20-1-бап. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының коммуналдық шаруашылық саласындағы құзыретi
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық шаруашылық саласында:
1) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын әзірлейді және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi өкілді органдарына бекітуге ұсынады;
3) өндiрушiлердiң (импорттаушылардың) кеңейтiлген мiндеттемелерi операторымен бiрлесiп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейтiн және бекiтетiн әдiстемеге сәйкес есептелген тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифтерiн әзiрлейдi және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдарына бекiтуге ұсынады;
4) өндiрушiлердiң (импорттаушылардың) кеңейтiлген мiндеттемелерi операторымен бiрлесiп, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын субъектiлер арасындағы тарифтердiң мөлшерi мен оларды бөлу тәртiбiн айқындайды;
5) сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын әзірлейді және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкілді органдарына бекітуге ұсынады;
6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2-Бөлім. қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтi лицензиялау, экологиялық нормалау, қоршаған ортаны қорғау
саласындағы техникалық реттеу, қоршаған ортаға әсердi бағалау, экологиялық сараптама, экологиялық рұқсаттар, экологиялық аудит
21-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтi лицензиялау
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке және заңды тұлғалардың табиғат қорғау iсiн жобалау, нормалау және экологиялық аудит жөнiндегi қызметi осы Кодекстiң 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтiң I санаты үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге арналған лицензияның негiзiнде жүзеге асырылады.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түрiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4-тарау. Экологиялық нормалау
22-бап. Экологиялық нормалаудың мақсаты
1. Экологиялық нормалаудың мақсаты экологиялық қауіпсіздікті, экологиялық жүйелер мен биологиялық әртүрлілікті сақтауды қамтамасыз ететін қоршаған орта сапасын реттеу және оған жол беруге болатын әсерді белгілеу болып табылады.
2. Экологиялық нормалау процесінде қоршаған орта сапасының нормативтері, эмиссиялар нормативтері және табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтер белгіленеді.
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Мұнайдың авариялық төгілуін жою әдістерін қолдану нәтижесіндегі эмиссиялар нормалануға жатпайды.
23-бап. Қоршаған орта сапасының нормативтері және оларды белгілеу тәртібi
1. Қоршаған орта сапасының нормативтеріне:
1) қоршаған орта жай-күйінің химиялық көрсеткіштеріне сәйкес белгіленген нормативтер, оның ішінде радиоактивті заттарды қоса алғанда, жол беруге болатын шекті шоғырлану, химиялық заттардың шамалап алынған қауіпсіз деңгейлерінің нормативтері;
2) қоршаған орта жай-күйінің физикалық көрсеткіштеріне сәйкес белгіленген, оның ішінде шудың, тербелістің, магнит өрістерінің, радиоактивтіліктің, жылудың және өзге де физикалық әсерлердің жол беруге болатын шекті деңгейлерінің нормативтері;
3) қоршаған орта жай-күйінің биологиялық көрсеткіштеріне сәйкес белгіленген, оның ішінде қоршаған орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын өсімдіктердің, жануарлардың және басқа да организмдердің түрлері мен топтарының нормативтері, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен және нормалармен, гигиеналық нормативтермен регламенттелетін, микроорганизмдердің жол беруге болатын шекті шоғырлану нормативтері:
топырақ бонитеті, қарашіріндінің құрамы, топырақтың су және жел эрозиясына ұшырау, олардың батпақтану, сортаңдану, тұздану көрсеткіштері және жер топырағының басқа да сипаттамалары;
аумақтың ормандылығы және онда орман өсіру, орманның қоқыстануы, ормандардың санитарлық жай-күйі, орман қорының жекелеген учаскелерінің басқа да сандық және сапалық көрсеткіштері;
ауыз суға және өзге де мақсаттарға пайдаланылатын су сапасының нормативтері;
табиғи ресурстар жай-күйінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де нормативтері;
4) қоршаған орта сапасының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де нормативтері жатады.
2. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жол беруге шекті шоғырлану нормативтерін белгілеу мақсатында зиянды заттарды қауіптілік дәрежесіне қарай сыныптауды қамтитын, ықтимал қауіпті химиялық заттарды мемлекеттік тіркеуді жүргізеді. Мемлекеттік тіркеуден өткен химиялық заттарды Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол беріледі.
