Егер тасымалдаушының ұсынылған стандартты құжаттарында барлық қажетті мәліметтер болмаса, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын кедендік декларациялау белгіленген нысандағы көлік құралына арналған кедендік декларацияны ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте ұсынылған тасымалдаушының стандартты құжаттары көлік құралына арналған кедендік декларацияның ажырамас бөлігі ретінде қаралады.
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде уақытша әкетілген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын мұндай аумаққа әкелу кезінде кеден органына көлік құралына арналған кедендік декларация ретінде уақытша әкелінген немесе тиісінше уақытша әкетілген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын декларациялау кезінде ұсынылған көлік құралына арналған кедендік декларацияны пайдалануына жол беріледі.
Халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде кеден органы өзге де мәліметтерді ұсынуды талап етуге құқылы.
3. Егер қосалқы бөлшектер мен жабдықтар халықаралық тасымалдаудың көлік құралымен кедендік шекара арқылы бір мезгілде өткізілсе, осы Кодекстің 349-бабына сәйкес көлік құралына арналған кедендік декларацияда олар туралы мәліметтерді мәлімдеуге жол беріледі.
4. Берілген көлік құралына арналған кедендік декларацияны кеден органы тіркейді.
5. Көлік құралына арналған кедендік декларацияны тексеру нәтижелері бойынша кеден органы көлік құралына арналған кедендік декларацияда Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын нысан бойынша және тәртіпте белгілерді қою жолымен халықаралық тасымалдаудың көлік құралын уақытша әкелуді немесе уақытша әкетуді не халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын уақытша әкетуді немесе уақытша әкелуді аяқтауды ресімдейді.
6. Пайдаланылмаған және қайта әкетілмеген қосалқы бөлшектер мен жабдықтар осы Кодекспен белгіленген талаптар мен шарттардың сақталуымен кедендік рәсімдермен орналастырылуға жатады.
49-тарау. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу ерекшеліктері
351-бап. Осы тарауда пайдаланылатын терминдер
Осы тарауда мынадай терминдер және олардың анықтамалары пайдаланылады:
1) иесімен бірге жөнелтілмейтін багаж - осы жеке тұлғаның кеден одағының кедендік аумағына кіруімен немесе оның кеден одағының кедендік аумағынан кетуімен байланысты кедендік шекара арқылы іс жүзінде етуі үшін халықаралық тасымалдау (көлік экспедициясы) шарты бойынша тасымалдаушыға берілген немесе берілетін жеке тұлғаға тиесілі жеке пайдалануға арналған тауарлар;
2) иесімен бірге жөнелтілетін багаж - қолжүгін қосқанда, кедендік шекарадан өтетін жеке тұлға тікелей өткізетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
3) тасымалдаушы жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарлар - кедендік шекара арқылы өтпеген жеке тұлғаның атына не жеке тұлғадан кедендік шекара арқылы іс жүзінде өткізу үшін халықаралық тасымалдау шарты бойынша (жөнелту құжаты, коносамент және өзге де құжаттар бойынша) тасымалдаушыға берілген немесе берілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) жеке пайдалануға арналған көлік құралы - осы көлік құралын тұлғаларды сыйақы үшін тасымалдау, тауарларды сыйақы немесе тегін тасымалдау үшін емес, жеке мақсатта ғана өткізетін жеке тұлғаның меншігіндегі немесе иелігіндегі қосалқы бөлшектерімен және әдеттегі керек-жарақтарымен және жабдықтарымен бірге, оның кәдімгі бактарында жанар-жағар майы мен отыны бар авто-, мотокөлік құралы, тіркеме, су немесе әуе кемесі.
352-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу туралы жалпы ережелер
1. Жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік шекара арқылы осы тараудың ережелеріне сәйкес, осы тараумен реттелмеген бөлігінде, - кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген тәртіпке сәйкес өткізіледі.
2. Кедендік шекара арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға тарифтік емес реттеу және техникалық реттеу шаралары қолданылмайды.
3. Кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу критерийлері, жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік төлемдерді төлеместен өткізудің құн, мөлшер және салмақ нормалары, жеке пайдалануға арналған тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік төлемдерді төлеуден босату жағдайлары, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды қолдану тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен белгіленеді.
