21-тарау. Кедендік бақылау өткізу кезінде тауарлар және оларға арналған құжаттарды ұстау
145-бап. Кедендік бақылау өткізу кезінде ұстауға міндетті тауарлар мен құжаттар
1. Кедендік бақылау өткізу кезінде осы Кодекстің 152, 170, 185, 192, 208, 231, 234, 305 және 354-баптарымен белгіленген жағдайларда, кеден органдарының лауазымды тұлғалары әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыс мәні болып табылмайтын тауарларды және оларға арналған құжаттарды ұстайды.
2. Тауарлар және оларға арналған құжаттар кідіртілген жағдайда кеден органы Кеден одағының шешімімен белгіленген нысан бойынша хаттама жасайды.
3. Кідіртілген тауарлар және оларға арналған құжаттар алынады және кеден органдарында осы Кодекспен бекітілген мерзім ішінде сақталады.
Кідіртілген тауарлар уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органы анықтаған басқа орындарға орналастырылады.
4. Кеден органдары тауарларды кідірткен кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығындарды осы Кодекстің 147-бабында көрсетілген, тауарлар оларға қайтарылатын тұлғалар өтейді. Осы кодекстің 146-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген, мұндай тұлғалармен мерзімінде қажет етілмейтін кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығындар осы Кодекстің 149-бабының 1-тармағының ережелерін ескере отырып, көрсетілген тауарларды іске асырудан алынған сома есебінен өтеледі.
Кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығыстарды өтеу тәртібін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасы, тауарларды кідірткен кеден органы анықтайды.
146-бап. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды сақтау мерзімі
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда кідіртілген тауарлар және оларға арналған құжаттарды кеден органдары бір ай ішінде, ал тез бұзылатын өнімдер - жиырма төрт сағат ішінде сақталады.
2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге немесе мұндай аумақтан тыс әкетуге тыйым салынған тауарлар және оларға арналған құжаттар кеден органдарында үш тәулік ішінде сақталады.
3. Кідіртілген тауарларды сақтау мерзімі оларды кідірткен күннен бастап есептелінеді.
147-бап. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды қайтару
1. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды қайтаруды декларант жүзеге асырады, ал егер тауарды декларациялау жүргізілмесе - тауардың меншік иесіне, ал егер шетел тұлғасы болса немесе кеден органында тауардың меншік иесі туралы мәлімет болмаса - осы бапта бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, ұстау кезінде тауарлар олардың иелігінде болған тұлғаларға (бұдан әрі осы тарауда - декларант немесе басқа тұлға) қайтарылады.
2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде кідіртілген кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған тауарлар және оларға арналған құжаттар осы аумақтан тыс кері шығару үшін осындай тауарларды қайтаруға кеден органына бірінші болып жүгінген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың кез-келгеніне қайтарылады.
3. Кеден одағының кедендік аумағынан шығару кезінде кідіртілген, кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым және (немесе) шектеулер салынған тауарлар және оларға арналған құжаттар егер бұл тауарларды иеленуге кеден одағына қатысушы елдердің заңнамасы, тауарды кідірткен кеден органы рұқсат етсе декларантқа немесе кеден одағының кедендік аумағында пайдалану үшін басқа тұлғаға қайтарылады.
4. Кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған, кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде кідіртілген тауарлар және оларға арналған құжаттар кеден органына бекітілген шектеулерді сақтау және осы Кодекске сәйкес тауарларды кедендік рәсімдеуге орналастырудың құжаттамалық растамасын ұсыну шартымен декларантқа немесе басқа тұлғаларға осы аумақтан тыс кері шығаруға немесе кеден одағының кедендік аумағында пайдалануға қайтарылады.
5. Осы баптың 2-4 тармақтарында көрсетілмеген басқа жағдайларда, кідіртілген тауарлар оларды кедендік рәсімдеудің біреуіне орналастырғаннан кейін оларды осы кедендік рәсімдеуге орналастырған тұлғаларға немесе олардың өкілдеріне қайтарылады.
6. Кеден органы тауарларды кедендік рәсімдеуге орналастырумен байланысты кедендік операцияларды жасауға құқылы тұлғаның сұрауы бойынша тауарларды кедендік рәсімдеуге орналастыру қажеттілігіне орай тауармен бірге кідіртілген құжаттарды мұндай тұлғаға тауарларды шығарғанға дейін қайтарады.
148-бап. Сақтау мерзімі өткен кідіртілген тауарлармен әрекет
1. Кеден органдары кідірткен және осы Кодекстің 147-бабында көрсетілген тұлғалардың осы Кодекстің 146-бабының 1 және 2-тармақтарында қарастырылған мерзім ішінде қажет етпейтін тауарлар іске асыруға жатады, ал осы баптың 3-тармағымен бекітілген жағдайда, тауарды кідірткен кеден органы мұндай тауарлар жоюға немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарларды басқаша пайдалануға жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды іске асыру, жою немесе басқаша пайдалануды кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен бекітілген тәртіппен тауарларды кідірткен кеден органы осы Кодекспен анықталған ерекшеліктерді ескере отырып, жүзеге асырады.
