15. Тауар биржаларының клирингтік орталықтарының клирингтік қызмет процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешеннің болуы жөніндегі міндетін орындамауы -
заңды тұлғаға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
16-тарау. Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар
269-бап. Мемлекеттік кіріс органында тіркеу есебiне қою мерзiмiн бұзу
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жекеше нотариустың, жекеше сот орындаушысының, адвокаттың мемлекеттік кіріс органында тiркеу есебiне қою туралы салықтық өтінішті және дара кәсіпкерді тіркеу есебі, жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебі туралы хабарламаны берудiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген мерзiмдерiн бұзу -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -
жеке тұлғаларға - сегiз, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Салық төлеушiнiң мемлекеттік кіріс органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті берудiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген мерзiмiн бұзуы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
270-бап. Арнаулы салық режимiн қолдану кезінде қызметтi құқыққа сыйымсыз жүзеге асыру
1. Арнаулы салық режимiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде осы режим үшiн көзделген шарттарды бұза отырып қолдану -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне - елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Дара кәсiпкердiң патент құнының есеп-қисабын беру не салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтінішті беру мерзiмiн бұзуы -
ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет -
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
271-бап. Мемлекеттік кіріс органының салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылуы кезеңінде қызметті жүзеге асыру
1. Мемлекеттік кіріс органының салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылуы кезеңінде тұлғалардың қызметті жүзеге асыруы -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 272-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
272-бап. Салықтық есептілікті, сондай-ақ бақыланатын шетелдік компанияның пайдасын айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбау
1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін ұсынбауы -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекетті қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -
жеке тұлғаларға - он бес, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салықтық тіркелімдерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде ұсынбаудан көрінген, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -
салықтық мониторингке жататын салық төлеушілерге бес жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Салық төлеушінің мемлекеттік кіріс органына бақыланылатын шетелдік компанияның «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салуға жататын қаржылық пайдасының немесе қаржылық пайдасының бір бөлігінің сомасын айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбауы -
жеке тұлғаларға - бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 273-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
273-бап. Мәмілелер мониторингі бойынша есептілікті, трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті, трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттарды ұсынбау, ұсынудан бас тарту
1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген мерзімде мәмілелер мониторингі бойынша есептілікті мемлекеттік кіріс органына ұсынбауы, сондай-ақ салық төлеушiнiң трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды (оның iшiнде электрондық түрде) уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде ұсынбауы не оны ұсынудан бас тартуы -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мәмілелер мониторингі бойынша есептіліктің деректері мен тексеру барысында алынған деректер арасында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен асатын алшақтықтарды анықтау -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Салық төлеушінің мемлекеттік кіріс органына Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсынбауы, анық немесе толық ұсынбауы, ұсынудан бас тартуы -
орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) -
орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
274-бап. Қаржылық бақылау шараларын бұзу
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды және мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қасақана ұсынбауы немесе толық, анық ұсынбауы -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалған әрекет -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен ескертпемен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Ескертпе. Салық салу объектісі болып табылатын кірістер мен мүлік туралы толық емес, анық емес декларацияны және мәліметтерді ұсынған тұлға бұзушылықты Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосымша салықтық есептілік және (немесе) хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілік ұсыну арқылы жойған жағдайда, осы бапта көзделген әкімшілік жауаптылыққа жатпайды.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 275-бап өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
275-бап. Салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру
1. Салық төлеушiнiң салық салу объектiлерiн жасыруы -
жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға, орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының бір жүз елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға, орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының екі жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде меншік құқығындағы мүлкінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасының болуы туралы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтерді жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпеу жолымен жасыруы -
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген бұзушылықтарды жоймау -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең ішінде айналым жасау -
есепке қойылмаған кезең үшін айналым сомасының он бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпелер. 1. Осы баптың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін салық салу объектiлерiн жасыру деп салық төлеушінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды есепке қабылдамауы да түсініледі.
2. Осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінің мақсаттары үшін шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар бойынша құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге (есепке алынуға) жататын, мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге (есепке алынуға) жатқызылған әрбір мүлік объектісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі әрбір банктік шот бойынша әкімшілік жауаптылық жеке-жеке туындайды.
3. Осы баптың үшінші бөлігінің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес адамның жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырмауы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде меншік құқығындағы мүлкінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасының болуы туралы мәліметтерді көрсетпеуіне теңестіріледі.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың бесінші бөлігінің мақсаттары үшін айналым жасау деп Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған салық салынатын айналым түсініледі.
276-бап. Есепке алу құжаттамаларының болмауы және салықтық есепке алуды жүргізуді бұзу
1. Салық төлеушіде есепке алу құжаттамасының болмауы және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген есепке алу құжаттамасын жасау және сақтау жөніндегі талаптардың сақталмауы -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жетпіс бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Есепке алу құжаттамасында тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетін қызметтердi) есепке алу және өткізу жөнiндегi операциялардың көрсетiлмеуi -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - есепке алынбаған тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетін қызметтер) құнының үш пайызы, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес пайызы, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне он пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Салық төлеушіде есепке алу құжаттамасының болмауы деп бухгалтерлік құжаттаманың және (немесе) салықтық нысандардың, салықтық есепке алу саясатының, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салық міндеттемесін есептеу үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттардың болмауы түсініледі.
