3) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі;
4) қоршаған ортаны авариялық ластау салдарының мониторингі қамтылады.
4. Қоршаған ортаның мемлекеттік экологиялық және өндірістік мониторингі мына параметрлерді:
1) Каспий теңізінің мәртебесі (режимі) бойынша әртүрлі учаскелерінде судың, сондай-ақ су түбіндегі шөгінділердің физикалық, химиялық және гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша ластану деңгейін;
2) Каспий теңізінің белгілі бір учаскелерінде (ашық теңізде, шығанақтарда, сағалық учаскелерде, теңізге құятын өзендерде, мұнай операцияларын жүргізетін аудандарда сынамаларды іріктеп алудың бақылау нүктелерінде) атмосфера - су бөліну шекарасында ластаушы заттардың балансы мен түрленуін және олардың су түбі шөгінділерінде (тұнбаларда) жинақталуын;
3) табиғи циркуляциялық процестерді, гидрометеорологиялық көрсеткіштерді (судың температурасын, ағысын, желдің жылдамдығы мен бағытын, атмосфералық жауын-шашынды, атмосфералық қысымды, ауаның ылғалдығын) байқауды қамтуға тиіс.
5. Жер қойнауын пайдаланушы қажет болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап етуімен қоршаған ортаның жай-күйіне қосымша зерттеулер жүргізуге тиіс.
6. Жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаның жай-күйін қадағалаудың түрлері мен әдістерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен айқындайды.
7. Өндірістік мониторинг өткізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылдардағы қадағалаулардың нәтижелерін ескеруі және қадағалауды ұзақ мерзім қатарынан жалғастыру мақсатында жұмыс алаңында (келісімшарттық аумақ шегінде және оның айналасында) орналасқан, жұмыс істеп тұрған станциялардың көрсеткіштерін пайдалануға тиіс.
8. Авариялық жағдайлар туындаған жағдайда қоршаған ортаның авариялық ластану салдарының мониторингі кідіріссіз ұйымдастырылуға тиіс.
9. Жер қойнауын пайдаланушы өндірістік мониторинг нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға беруге міндетті.
2016.12.01. № 443-V ҚР Заңымен 39-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-тарау. Радиоактивті материалдарды, атом энергиясын пайдалануға және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын экологиялық талаптар
270-бап. Радиоактивті қалдықтар мен материалдарды трансшекаралық ауыстыру
1. Өңдеу үшін басқа мемлекеттерге әкетілген Қазақстан Республикасының өз радиоактивті қалдықтарын қоспағанда, радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму мақсатында басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады. Радиоактивті заттардың қоршаған ортаға таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды жүргізбей радиоактивті қалдықтар мен материалдарды жер бетіне және жер қойнауына көмуге (орналастыруға) тыйым салынады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.12.01. № 443-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасына радиоактивті материалдарды, радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген, құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары радиоактивті заттар бар жартылай фабрикаттарды, шикізатты, жинақтаушы бұйымдарды әкелу Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебіне алынуға жатады.
3. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық ауыстыру кезінде табиғат пайдаланушы халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып ауыстыруды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндетті. Бұл ретте:
1) табиғат пайдаланушы межелі мемлекеттің рұқсаты және алдын ала хабардар етілуі, сондай-ақ келісімі бойынша ауыстыруды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндетті;
2) транзит мемлекеттері арқылы трансшекаралық ауыстыру нақты пайдаланылатын көлік түрлеріне сәйкес келетін халықаралық міндеттемелерді орындау шартымен жүзеге асырылуға тиіс;
3) пайдаланылған отынды немесе радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму үшін оңтүстік ендіктен оңтүстікке қарай 60 градус межелі орынға жөнелтуге тыйым салынады.
271-бап. Радиоактивті материалдарды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар радиоактивті материалдарды өндірудің, сақтаудың, тасымалдаудың, пайдаланудың, кәдеге жаратудың және жоюдың белгіленген ережелерін сақтауға, радиациялық әсердің жол берілетін шекті деңгейі нормативтерінің бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және оны жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2. Қоршаған ортаның радиациялық ластануы байқалған жағдайда жеке және заңды тұлғалар бұл туралы атом энергиясы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органына кідіріссіз түрде хабарлауға тиіс.