3. Жол беруге болатын шекті шоғырлану және заттардың шамамен алынған қауіптілік деңгейлерінің нормативтерін белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамаларында, Қазақстан Республикасының жер заңнамасында айқындалады.
4. Табиғи ресурстар жай-күйінің нормативтері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи ресурстардың әрбір түрі бойынша белгіленеді.
24-бап. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерi
1. Жекелеген аумақтар үшін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленуі мүмкін.
2. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері қоршаған орта сапасын бірте-бірте жақсарту қажеттігі ескеріле отырып, қоршаған ортаның нормаланатын параметрлерінің белгілі бір уақыт кезеңіне арналған шекті деңгейін реттейді.
3. Қоршаған орта сапасының әртүрлі нысаналы көрсеткіштері:
1) қоныстану аумағы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
3) рекреациялық аймақтар;
4) шөл және шөлейт аудандар;
5) су объектілері үшін белгіленуі мүмкін.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгiленедi.
5. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін белгілеу:
1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қоршаған орта сапасының нормативтеріне кезең-кезеңмен қол жеткізілуін;
2) экологиялық қауіпсіздікті және халық денсаулығы үшін қатерді азайтуды;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары, сондай-ақ экожүйелердi, өсімдіктер мен жануарлар дүниесiнiң тектiк қорын сақтау қажеттiгi ескеріле отырып, қоршаған орта сапасының нормалануын қамтамасыз етуге тиiс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн айқындау тәртiбiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi.
25-бап. Эмиссиялар нормативтерi
1. Эмиссиялар нормативтеріне:
1) эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері;
2) ластаушы заттардың жол беруге болатын шекті шығарындылары мен төгінділерінің нормативтері;
3) өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері;
4) 2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) күкіртті қоршаған ортада ашық түрде орналастыру нормативтері жатады.
2. Эмиссиялар нормативтері аумақтардың және акваторияның табиғи ерекшеліктері ескеріле отырып, қоршаған орта сапасы нормативтерінің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс және жол берілетін шекті шоғырлану немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері негізінде есептеледі.
3. Эмиссиялар нормативтерінің шамалары шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсерін азайту мақсатында экологиялық рұқсаттар беру мен қажетті техникалық іс-шаралар өткізу қажеттігі туралы шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.
26-бап. Эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтерi
1. Эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері өнеркәсіптің нақты процестері мен салалары үшін ең озық қолжетімді технологиялар енгізу негізінде белгіленеді.
2. Эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері техникалық регламенттерде белгіленеді және кешенді экологиялық рұқсаттардың негізі болып табылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көздері үшін эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтері техникалық регламенттерде белгіленеді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 27-бап жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері
1. Парниктік газдар шығарындыларын қоспағанда, ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң жол берiлетiн шектi, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері қоршаған орта сапасының нормативтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз ететiндей шартпен эмиссиялардың әрбiр стационарлық көзi және тұтастай кәсiпорын үшін есептеулер негiзiнде белгiленетiн эмиссиялардың шамалары болып табылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ластаушы заттар шығарындылары мен төгiндiлерiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру нормативтері қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар беру кезiнде шығарындылардың стационарлық және жылжымалы көздері, технологиялық процестер мен жабдықтар үшін эмиссиялар нормативтерінің есептеу мәндерiн, техникалық үлестік нормативтерінiң белгiленген мәндерiн қамтитын жобалар құрамында пайдаланылады. Ластаушы заттардың жол берiлетiн шекті шығарындылары мен төгiндiлерiнiң белгіленген нормативтерінің қолданылу мерзімі, өндіріс және тұтыну қалдықтарын нормативтік орналастыру мерзімі I, II және III санаттардағы объектілер үшін күнтізбелік он жылды құрайды, IV санаттағы объектілер үшін - мерзімсіз.
28-бап. Эмиссиялар нормативтерін айқындау тәртібi
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
1. Қоршаған ортаға эмиссия нормативтері көзделген шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау құрамында не жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жеке құжаттар түрінде негізделеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің I санаты үшін эмиссиялар нормативтерін әзірлеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
3. Жекелеген көздер бойынша эмиссиялар нормативтерi эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерiне теңестiрiлiп белгiленедi не санитариялық-қорғау аймағының шекарасындағы және жақын орналасқан қоныстану аумақтарындағы қоршаған орта сапасының нормативтеріне қол жеткізу мақсаттарын негізге ала отырып, есептеу және (немесе) аспаптық жолмен айқындалады.