353-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәсілдері
Жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік шекара арқылы тасымалдаушы жеткізетін тауарлар ретінде иесімен бірге жөнелтілетін немесе иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда, сондай-ақ осы Кодекстің 44-тарауына сәйкес халықаралық почта жөнелтілімдерімен өткізілуі мүмкін.
354-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жасалатын кедендік операциялар
1. Кедендік шекара арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар осы Кодекспен және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен айқындалатын тәртіпте жасалады.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар кеден одағының кедендік аумағына келу немесе осы аумақтан кету орындарындағы не аумағында мұндай тауарлардың декларанты ретінде түсуге құқығы бар жеке тұлға тұрақты (немесе уақытша) тұратын кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органындағы өту тәсілдеріне қарай жасалады.
3. Жеке пайдалануға арналған тауарларды жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған автомобиль көлік құралдарында немесе поезда өткізген кезінде кеден органдары осы тұлғаларға, бұл кеден одағының кеден заңнамасын сақтау үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, көлік құралдарынан шықпай кедендік операцияларды жасауға мүмкіндік береді.
4. Жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік шекарадан өту кезінде осы Кодекстің 355-бабына сәйкес кедендік декларациялауға және осы Кодекспен көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылмастан жеке пайдалану үшін шығаруға жатады. Тауарларды жеке пайдалану үшін шығарумен байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі кеден одағының кеден заңнамасымен айқындалады.
Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін тұлғаның қалауы бойынша мұндай тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес оларды уақытша сақтауға орналастырумен, кедендік рәсімдермен орналастырумен, сондай-ақ, егер олар келу орнын тастап кетпесе, кеден одағының кедендік аумағынан әкетілумен байланысты кедендік операциялар жасалуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген кедендік операциялар жасалмаған жағдайда, осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес тауарлар ұстауға жатады.
5. Кедендік шекара арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік бақылау осы Кодекске және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартына сәйкес жүргізіледі.
355-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау
1. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды жеке тұлғалар кедендік шекара арқылы жүруі кезінде кеден органына тауарларды көрсете отырып, бір мезгілде жүзеге асырады.
2. Жазбаша түрде кедендік декларациялауға: - жатады.
1) иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда немесе тасымалдаушымен жеке тұлғаның мекенжайына жеткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
2) тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан басқа, оларға қатысты тыйымдар мен шектеулер қолданылатын кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар,
3) кез келген тәсілмен өткізілетін, соның ішінде құны және (немесе) мөлшері мұндай тауарларды кедендік төлемдерді төлеместен өткізудің кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен белгіленген нормаларынан асатын уақытша әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілетін және мұндай аумаққа қайта әкелінетін, кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;
5) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен және (немесе) халықаралық шартымен белгіленген жағдайларда, кеден одағына мүше мемлекеттердің валютасы, жол чектері бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері;
6) мәдени құндылықтар;
7) егер оларды өткізетін жеке тұлғаның иесімен бірге жөнелтілмейтін багажы болса, иесімен бірге жөнелтілетін багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
8) кеден одағының кеден заңнамасымен айқындалған өзге де тауарлар жатады.
3. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау жолаушының кедендік декларациясын қолдана отырып, жазбаша түрде жүргізіледі.
Жолаушының кедендік декларациясының нысаны, оны толтыру, беру және тіркеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
4. Жеке тұлға өз қалауы бойынша жолаушының кедендік декларациясын қолдана отырып, жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жатпайтын жеке пайдалануға арналған тауарларға кедендік декларациялау жүргізуге құқылы.
5. Он алты жасқа толмаған жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларын кедендік декларациялауды оны алып жүретін тұлға (ата-анасының бірі, осы тұлғаны асырап алушы, қамқорлыққа алушы немесе қамқоршы, оны алып жүретін өзге де тұлға- не алып жүретін тұлғалар болмаған кезде тасымалдаушының өкілі, ал ата-аналарының, асырап алушылардың, қамқорлыққа алушылардың немесе қамқоршылардың алып жүрусіз кәмелет жасқа толмаған тұлғалар тобының ұйымдасып шығуы (кіруі) кезінде - топ жетекшісі не тасымалдаушының өкілі) жүргізеді.