3. Радиоактивті материалдарды пайдалану кезінде табиғат пайдаланушылар:
1) радиоактивті материалдарды пайдалану мерзімі ішінде оларға әсер етуі мүмкін барлық факторларды бағалауды;
2) радиоактивті материалдардың халық денсаулығына және қоршаған ортаға әсерін бағалауды;
3) азаматтарға және қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын ақпаратты қоспағанда, радиоактивті материалдардың сипаттамасы мен оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттың берілуін;
4) Қазақстан Республикасының халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы заңнамасына сәйкес радиациялық қауіпсіздіктің негізгі нормалары мен ережелерін ескере отырып, халық денсаулығына және қоршаған ортаға радиациялық, оның ішінде авария салдарынан болатын радиациялық әсерді шектеу шараларын;
5) радиоактивті қалдықтар түзілуінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.
272-бап. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды сақтау мен көму кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілетін радиоактивті қалдықтар олардың ықтимал қауіптілігі болуы мүмкін уақыт кезеңі ішінде халық пен қоршаған ортаның радиациядан қорғалуын қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтарды орналастыру радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және техникалық құжаттамада көзделуге тиіс. Радиоактивті қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау мен көму тәртібі және оларды ұйымдастыру осы Кодексте көзделген экологиялық талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды сақтау мен көму кезінде табиғат пайдаланушылар:
1) өздігінен жүретін тізбекті ядролық реакцияларды болғызбауды және жылудың көп бөлінуінен қорғауды;
2) радиациялық қауіпсіздік ережелері мен нормаларына сәйкес тиісті қорғау әдістерін қолдану арқылы халықтың және қоршаған ортаның тиімді қорғалуын;
3) радиоактивті материалдар мен қалдықтарды сақтаумен байланысты болуы мүмкін биологиялық, химиялық және басқа да тәуекелдердің есебін;
4) көму объектісінің орналасқан жеріне, конструкциясы мен құрамына қатысты есеп құжаттарының сақталуын;
5) радиоактивті материалдарға санкциясыз қол жеткізуді бақылау мен шектеу, сондай-ақ радиоактивті заттардың қоршаған ортаға жоспарланбаған шығарылуын болдырмауды қамтамасыз етуге тиіс.
273-бап. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ережелерге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Радиоактивті материалдар мен қалдықтарды тасымалдау ережелері жүк жөнелтушінің, тасымалдаушының және жүк алушының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, қауіпсіздік, физикалық жағынан қорғалу шараларын, оқиғалар мен аварияларға жол бермеу жөніндегі келісілген шаралар жүйесін, буып-түюге, таңбалауға және көлік құралдарына қойылатын талаптарды, ықтимал авариялардың салдарын тұмшалау жөніндегі іс-шараларды көздеуге тиіс.
274-бап. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру мен пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыруға қатысты ұсыныстар енгізуге жергілікті мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
Ядролық қондырғыларды немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру туралы мәселенің қаралуы үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әзірленген, осындай қондырғыны немесе объектіні салу қажеттігінің негіздемесі, сондай-ақ оларды орналастыруға арналған алаңдардың балама нұсқалары қамтылуға тиіс материалдарды табыс етеді.
Материалдар:
1) ядролық қондырғы немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объекті орналастырылуы мүмкін аудандағы қоршаған ортаның сипаттамасын;
2) объектілерді салу, пайдалануға беру, пайдалану, пайдаланудан шығару және жабу жөніндегі жоспарланған жұмыстардың адам денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға әсерін бағалауды;
3) қоршаған ортаға теріс әсерді төмендететін іс-шараларды;
4) қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары міндетті түрде ескерілген мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық сараптамалардың оң қорытындысын қамтуға тиіс.
2. Ядролық қондырғыларды және объектілерді салу туралы шешімді аумағында ядролық қондырғы және (немесе) объекті салу жоспарланатын жергілікті өкілді органдар келіскен кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
3. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін және жер қойнауын беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Ядролық қондырғыларды және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектілерді орналастыруға қатысты шешімдер қабылдау кезінде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс. Бұл іс-шараларды жүзеге асырудың көлемі мен тәртібін әрбір нақты жағдайда ғылыми-экономикалық негіздемелер негізінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдалануға қабылдауды мемлекеттік қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.
6. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдалануға қабылдау жобада көзделген өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы объектілермен бір кешенде жүзеге асырылуға тиіс.
7. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдаланудан шығару және радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған қойманы жабу тәртібі атом энергиясын пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес жобада көзделуге тиіс. Шығыстарды қаржыландыруды ядролық қондырғының немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектінің иесі жүзеге асырады.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Ядролық қондырғыны немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объектіні пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған қойманы жабу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және аталған іс-қимылдар басталғанға дейін екі жылдан кешіктірмей пайдаланушы ұйымның немесе осы салада маманданған ұйымның назарына жеткізіледі.
9. Ядролық қондырғы немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған объекті орналасқан жерлерде санитарлық-қорғаныш аймағы және бақылау аймағы белгіленеді.
Аймақтардың көлемдері мен шекаралары жобада ядролық энергияны пайдалану саласындағы нормаларға, ережелер мен стандарттарға сәйкес белгіленеді. Санитарлық-қорғаныш аймағында және бақылау аймағында радиациялық жағдайды бақылау жүзеге асырылады.
10. Параметрлері мен кімге тиесілі екеніне қарамастан, санитарлық-қорғаныш аймағында, бағбандық және бақшалық жер учаскелерін орналастыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қоса алғанда, тұрғын үй ғимараттарын, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерін, спорттық-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға (салуға) тыйым салынады.
11. Санитарлық-қорғаныш аймағында орналасқан жерлер мен су айдындарын өнімдерге радиологиялық бақылауды міндетті түрде жүргізу шартымен шаруашылық мақсатында пайдалануға болады.
275-бап. Құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, мелиоранттар мен көмірдің жол берілетін радиоактивтілік деңгейі
1. Құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, мелиоранттар мен көмірдің жол берілетін радиоактивтілік деңгейі радиациялық қауіпсіздік нормаларымен белгіленеді.
2. Көмір радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген мөлшер шегінен аспаған кезде кез келген мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Радиоактивтілігі радиациялық қауіпсіздіктің қолданыстағы нормаларында және санитарлық ережеде көзделген деңгейден жоғары көмір, радиациялық қауіпсіздік нормалары сақталу шартымен карьердің ішкі үйіндісіне жинақталып, көмілуге тиіс.
276-бап. Елді мекендер аумақтарындағы, тұрғын үйлердің және қоғамдық ғимараттардың үй-жайларындағы радиациялық жағдайға, құрылыс материалдарының, минералдық тыңайтқыштардың, отын-энергетикалық шикізаттың радиациялық қауіпсіздігіне және мұнай операциялары кезіндегі радиациялық қауіпсіздікке бақылау ұйымдастыру
1. Радиациялық бақылауды ұйымдастыру радиациялық қауіпсіздіктің белгіленген нормативтік шамаларынан асуына жол бермеуін, сондай-ақ халыққа дозалық жүктемені төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен енгізуді өзіне міндет етіп қояды.
2. Елді мекен пункттерінің, тұрғын үй-тұрмыстық объектілерінің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, демалыс және рекреация аймақтарының, бағбандық серіктестіктерінің құрылысына жер учаскелері бөлініп берілген кезде, міндетті іздестіру жұмыстары көлеміне бөлініп берілген учаске аумағындағы сыртқы гамма-сәуленің экспозициялық дозасының қуатын өлшеу енгізілуге тиіс. Нәтижелері құрылысқа учаске таңдау жөніндегі комиссияның хаттамасымен ресімделеді.
3. Тұрғын үй объектілері пайдалануға берілген кезде сыртқы гамма-сәуленің экспозициялық мөлшерінің қуаты - әрбір пәтерде, ал радонның шоғыры әрбір кіреберістің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінде өлшенеді. Радонның жол берілетін шоғырлануы асып кеткені анықталған жағдайда зерттеу үйдің барлық пәтерлерінде жүргізіледі.
4. Сыртқы гамма-сәуленің дозалық қуатын өлшеу жер бетінен немесе үй-жай еденінен 1 метр биіктікте жүргізіледі.