4. Эмиссиялар нормативтерін есептеу арқылы айқындау әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
5. Эмиссиялар нормативтерiн белгiлеу кезiнде қоршаған ортаның iс жүзiндегi ластануы ескерiледi. Қоршаған орта сапасы параметрлерiнiң фондық шоғырлануы жөнiндегi деректерді жобаның тапсырыс берушiсiмен немесе жобалау ұйымымен жасалған шарт бойынша ұлттық гидрометеорологиялық қызмет ұсынады. Қоршаған орта сапасы параметрлерiнiң фондық шоғырлануы жөнiндегi деректерді ұсыну қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге технологиялық байланысты қызметке жатады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редацияда
6. Атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылжымалы көздерінен туындайтын эмиссия нормативтерi белгіленбейді. Шығарылған газдардағы атмосфералық ауаны ластайтын негiзгi заттардың шектi концентрациялары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында айқындалады.
29-бап. Табиғи ресурстар жай-күйінің өзге де нормативтерi
1. Табиғи ресурстарды қорғау мен молықтыру мақсатында табиғи ресурстар жай-күйінің нормативтері белгіленеді.
2. Табиғи ресурстар жай-күйінің нормативтері және оларды белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы заңнамасында, Қазақстан Республикасының жер, су, орман заңнамасында айқындалады.
5-тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 30-бап жаңа редацияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
30-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растау объектiлерi мен рәсiмi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестiктi растау объектiлерi мен рәсiмi Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында айқындалады.
31-бап. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сәйкестікті растауға арналған стандарттар
1. Техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды орындау үйлестірілген стандарттармен қамтамасыз етіледі.
Ұйымдардың стандарттары қолдану үшін ерікті сипатта болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс.
2. Сәйкестігін растаудан өтпеген, сәйкестігін растаудан міндетті түрде өтуге тиіс өнімдерді, қызметтер көрсетуді, процестерді өткізуге тыйым салынады.
32-бап. Экологиялық таңбалау
1. Экологиялық таңбалаудың міндеттері:
1) тұтынушыларды қоршаған ортаға қауіпті өнімдерді сатып алудан (пайдаланудан) қорғау;
2) өнімдердің барлық түрлерін өндіру, пайдалану және жою, (кәдеге жарату, өңдеу) кезінде қоршаған ортаның ластануын болдырмау;
3) жабдықтардың, технологиялық процестердің, өндірістердің және өнімдердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) экологиялық қауіпсіз технологиялық процестерді, жабдықтарды және өндірістерді енгізу;
5) елге экологиялық қауіпті өнімдер мен технологиялардың әкелінуін болдырмау;
6) отандық өнімнің экспортталуына жәрдемдесу және бәсекеге қабілеттігін арттыру болып табылады.
2. Өндірілу кезінде қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және биологиялық ресурстарға зиянды әсері неғұрлым аз немесе қолайлы әсер ететін өнім экологиялық таңбалау объектісі болып табылады. Экологиялық таңбалау объектісі өнім өндіру процесі мен қолданылатын технологияларды қамтиды.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өндiрушiлер өз өнiмiн сәйкестiгi расталғаннан кейiн экологиялық таза өнiм белгiсiмен ерiктi негiзде таңбалайды. Өнiмдi экологиялық таңбалауды тиiстi саладағы коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
4. Экологиялық таза өнім стандарттарын, экологиялық таза өнім белгісінің нысанын және оған қойылатын техникалық талаптарды «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелген коммерциялық емес ұйым белгілейді.
33-бап. Техникалық реттеу жөніндегі сарапшылық кеңес
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның техникалық реттеу жөніндегі сарапшылық кеңес техникалық регламенттер жобаларын әзірлейді, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу және қолдану жөніндегі ұсыныстарды қарайды.
34-бап. Халықаралық стандарттарды енгізу
1. Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын енгізуі:
1) халықаралық стандарттар туралы ақпарат тарату;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын енгізген және мұндай енгізуді растайтын құжаты бар табиғат пайдаланушыларға инспекторлық тексеру жүргізу жиілігін қысқартуы;
3) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу тетіктерін пайдалану арқылы ынталандырылады.