6. Қайтыс болғандардың денесі (сүйектері) салынған табыттарды және мәйіті (күлі) салынған сауыттарды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде кедендік декларациялауды қайтыс болғанның денесі (сүйектері) салынған табытты немесе мәйіті (күлі) салынған сауыттарды алып жүретін тұлға осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген құжаттарды ұсына отырып, еркін нысанда өтініш беру жолымен жүзеге асырады.
Қайтыс болғандардың мәйіті (күлі) салынған сауыттарды және денесі (сүйектері) салынған табыттарды кеден одағының кедендік шекарасынан әкету кезінде мынадай құжаттар ұсынылады:
1) кеден одағына мүше мемлекеттердің азаматтық хал актілерін тіркеу үшін белгіленген тәртіпте азаматтық хал актілерінің жазба бөлімдері беретін өлгені туралы куәлік не өлгені туралы медициналық куәлік не көрсетілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
2) қайта көмген жағдайда, эксгумация мүмкіндігі туралы жергілікті мемлекеттік санитарлық қадағалау органдарының еркін нысандағы қорытындысы;
3) оларда бөгде салымдардың жоқтығын көрсете отырып, оларды қайтыс болғанның денесімен (сүйектерімен) бірге жөнелткен жағдайда, қайтыс болғанның нәрселері мен құндылықтарының тізімдемесі қоса беріле отырып, мырыш табыттарын дәнекерлеу бойынша жерлеу қызметін көрсетуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымның еркін нысандағы актісі (анықтамасы);
Қайтыс болғандардың мәйіті (күлі) салынған сауыттарды және денелері (сүйектері) салынған табыттарды кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде мынадай құжаттар ұсынылады:
1) жөнелтуші елдің уәкілетті мекемесі берген өлгені туралы куәлік не өлгені туралы медициналық куәлік немесе осы құжаттардың көшірмелері;
2) оларда бөгде салымдардың жоқтығын көрсете отырып, оларды қайтыс болғанның денесімен (сүйектерімен) бірге жөнелткен жағдайда, қайтыс болғанның нәрселері мен құндылықтарының тізімдемесі қоса беріле отырып, мырыш табыттарын дәнекерлеу бойынша жерлеу қызметін көрсетуді жүзеге асыратын ұйымның еркін нысандағы актісі (анықтамасы).
356-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау кезінде құжаттарды ұсыну
1. Жолаушылар кедендік декларациясын беру кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардың ұсынылуымен қоса жүруі тиіс.
Мұндай құжаттарға:
1) жеке басын куәландыратын құжаттар (соның ішінде кәмелетке толмаған тұлғалар);
2) кәмелетке толмаған тұлғаны асырап алуды, қамқорға алуды, қамқорлықты растайтын құжаттар;
3) декларацияланатын жеке пайдалануға арналған тауарлардың құнын растайтын құжаттар;
4) көліктік (тасымалдау) құжаттар;
5) кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдіктерге құқықты растайтын, соның ішінде жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша әкелуін (әкетуін) растайтын, сондай-ақ жеке тұлғаны босқын, мәжбүрлі қоныс аударушы не кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалған тәртіпте тұрақты тұруға қоныс аударушы деп тануды растайтын құжаттар;
6) тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан басқа, шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
7) жеке пайдалануға арналған көлік құралын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер бар құжаттар;
8) жеке пайдалануға арналған көлік құралын иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын растайтын құжаттар;
9) ұсынылуы кеден одағының кеден заңнамасында көзделген басқа да құжаттар мен мәліметтер жатады.
2. Иесімен бірге жөнелтілмейтін багажбен өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау кезінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша оның кедендік шекара арқылы жүруі кезінде жеке тұлғаға берілген, кеден органы ресімдеген жолаушылар кедендік декларациясының данасы ұсынылады.
Оны жоғалту себебі бойынша немесе өзге де себептер бойынша жолаушылар кедендік декларациясын ұсынбаған кезде, егер жеке тұлға басқаша дәлелдей алмаса, жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік төлемдерді төлеуден босатылған тауарларды әкелудің құн, мөлшер, салмақ нормаларынан асыра әкелінген ретінде қаралады.
357-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде екі дәліз жүйесін қолдану
1. Кеден одағының кедендік аумағына келу кезінде немесе осы аумақтан кету кезінде жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау мақсаты үшін екі дәліз жүйесі қолданылуы мүмкін.
