3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамтамасыз етуді алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамтамасыз ету ең жоғары мөлшерде негіздердің тек біреуі бойынша ғана төленеді.
47-бап. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және оны сатып алу тәртібі
1. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары немесе жүлдегерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының спортшыларына тұрғын үй аталған адамдарға меншік құқығымен беріледі.
2. Бір Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында біреуден көп медаль жеңіп алған адамдарға жергілікті атқарушы органнан бір рет тұрғын үй алу құқығы беріледі.
3. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үйді жергілікті атқарушы органдар спортшының тұрғылықты жеріне және алған орнына қарай республика қалаларынан алып береді.
4. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін мынадай шарттар белгіленеді:
1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған чемпионға - үш бөлмелі пәтер;
2) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған чемпионға - екі бөлмелі пәтер;
3) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған чемпионға - бір бөлмелі пәтер.
5. Тұрғын үй алуға құқығы бар адамдар (бұдан әрі - өтініш беруші) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап бір ай ішінде тиісті жергілікті атқарушы органға тұрғын үйдің орналасу орнын (қала, облыс) көрсете отырып өтініш береді және мынадай құжаттарды:
өтініш берушінің жеке куәлігінің нотариат куәландырылған көшірмесін;
тиісті Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада комитеттерінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері атағын растайтын жарыстар хаттамасының көшірмесін ұсынады.
6. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттарды алған соң мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады және тұрғын үй беру немесе бермеу туралы шешім шығарады;
2) шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша жауап жібереді;
3) он жұмыс күні ішінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша өтінім жібереді;
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасайды;
5) ағымдағы нысаналы трансферттер түскен күннен бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімдерде Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үй сатып алады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спортшылардың - Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары чемпиондарының немесе жүлдегерлерінің меншігіне тұрғын үйді береді.
7. Жергілікті атқарушы орган:
1) осы баптың 5-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылмаған;
2) өтініш беруші осы баптың 1-тармағының шарттарына сәйкес келмеген жағдайларда өтініш берушіге мемлекеттік көтермелеуді тағайындаудан бас тартады.
8. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондарына немесе жүлдегерлеріне тұрғын үй алуды (сатып алуды) қаржыландыру Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ағымдағы нысаналы трансферттерді аудару арқылы жүзеге асырылады.
9. Бұл нормалар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері атағын жеңіп алған адамдарға қолданылмайды.
48-бап. Дене шынықтыру саласындағы жеңілдікпен көрсетілетін қызметтер
Мүгедектерді қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін тегін немесе жеңілдікті шарттармен пайдаланатын азаматтар санаттарының тізбесін, сондай-ақ жеңілдіктер мөлшерін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және дене шынықтыру-спорт ұйымдары әкімшілігінің шешімдерімен дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
10-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздері
Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
50-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы демеушілік пен кәсіпкерлік қызмет
1. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардан басқа, жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, командалардың немесе спорттық іс-шаралардың демеушілері бола алады. Демеушілер мен дене шынықтыру-спорт ұйымдары, командалар, іс-шараларды ұйымдастырушылар арасындағы қатынастар шарттық негізде белгіленеді. Демеушілер спорттық іс-шараларды қаржыландыра отырып, оларды демеушілердің немесе олардың өнімдерінің белгісімен (эмблемасымен) өткізу құқығына ие болады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарына және жекелеген адамдарға қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады, дене шынықтыру-спорт және оған ілеспе тауарларды өндіре алады, дене шынықтыру мен спортты жарнама қызметінде пайдалана алады.
51-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары
1. Дене шынықтыру мен спорттың материалдық базасын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жататын дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының барлық түрлері құрайды.
2. Спорт ғимараттары мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.
3. Аумақтарды дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету қажеттілігін айқындау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекет меншігіндегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын оларға тең дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттарды құрмай тұрып жоюға, олардың нысаналы және функционалдық мақсатын өзгертуге жол берілмейді.
5. Меншігінде немесе иелігінде спорт ғимараттары бар адамдар техникалық регламенттер, стандарттар талаптарына, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары белгілеген нормаларға, қағидалар мен талаптарға, санитариялық қағидаларға сәйкес спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарды тиісінше техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
52-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі
1. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға арналған ақпараттық жүйені білдіреді.
2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары тізілімге енгізілуге жатады.
3. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі мынадай міндетті мәліметтерді:
1) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының толық атауын;
2) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының мекенжайын (тұрған жерін);
3) меншігінде дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты бар меншік иесі туралы мәліметтерді;
4) пайдалануға беру, реконструкциялаудың, күрделі жөндеудің аяқталған күнін;
5) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының функционалдық мақсатын;
6) біржолғы қабылдау қабілетін;
7) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты орналасқан жер учаскесінің алаңын;
8) ғимараттарда қызмет көрсетуші персоналға арналған орындардың бар немесе жоқ екендігін;
9) медициналық қызмет көрсетуге және допинг-бақылау жүргізуге арналған арнайы жабдықталған үй-жайдың бар немесе жоқ екендігін;
10) көрермендерге арналған орындардың санын қамтиды.
11-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
53-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдары, сондай-ақ халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктері құрылуы мүмкін. Ұлттық дене шынықтыру-спорт ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметін жүзеге асыруға шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды тартуға, сондай-ақ шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақша қаражатына және өзге де мүлікке өз бетінше иелік етуге құқылы.
54-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында ерікті негізде жұмыс жүргізетін ұйымдастырушылар (спорт еріктілері)
1. Спорт түрлері және өндірістік гимнастика бойынша жаттықтырушылар, нұсқаушылар, спорт төрешілері, халықпен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастырушылар (спорт еріктілері) ерікті негізде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қоғамдық қызметті жүзеге асыра алады, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан және аттестаттаудан өте алады.
2. Тиісті даярлықтан және аттестаттаудан өтпеген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға спорт сабақтарын ұйымдастыру мен өткізуге, спорттық жарыстарға төрешілік етуге және өз бетінше өзге де спорттық қызметпен айналысуға жол берілмейді.
55-бап. Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дене шынықтыру мен спорт саласындағы құқықтары
Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, халықаралық спорттық жарыстарда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) құрамында өнер көрсету құқығын қоспағанда, осы Заңда көзделген көлемде дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын пайдаланады.
12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
56-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
57-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
58-бап. Өтпелі ережелер
1. Спорт федерациялары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өздерінің қызметін осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруі тиіс.
2. Осы Заңның 41-бабында көрсетілген жаттықтырушылар мен спорт төрешілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде аттестатталуға жатады.
59-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 24, 1065-құжат; 2003 ж., № 15, 129-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 15-16, 77-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 111-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 84-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы шілденің 3-і.
№ 228-V ҚРЗ