққа сыйымдылығы туралы;
2) тауар белгісінің пайдаланылмауына байланысты оны тіркеу әрекетіне қарсы;
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) тауар белгісі иесiнiң (құқық иеленушінің) айрықша құқығын немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын бұзу туралы;
4) тауар белгісін пайдалануға лицензиялық шарттарды жасасу және орындау туралы;
5) тауар белгісін жалпыға бірдей белгілі деп танудың құқыққа сыйымдылығы туралы;
6) егер тауар белгісін пайдалану тұтынушыны тауарға немесе оны жасаушыға қатысты жаңылыстыруға қабілетті болған жағдайда, Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей белгілі деп танылған тауар белгісімен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас тауар белгісін тіркеудің қолданысын тоқтату туралы;
7) куәліктен туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар.
Көрсетілген даулар, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, егер бұған «Төрелік туралы» және «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаса, тараптардың келісімі бойынша төрелік немесе медиация тәртібімен қаралуы мүмкін.
Сараптама ұйымының осы Заңның 41-бабының 2-тармағында көрсетілген шешімдеріне талап қою арыздары тиісті қарсылықтар апелляциялық кеңесте қаралғаннан кейін сотқа беріледі.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сараптама ұйымы соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тауар белгісін, жалпыға бірдей белгілі тауар белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеудің қолданысын тоқтатуды, тауар белгісін пайдалану құқығын табыстауды немесе тауар белгісінің иесін (құқық иеленушіні) өзгертуді тіркеудің күшін жоюды қоса алғанда, Тауар белгілерінің мемлекеттік тізіліміне, Географиялық нұсқамалардың мемлекеттік тізіліміне және Тауарлар шығарылған жерлер атауларының мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді, тіркеуге қатысты өзгерістер туралы мәліметтерді жариялайды.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 43-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 43-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-бап. Қазақстан Республикасының тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты, ал жалпыға бірдей белгiлi тауар белгісі жағдайында - барлық тауарларға және көрсетілетін қызметтерге қатысты айналымға тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) келісімінсіз немесе географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемелер иесінің келісімінсіз енгiзу тауар белгісіне айрықша құқықты немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын бұзу деп танылады.
Тауар белгісін немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану да тауар белгісі иесiнiң (құқық иеленушінің) немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығы иесінің айрықша құқығын бұзу деп танылады.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауар белгісіне айрықша құқықты немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын бұзғаны үшін, оның ішінде оларды орналастырғаны не оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемелердi тауарға немесе оның қаптамасына орналастырғаны үшін кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 43-1-баппен толықтырылды
43-1-бап. Тауар белгісіне айрықша құқықты түбегейлі пайдалану
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кез келгенінің аумағында айналымға құқыққа сыйымды енгізілген тауарларға қатысты осы тауар белгісін тікелей тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) немесе оның келісімімен басқа да тұлғалардың пайдалануы тауар белгісіне айрықша құқықты бұзу болып табылмайды.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 44-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 44-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
44-бап. Тауар белгісі иесiнiң (құқық иеленушінің) немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығы иесінің құқығын қорғау тәсілдері
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығы иесінің құқығын бұзған тұлға бұзушылықты дереу тоқтатуға және тауар белгісінің иесіне (құқық иеленушіге) немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының иесіне ол шеккен залалдарды өтеуге міндетті.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауар белгісін, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені немесе жалпыға бірдей белгілі тауар белгісін пайдаланудың құқыққа сыйымдылығын айқындауға байланысты дауларды сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тауар белгісі, географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгілемелер иесінің келісімінсіз орналастырылған тауар және оның қаптамасы контрафактілік деп танылады. Контрафактілік тауарлар және олардың қаптамалары, сондай-ақ оларды жасау үшін пайдаланылған саймандар, жабдық немесе өзге де құралдар мен материалдар осындай тауарларды айналымға енгізу қоғамдық мүдделер үшін қажет болатын және Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзбайтын жағдайларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде айналымнан шығарылуға және бұзушының есебінен жойылуға жатады.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тауар иесі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда контрафактілік тауарлардан және олардың қаптамаларынан заңсыз орналастырылған тауар белгісін немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді алып тастауды талап етуге құқылы.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Тауар белгісі иесінің (құқық иеленушінің) немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығы иесінің құқығын бұзған тұлға жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету кезінде жұмыстарды орындаумен немесе қызметтер көрсетумен бірге жүретін материалдардан, оның ішінде құжаттамадан, жарнамадан, маңдайша жазулардан тауар белгісін немесе географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені алып тастауға міндетті.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Тауар иесі құқық бұзу фактісі дәлелденген кезде залалдарды өтеудің орнына бұзушылықтың сипатын, тауар белгісі, географиялық нұсқама және тауар шығарылған жердің атауы немесе оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілеме тауар иесінің келісімімен орналастырылған біртектес (түпнұсқа) тауарлардың нарықтық құнын негізге ала отырып, бұзушыдан сот айқындайтын мөлшерде өтемақы төлеуді талап етуге құқылы.