2. Халықаралық стандарттарды енгізуді ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы стандарттар
2016.08.04. № 491-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның келісімімен Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындығы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдерін әзірлейді және бекітеді.
2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу субъектілері өз қызметінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган таныған және рұқсат еткен стандарттарды басшылыққа алады.
6-тарау. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
35-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
Қоршаған ортаға әсерді бағалау - шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта мен адам денсаулығына ықтимал салдарлары бағаланатын, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары ескеріле отырып, қолайсыз зардаптарды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, жұтаңдауын, бүлінуін және сарқылуын) болдырмау, қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар әзірленетін рәсім.
36-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау міндеттілігi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлері үшін міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсер ететін шаруашылық және өзге де жобаларды, қоршаған ортаға әсерін бағаламай әзірлеуге және іске асыруға тыйым салынады. Әсерді бағалау нәтижелерін жоспарлау алдындағы, жоспарлау құжаттамасының, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының ажырамас бөлігі болып табылады.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жобаланып жатқан объектілердің перспективалық қызметі осы Кодекстің талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерін бағалауға жатады.
4. Жобалардың тапсырыс берушісі (бастамашысы) мен әзірлеушісі қоршаған ортаға әсер етуге жүргізілген бағалау нәтижелерін ескеруге және қоршаған орта мен адам денсаулығына неғұрлым аз зиян келтіретін нұсқаның қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың кезеңдерi
1. Қоршаған ортаға әсердi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қала құрылысы және құрылысты жобалау кезеңдерi ескерiле отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылады.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаға әсердi бағалау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) IV санаттағы объектілерді қоспағанда, қоршаған ортаға әсердi алдын ала бағалау (1-кезең);
2) IV санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілерді қоспағанда, жобаны iске асырудың ықтимал әсерлерiн немесе шаруашылық және өзге де қызметтi одан әрi жүзеге асыруды толық және кешендi талдау, баламалы нұсқаларды негiздеу және қоршаған ортаны қорғауды басқару жоспарын (бағдарламасын) әзiрлеу мақсатында орындалатын әсердi бағалау (2-кезең);
3) IV санаттағы объектілерді қоспағанда, қоршаған ортаға қолайсыз әсерлердi болдырмау жөнiндегi техникалық шешiмдердi қамтитын жұмыс жобасы құрамындағы «Қоршаған ортаны қорғау» бөлiмi (3-кезең).
3. Қоршаған ортаға әсердi бағалаудың 2 немесе 3-кезеңдерiнде осы Кодекстiң 4-тарауына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерi әзiрленедi.
38-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу тәртібi
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің I санаты үшін қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау әзірленімін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар шартқа сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізуден алынған нәтижелердің дұрыстығы, толықтығы мен сапасы үшін тапсырыс беруші алдында жауапты болады.
Тапсырыс беруші мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарының дәйектілігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін орындау кезінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
39-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде есепке алынуға тиіс әсерлердің түрлерi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
1) тікелей әсер - объектіні орналастыру ауданында жоспарланып отырған негізгі және ілеспе қызмет түрлерінің тікелей тигізетін әсері;
2) жанама әсер - жобаны іске асыру салдарынан пайда болатын жанама (кейінгі) факторлардан туындайтын қоршаған ортаға әсер;
3) кумулятивтік әсер - жобаны іске асыруға ілесе жасалатын, өткен, қазіргі немесе негізделіп алдын ала болжанатын іс-әрекеттерден туындайтын, үнемі ұлғаю үстіндегі өзгерістер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) парниктік газдар шығарындыларының әсерін қоспағанда, атмосфералық ауаға;
2) жер үсті және жер асты суларына;
3) сутоғандары түбінің беткі жағына;
4) ландшафттарға;
5) жер ресурстарына және топырақ жамылғысына;
6) өсімдіктер дүниесіне;
7) жануарлар дүниесіне;
8) экологиялық жүйелердің жай-күйіне;
9) халық денсаулығының жай-күйіне;
10) әлеуметтік салаға (халықты жұмыспен қамту, білім беру, көлік инфрақұрылымы) әсерді бағалау жүргізіледі.
3. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу процесінде табиғи орта мен адам денсаулығына теріс және оң әсерлер есепке алынуға тиіс.