5. Радонның баламалық тепе-тең көлемді белсенділігінің болуын бақылау халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның әдістемелік нұсқауларына және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған басқа да әдістемелерге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Пайдалануға берілетін құрылыс объектілеріндегі өлшеулердің нәтижелері радиациялық тексеру актісі түрінде ресімделіп, оның бір данасы объектіні пайдалануға енгізу жөніндегі мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне тіркеледі. Өлшеулерді өткізу үшін жауапкершілік объект құрылысын жүзеге асыратын және оны пайдалануға ұсынатын ұйымға жүктеледі.
7. Үй-жайлардағы гамма-фонды және радонның мөлшерін азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізу мүмкіндігін, қажеттілігін, көлемі мен мерзімдерін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының өкілдерін міндетті түрде қатыстыра отырып, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының комиссиясы айқындайды.
8. Табиғат пайдаланушы құрылыс материалдары, минералдық тыңайтқыштар, мелиоранттар мен отын-энергетика шикізаты кен орнын игеруді бастағанға дейін олардың радиациялық қауіптілік деңгейі мен пайдаланылу шарттары туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тиіс. Қорытындыны геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша пайдалы қазбаларды радиациялық-гигиеналық бағалау бөлімі қамтылатын, кен орындарын игеру жобасының негізінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган береді.
9. Табиғат пайдаланушының радиациялық бақылау қызметі кен орындарын игеру жөніндегі жоба талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді, радиациялық бақылау нәтижелері құжатпен ресімделеді.
10. Өнімнің радиациялық сапасы аккредиттелген зертханалар орындаған зертханалық зерттеулер негізінде мемлекеттік бақылау органдарының қорытындысымен расталады. Өнімнің сапасын растаудың тәртібі мен кезеңділігі кен орындарын игеру жобаларының сараптамасы кезінде белгіленеді.
277-бап. Металл сынықтарына радиациялық бақылауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
1. Металл сынықтарын өндірістік радиациялық бақылау:
1) дайындау ұйымына түсетін барлық металл сынықтарын оның радиоактивті ластануын не онда оқшау гамма-сәуле көздерінің болуын анықтау мақсатындағы радиациялық бақылауды;
2) металл сынықтарының тобына немесе бөліктеріне жақын жерде радиациялық фонның артуы анықталған кезде гамма-сәуле дозасының қуатын өлшеуді;
3) металл сынығының альфа- және бета-активті радионуклидтермен беткі ластануының бар-жоғын іріктеп тексеруді;
4) металл сынығы топтарын тасуға арналған бос көлік құралына радиациялық тексеру жүргізуді, сондай-ақ жүк тиелген көлік құралының үстіндегі гамма-сәуле дозасының қуатын өлшеуді қамтиды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өндірістік радиациялық бақылау жүргізу әдістемесі санитариялық қағидаларда айқындалады.
278-бап. Радиациялық авариялар кезінде іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі
1. Радиоактивті материалдарды тасымалдағанда төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтардың денсаулығын, олардың мүлкін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптары және техникалық регламенттер сақталуға тиіс.
2. Авариялық рәсімдер авария болған жағдайда жүк құрамының қоршаған ортамен өзара іс-әрекеті салдарынан басқа қауіпті заттардың пайда болу ықтималдығын ескеруге тиіс.
279-бап. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қадағалау мен бақылау
Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қадағалау мен бақылау Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
40-тарау. Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды,
генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру және оларды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 280-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
280-бап. Ықтимал қауіпті химиялық заттарды өндіру және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ықтимал қауіпті химиялық заттарды өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында:
1) өндіру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесінде қоршаған ортаға әсер етудің шекті жол берілетін белгіленген нормативтерінің орындалуы;
2) оларды қолданудың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды салдарларының алдын алу жөніндегі шаралардың орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Жойылуы қиын органикалық ластауыштарды қамтитын немесе оны пайдалану нәтижесінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жойылуы қиын органикалық ластауыштар түзілетін өнімді өндіруге және импорттауға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған химиялық заттарды өндіруге және пайдалануға шектеу қойылады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Жойылуы қиын органикалық ластауыштар экологиялық қауіпсіз тәсілмен жойылуға жатады.
