13. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат бір жыл мерзімге беріледі. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы көрсетілген мерзімде жүзеге асырылмаған жағдайда өтініш иесі құзыретті органға жаңа рұқсат беру жөнінде жүгінеді.
46-бап. Мемлекеттің басым құқығын іске асырудың тәртібі
1. Қазақстан Республикасының мүдделері үшін басым құқық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті органның шешімі негізінде ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания арқылы іске асырылады.
2. Басым құқықты іске асыру туралы мәселе осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағында көзделген рұқсат беру туралы мәселені қараумен қатар құзыретті органның қарауына жатады. Басым құқықты іске асыру туралы мәселені қарау және ол бойынша шешім қабылдау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы мәселені қараған кезде тұлғаның құзыретті органға жіберген өтініші құзыретті органға берілгеннен кейін үш ай ішінде кері қайтарып алуға немесе қайта қарауға жатпайды.
Егер өтінішті қарау кезеңінде жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысу бағасы туралы немесе оны төлеу тәртібі туралы шарттар өзгеретін болса, өтініш иесі құзыретті органды осындай өзгеріс туралы жазбаша хабардар етеді. Бұл жағдайда өтінішті қарау мерзімі хабарланған күннен бастап қайта есептеледі. Мұндай хабарлама болмаған жағдайда құзыретті орган бастапқыда өтініште көрсетілген, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысу бағасы туралы және оны төлеу тәртібі туралы шарттарды ескере отырып, өтінішті мәні бойынша қарайды.
Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы шешім қабылданған жағдайда құзыретті орган ұлттық басқарушы холдингті немесе ұлттық компанияны иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді мемлекет мүддесінде сатып алушы ретінде айқындайды.
3. Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы құзыретті органның шешімі негізінде ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) иеліктен шығару және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы бойынша әрекеттер жүргізуге ниеттенген тұлғаға басым құқықты іске асыру тәртібі мен мерзімі туралы келіссөздерді бастау туралы ұсыныспен шығады.
Ұлттық басқарушы холдингтің немесе ұлттық компанияның жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді мемлекеттің басым құқығын іске асыру мақсатында сатып алуы осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігінде көзделген, берілген өтініште немесе хабарламада көрсетілгеннен нашар болмайтын баға және оны төлеу шарттары бойынша жүзеге асырылады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер өтеусіз негіз бойынша иеліктен шығарылған жағдайда немесе олар заңды тұлғаның жарғылық капиталына енгізілген жағдайда, мемлекеттің басым құқығын іске асыру кезінде оларды сатып алу Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын нарықтық баға бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттің басым құқығын іске асырған кездегі сатып алу бағасымен келіспеген жағдайда, өтініш беруші нәтижелерге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
47-бап. Жер қойнауын пайдаланушыны бақылаудың өзгеруі туралы хабарлама
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның немесе өндіруге арналған лицензияның негізінде туындаған, жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығының үлесіне) ие жер қойнауын пайдаланушы осындай жер қойнауын пайдалану құқығын берген мемлекеттік органды жер қойнауын пайдаланушының қызметін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамының өзгергені туралы осындай өзгеріс болған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етуге міндетті.
2. Хабарламада:
1) бақылауды жоғалтқан немесе алған тұлға, мемлекет немесе ұйым туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін - иемденушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін - атауы, орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігін көрсету;
мемлекет үшін - мемлекеттің толық атауы, мемлекеттің мүдделерін білдіретін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері;
2) бақылаудың нысаны және тәсілі, сондай-ақ бақылауды жоғалту немесе иелену негізі қамтылуға тиіс.
3. Хабарлама құзыретті орган бекітетін нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
4. Хабардар етілуге жататын мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушыдан хабарламада көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды (құжаттардың түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін) сұратуға құқылы.
