2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Курсанттарды, тыңдаушыларды қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне қойылады, олардың тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
9-бап. Қызмет өткеру туралы келісімшарт
1. Қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы уәкілеттi басшымен жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмінің аяқталуы бойынша;
2) қызметкердің мерзiмiнен бұрын қызметтен шығарылуына байланысты;
3) қызметкер қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күннен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың қызметке тұруының ерiктілiгi, азаматтың қызметті өткеруге мiндеттенетін мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру мiндетiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, оның құқықтарының сақталуын көздейтін нормалар қамтылады.
5. Лауазымға Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған қызметкерлер қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан тиiстi лауазымдағы қызметтi өткередi.
Аталған қызметкерлер лауазымынан босатылғаннан кейiн қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.
6. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi осы Заңмен және арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерімен айқындалады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Қызметті өткеру туралы келісімшарт:
1) үш жылға;
2) бес жылға;
3) он жылға;
4) қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;
5) курсанттар, тыңдаушылар үшін - арнаулы (əскери) оқу орнында не шет мемлекеттің білім беру ұйымында оқу мерзіміне жəне оны бiтiргеннен кейiн күнтізбелік есептеумен он жыл қызметке;
6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан қызметкерлер үшін - арнаулы (əскери) оқу орнында не шет мемлекеттің білім беру ұйымында оқу мерзіміне жəне оны бітіргеннен кейін күнтізбелік есептеумен бес жыл қызметке жасалуы мүмкін.
Қызметкер жүктілікке жəне баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыста немесе бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болған уақытта қолданыстағы келісімшарттың мерзімі өткен жағдайда, қызметкер демалыстан шыққаннан кейін екі ай ішінде осы Заңда айқындалатын тəртіппен жаңа келісімшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10-бап. Қызметкерлерді білім беру ұйымдарына оқуға іріктеу, қабылдау жəне жіберу
1. Арнаулы (əскери) оқу орындарына немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға түсуге:
1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша:
əскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған Қазақстан Республикасы азаматтарының;
əскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген Қазақстан Республикасы азаматтарының жəне əскерге шақыру бойынша мерзімді əскери қызмет өткеріп жүрген əскери қызметшілердің оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін;
келісімшарт бойынша əскери қызмет өткеріп жүрген əскери қызметшілердің не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлердің оқуға түсетін жылы жиырма бес жасқа толғанға дейін;
2) қысқартылған оқу мерзімімен жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша, əскери, арнаулы атақтары, офицерлік құрамның сыныптық шендері бар адамдарды қоспағанда, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасы азаматтарының оқуға түсетін жылы кемінде жиырма екі жасқа толғанға дейін;
3) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша офицерлік құрам қатарынан жоғары білімі бар қызметкерлер мен əскери қызметшілердің құқығы бар.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардың офицерлік құрамы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы заңнамасына сəйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне кадр органдарының жіберуі бойынша оқуға түсуге құқығы бар.
3. Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылдау тəртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейді.
4. Халықаралық шарттарға сəйкес шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға іріктеу жəне жіберу тəртібі арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
5. Курсанттың, тыңдаушының қызметтік міндеттерді атқарудың басталуы болып олардың арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған күні есептеледі.
6. Əскери қызмет өткермеген азаматтар арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде қызметкерлер мəртебесiне ие болады жəне олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ кемiнде бiрiншi курсты бітірген соң қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
7. Қызметкерлер арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған не шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
8. Əскери қызмет өткерген, сондай-ақ келісімшарт, əскерге шақыру бойынша əскери қызмет өткерiп жүрген азаматтар арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде курсант, тыңдаушы лауазымына тағайындау туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
9. Арнаулы (əскери) оқу орындарына оқуға түскен немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген азаматтар оқу мерзіміне жəне сонымен бір мезгілде оқуды бітіргеннен кейін қызметкерлер лауазымдарында күнтізбелік есептеумен он жылға арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.
10. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсуші азаматтың жəне арнаулы мемлекеттік органның лауазымды адамының) өзара міндеттемелері мен жауапкершілігі белгіленеді жəне оқуды бітіргеннен кейін арнаулы мемлекеттік органдарда қызметті одан əрі өткеру шарттары мен мерзімдері көзделеді.
11. Осы Заңда белгiленген тəртiппен қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберуге жатады.
12. Қызметкерлердің арнаулы (əскери) оқу орындарында, сондай-ақ шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқу уақыты мерзімді əскери қызмет өткеру мерзіміне теңестіріледі.
Арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберілген, сондай-ақ қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер, егер олар əскерге шақыру бойынша əскери қызметтің белгіленген мерзiмін өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша əскери есепке қоюға жiберіледi жəне кейiннен жалпы негіздерде əскери қызметке шақырылады.
Бұл ретте арнаулы (əскери) оқу орындарынан жəне шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан үлгерімсіздігі үшін, теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберілген қызметкерлер өздерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
Арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан үлгерімсіздігі үшін, теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберілген, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан қызметкерлер өздерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті.
Оқытуға кететін шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келісімшартта жəне (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен білім беру қызметтерін көрсетуге жасалған шарттарда (келісімшарттарда) айқындалады.
13. Қызметкер арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бiтіргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан жəне осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 5), 6), 7), 11), 12) жəне 13) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
Өтеуге жататын сома келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін əрбір толық өткермеген айға пропорционалды түрде есептеледі.
14. Шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен білім беру қызметтерін көрсетуге арналған шартта (келісімшартта), егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тараптардың ұлттық заңнамасына сəйкес білім алушылар үшін көзделген тараптардың (орындаушының жəне тапсырыс берушінің) өзара міндеттемелері мен құқықтары, қызметкерлердің құқықтарымен міндеттері, оқуға ақы төлеу мөлшері мен тəртібі, оқу мерзімдері жəне тұру жағдайлары, оқыту, ақшалай, заттай жəне өзге де ризықпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету жəне сақтандыру мəселелері белгіленеді.
11-бап. Қызметкерлердің лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар
Қызметкерлердің лаузымдарына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік орган лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына қарай тиісті орта білімнен кейінгі білімі, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-бап. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
1. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің арнаулы (әскери) оқу орындарында, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Білім алушылардың контингентін қалыптастыру, қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
13-бап. Қызметкерлердің ант қабылдауы
1. Мыналар:
1) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған адамдар;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған курсанттар, тыңдаушылар;
3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.
2. Қызметкерлер антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Қызметкерлердің антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледі.
14-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдарды кәсіптік бейімдеу
1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар бөлімшенің жедел-қызметтік әрекеттеріне бейімделуден өтеді.
2. Бейімдеу жөніндегі жұмыс қызметкерлерді атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға тезірек араластыру, олардың бойында қажетті кәсіптік қасиеттерді тиімді қалыптастыру және арнаулы мемлекеттік органдардың құндылықтары мен корпоративтік мәдениет нормаларын игеруі мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қызметкерлерді кәсіптік бейімдеу жөніндегі жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі және тәлімгерлік жұмысты да қамтитын дамыту іс-шаралары кешенінен тұрады.
Қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық кепiлдiктерi
1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Қызметкердің мәртебесіне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттік орган жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап одан айырылады.
2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi - заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.
4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.
Басшыларға қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен өкімдер беруге тыйым салынады.
Жауынгерлік іс-қимылдарынан, төтенше жағдайлар ахуалында тапсырмаларды орындаудан, сондай-ақ жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын өткізуден басқа жағдайларда, бұйрықтар тек қана жазбаша түрде беріледі.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Қызметкерлердің өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) жоғары тұрған лауазымды адамдарға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
16-бап. Міндеттерді атқару
1. Қызметкерлер:
1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайлар ахуалында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысқан;
5) оқу-жаттығуларға қатысқан;
6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта қызметтік объектілердің аумағында, сондай-ақ өзге де орындарда болған;
7) қызметтiк iссапарда болған;
8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
9) емдеуде немесе медициналық тексеруде (куәландыруда), емдеу немесе медициналық тексеру (куәландыру) орнына бару және керi қайту жолында болған;
10) арнайы жиындардан өткен;
11) тұтқында, кепiлге алыну немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
12) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын қорғаған;
13) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
14) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-әрекеттер жасаған жағдайларда, қызметтік мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.