Бөлінетін газдарды кешенді тазаламайынша жойылуы қиын органикалық ластауыштарды және құрамында хлор бар қалдықтарды жоюға арналған технологияларды пайдалануға тыйым салынады. Бұл ретте бөлінетін газдарды кешенді тазалау тазартылған бөлінетін газдарда диоксиндер мен фурандардың 0,1 нг/м3 аспайтын концентрацияда болуын қамтамасыз етуге тиіс.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Азық-түлікті немесе мал азықтарын өндіруге және қайта өңдеуге байланысты жерлерде жойылуы қиын органикалық ластауыштарды пайдалануға тыйым салынады.
281-бап. Қоршаған ортаны зиянды және бақыланбайтын биологиялық әсерден қорғау
Ықтимал қауіпті биологиялық заттарды, оның ішінде генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдерді өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында:
1) өндіру, сақтау, тасымалдау және пайдалану процесінде қоршаған ортаға әсер етудің шекті жол берілетін белгіленген нормативтерінің орындалуы;
2) оларды қолданудың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды салдарларының алдын алу жөніндегі шаралардың орындалуы;
3) генетикалық түрлендірілген өнімдердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган пайдалануға рұқсат берген тізбе шеңберінде ғана пайдаланылуы қамтамасыз етілуге тиіс.
282-бап. Гендік-инженерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі
1. Генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру мен пайдалану жөніндегі операциялар барысында мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) табиғат пайдаланушылар генетикалық түрлендірілген өнімдердің қайдан шығатынын және қайда түсетінін айқындайтын жүйелер мен рәсімдерді меңгеруге тиіс;
2) қоршаған ортаға әдейі шығаруға арналған генетикалық түрлендірілген организмдер үшін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органына олардың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге тиіс;
3) тағамға, жемге немесе өңдеуге арналған генетикалық түрлендірілген организмдер үшін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өнімде болуы мүмкін генетикалық түрлендірілген организмдердің ерекшеліктерін сипаттап, өнімнің тек тағам, жем ретінде немесе өңдеу үшін пайдаланылуға тиістілігі туралы декларация ұсынуға тиіс;
4) генетикалық түрлендірілген организмдерден алынатын тағам және жем өнімдеріне қатысты табиғат пайдаланушылар сатып алушыларды өнімнің генетикалық түрлендірілген организмдерден алынғаны туралы хабардар етуге тиіс;
5) табиғат пайдаланушылар генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру мен пайдалану туралы ақпаратты бес жыл бойы сақтауға және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға олардың талап етуі бойынша табыс етуге тиіс.
2. Ауыл шаруашылығының табиғат пайдаланушылары өз өнімін сатып алушыға оның генетикалық түрлендірілген өнім сатып алатынын таңбалау арқылы хабардар етуге және өз өнімін ұсынатын сатып алушылардың тізілімін жүргізуге тиіс.
3. Мемлекеттік органдар барлық генетикалық түрлендірілген тағам өнімдері мен жемге арналған таңбалау туралы қолда бар ережелерді таратады. Генетикалық түрлендірілген организмдерді қамтитын немесе олардан құралған немесе алынған барлық тағам өнімдері мен жемдер таңбалануға тиіс. Таңбалаудың мақсаты тұтынушыларды өнімнің немесе жемнің нақты қасиеттері туралы хабардар ету болып табылады.
4. Генетикалық түрлендірілген организмдерді таңбалау жүйесі түпкі тамақ өнімінде генетикалық түрлендірілген дезоксирибонуклеидтерді немесе белоктарды табу мүмкіндігіне негізделеді.
41-тарау. Өндіріс және тұтыну қалдықтарына меншік құқығын анықтау кезіндегі экологиялық талаптар
283-бап. Өндіріс және тұтыну қалдықтарына меншік құқығы
1. Қызметі нәтижесінде өндіріс және тұтыну қалдықтары құралатын жеке және заңды тұлғалар олардың меншік иелері болып табылады және, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын айқындайтын шарттар өзгеше көзделмесе, қалдықтар құралған кезден бастап олармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапты болады.
2. Қалдықтарға меншік құқығын басқа тұлға сатып алу-сату, айырбастау, сыйға беру шартының немесе қалдықтарды иеліктен шығару туралы өзге де мәміле негізінде алуы мүмкін.