1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдардан тұратын консультативтік-талдамалық функциялары бар сараптама кеңесі құрылады.
2. Ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардың қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен жұмыс топтарын және комиссиялар құра алады.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз бастамасымен немесе шақыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші және байқаушы органдарға өзі дербес немесе өз өкілдері арқылы қатыса алады.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ АДАМНЫҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ ЖӘРДЕМДЕСУІ
13-бап. Шағымды қарау
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жеке өздері және (немесе) өкілдері (бұдан әрі – шағым иелері) арқылы берген шағымдарын келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде өз құзыреті шегінде қарайды.
Азаматтың құқықтарын қорғау мақсатында және оның жазбаша келісімімен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қоғамдық бірлестіктер жүгіне алады.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарамайды.
3. Шағымда арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер, арыз берушінің пікірі бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын шешімдердің немесе әрекеттердің (әрекетсіздіктің) мәнін баяндау қамтылуға тиіс.
Шағымға арыз берушінің дәлелдерін растайтын құжаттар және өзге де материалдар қоса беріледі.
4. Шағымды алып, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) шағымдарды қарау қағидаларына сәйкес шағымды қарауға қабылдайды;
2) арыз беруші өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді;
3) құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы жолданымдар жібереді;
4) шағымды қарауға қабылдаудан бас тартады, оған уәжін білдіруге тиіс. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тартуға шағым жасалмайды.
5. Шағымды қарау мерзімі Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қабылданған шешім туралы арыз берушіні және шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған тиісті мемлекеттік органдарды, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын, лауазымды адамдарды хабардар етеді.
14-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің шағымды қарау кезіндегі құқықтары
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шағымды қарау кезінде:
1) мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдардан және лауазымды адамдардан, соттың іс жүргізуіндегі істер мен материалдарды қоспағанда, шағымды қарау үшін қажетті құжаттарды, материалдар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
2) мемлекеттік ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты құжаттарына белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;
3) шағым берушілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып, жедел қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыруға;
4) егер адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жаппай бұзушылық туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы бар болса немесе бұл өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өзі дербес пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді өз бастамасымен қарауға;
5) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдар мен өтінішхаттар жіберуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап. Шағымды қарау ерекшеліктері
1. Шағымды қарау кезінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсіндірмелерін беру мүмкіндігін беруге міндетті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шағым нысанасы болған мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға жүгінуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттары алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады, қарау нәтижелері туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарланады.
Қосымша зерделеу жүргізу қажет болған жағдайларда, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттарын қарау мерзімін олар жіберілген субъект күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартады, бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
3. Шағымды қарау кезінде алынған материалдар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл түпкілікті шешім шығарғанға дейін жария етуге жатпайды.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шағымды қарау процесінде арыз берушінің және басқа да адамдардың жеке өмірі туралы өзіне белгілі болған мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
16-бап. Шағымды қарау нәтижелері
Шағымды қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзі қабылдаған шешімге қарай:
1) арыз берушінің құқықтары мен бостандықтары олардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) бұзылған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхатпен уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүгінеді;
3) мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінеді. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жіберетін талап арызға (талап қоюға) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж салынбайды.
17-бап. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап-қорыту
1. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап-қорыту нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
1) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге қатысты жалпы сипаттағы өз ескертулері мен ұсыныстарын жібереді;
2) егер Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының немесе лауазымды адамдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері немесе әрекеттері (әрекетсіздігі) олардың жетілдірілмеуіне немесе оларда орын алған олқылықтарға не Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе өзге де міндеттемелеріне қайшы келуіне байланысты жасалады деп пайымдаса, құқықтық актілерді қабылдаған (шығарған) субъектілерге оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстармен өтініш жасайды.
2. Ерекше қоғамдық маңызы бар не Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жаппай бұзылуына байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мынадай шаралар қабылдайды:
1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданым жібереді;
2) сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру ұсынысымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінеді;
3) осы Конституциялық заңға сәйкес өзге де шаралар қабылдайды.
18-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының міндеттері
1. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірмелерді ұсынуға міндетті.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сұратқан материалдар, құжаттар, мәліметтер, егер оның сұрау салуында басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған жіберілуге тиіс. Бұл ретте сұрау салуда көрсетілген мерзім екі жұмыс күнінен кем болмайды.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың жедел қабылдауына кіру құқығын пайдаланады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің талап етуі бойынша аталған органдар мен лауазымды адамдар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге немесе оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, мекемелер және ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкіліне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны атқаруға арналған тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдарға кедергісіз бару және олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі аталған адамдармен, сондай-ақ тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесуді куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы өткізеді. Аудиожазбаларды, фото- және бейнетүсірілімдерді пайдалана отырып әңгімелесулер өткізу тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдардың келісімімен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің әңгімелесулерін өзге тұлғалардың тыңдауына және аудиожазуына тыйым салынады.
5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
19-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі (бұдан әрі – өкіл) болады, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
2. Өкіл мемлекеттік қызметші болып табылады және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметіне басшылық жасайды.
Өкілдің функционалдық міндеттерін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бекітеді.
3. Өкіл өз өкілеттігін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырады.
20-бап. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыс органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылады, ол мемлекеттік мекеме болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банктік мекемелерде тиісті шоттары болады.
2. Ұлттық орталық туралы ережені Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің құрылымын Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бекітеді.
3. Ұлттық орталықтың басшысы мен оның орынбасарларын Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
4. Ұлттық орталық Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің осы Конституциялық заңның 3-тарауында көзделген қызметін жүзеге асыру үшін жәрдем көрсетеді.
5. Ұлттық орталықтың қызметкерлері өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер болып табылады.
21-бап. Қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ақшалай қамтылымы, оған медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мемлекеттік лауазымдарды атқаратын, бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кепілдіктер деңгейінде айқындалады.
3. Республикалық бюджетте жыл сайын жеке бюджеттік бағдарламамен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.
4. Қаржылық есептілікті Ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.
22-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері
1. Осы Конституциялық заңды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Ұлттық орталықтың басшысы бұйрықтар шығарады.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде лауазымының атауы көрсетілген белгіленген үлгідегі өз бланкісі болады.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ
23-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 7-баптың 15) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 5 қараша
№ 154-VII