2. Екі дәліз жүйесін қолдану кедендік шекара арқылы өтетін жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды жазбаша декларациялауды және кедендік операцияларды жасау үшін тиісті дәлізді («жасыл» немесе «қызыл») өз бетінше таңдауын көздейді.
3. Тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келу және осы аумақтан кету орындарында екі дәліз жүйесін жайластыруға қолданылатын талаптар Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
358-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша әкелу
1. Көлік құралдарын қоспағанда, шетелдік жеке тұлғалар кеден одағының кедендік аумағына тізбесі кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен айқындалған жеке пайдалануға арналған тауарларды осы аумақта өзінің болуы кезеңіне кедендік төлемдерді төлеуден босатыла отырып, уақытша әкелуге құқылы.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жатқан жағдайларда, мұндай тауарларды уақытша әкелу мерзімін кеден органы оның кеден одағының кедендік аумағында болу ұзақтығын ескере отырып, шетелдік жеке тұлға өтінішінің негізінде белгілейді.
2. Шетелдік жеке тұлғалар кеден одағының кедендік аумағына шетел мемлекеттерінің аумағында тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік төлемдерді төлеуден босатыла отырып, өзінің уақытша болуы, бірақ бір жылдан аспайтын мерзіміне уақытша әкелуге құқылы.
Шетелдік жеке тұлғаның дәлелді өтініші бойынша кеден органдары жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін мұндай көлік құралдарын уақытша әкелген күннен бастап бір жыл шегінде ұзартуы мүмкін.
3. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарларды, соның көлік құралдарын пайдалану және (немесе) билік ету құқығын кеден одағының кедендік аумағында басқа тұлғаға беруге кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген тәртіпте оларды кедендік декларациялау және кедендік төлемдерді төлеу шартымен жол беріледі.
4. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан кез келген кеден органы арқылы қайта әкетілуі мүмкін.
5. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар белгіленген мерзім өткен соң әкетілмеуіне байланысты кеден одағының кеден аумағында болған жағдайда, мұндай тауарларға қатысты кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген тәртіпте кедендік баждар, салықтар өндіріп алынады.
6. Авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар біржола жоғалған жағдайда, мұндай тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан қайта әкету кеден органдарының авария немесе еңсерілмейтін күш әсерін тануы шартымен жүргізілмеуі мүмкін.
359-бап. Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша әкетуі
1. Кеден одағына мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан өзінің шетел мемлекетінің аумағында уақытша болуы кезеңіне уақытша әкетуге және оларды қайта әкелуге құқылы.
2. Егер мұндай сәйкестендіру әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босата отырып, оларды қайта әкелуге ықпал етсе, жеке тұлғаның өтініші бойынша кеден органы уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған тауарларға сәйкестендіру жүргізеді. Тауарларды сәйкестендіру туралы бір данасы тауарларды әкететін жеке тұлғаға берілетін жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі.
Мұндай сәйкестендірудің болмауы кеден органына кеден одағының кеден заңнамасымен айқындалған тәртіпте бұл тауарлардың кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілгенінен кейін қайта әкелінуін растау шартымен жеке тұлғалардың әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, жеке пайдалануға арналған тауарларды қайта әкелуіне кедергі болмайды.
3. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарымен олардың кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерде болуы кезінде қажет болған техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу бойынша операцияларды жасауға жол беріледі.
4. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралына тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарында есепке алынуға жататын бөлшектерін ауыстыруға байланысты жөндеу жасау кезінде кеден одағына мүше мемлекеттердің азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарттың талаптарына сәйкес кепілді жөндеу немесе қызмет көрсету жүзеге асырылған не оның авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан зақымдануынан кейін көлік құралын қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, ауыстырылған бөлшек кедендік декларациялауға жатады.
360-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу
1. Жеке тұлғалар толтыру нысаны мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын кедендік кіріс ордерінің негізінде жеке пайдалануға арналған тауарларды жазбаша нысанда кедендік декларациялау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлейді.
Кедендік кіріс ордерінің бір данасы кедендік баждарды, салықтарды төлеген тұлғаға табыс етіледі.
Кедендік шекара арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік кіріс ордерін толтыруды және кедендік баждарды, салықтарды есептеуді кеден органының лауазымды тұлғасы жүргізеді.
2. Жеке тұлғалар кедендік шекара арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары бойынша немесе осы Кодекстің 77-бабына сәйкес қолданылатын кедендік баждар, салықтар бойынша есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасына тең жиынтық кедендік төлем түрінде төлейді.
3. Кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шартымен белгіленеді.
4. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкаларын, жиынтық кедендік төлемді қолдану тәртібі, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, сондай-ақ оларды төлеу мерзімдері кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шартымен айқындалады.
361-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны
1. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны туралы мәліметтер бар құжаттардың түпнұсқаларымен расталған, мұндай тауарлардың жеке тұлға мәлімдеген құны негізінде айқындалады.
Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелуі кезінде тауарлардың кеден құнына олардың кеден одағының кедендік аумағына келгеніне дейін және кейін тасымалдау және сақтандыру бойынша шығыстар енгізілмейді.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін жеке тұлғада қажетті құжаттар және (немесе) олардың құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда не тұлға ұсынған құжаттар және (немесе) мәліметтер дұрыс болып табылмайды деп ұйғаруға негізделген себептер болған кезде кеден органының лауазымды тұлғасы тауарлардың кедендік құнын ұқсас тауарларға кеден органының иелігінде бар баға ақпаратының негізінде, соның ішінде ұқсас тауарларды бөлшек сатуды жүзеге асыратын шетелдік фирмалардың каталогтарында көрсетілген деректердің негізінде айқындайды.
Жеке тұлға кедендік құнды айқындау үшін ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.
Осы бапты қолдану мақсаты үшін ұқсас тауар деп әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, яғни өзінің мақсаты, қолданылуы, сапа, техникалық және өзге де сипаттамалары бойынша әкелінетін тауармен сәйкес келетін сипаттамалары бар тауар түсініледі.
362-бап. Жеке тұлғалар өткізетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары үшін қосалқы бөлшектер мен отын
1. Жеке тұлғалар кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, мұндай көлік құралдарын уақытша әкелудің мерзімінен аспайтын мерзімге уақытша әкелінуі мүмкін.
2. Жеке тұлғалар кедендік шекара арқылы өткізетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының құрылымымен көзделген бактардағы отын кедендік баждарды, салықтарды төлеместен, кеден одағының кедендік аумағына әкелінуі немесе тиісінше осы аумақтан әкетілуі мүмкін.
50-тарау. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
363-бап. Осы тарауды қолдану саласы
1. Керек-жарақтарды кедендік шекара арқылы өткізу осы тараудың ережелеріне сәйкес, ал осы тараумен реттелмеген бөлікте, - кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
2. Керек-жарақтарды кедендік шекара арқылы өткізу кедендік баждарды, салықтарды төлеместен және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан жүзеге асырылады.
3. Осы тараудың ережелері жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін қолданатын көлік құралдарындағы тауарларға қатысты қолданылмайды.
4. Кеден одағы комиссиясының шешімімен осы тараудың ережелері қолданылатын керек-жарақтардың сандық нормалары айқындалуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес белгіленген нормалардан асып кететін керек-жарақтар осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдерге орналастыруға жатады.
364-бап. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар келу орындарында, кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде - халықаралық тасымалдауды бастау орындарында не кету орындарында жүргізіледі.
2. Керек-жарақтар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмастан кедендік декларациялауға жатады.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларация ретінде тауарға арналған декларация, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтердің тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
3. Керек-жарақтарға қатысты операциялар тіркеу еліне немесе су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе поездардың ұлттылығына қарамастан, бірдей жасалады.
365-бап. Керек-жарақтарды пайдалану
1. Осы кемелерді қалыпты пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін қажетті, жолаушылардың және су кемелерінің экипаж мүшелерінің пайдалануына арналған керек-жарақтар, егер экипаж осы уақытта кемені тастап кетпесе, жолаушылардың және экипаж мүшелерінің санына, сондай-ақ тұру ұзақтығына тиісті мөлшерде олардың кеден одағының кедендік аумағында болуы, соның ішінде су кемелерін докта, верфьте немесе кеме жөндеу заводында жөндеу кезінде осы кемелерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
2. Әуе кемелерінің кеден одағының кедендік аумағында орналасқан бір әуежайға немесе бірнеше әуежайға жоспарланбаған қонуы кезінде осы кемелерді қалыпты пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған керек-жарақтар және әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде экипаждар мүшелерінің және жолаушылардың тұтынуына арналған керек-жарақтар әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде пайдаланылуы мүмкін.