5. Осы Кодекстің мақсаттары үшін тікелей бақылау мынадай шарттардың (бақылау тәсілдерінің) ең болмаса біреуінің болуын:
1) заңды тұлғаға немесе өзге ұйымға қатысу құқығының жиырма бес пайыздан астамын иеленуді (қатысу үлесіне құқық, акцияларға, пайларға және меншік құқығын растайтын немесе акцияларға немесе пайларға ауыстырылатын бағалы қағаздарды қоса алғанда, үлестік қатысудың басқа да нысандары);
2) ұйымның жоғары басқару органында барлық дауыстың жиырма бес пайыздан астамымен дауыс беру құқығына ие болуды;
3) жер қойнауын пайдаланушының бөлінетін таза кірісінің жиырма бес пайыздан астамын алуды;
4) шартқа сәйкес немесе Қазақстан Республикасы заңының негізінде басқа ұйымның шешімін айқындау құқығына ие болуды білдіреді.
Жанама түрде бақылау тұлғаның, ұйымның өз араларында тікелей бақылау болатын үшінші ұйым (үшінші ұйымдар) арқылы басқа ұйымды бақылау мүмкіндігін білдіреді.
48-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығына салынатын ауыртпалық
1. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында сенімгерлік басқаруға беру туралы талап белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға беруге тыйым салынған.
3. Ауысуына осы Кодексте тыйым салынған жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) ауыртпалық салуға жол берілмейді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодексте тыйым салынбаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепілі жер қойнауын пайдаланудың осындай құқығын беретін тиісті мемлекеттік органда мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осы тармақта көзделген жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесінің) кепілі мемлекеттік тіркеу күнінен бастап туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепілін тіркеу жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығынан (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестен) өндіріп алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер кепілінің, сондай-ақ кепіл нысанасы тұрғысынан өндіріп алудың ерекшеліктері осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленеді.
6-тарау. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператор
49-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператор
1. Жер қойнауын пайдаланушы құрған немесе айқындайтын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының өкілі ретінде әрекет ететін заңды тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша оператор болып табылады.
2. Тиісті келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын тұлға оператор болып тағайындалмайды.
3. Оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы қатынастар қарапайым жазбаша нысанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия мерзімінен аспайтын мерзімге жасалатын олардың арасындағы келісіммен реттеледі.
Көрсетілген келісімнің қарапайым жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
4. Осы тараудың күші осы Кодекстің 150-бабының ережелерінде көзделген кен орындарын бірлесіп игеру шеңберінде басқарушы компанияның қызметіне қолданылмайды.
50-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындау тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындағаны туралы құзыретті органды жазбаша хабардар етеді. Мұндай хабарламаға оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы келісімнің нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
2. Құзыретті органды хабардар еткен кезге дейін оператор тағайындалған деп есептелмейді.
3. Бір келісімшарт немесе лицензия бойынша бір ғана оператор тағайындалуы мүмкін.
4. Оператордың өкілеттіліктері тоқтатылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде құзыретті органды тез арада хабардар етуге міндетті.
51-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператордың жауаптылығы
1. Оператордың әрекеттері нәтижесінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия талаптарын бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушы жауаптылықта болады.
2. Жер қойнауын пайдаланушының мүдделерін білдіруге байланысты туындаған оператор міндеттемелері бойынша жер қойнауын пайдаланушы ортақ жауаптылықта болады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде оператор үшінші тұлғаларға зиян келтірген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оператордың өз өкілеттіктерін асырып әрекет жасағанын сылтау етуге құқылы емес.
ІІІ БӨЛІМ. Жер қойнауын қауіпсіз пайдалану
7-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік бойынша талаптар
52-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді болжауды, жоспарлауды және жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауының экологиялық жай-күйі шекті жол берілетін эмиссияларды нормалаумен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті немесе оның жекелеген түрлерін шектеумен немесе оларға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының экология заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті экологиялық рұқсатсыз немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
53-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормалардың сақталуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу мен оларды жою және кәсіптік аурулардың профилактикасы бойынша іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
3. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, жеке және заңды тұлғаларға материалдық шығын келтіру қатерін төндіретін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын пайдалануға тыйым салынады.
5. Жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) жұмыскерлердің жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормаларды зерделеуі және орындауы, сондай-ақ авариялардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және өткізу;
2) жұмыскерлердің өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтата тұру, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және қауіпті анықтау үшін қажетті іс-шараларды өткізу;
3) қауіпсіздік қағидалары мен нормаларының және санитариялық нормалардың талаптарына сай келетін күйде машиналарды, жабдықтар мен материалдарды пайдалану, ғимараттар мен құрылысжайларды күтіп ұстау;
4) жарылғыш материалдар мен қауіпті химиялық заттарды есепке алу, тиісті түрде сақтау және тасымалдау, сондай-ақ оларды дұрыс және қауіпсіз пайдалану;
5) кеніштік атмосфераның құрамын жақсартуды, тау-кен жұмыстарын жүргізу және кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану технологиясын жетілдіруді көздейтін арнайы кешенді ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды озық практиканы ескере отырып әзірлеу және жүзеге асыру;
6) судың кенеттен бұзып өтуін, газдың ауаға шығуын, пайдалы қазбалар мен жыныстардың атқылауын, сондай-ақ тау-кен соққысын болжау жәнеолардың алдын алу жөніндегі арнайы іс-шараларды жүзеге асыру;
7) техникалық құжаттаманы және авариялар салдарын жою жоспарларын жұмыстарды қауіпсіз жүргізу аймақтарының шекараларын нақтылайтын деректермен уақтылы толықтыру;
8) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындау қамтамасыз етілуге тиіс.
8-тарау. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою
54-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою туралы жалпы ережелер
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы өзіне берілген жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюға міндетті.
2. Өндірістік объектілерді және жер учаскелерін халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйге келтіру, қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін іс-шаралар кешені жер қойнауын пайдалану салдарын жою болып табылады.
3. Жою осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқықтары тоқтатылған жер қойнауы учаскелерінде жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жер қойнауы учаскесінің бір бөлігін пайдалану құқығын тоқтату, сондай-ақ жою жөніндегі жұмыстар көлемін азайту (прогрессивті жою) мақсатында жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуын тоқтату жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді тоқтатуға алып келмейді.
5. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою ерекшеліктері олардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша зерттеп-қарау нәтижелері мен жұмыстарды қабылдап алу тәртібін құзыретті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.
55-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қаржыландыру
1. Жою жер қойнауын пайдаланушының немесе жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия немесе келісімшарт тоқтатылғанға дейін тікелей жер қойнауын пайдаланушы болған тұлғаның есебінен жүргізіледі.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдаланушы жою бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуға міндетті. Мұндай қамтамасыз етуді ұсыну жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындаудан босатпайды.
3. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының пайдасына жүзеге асырылады.
Жою жөніндегі міндеттеме осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзімде орындалмаған (тиісінше орындалмаған) жағдайда, ұсынылған қамтамасыз ету сомасын келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының пайдасына өндіруге тиіс.
Егер тиісті қамтамасыз ету сомасы жоюдың тиісті жобасы бойынша шығыстарды жабу үшін жеткіліксіз болса, мемлекет жеткіліксіз соманы жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды жүзеге асыруға міндетті болған тұлғаның мүлкінен алуға құқылы.
4. Жер қойнауын пайдаланушының жою жөніндегі міндеттемелерді орындауы кепілдікпен, банктік салым кепілімен және (немесе) сақтандырумен қамтамасыз етілуі мүмкін.
5. Қамтамасыз ету әрбір жер қойнауы учаскесі бойынша жеке-жеке беріледі.
Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды талап ететін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды осы Кодекске сәйкес ұсынылатын қамтамасыз етусіз жүргізуге тыйым салынады.
6. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) үшінші тұлғаға иеліктен шығаруы оны жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) алушы осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қамтамасыз етуді ұсынғанға дейін жою жөніндегі міндеттемелерден босатпайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қамтамасыз ету онымен байланысты болмайтын себептермен осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмейтін болып қалса немесе тоқтатылса, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік алпыс күн ішінде мұндай қамтамасыз етуді айырбастауға міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушы осындай айырбастауды жүргізбеген болса, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тез арада тоқтата тұруға міндетті. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға қамтамасыз етуді қалпына келтіргеннен немесе айырбастағаннан кейін ғана жол беріледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындаудың ұсынылатын қамтамасыз етуі (тиісінше қамтамасыз ету) осы Кодекстің және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
9. Мемлекеттік орган қабылдаған жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етулерді ұсыну және есепке алу тәртібін құзыретті орган айқындайды.
56-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі кепілдік
1. Кепілгер кепілдікке орай Қазақстан Республикасының алдында осы Кодекске сәйкес айқындалатын ақшалай сома шегінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемесін осы Кодекске сәйкес толық немесе ішінара орындауы үшін жауап беруге міндеттенеді.
2. Екінші деңгейдегі банк, шетелдік банк не акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер бола алады. Егер шетелдік банк немесе акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер болса, мұндай кепілгерлер шетелдік валютадағы ең төмен жеке кредиттік рейтинг бойынша құзыретті орган айқындайтын шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Банктің осы бапқа сәйкес өзі берген кепілдік бойынша міндеттемесі жою аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
4. Кепілдік құзыретті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Шетелдік тұлға берген кепілдік міндетті түрде қазақ және орыс тілдеріне аударылып, шет тілде жасалуы мүмкін, оның дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
57-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі банктік салым кепілі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жою жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда, банктік салым кепіліне орай Қазақстан Республикасының кепілге салынған банктік салым сомасынан, жер қойнауын пайдаланушының басқа кредиторлары алдында басымдықпен қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес екінші деңгейдегі банкте орналастырылған банктік салым ғана кепіл нысанасы бола алады.
3. Салым теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін.
4. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымның мөлшеріне қойылатын талаптар осы Кодексте белгіленеді.
5. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымды қайта кепілге қоюға тыйым салынады.
6. Заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушының банкроттығын қоса алғанда, оны таратқан жағдайда кепіл нысанасы конкурстық массаға қосылмайды, ал кепіл ұстаушы жер қойнауын пайдаланушының өзге мүлкінің есебінен өз талаптарын қанағаттандыруға қатысатын кредитор болып табылмайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету тәсілі ретінде банктік салымның кепіл шарты үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жасалады.
Банктік салымның кепіл шартын жасасу тәртібін және оның үлгілік нысанын құзыретті орган бекітеді.
58-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі өз міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушы сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқылы, соған орай жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерін осы Кодексте көзделген тәртіппен орындамауы (сақтандыру жағдайы) сақтандыру сомасын Қазақстан Республикасының пайдасына (пайда алушы) төлеуге алып келеді.
Жер қойнауын пайдаланушының осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша өзінің міндеттемелерін орындауға байланысты мүліктік мүддесі сақтандыру объектісі болып табылады.
Сақтандыру ұйымына сақтандыру сомасын төлеу туралы қойылатын талап сақтандыру ұйымы осындай талапты алған күннен бастап бір ай ішінде бұлжытпай және міндетті түрде орындалуға жатады. Сақтандыру ұйымы көрсетілген талапты орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған не орындау мерзімдерін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру шарты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша құзыретті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес жасалады. Бұл ретте сақтандыру шартының мерзімі:
1) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия үшін кемінде сегіз жылды (ол берілген кезде) немесе кемінде лицензияның қалған мерзімін және барлауға арналған лицензияның мерзімі аяқталған күннен бастап есептелетін қосымша екі жылды;
2) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
3) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
5) кен іздеушілікке арналған лицензия үшін кемінде төрт жылды құрауға тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы бапта көзделген сақтандыру қатынастары осы Кодексте реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.