3) өкілдіктерді қоспағанда, филиалдары мен өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері жоқ;
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақты құру мақсатына сәйкес келетін, қызметтің басым түрлерін арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асыратын тұлға танылады.
Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақты құру мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерінің тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, оның жұмыс істеуі және оны тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға және дара кәсіпкерлерге:
1) жер қойнауын пайдаланушылар;
2) осы Кодекстің 462-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетiн тауарларды өндiретiн ұйымдар;
3) арнаулы салық режимдерін қолданатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер;
4) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен жасасқан келісімшарттар бойынша - инвестициялық салықтық преференцияларды қолданатын (қолданған) ұйымдар;
5) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдар;
6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жатпайды.
Бұл ретте шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймаққа қатысты өтініш берушілерге шетелдік жеке және заңды тұлғалар да жатпайды.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығын салу, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі осы Кодекстің осы бөлімінде және 389 және 391-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасасқан күннен кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, егер мұндай өзгерістер мен толықтырулар корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу кезінде қолданылатын азайту мөлшерлерін алып тастауды және (немесе) өзгертуді көздейтін болса, мұндай ұйым немесе дара кәсіпкер осындай шарт жасасу күніне қолданыста болатын осы тараудың ережелерін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес жасалған арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде, бірақ осындай бірінші өзгеріс және (немесе) толықтыру қолданысқа енгізілген күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімде қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты арнайы экономикалық аймақты басқару органы біржақты тәртіппен бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қолданылмайды.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 709-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
709-бап. Қызметiн арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын ұйымдар мен дара кәсіпкерлерге және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу
1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері (салық салу объектілері) бойынша жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының бюджетке төленуге жататын сомасын айқындау кезінде есептелген салық және (немесе) төлемақы сомасын 100 пайызға азайтады.
Осы тараудың мақсатында осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген азайту салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар болып табылады.
Салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар:
арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалатын айдың 1-күнінен бастап - жер салығы бойынша;
салық салу объектісі пайда болған күннен бастап, бірақ арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған күннен кейін - мүлік салығы бойынша;
арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған айдың бірінші күнінен бастап - уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ арнайы экономикалық аймақтың қолданылу мерзімінен аспайтын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша қолданылады.
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан салық салу объектілері (салық салу объектісі) пайдаланылған жағдайда, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде де, қызметтің өзге түрлерін жүзеге асыру кезінде де осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің ережелері қолданылатын салық немесе төлемақы сомасы қызметтің басым түрлерінен түсетін кірістердің жылдық жиынтық кіріске үлес салмағына пропорционалды түрде айқындалады.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шартты бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар шартты бұзуға себеп болып табылатын бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең басталған күннен бастап жойылады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде шартты бұзуға себеп болып табылған бұзушылық күнін көрсете отырып, олармен жасалған шарт бұзылған арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары туралы мәліметтерді осындай қатысушылардың тұрған жеріндегі салық органдарына ұсынады.
Бұл ретте салық төлеуші шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей шартты бұзуға себеп болып табылған бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым бюджетке төлеуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынған кірістер бойынша осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі, мұндай өткізу шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерінің тізбесіне кіретін жағдайларды қоспағанда, мынадай құрылыс объектілерін:
жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін;
Үшінші абзац 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылымды, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін өткізуден түскен кірістер бойынша қолданылмайды.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер бюджетке төлеуге жататын жеке табыс салығының сомасын айқындау кезінде, есептелген жеке табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады. Осы тармақтың ережесі қызметін жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге қолданылады.
6. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер қызметтің тиісті басым түрі және қызметтің өзге түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымның немесе дара кәсіпкердің қызметтің басым түріне жатпайтын өзге түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістеріне жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы салынуға жатады.
8. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым қызметтің басым түрлерін жүзеге асырумен айналысатын жұмыскерлерге кірістер түрінде төленетін жұмыс берушінің шығыстары бойынша бюджетке төленуге жататын есептелген әлеуметтік салықтың сомасын, мұндай шығыстар салықтық кезең үшін мұндай ұйымның бухгалтерлік есебі бойынша шығыстарының жалпы сомасының кемінде 70 пайызын құрайтын жағдайда 100 пайызға азайтады. Осы тармақта көрсетілген шығыстар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Осы тармақтың қолданылу мерзімі заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шартты жасасқан айдың 1-күнінен басталады.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары бюджетке төленуге жататын, жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын айқындау кезінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалану жоспарланатын) салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) бойынша есептелген салық пен төлемақы сомаларын 100 пайызға азайтады.
710-бап. Салықтық кезең және салықтық есептілік
Салықтық кезең, салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынудың тәртібі мен мерзімдері осы Кодекске сәйкес айқындалады.
80-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАСЫМ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРҒА САЛЫҚ САЛУ
711-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін заңды тұлға:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруды және салықтар бойынша преференциялар беруді көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасса;
2) инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін айқындалған қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін қызмет түрлерін жүзеге асырса;
3) арнаулы салық режимдерін қолданбаса, инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым болып табылады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған қызметтердің басым түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасының өзгерістерінде және (немесе) толықтыруларында жер салығын және (немесе) мүлік салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді және (немесе) мөлшерлемелерді арттыру не корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін өзгерту көзделсе, инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшартты жасасқан ұйым коэффициенттерді қолдана отырып және (немесе) мөлшерлемелер бойынша инвестициялық басым жобаны іске асырумен байланысты қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді айқындайды, сондай-ақ осы инвестициялық келісімшартты жасасу күнінде қолданылған корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің 712-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасының салық заңнамасы тұрақтылығының кепілдігі оны жасасқан күннен бастап күшін жояды.
Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші инвестициялық келісімшарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осы инвестициялық келісімшарт жасалған күннен бастап оны бұзу күнін қоса алғанда, салықтық кезеңдер үшін бюджетке төленуге жататын салықтар сомаларын ұлғайтуды көздейтін қосымша салықтық есептілікті табыс етуге міндетті.
712-бап. Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдарға салық салу
1. Жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту, жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым:
1) инвестициялық келісімшартта көрсетілген қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудан алынған кірістер бойынша осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйымның қызметтің басым түрлеріне жатпайтын өзге түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістеріне жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы салынуға жатады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым инвестициялық келісімшарттың шеңберінде қызметтің басым түрі бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
Егер жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарттың ережелерінде өнімді шығаратын тіркелген активтерді кезең-кезеңмен енгізу көзделсе, онда бөлек салықтық есепке алу салықтық есепке алу саясатына сәйкес өнімді шығаратын әрбір тіркелген актив бойынша жүргізіледі.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым мұндай жоба бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін, осы Кодекстің басқа ережелерін қабылдауға құқылы емес;
2) инвестициялық басым жоба шеңберінде пайдалануға берілген, тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстары бойынша амортизациялық аударымдарды осы Кодекстің 271-бабының 2-тармағында белгіленген амортизацияның нормаларын салықтық кезеңнің соңында осындай топтардың (кіші топтардың) құндық баланстарына қолдану арқылы айқындайды.
2. Инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар бойынша осы баптың 1-тармағын қолданудың шекті мерзімі:
1) жаңа өндірістерді құру бойынша:
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайлардан басқа, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активтерді пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін үш жылдан кешіктірілмей аяқталады;
3) инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшартта көзделген өнімді шығаратын, тіркелген активтерді кезең-кезеңмен енгізу кезінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:
инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, пайдалануға берілген тіркелген активті енгізу жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін үш жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Шекті мерзім өнім шығаратын және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшартта көзделген әрбір тіркелген активке қатысты қолданылады.
3. Инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жаңа өндірістерді құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігін қолданудың шекті мерзімі:
1) жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған айдың 1-күнінен басталады;
2) жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскесін немесе оның бір бөлігін (ондағы үй-жайлармен, құрылыстармен, ғимараттармен бірге не оларсыз) мүліктік жалдауға (жалға) беру, өзге де негіздерде пайдалануға беру жағдайларында қолданылмайды.
4. Жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілген объектілер бойынша мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілетін және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша болып табылатын жұмыс бағдарламасында көзделген активтерге қатысты қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігін қолданудың шекті мерзімі:
1) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-күнінен басталады;
2) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды.
5. Осы баптың ережелері, егер жаңа өндірістерді құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық жобада:
осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды;
жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентті;
мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемені қолдану көзделсе, қолданылады.
22-БӨЛІМ. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
81-тарау. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
713-бап. Төлеушілер
Мыналар:
1) осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында көрсетiлген келісімшарттар шеңберiнде жер қойнауын пайдаланушылар;
мыналарды:
жер қойнауын пайдалануға баламалы салық төлеушілер болып табылатын, Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында немесе тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары жоғарғы нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары төменгі нүктесінің тереңдігі 5000 метр және одан төмен кен орындарында өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикі мұнай мен газ конденсатының экспорты көлемдерін қоспағанда, шикі мұнайды және шикі мұнай өнімдерін экспортқа өткiзетiн жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері деп Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 2709 00 қосымша позициясында сыныпталатын тауарлар танылады;
2) көмiрді экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып танылады.
714-бап. Салық салу объектiсi
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбалардың экспортқа өткізілетін және мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуге мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға өткізетін көлемдерді қоспағанда, экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің, көмірдің көлемі экспортқа рента салығын салу объектісі болып табылады. Осы Кодекстің осы бөлімінің және 23-бөлімінің мақсаттары үшін экспорт деп:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімінде жүзеге асырылатын тауарларды әкету;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына қайта өңдеу үшін бұрын әкетілген алыс-берiс шикiзатының қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында өткізу түсініледі.
Экспортқа рента салығын есептеу үшін шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемi мынадай тәртіппен:
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы шегінен тыс жерге экспортқа өткізу кезінде - кеден баждарының, алынуы кеден органдарына жүктелген өзге де төлемдердің сомаларын есептеу үшін не Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзге де кедендік мақсаттарда пайдаланылатын, тауарлардың толық декларациясының 35-бағанында көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде;
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспортқа өткізу кезінде - Қазақстан Республикасының аумағында осындай шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін экспортқа беру маршрутының басында көлік ұйымының тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісінде көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде айқындалады.
715-бап. Есептеу тәртібі
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Экспортқа іс жүзінде өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі және осы Кодекстің 741-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген әлемдік баға негізінде есептелген, экспортталатын шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің құны шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері бойынша экспортқа рента салығын есептеу үшін салықтық база болып табылады. Бұл ретте шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері үшін әлемдік баға шикі мұнайдың әлемдік бағасын негізге ала отырып айқындалады.