3. Сақтау және іске асыру бойынша шығындар олардың құнынан асатын тауарлар, сондай-ақ кеден органы тауарларды кідірткен кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көрсетілген басқа да жағдайларда, егер кеден одағына қатысушы осы мемлекеттің заңнамасымен бекітілмесе жоюға жатады.
Жою, сондай-ақ мұндай тауарларды сақтау және тасымалдаумен байланысты шығындар декларант немесе басқа тұлғаның, ал көрсетілген тұлғалар болмаса - егер тауарлардың жеке санатына қатысты өзге көзделмесе, кеден органы тауарды кідірткен кеден одағына мүше мемлекет бюджетінің есебінен жүзеге асырылады.
149-бап. Сақтау мерзімі өткен кідіртілген тауарларды сатудан түске.н сомаларға иелік ету
1. Осы кодекстің 148-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларды сатудан алынған сомалардан бірінші кезекте, кідіртілген тауарларды ішкі пайдалануға арналған шығарудың кедендік рәсімдеуіне орналастыру кезінде бұл тауарларды ұстау күнінде саналған, кедендік төлемдер мен салықтар мөлшеріндегі сомалар, екінші кезекте - тауарды тасымалдау, сақтау бойынша шығындар және осы тауарларды сатумен байланысты басқа да шығындар ұсталынады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кідіртулерді ескере отырып саналған тауарларды сатудан алынған сомалар декларанттарға, ал егер тауарларды декларациялау жүргізілмесе - кеден органында олар туралы мәліметтер болса, кеден органы тауарларды кідірткен кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен бекітілген тәртіппен оларды сатудан түскен ақшалай қаржы түскеннен кейінгі үш ай ішінде кеден органына жүгіну шартымен тауарлар меншік иесіне қайтарылады.
Кеден органдары осы тармақтың бірінші бөлімінде көрсетілген тұлғаларды тауарларды сатудан түскен сомалардың қайтаруға жататынын хабарлайды.
II. АРНАЙЫ БӨЛІМ
4-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯНЫ ҰСЫНУ АЛДЫНДАҒЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР
22-тарау. Тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу туралы негізгі ережелер
150-бап. Тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу
1. Барлық тұлғалар тең негізде кеден одағының кеден заңнамасы және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген ережелерді сақтау арқылы тауарларды кедендік шекара арқылы өткізуге құқылы.
2. Тауарлар кедендік шекара арқылы кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген тәртіппен өткізіледі.
Тауарлардың жеке санаты, соның ішінде керек-жарақ, жеке қолдану үшін тауарлар, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары үшін осы Кодекспен және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен оларды кедендік шекара арқылы өткізу ерекшеліктері бекітілуі мүмкін.
3. Кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар кеден одағының кеден заңнамасы және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген тәртіппен кедендік бақылауға жатады.
Кедендік бақылау кезінде кеден органдары және олардың лауазымды тұлғалары кеден одағының кеден заңнамасы және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында қарастырылмаған талаптар мен шектеулерді орнатуға құқылы емес.
4. Апатты жағдайларды жою, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, бейбітшілікті сақтау және оқу-жаттығу өткізуге қажетті әскери бағыттағы өнімдер, сондай-ақ тез бұзылатын, тірі жануарлар, радиоактивті материалдар, жарылғыш заттар, халықаралық почта жөнелтілімдері, гуманитарлық және техникалық көмектің жедел-жүктері, бұқаралық ақпарат құралдары үшін хабар және материалдар және осындай басқа да тауарларды кеден одағының кеден аумағына әкелу және осы аумақтан әкету кезінде кедендік декларация ұсынуды алдындағы кедендік операциялар бірінші кезекте жүргізіледі.
151-бап. Тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу орындары
Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік (кедендік) шекаралары арқылы өткізу пункттері немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталған өзге орындар тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу орындары болып табылады.
152-бап. Тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау
1. Егер осы Кодекспен, кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен, Кеден одағы комиссиясының шешімімен және осындай тыйым салулар мен шектеулер кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес шығарылған кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық актілерімен бекітілмесе, тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу тыйым салулар мен шектеулерді сақтау арқылы жүзеге асырылады.
2. Кеден одағының кеден аумағына әкелуге тыйым салынған, кеден одағының кеден аумағына әкелінген тауарлар егер өзгеше кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен және (немесе) халықаралық шарттарымен көзделмесе, кеден одағының кеден аумағынан тез арада әкетуге жатады.