17-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты құқықтары
1. Қызметкерлердiң:
1) лауазымдық мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;
2) өздерiнiң құқықтары мен лауазымдық мiндеттерiн айқындайтын құжаттармен танысуға;
3) лауазымдық мiндеттерiн атқарумен байланысты мемлекеттiк органдарға, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға белгiленген тәртiппен кiрiп-шығуға;
4) егер лауазымдық мiндеттерiн орындау мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдаланумен байланысты болса, белгiленген тәртiппен осындай мәлiметтерге қол жеткiзуге;
5) қызметтік іс-әрекет нәтижелерi, қызмет өтiлi мен бiлiктiлiк деңгейi ескеріле отырып, қызметте өсуiне;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) жеке iсiне енгiзiлгенге дейiн өздерiнiң қызметтік жұмысы туралы пiкiрлермен жəне басқа да құжаттармен, жеке iс материалдарымен (мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді қамтитын арнайы тексеру материалдарын қоспағанда) танысуға, сондай-ақ өздерiнiң жазбаша түсiнiктемелерiн жəне басқа да құжаттар мен материалдарды жеке iске қосуға;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен қайта даярлықтан өтуіне және бiлiктiлiгiн арттыруына;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тағылымдамадан өтуіне;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң, өз отбасы мүшелерi өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң мемлекеттiк қорғалуына;
9) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің дербес деректерiнiң қорғалуына;
10) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн, сондай-ақ қызметiн өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшiн бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгiнуге;
11) медициналық қамтамасыз етілуге және санаториялық-курорттық емделуiне;
12) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қорғалуға;
13) тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге;
14) қызметтiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызметтінің тиiсiнше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлары жасалуына;
15) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
16) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде өздерiне жүктелген мiндеттеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
18-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты мiндеттерi
1. Қызметкерлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктердi жүзеге асыруға;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен бекітілетін арнаулы мемлекеттік органдар ішкі қызмет жарғысының талаптарын, сондай-ақ қызмет жəне еңбек тəртібін сақтауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
7) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
10) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
11) қызметкердiң жеке мүддесi өзiнiң өкiлеттiктерiмен ұштасатын немесе оларға қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тiкелей және уәкiлеттi басшыны дереу хабардар етуге;
12) өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
13) қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөйлеуге жол бермеуге;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) тікелей басшысына:
шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті;
Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені;
егер өздеріне белгілі болса, зайыбының (жұбайының) немесе өзінің жақын туыстарының шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті жəне (немесе) олардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені туралы жазбаша нысанда дереу хабарлауға;
15) қажетті кәсіби және құқықтық білім, дене күші, арнаулы және жауынгерлік дайындық деңгейін сақтап тұруға мiндеттi.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де мiндеттер белгiленедi.
19-бап. Қызметкердiң қызметте болуына байланысты қойылатын шектеулер
1. Қызметкердiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға, партиялар, кәсiптiк одақтар қатарында болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдап әрекет етуге, арнаулы мемлекеттік органдар жүйесiнде өз мүшелерiнiң еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшiн олардың кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығына негiзделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға;
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды) сатып алу және (немесе) өткізу жағдайларын қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн іс-әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсаттарда пайдалануға;
8) пайдакүнемдiк мақсаттарда, оның iшiнде лауазымды немесе өзге адамдармен сөз байласу жолымен өзінің қызмет жағдайын пайдалануға;
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) өзінің жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары (жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында болуына;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну және масаң күйде болу фактісін анықтау үшін уәкілетті басшының жолдамасы бойынша медициналық ұйымдарда медициналық куәландырудан өтуден бас тартуға немесе жалтаруға құқығы жоқ.