13-тарау. Қорытынды ережелер
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 45-бап жаңа редакцияда; 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
45-бап. Сараптама ұйымы көрсететін қызметтерге ақы төлеу
Сараптама ұйымы тауар белгілерін, географиялық нұсқамаларды және тауарлар шығарылған жерлердің атауларын қорғау саласында қызметтер көрсеткені үшін осы Заңның 3-1-бабына сәйкес ақы алады.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 46-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi бар, аттестаттаудан өткен және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тiркелген оның әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды білуге арналған тестілеу нысанында өткізіледі.
Уәкілетті органның жанынан құрылатын аттестаттау комиссиясы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұрады.
Патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу, патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тіркеу және оған өзгерістер енгізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Аттестаттауға мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы ) болып табылатын;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;
4) осы Заңға сәйкес патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласында кемінде төрт жыл жұмыс тәжірибесі бар не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасында кемінде бір жыл тағылымдамадан өткен адамдар аттестаттауға жіберіледі.
4. Патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берілген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 46-2-бабының 1-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы тиісті шешім қабылдағанға дейін үш ай бойы тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі оның қызметін тоқтата тұру үшін себеп болған негіздер жойылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта басталады.
5. Өтініш берушінің, құқық иеленушінің өкілі ретінде патенттік сенім білдірілген өкіл зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және сараптама ұйымымен іс жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкілетті органмен және сараптама ұйымымен іс жүргізуді өтініш беруші және (немесе) құқық иеленуші де дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдік заңды тұлғалар уәкілетті органда және оның ұйымдарында өзінің өтініш беруші, тауар белгісінің, қызмет көрсету белгісінің иесі құқықтарын және географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға құқықтарын патенттік сенім білдірілген өкілдер арқылы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бірақ оның шегінен тысқары жерде уақытша жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегінде хат алмасу үшін мекенжайын көрсеткен кезде патенттік сенім білдірілген өкілсіз өзінің өтініш беруші, тауар белгісінің, қызмет көрсету белгісінің иесі құқықтарын және географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға құқықтарын жүзеге асыра алады.
Патенттік сенім білдірілген өкіл сенім білдірушіден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарында құпия ақпаратқа немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға қойылатын талаптар сақталған кезде құпия деп танылады.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 46-1-баппен толықтырылды; 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 46-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенім білдірілген өкіл мыналарға құқылы:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және оның тапсырмасы бойынша тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін, географиялық нұсқамалар мен тауарлар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге арналған өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, географиялық нұсқамаларға және тауарлар шығарылған жерлердің атауларына құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алысу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жіберу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) басқаға беру шарттарын жасауға, қарауға, сондай-ақ сараптама ұйымында құқықтарды беруді және ұсынуды кейіннен тіркеуге жәрдемдесу;
5) патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының мүшесі болу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған, зияткерлік меншікті сақтау және қорғау мәселелерімен байланысты басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыру.
2. Патенттік сенім білдірілген өкілдің өкілеттіктері сенімхатпен куәландырылады.
Апелляциялық кеңеске қарсылық беруге байланысты істерді жүргізу кезінде патенттік сенім білдірілген өкіл уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті.
3. Егер сенімхат шет тілінде жасалса, онда қарсылық берілген тілге байланысты сенімхаттың қазақ немесе орыс тіліне нотариус куәландырған аудармасы міндетті түрде ұсынылуға тиіс.
4. Патенттік сенім білдірілген өкіл, егер бұрын осы іс бойынша мүдделері іс жүргізу туралы өтінішпен жүгінген адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ егер істі қарауға патенттік сенім білдірілген өкілдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын лауазымды адам қатысса, тапсырманы қабылдамауға міндетті.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 46-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-2-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін жарамсыз деп тану және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміндегі мәліметтердің күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берілген жеке өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе ол хабарсыз кетті деп танылған не қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда;
7) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымдарын, сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау нәтижелері бойынша шығарылады.
2. Аттестаттау комиссиясының шешімі немесе соттың заңды күшіне енген шешімі не айыптау үкімі негізінде патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігі жарамсыз деп танылады және тиісті мәліметтер патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл бұл жөнінде мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәліктің күші жойылады.
4. Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдің әрекеттеріне жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымы не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуы келіп түскен жағдайда уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан апелляциялық комиссия құрады. Жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау кезеңінде патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің қолданылуы тоқтатыла тұрады, бұл туралы патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне белгі қойылады.
Жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін кері қайтарып алу және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне тиісті жазба енгізу;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қанағаттандырудан бас тарту.
Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді және оған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 47-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
47-бап. Халықаралық тіркеу
Жеке және заңды тұлғалар сараптама ұйымы арқылы тауар белгілерін және тауар шығарылған жерлердің атауларын халықаралық тіркеуге арналған өтінімдер беруге құқылы.
Халықаралық тіркеуге арналған өтінімдерді қарау тәртібін уәкілетті орган Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындайды.
48-бап. Шетелдіктердің, шетелдік заңды тұлғалардың және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары