2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекет ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланыла отырып, электрондық оқытудың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын құру жағдайларын қамтамасыз етеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.14.01. № 68-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін және мемлекеттік емес білім беруді кредиттеуді дамыту үшін жағдайлар жасалады.
Мемлекет қаржылық ұйымдар беретiн бiлiм беру кредиттерiнiң кепiлдiк жүйесiн құру жөнiнде шаралар қабылдайды.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарын олардың білім алуы кезеңінде қаржылау шығыстарын толық немесе ішінара өтейді.
Әлеуметтік көмек көрсетілетін Қазақстан Республикасы азаматтарының санатына:
1) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектер және бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар;
3) көп балалы отбасылардың балалары;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарындағы балалар;
5) жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарында, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балалар;
6) дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалар;
7) интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері;
8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
9) денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ уақыт бойы үйде немесе стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда оқитын балалар;
10) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын өзге де санаттағы азаматтар жатады.
2014.14.01. № 161-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-1-тармақ өзгертілді
4-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарын тамақтандыруға жұмсалатын шығыстарды толығымен немесе ішінара өтейді.
Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру ұйымдарында тәрбиеленуші және білім алушы балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
Орта білім беру ұйымдарында оқитындарды тамақтандыруды ұйымдастыру және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбие алатын және оқитын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарлар сатып алу қағидалары, Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында оқитын және тәрбиеленетін балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді жосықсыз берушілердің, тауарлардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы орта бiлiм беру ұйымдарына бара алмайтын азаматтар үшін үйде немесе стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Мемлекет инклюзивті білім берудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.
7. Мемлекет тұрғындар саны аз елді мекендерде тұратын балалардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін шағын жинақты мектептер мен интернат ұйымдарының жұмыс істеуіне кепілдік береді.
8. Мемлекет Қазақстан Республикасының дарынды азаматтарының элитарық білім, оның ішінде шетелде білім алуына қажетті жағдай жасайды.
2015.19.05. № 315-V ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің, конкурстық негізде алынатын жоғары білімнің ең төмен әлеуметтік стандарттары «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 8-2-баппен толықтырылды
8-2-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік монополия
Білім беру деңгейлері бойынша оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарға сараптама жүргізуді, сондай-ақ білім беру жүйесі мен білім беру процесін әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары) қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады.
9-бап. Оқыту және тәрбиелеу тілі
1. Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері болған жағдайда сыныптар, топтар құрумен, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне жағдай жасаумен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік тілде оқытатын тиісті білім беру ұйымдарын, сыныптарды, топтарды құру басым бағыт болып табылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік тіл және орыс тілі ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде пәндер тізбесіне енгізілетін міндетті пәндер болып табылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу
1. Білім беру ұйымын аккредиттеу ерікті негізде жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымы аккредиттеу органын өз бетінше таңдайды.
2. Аккредиттеуден өткізу туралы немесе аккредиттеуді өткізуден бас тарту туралы шешімді аккредиттеу органы білім беру ұйымы өтінішінің және тізбесін аккредиттеу органы айқындайтын, ұсынылған құжаттардың қаралу нәтижелері бойынша қабылдайды.
Аккредиттеуді өткізудің шарттары мен мерзімдері білім беру ұйымы мен аккредиттеу органы арасындағы аккредиттеуді өткізу туралы шартта айқындалады.
3. Аккредиттеу органы өзінің аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкес институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуді өткізеді.
4. Білім беру ұйымын аккредиттеу білім беру ұйымының қаражаты есебінен өткізіледі.
5. Білім беру ұйымдары уәкілетті органның тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында ұлттық және халықаралық институтционалдық, мамандандырылған аккредиттеуден өтуге құқылы.
6. Біліктілікті арттыру институттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде акрредиттеуден өтуге құқылы.
3-тарау. Білім беру жүйесі
10-бап. Білім беру жүйесі ұғымы
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі өзара іс-қимыл жасайтын:
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) білім беру деңгейінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және білім беру бағдарламаларының;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) үлгілері мен түрлеріне қарамастан, білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) білім беруді басқару органдары мен тиісті инфрақұрылымдардың, оның ішінде білім беру мониторингін жүзеге асыратын оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) білім беру қызметінің субъектілері бірлестіктерінің жиынтығын бiлдiредi.
11-бап. Білім беру жүйесінің міндеттері
1. Білім беру жүйесінің міндеттері:
1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау.
2) жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
4) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту;
6) педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету;
7) білім беру ұйымдарының еріктілігін, дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру;
8) қоғам мен экономиканың қажеттеріне жауап беретін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуі;
9) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге өзінің білім мен біліктілікке негізделген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін өмір бойы дамыту;
11) білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциясы;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) білім алушылардың кәсіптік ұмтылысын қамтамасыз ету;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз ету;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды; 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) сапалы білім алуына арнайы жағдайлар жасау болып табылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
12-бап. Білім беру деңгейлері
Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;
2) бастауыш білім беруді;
3) негізгі орта білім беруді;
4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді);
5) орта білімнен кейінгі білім беруді;
6) жоғары білім беруді;
7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды
4-тарау. Білім беру мазмұны
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
13-бап. Білім беру мазмұнының ұғымы
Білім беру мазмұны - жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені).
