2. Акционер артықшылықпен сатып алу құқығына сәйкес оған акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды сатып алуға өтінім беру үшін берілген күнтізбелік отыз күннің ішінде акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды иеліктен айырған кезде, егер бұрынғы меншік иесі мұндай өтініш бермеген жағдайда бұл құқық акцияның немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздың жаңа меншік иесіне өтеді.
3. Акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы осы орналастыру үшін белгілеген акцияларды орналастыру бағасы осы акциялардың сатылуы мүмкін ең төменгі бағасы болып табылады.
Акционерлер акцияларды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес қоғамның орналастыру туралы шешiм қабылдаған органы белгiлеген осы акциялардың бiрыңғай ең төменгі орналастыру бағасы бойынша сатып алады.
Қоғамның акциялары осы орналастыру шегiнде акцияларды жазылу арқылы сатып алатын барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай баға бойынша сатылуға тиiс.
4. Қоғамның уәкілетті органы орналастырылатын акциялардың санын ұлғайту және (немесе) басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру шеңберінде акционерлерге ұсынылған бағаны азайту арқылы жарияланған акцияларды орналастыру туралы бұрын қабылданған шешiмнің талаптарын өзгерту туралы шешімді қабылдаған жағдайда, қоғам акционерлерге осы акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын қайта ұсынады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 19-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
19-бап. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімдер жүйесі
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзудi тіркеуші ғана жүзеге асыра алады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу сондай-ақ ол бойынша уәкілетті органға ақпарат беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгіленеді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Қоғам өз акциялары шығарылымын мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс етілгенге дейін қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызмет көрсету туралы қоғамның тіркеушісімен шарт жасасуға міндетті.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Орналастырылатын акция толық төленгенге дейін қоғамның осы акцияны қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесіндегі (нақтылы ұстаушыны есепке алу жүйесіндегі) оны сатып алушының жеке шотына есептеу туралы бұйрық беруге құқығы жоқ.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп
1. Қоғам уәкілетті органға:
қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді;
қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғам акцияларының басқа түріне айырбастаған жағдайда акцияларды айырбастау рәсімдерін аяқтағаннан кейін бір ай ішінде өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерге өзгерістер мен толықтыруларды беруге міндетті.
2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің және оған өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын және оларды табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасау
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен (бағалы қағаздан басқа) төлем жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы айқындайтын баға бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамның орналастырылатын акцияларына қор биржасында айналыста болатын бағалы қағаздармен ақы төлеу қор биржасының бағалы қағаздарды бағалау әдістемесіне сәйкес қор биржасы айқындайтын нарықтық баға бойынша жүзеге асырылады. Акцияларға ақы төлеуге енгізілетін бағалы қағаздардың түріне қатысты көрсетілген әдістеме бойынша қор биржасы есептеген мұндай бағалы қағаздардың нарықтық бағасы болмаған жағдайда, олардың құнын бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы жүргізеді.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Акцияларды орналастырған кезде қоғамға:
1) орналастырылатын акцияларды сатып алуға;
2) шарттарында (шығару шарттарында) эмитент орналастырылған акцияларын эмитенттің сатып алу құқығы немесе міндеті көзделетін шарттар жасасуға (туынды бағалы қағазды сатып алуға) тыйым салынады.
22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша бағалы қағаздармен дивидендтер төлеуге жол берілмейді.
Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
Төленбеген дивидендтері бар акцияларды иеліктен алу, егер акцияларды иеліктен алу туралы шартта өзгеше көзделмесе, акцияның жаңа иесінің оларды алу құқығымен жүзеге асырылады.
2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.
3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзi сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдаса, дивидендтер есептелмейдi және төленбейдi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:
1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) егер қоғам Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе не аталған белгiлер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесiнде пайда болса, дивидендтерді есепке жазуға жол берілмейді.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-1) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда;
3) 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Акционер, осы баптың 5-тармағындағы негіздер бойынша дивиденд есептелмеген жағдайларды қоспағанда, қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтердің төленуін талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне уәкілетті органның қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
23-бап. Жай акциялар бойынша дивидендтер
2005.08.07 ж. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Егер қоғамның жарғысында осындай төлем көзделген жағдайда, қоғамның жай акциялары бойынша тоқсан немесе жартыжылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу тек қана қоғамның тиісті кезең үшін қаржылық есептілігіне аудит жүргізілгеннен кейін және акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен жүзеге асырылады. Жалпы жиналыстың жай акциялар бойынша тоқсан немесе жартыжылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімінде бір жай акцияға төленетін дивиденд мөлшері көрсетіледі.
Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды.
Қоғамның акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күнi ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға құқылы.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Бұл ретте жария компаниялар осы шешімді өздерінің корпоративтік веб-сайтында да жариялауға тиіс.
3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер:
1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері;
2) дивидендтер төленетін кезең;
3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері;
4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы;
5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс.
24-бап. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу қоғам органының шешімін талап етпейді.
Артықшылықты бір акцияға дивидендтер төлеу кезеңділігі және дивидендтің мөлшері қоғамның жарғысымен белгіленеді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтердің мөлшері жай акциялар бойынша осы кезең үшін есептелетін дивидендтердің мөлшерінен аз болмауы керек.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленгенге дейін оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.
2. Артықшылықты акция бойынша дивидендтің кепілдікті мөлшері оның мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қайсыбір көрсеткішке қатысты белгіленген түрінде де, индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу мерзімінің басталуы алдындағы бес жұмыс күні ішінде қоғам бұқаралық ақпарат құралдарында осы Заңның 23-бабы 3-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында тізіп келтірілген мәліметтерді көрсете отырып, дивидендтер төлеу, сондай-ақ қоғамның бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ақпарат жариялауға міндетті.
25-бап. Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасу
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызын дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.
2. Акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасауға құқығы жоқ. Қоғамның акцияларын сатқысы келетін тұлғаға қоғамның оларды қоғамның өзінің немесе үшінші тұлғалардың ұсынылған бағадан жоғары баға бойынша сатып алуы туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және акцияларды үшінші тұлғалар сатып алған жағдайда сатып алушылардың реквизиттері туралы мәліметтер болуға тиіс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алған не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе оның үлестес тұлғаларымен бірлесіп, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын тұлға сатып алған не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе оның үлестес тұлғаларымен бірлесіп, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын күннен бастап отыз күн ішінде қалған акционерлерге қоғамның оларға тиесілі акцияларын сатуға ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті. Бұл ретте жария компанияның акционерлеріне ұсыныс корпоративтік веб-сайтта жариялануға тиіс. Акционер өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде оларды сату туралы ұсынысты қабылдауға құқылы.
Акционерлерге оларға тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныста аттарын (атауларын), тұрғылықты жерін (орналасқан жерін), оларға тиесілі акциялардың санын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы және осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын, акцияларды сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы деректер болуға тиіс.
Акционердің өзіне тиесілі акцияларды сату туралы жазбаша келісімін алған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға акцияларды отыз күн ішінде төлеуге міндетті.
Акцияларды сатып алудың осы тармақта аталған тәртібі сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін иеленуші тұлға (тұлғалар) өзімен (өздерімен) аффилиирленбеген тұлғаларға қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма тоғыз процентінен асатын акцияларының оған (оларға) тиесілі бір бөлігін иеліктен шығаруға міндетті.
4. Қоғамның өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген акционері осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
26-бап. Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алу
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Орналастырылған акцияларды сатып алу оларды кейіннен сату мақсатында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамның жарғысына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда қоғамның бастамасы бойынша акционердiң келiсiмiмен жүргізілуі мүмкін.
Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алу қоғам акцияларды қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен сатып алған жағдайларды қоспағанда, қоғамның оларды сатып алған кезінде акциялардың құнын айқындаудың осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.
2. Егер осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, қоғамның бастамасы бойынша орналастырылған акцияларын қоғамның сатып алуы директорлар кеңесінің шешімі негізінде жүргізіледі.
