7) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
23-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.
Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк - қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.
Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
Заңнамалық актiлер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.
Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауында «тармақ» деген сөз жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.
2. Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау - бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемі жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілемелері пайдаланылуы мүмкін.
Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше «тарау», «параграф», «бөлім», «кiшi бөлiм» деген сөздермен белгiленедi.
3. Кодекс, әдетте, атауында «бөлiк» деген сөз жазылмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.
4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтас болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмірленуі және әрбiр бөлiміндегi кiшi бөлiмдердің нөмірленуі дербес болып табылады.
5. Нормативтік құқықтық актілердің тармақтарындағы (баптарындағы) тармақшаларының, баптарындағы тармақтардың, сондай-ақ жекелеген кодекстер баптарындағы бөліктердің нөмірленуі әрбір бап үшін дербес болады. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттарын, негіздерін және оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын жазудың алдынан кіріспе бөлік (кіріспе) беріледі.
Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) нормативтік құқықтық актілерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы нормативтік құқықтық актілердің жобаларында жазылмайды.
7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда, онда олардың мәніне түсiндiрме беретiн бап (тармақ) болады. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
8. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.
9. Пайдалануға ыңғайлы болу үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарауының параграфы мен бөлiмінiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.
Бұл талап республикалық бюджет туралы заңға және заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.
Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен - екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.
Нормативтік құқықтық актінің, оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
10. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.
24-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi нақты ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Заңда құқықтық реттеу қағидаттары белгіленеді, сондай-ақ оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңды күшіне енгізгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілерді қолдану тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
Заңның өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейінгі қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына өту мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
Заңның қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
25-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме жасау және жазып келтіру
1. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актілерде жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтеме жасалуы, сондай-ақ жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасала отырып, осындай актілерден жекелеген құқық нормалары жазып келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінде оның басқа құрылымдық элементтеріне сілтеме жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Мәтін жолдарына және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық элементке сілтеме жасау оның реттік нөмірін жазумен немесе цифрлармен көрсету арқылы келтіріледі (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді).
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде мынадай кезектілікпен осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және тақырыбы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде олардың тіркелген нөмірлерін, сондай-ақ қабылданған күндерін көрсету талап етілмейді.
Стандарттау жөніндегі құжаттың түрі ғана көрсетілетін заңнамалық актілерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерде стандарттау жөніндегі құжаттарға сілтеме жасалған кезде олардың атауы не түрі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерде ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын қолдану тәртібін стандарттау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір ғана нормативтік құқықтық актіге екі және одан да көп сілтеме қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде алғаш рет аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтеме болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу реті бойынша берілетін нөмірлері көрсетіледі.
26-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өзге нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
3. Өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актімен қабылданған, бірақ қолданысқа енгізілмеген құқық нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
4. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
5. Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
Бір ғана күннің шегінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжат нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде мұндай құрылымдық элемент жаңа редакцияда жазылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде, сондай-ақ заң жобаларына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына қатысты қолданылмауы мүмкін.
7. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне нақ сондай соңғы құрылымдық элементтен кейінгі келесі реттік нөмірлерімен немесе нақ сондай құрылымдық элементтер арасына нормативтік құқықтық актінің соңынан келетін сол құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе туынды түрдегі нормативтік құқықтық актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
8. Құпиялылық белгілері немесе «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілмей енгізіледі.
9. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады.
Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде бап көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Өзге нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде тармақ көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
27-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты, егер нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық элементтері жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе солармен қамтылса, күші жойылды деп тануға жатады.
2. Жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде оны іске асыру үшін қабылданған төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
Бұл талап жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сондай құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп тануға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні көрсетіледі.
Өзге нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы өзге нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде мұндай элементтер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық элементінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық элементтердің нөмірленуі өзгермейді.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертпе жасалып, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.
Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.
8. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп тануға жатады.
9. Негізгі нормативтік құқықтық актінің өзі де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген нормативтік құқықтық актілер де (немесе олардың құрылымдық элементтері) күші жойылды деп тануға жатады. Күші жойылды деп тануға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің редакциясы бірнеше мәрте өзгертілген және (немесе) толықтырылған жағдайда тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
10. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану көзделген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылса, бірінші айтылған актілердің қолданысы қайта жалғаспайды.
11. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілер күші жойылды деп таныла алмайды. Қажет болғанда мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
12. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп тануға жатпайды.
Нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп тануға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде күші жойылды деп тануға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық элемент қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде қосымшаны бекітумен қатар өз қолданысын сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп тануға жататын болса, онда тармақ қосымшаға қатысты бөлігінде тізбеге енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
14. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық элементтері толығымен, ал басқа құрылымдық элементтері ішінара күші жойылды деп тануға жататын болса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп тануға жататын құрылымдық элементтер көрсетіледі.
28-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актіге графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар жекелеген қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болса, әрбір қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгілері немесе «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу және кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады.
Заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қағаз және электрондық жеткiзгіштерде қазақ және орыс тiлдерінде енгiзiледi.