Білім беру мазмұны білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде әзірленетін жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларымен айқындалады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Білім беру бағдарламалары
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Білім беру бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты:
1) жалпы білім беретін (үлгілік, жұмыстық);
2) кәсіптік (үлгілік, жұмыстық);
3) қосымша болып бөлінеді.
Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді.
Жұмыстық оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына қарай мынадай оқу бағдарламаларына:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
2) бастауыш білім беру;
3) негізгі орта білім беру;
4) жалпы орта білім беру болып бөлінеді.
Дарынды адамдардың әлеуетті мүмкіндіктерін неғұрлым толық дамыту үшін оқу бағдарламасының жекелеген пәндерін тереңдетіп оқытуды көздейтін мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
Адамдардың жекелеген санаттары үшін психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялардың ұсынымдары ескеріле отырып айқындалатын, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму және әлеуеттік мүмкіндіктерінің ерекшеліктері ескерілетін арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Білім беру бағдарламалары экономика салаларындағы кәсiптiк қызмет бағыттары бойынша білікті жұмысшы кадрлары мен орта буын мамандарын даярлауға, жеке бастың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйекті түрде арттыруға бағытталған.
Кәсіптік бағдарламалар мазмұнына қарай:
1) техникалық және кәсiптiк бiлiмнің;
2) орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің;
3) жоғары бiлiмнің;
4) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларына бөлiнедi.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қосымша білімнің білім беру бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі билеуін, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін эксперимент режимінде (эксперименттік алаңдарда) жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында іске асырылатын эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленеді.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Интеграцияланған білім беру бағдарламаларын бiлiм беру ұйымдары әзiрлейдi. Интеграцияланған білім беру бағдарламалары пәнаралық және деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық және халықаралық болуы мүмкiн.
7. 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Медициналық және фармацевтік мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2015.13.01. № 276-V ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Су көлігі саласындағы мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган бекітеді.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, білім беру ұйымы лицензиясы болған жағдайда әртүрлi деңгейдегi білім беру бағдарламаларын iске асыруға құқылы.
15-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іс-әрекет түрлерінің мектеп жасына дейінгі балалар үшін ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленеді.
2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары:
1) балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру тұтастығы принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді;
2) әр баланың талабын, бейімділігін, қабілеттілігін, дарындылығын іске асыруға және оның даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде оны бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарланады;
3. Мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білім беруді меңгеру үшін бірдей бастапқы жағдайларды жасауды көздейді.
16-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.
Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
Негiзгi орта бiлiм берудің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзiмi - бес жыл.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бейіндік оқытуды енгізе отырып, білім беру мазмұнын саралау, интеграциялау және кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі - екі жыл.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-бап. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары
1. Техникалық және кәсіптік білім беру орта білім беру деңгейінің құрамдас бөлігі болып табылады және білікті қызметкерлер мен орта буын мамандарды даярлауға бағытталған.
2. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары олардың мазмұнына және білім алушылардың даярлық біліктілігінің деңгейіне қарай мынадай білімнің білім беру бағдарламалары болып бөлінеді:
1) білікті жұмысшы кадрлар даярлауды көздейтін.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны:
жалпы кәсіптік және арнайы пәндерді меңгеру үшін бейіндеуші болып табылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша интеграцияланған курстарды зерделеуді, кәсіптік дағдыларды меңгеру бойынша өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты кәсіп бойынша кәсіптік біліктіліктің белгіленген деңгейін (разряд, сынып, санат) беруді көздейді;
2) экономиканың барлық салаларында жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты жұмыстарды орындаудың күрделі (аралас) кәсіптері мен практикалық дағдыларын меңгеруді көздейтін.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны:
жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді, кәсіптік дағдыларды игеру және бекіту бойынша өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейін беруді көздейді.
3) орта буын мамандарды даярлауды қамтамасыз ететін.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны техникалық және кәсіптік білім берудің интеграцияланған білімнің білім беру бағдарламаларын жоғары оқу орындарының 1-2-курстарының білім беру бағдарламаларымен қоса зерделеуді көздейді.
Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша (оқытудың әрбір курсынан кейін) білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізген деңгейі (разряды, сыныбы, санаты) беріледі.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға орта буын маманы біліктілігі беріледі.
3. Мәдениет және өнер мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануы қағидаты мен даярлау ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы бағдарламалардың күрделілігі мен берілетін біліктілік деңгейіне байланысты және ол тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта білімі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары жалпы кәсіптік, экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді.
5. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан және кәсіптік практикадан тұрады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Дуальды оқыту пайдаланылатын техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын базасында кемінде алпыс пайыздық өндірістік оқытуды, практиканы көздейді.
18-бап. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және білім алушылардың ғылым, мәдениет өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскер қатарына шақыруға дейінгі терең даярлықты мамандандырылған мектептерінде іске асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 19-бап өзгертілді
19-бап. Арнайы оқу бағдарламалары
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Арнайы оқу бағдарламалары бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары және техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары негізінде әзірленеді және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдарды (балаларды) оқытуға және дамытуға бағытталады, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсынымдары ескеріле отырып айқындалатын психикалық-физикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерін ескереді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ұзақ уақыт емделуді қажет ететін адамдар үшін, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді және енгізіледі.