3. Қоғамның:
1) акционерлердің бірінші жалпы жиналысын өткізгенге дейін;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) акцияларды құрылтайшылар арасында орналастыру қорытындылары туралы бірінші есеп бекітілгенге дейін;
3) егер акцияларды сатып алу нәтижесінде қоғамның өз капиталының мөлшері осы Заңда белгіленген ең төменгі жарғылық капиталдың мөлшерінен аз болса;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) егер акцияларды сатып алу кезiнде қоғам Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi не дәрменсiздiгi белгiлерiне сай келсе не аталған белгiлер қоғамда оның барлық талап етiлетiн немесе сатып алу болжанатын акцияларды сатып алу нәтижесiнде пайда болса;
5) егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы оны тарату туралы шешім қабылдаса, өзінің орналастырылған акцияларын сатып алуға құқығы жоқ.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер қоғамның бастамасы бойынша оның сатып алынатын орналастырылған акцияларының саны акцияларды сатып алу-сату мәмiлесi (мәмiлелерi) жасалғанға дейiнгi олардың жалпы санынан бір процент асатын болса, ол өз акционерлеріне осындай сатып алу туралы хабарлауға міндетті.
Қоғамның өзі орналастырған акцияларын сатып алуы туралы хабарламасында өзі сатып алатын акциялардың түрлері, саны, бағасы, мерзімі туралы және оларды сатып алу талаптары туралы мәліметтер болуға тиіс және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуға жариялаған акциялардың санынан асып түскен жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
27-бап. Қоғамның орналастырған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алуы
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Қоғам орналастырылған акцияларды сатып алуды:
1) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған (егер акционер қоғамды қайта ұйымдастыру туралы мәселе қаралған акционерлердiң жалпы жиналысына қатысып, оған қарсы дауыс берсе);
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 1-1- тармақшамен толықтырылды
1-1) акционерлердің жалпы жиналысы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған (егер акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатыспаса немесе егер ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешімді қабылдауға қарсы дауыс берсе)
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 1-2- тармақшамен толықтырылды
1-2) сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған iрi мәмiле жасау туралы шешiммен және (немесе) жасалуында қоғамның мүддесi бар мәмiле жасау туралы шешiммен келiспеген;
3) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамның жарғысына осы акционерге тиесiлi акциялар бойынша құқықтарды шектейтiн өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм қабылдаған (егер акционер осындай шешiм қабылданған акционерлердiң жалпы жиналысына қатыспаса немесе ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешiмнiң қабылдануына қарсы дауыс берсе) жағдайларда өзiне қойылуы мүмкiн қоғам акционерiнiң талап етуi бойынша жүргiзуге тиiс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-1-тармақ өзгертілді
1-1. Орналастырылған акцияларды акционердiң талап етуi бойынша қоғамның сатып алуы қоғамның акцияларды ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында сатып алуы кезiнде олардың құнын айқындаудың осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Акционер осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап немесе сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға талап қоюға құқылы.
Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды сәйкес белгіленген бағамен сатып алуға міндетті.
3. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуы мүмкін акциялардың санынан артық болған жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
28-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларды сатып алуы бойынша шектеулер
1. Қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығыстары:
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде:
акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 1), 1-1) және 3) тармақшаларында көрсетілген шешімдер қабылданған;
сауда-саттықты ұйымдастырушы қоғам акцияларының делистингі туралы шешім қабылдаған;
оның жасалуында қоғамның мүддесі бар ірі мәміле және (немесе) мәміле жасасу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша;
2) орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алған кезде - қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің он процентінен аспауға тиіс.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы баптың 1-тармағының талаптары банктің Қазақстан Республикасының Үкіметінен не ұлттық басқарушы холдингтен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-2-бабына сәйкес, өздері бұрын сатып алған өз акцияларын сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
2. Қоғам сатып алған акциялар оның акционерлері жалпы жиналысының кворумын анықтаған кезде есепке алынбайды және онда дауыс беруге қатыспайды.
29-бап. 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 30-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30-бап. Эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де ақшалай міндеттемелерін қоғамның жай акцияларына айырбастау
1. Қоғам өзінің жарғысында айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару мүмкiндiгi көзделген жағдайда ғана мұндай шығаруға құқылы.
Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға құқығы жоқ.
2. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырма шегiнде жол берiледi.