7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:
1) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады әрі жүргізеді және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
3) елді мекендер шекараларының (сызықтарының) шегінде газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
4) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлейді және бекітеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын келіседі;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газы айналымына бақылауды жүзеге асырады;
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды
1-2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағына сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастырады және уәкілетті органға жібереді;
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1-3) тармақшамен толықтырылды
1-3) сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияны құрады;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;
3) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;
4) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;
5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу көзделген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен резервке қояды;
6) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін береді;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылды
6-1) тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
6-2) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
3-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ДАМУЫ
8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі
1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.
2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.
Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.
3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
4. Мыналар:
1) ұлттық оператор;
2) тауарлық газды өндірушілер;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
6) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;
7) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
8) тауарлық газдың өнеркәсіптік тұтынушылары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің субъектілері болып табылады.
5. Уәкілетті орган тауарлық газды өндірушілердің, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.
6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мақсатында тауарлық газды өндірушілер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін пайдаланудың белгіленетін технологиялық режимдерін сақтауға міндетті.
9-бап. Ұлттық оператор
1. Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
9-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
3) осы Заңға сәйкес шикі және тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын жүзеге асырады;
9-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
4) осы Заңға сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерді және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға мемлекеттің басым құқығын жүзеге асырады;
5) тауарлық газдың іркіліссіз тасымалдануын және сақталуын, оның ішінде газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарымен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етеді;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) тауарлық газды көтерме саудада өткізуді жүзеге асырады;
7) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің технологиялық жұмыс режимін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды қамтамасыз етеді;
8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық газды тасымалдау, сақтау және өткізу жөніндегі, мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде шикі және тауарлық газды сатып алу жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ұсынады;
9) тауарлық газды тасымалдау режимдерін басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіндегі тауарлық газды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
2. Ұлттық оператор:
1) осы Заңда белгіленген шарттармен тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне қосылған тұтынушыларды тауарлық газбен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды, пайдалануды, жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды қамтамасыз етуге;
3) энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологиялар мен жабдықтарды тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің ұлттық оператор иелік ететін объектілерінде пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Ұлттық оператордың немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері уәкілетті органмен келісім бойынша иеліктен шығарылуы мүмкін.
10-бап. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері
1. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ тұтыну жүйелерінің, автогаз құю станцияларының және сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілердің жиынтығын білдіреді.
2. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
3. Мыналар:
1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
4) газ желісі ұйымдары;
5) газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелері;
6) сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылар сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің субъектілері болып табылады.
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Уәкілетті орган сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, газ желісі ұйымдарының, сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушылардың, газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.
11-бап. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы
1. Қазақстан Республикасының аумағын газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығы ескеріле отырып, тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндірудің, өткізудің және тұтынудың болжамды балансы негізінде әзірленеді.
3. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастыру схемасын, салу, жаңғырту, және (немесе) реконструкциялау жоспарланған газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын, қажетті қаржы ресурстары мен олардың көздерін, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресурстарын, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ беру схемасын қамтиды.
4. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тауарлық газды, оның ішінде сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған газды пайдалануының басымдығы ескеріле отырып әзірленеді.
5. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын қаржыландыру ұлттық оператордың табыстары, бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
6. Газдандырудың бас схемасын іске асыру үшін жер учаскелерін резервке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
12-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жобалау, салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау
1. Магистральдық газ құбырларын салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен келісіледі.
2. Газ тарату жүйелерін және сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері объектілерін салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
3. Экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
4. Магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға арналған техникалық талаптарды осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау не газ тарату немесе газ желісі ұйымы береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерінің жаңадан салынып жатқан, жаңғыртылатын және (немесе) реконструкцияланатын объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады.
5. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі.
6. Тұтынушылардың жаңадан қосылатын және реконструкцияланатын газ жабдығы техникалық регламенттерге және нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес орындалуға, сондай-ақ жобалық құжаттамамен қамтамасыз етілуге тиіс.
13-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін салу және пайдалану кезінде жер пайдалануды реттеу
1. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу және пайдалану үшін берілетін жерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қала құрылысы және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
2. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне кіру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығында тиесiлi жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын мүдделi жеке және заңды тұлғаларға беруге мiндеттi.
3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін күрделі жөндеу, оларға қызмет көрсету, оларды жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін осы объектілерді пайдаланатын ұйымға жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша жер пайдалануға беріледі.
4-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
14-бап 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
14-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы басым құқығы
1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері - заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқығы (бұдан әрі - мемлекеттің басым құқығы) бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылмаған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру осы баптың 4 - 6-тармақтарында көзделген тәртіппен ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.
4. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
5. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс түскен күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру туралы немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
6. Егер ұлттық оператор мемлекеттің басым құқығынан жазбаша түрде бас тартқан не бір ай мерзімде оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, онда осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) өзге тұлғаларға иеліктен шығарып беруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте иеліктен шығару шартының осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға үшін тиімділігі ол ұлттық операторға ұсынған шарттардан кем болмауға тиіс.
7. Осы баптың ережелері мынадай жағдайларға:
1) автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және өнеркәсіптік тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін иеліктен шығаруға;
2) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналымға түсетін акцияларды иеліктен шығаруға;
3) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін):
қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесіне тиесілі болатын еншілес ұйымға;
әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде белгілі бір тұлғаға тиесілі болатын заңды тұлғалар арасында беруге;
4) егер осындай берудiң нәтижесiнде тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі - заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiнiң (акциялар пакетiнiң) кемiнде 0,1 пайызына тiкелей немесе жанама түрде (үшiншi тұлғалар арқылы) билiк ету құқығын сатып алса, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлғадағы акцияларды (қатысу үлестерiн) беруге қолданылмайды.
15-бап 2012 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
15-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы артықшылықты құқығы
1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі иеліктен шығарылатын шикі газды, сондай-ақ өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген және өздеріне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес тиесілі тауарлық газды сатып алуға артықшылықты құқығы (бұдан әрі - мемлекеттің артықшылықты құқығы) бар.
2. Мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі газдың шекті бағасын жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындайды және ол:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газ өндіруге арналған шығыстарды;
2) шикі газды ұлттық операторға өткізетін жерге дейін тасымалдауға арналған шығыстарды;
3) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың шекті бағасын жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындайды және ол:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалатын шикі газ өндіруге арналған шығыстарды;
2) шикі газдан тауарлық газды өндіруге арналған шығыстарды;
3) тауарлық газды ұлттық операторға өткізетін жерге дейін тасымалдауға арналған шығыстарды;
4) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
5. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі немесе тауарлық газдың бағасы сараптауға және уәкілетті органның бекітуіне жатады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізуге ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органға мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасының құжатпен расталған есеп-қисаптарын алдағы жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмейтін мерзімде сараптамаға жібереді.