277-бап. Салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару
Мемлекеттік кіріс органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің қолданылуы кезеңінде берешек болған кезде, салық төлеушiнiң үшiншi тұлғалармен өзара есеп айырысуларды жүзеге асыруы арқылы жасалған, салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтаруы, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
жеке тұлғаларға - он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген есеп айырысулар сомасының - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
278-бап. Салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын кемiтiп көрсету
1. Салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің сомаларын декларацияда, есеп-қисапта, тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініште кемітіп көрсету, егер осы әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
жеке тұлғаларға - он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған сомасының - он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Салық төлеушiнiң есеп-қисапта ағымдағы төлемдер сомаларын кемітіп көрсетуi, егер осы әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - ағымдағы төлемдердiң кемiтiп көрсетiлген сомасының отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салықтық кезең үшiн iс жүзiнде есептелген корпоративтік табыс салығы сомасының салықтық кезең iшiнде есептелген аванстық төлемдердің сомасынан жиырма пайыздан астам мөлшерде асып кетуі, егер осы әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
ic жүзiндегi салықтың асып кету сомасының жиырма пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Ескертпелер.
1. Осы баптың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін қосылған құн салығының есепке жазылған сомасы бойынша әкімшілік жаза сомасын айқындау кезінде салық кезеңі үшін қосылған құн салығын төлеудің белгіленген мерзімі күніне салық төлеушінің жеке шоты бойынша қосылған құн салығының артық төленген сомасы есепке алынады.
Бір салық кезеңінен артық кезеңге салықтық тексеру болған жағдайда, әрбір келесі салық кезеңі үшін төлемнің белгіленген мерзімі күніне жеке шот бойынша артық төленген сома - осы салықтық тексеруге енгізілген алдыңғы салық кезеңдері үшін қосылған құн салығының есепке жазылған және (немесе) азайтылған сомасы есепке алына отырып айқындалады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін, егер тұлға тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініште жанама салықтардың сомаларын кемітіп көрсеткені үшін әкімшілік жауаптылыққа жататын болса, мұндай тұлға импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда жанама салықтардың көрсетілген сомаларын кемітіп көрсеткені үшін жеке әкімшілік жауаптылыққа жатпайды.
3. Осы баптың үшінші бөлігінің мақсаттары үшін, салық кезеңі ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ұсынылуға жататын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердің есеп-қисаптарын ұсынбаған жағдайда да тұлға әкімшілік жауаптылыққа жатады. Бұл ретте, аванстық төлемдердің есептелген сомасы нөлге теңестіріледі.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың үшінші бөлігінің мақсаттары үшін асып кетуді айқындау кезінде:
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 742-бабының 3-тармағына сәйкес пайдалы қазбаларды өндіру салығына жүргізілген түзетуге байланысты түзілген асып кету;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 297-бабына сәйкес айқындалатын, бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің жиынтық пайдасынан есептелген корпоративтік табыс салығы есепке алынбайды.
279-бап. Салық агентiнiң салықтарды ұстап қалу және (немесе) аудару жөнiндегi мiндеттi орындамауы
1. Салық агентінің бюджетке ұстап қалуға және (немесе) аударуға жататын салықтардың сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде ұстап қалмауы немесе толық ұстамауы -
жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға -салықтардың және басқа да мiндеттi төлемдердiң ұсталып қалмаған сомасының - жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Салық агентінің бюджетке аударуға жататын салықтардың ұстап қалынған сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде аудармауы немесе толық аудармауы -
жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Салық агенті дербес анықтаған және қосымша салық есептілігінде көрсетілген салықтардың ұстап қалынған (ұстап қалынуға тиіс) сомалары бойынша, мемлекеттік кіріс органына қосымша салық есептілігін ұсынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оларды бюджетке аударған жағдайда, тұлға осы бапта көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартуға жатпайды.
280-бап. Жалған шот-фактура жазып беру
Салық төлеушiнiң жалған шот-фактура жазып беруi -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне отыз бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне шот-фактураға енгiзiлген қосылған құн салығы сомасының - бір жүз жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екi жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Жалған шот-фактура деп қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмаған төлеушi, сол сияқты жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетудi, тауарлар жөнелтудi іс жүзінде жүргiзбеген тұлға жазған және қосылған құн салығы сомасын қамтитын шот-фактура танылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 280-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 280-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
280-1-бап. Шот-фактураларды жазып беру тәртібін бұзу, сондай-ақ тізбеге енгізілген тауарларды өткізуді есепке алу жүйесін бұзу
1. Салық төлеушінің шот-фактураны электрондық нысанда жазып бермеуі -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Салық төлеушінің мерзімді бұза отырып, шот-фактураны электрондық нысанда жазып беруі -
ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Тауарларды өткізудің есепке алу жүйесін бұзып, тізбеге енгізілген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге әкету кезінде рәсімдеу көзделетін, мемлекеттік кіріс органдарының мөрімен куәландырылған тауардың ілеспе құжаттарының болмауы -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Тізбеге енгізілген тауарлар деп Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды және атауы 2015 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналысының кейбір мәселелері туралы хаттамаға сәйкес тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлар түсініледі.
281-бап. Биоотынды, этил спирті мен алкоголь өнімін қоспағанда, Қазақстан Республикасының мұнай өнімдері мен акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамасын бұзу
1-бөлік 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңының 3-бабының редакциясында қолданылады (бұр.ред.қара)