Көрсетілген тауарларды әкету бойынша шаралар қабылдау тасымалдаушыға немесе олардың меншік иесіне, егер өзгеше кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен және (немесе) халықаралық шарттарымен көзделмесе жүктеледі.
3. Кеден одағының кеден аумағынан әкетуге тыйым салынған тауарлар, егер өзгеше кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен қарастырылмаса кеден одағының кеден аумағынан әкетуге жатады.
4. Егер әкелу немесе әкетуге шектеу салынған тауарларды кеден одағының кеден аумағына әкелу немесе мұндай аумақтан әкету кезінде шектеулерді сақтауды растайтын құжаттар ұсынылмаса, осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері қолданылады.
5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көрсетілген тауарларды әкетуге мүмкін болмаған немесе оларды тез арада әкетуді жүзеге асырмау жағдайда бұл тауарлар осы Кодекстің 21-тарауына сәйкес ұстауға жатады.
153-бап. Кедендік шекара арқылы ететін тауарларды пайдалану және (немесе) билік ету
1. Кедендік шекара арқылы ететін тауарларды пайдалану және (немесе) билік ету оларды кеден органы шығарғанға дейін кеден одағының кеден заңнамасымен бекітілген тәртіппен және шартпен жүзеге асырылады.
2. Оларды шығарғаннан кейін тауарларды пайдалану және (немесе) билік етуді кеден органы мәлімдеген кедендік рәсім шарттарына сәйкес немесе осы Кодекске сәйкес кедендік режимдерге орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекеленген санаттары үшін белгіленген шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
154-бап. Жарамсыз, бұзылған немесе зақымданған тауарлар
Кеден одағының кеден аумағына әкелінген жарамсыз, бұзылған немесе апат немесе оларды кедендік рәсімдеуге орналастырумен байланысты, соның ішінде оларды уақытша сақтау кезінде кедендік операциялар жасағанға дейін, сондай-ақ кедендік тасымалдаудың кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде зақымданған тауарлар одан әрі оларға қатысты кедендік операциялар жасау кезінде кеден одағына жарамсыз, бұзылған немесе зақымданған түрде әкелінген деп қаралады.
155-бап. Мүдделі тұлғалардың сынамалар мен үлгілерді алуы
1. Мүдделі тұлғалар мен бақылаушы мемлекеттік органдар кеден органының рұқсатымен осы Кодекс және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен бекітілген жағдайларда тауарлардың сынамасы мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы.
2. Кеден органы тауарлардан сынама мен үлгілерді алуға рұқсат береді, егер:
1) кедендік бақылауды өткізуге қиындық туғызбаса;
2) тауарлардың сипаттарын өзгертпесе;
3) кедендік төлемдер мен салықтар төлеуден бас тарту немесе тыйым салулар мен шектеулерді сақтамауға әкелмесе.
3. Сынамалар мен үлгілерге жеке кедендік декларация олар тауарға арналған декларацияда көрсетіледі деген шартпен берілмейді.
23-тарау. Тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келуі
156-бап. Тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келу орны және уақыты
1. Тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келуі тауарлардың кедендік шекара арқылы өткізу орындарында (бұдан әрі - келу орны) және кеден органдарының осы орындарды жұмыс істеуі кезінде жүзеге асырылады.
Тауарлардың жеке санаттары кеден одағының кеден аумағына кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталған келу орындарына ғана келуі мүмкін.
Тауарлар кеден одағының кеден аумағына кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталған жағдайлар және тәртіппен келу орны болып табылмайтын басқа да орындарға келуі мүмкін.
Кеден органы келу орнының тізбесін Кеден одағының комиссиясына жариялау үшін, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жіберіледі.
2. Кедендік шекарадан өткеннен кейін тасымалдаушы әкелінген тауарларды келу орнына немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілген басқа орындарға жеткізіп, кеден органына ұсынуға тиіс. Бұл ретте тауарлардың жағдайын өзгертуге немесе олардың орамасын бұзуға, салынған пломбаларды, мөрлерді және өзге де сәйкестендіру құралдарын өзгертуге, өшіруге, жоюға немесе зақымдауға болмайды.
3. Кеден органдары келу орындары, бекітілген шектеулер және кеден органдарының жұмыс уақыты туралы ақпаратты, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ұсынуға міндетті.
4. Осы тараудың ережелері кеден одағының кедендік аумағында орналастырылған портқа немесе әуежайға тоқтамастан кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін су және әуе кемелерімен өтетін, сондай-ақ құбыр тасымалы мен электр беру желілерімен өткізілетін тауарларға жатпайды.
157-бап. Авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері кезінде қолданылатын шаралар
1. Авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері жағдайларында, сондай-ақ су немесе әуе кемесі кеден одағының кеден аумағында мәжбүрлі түрде аялдама жасаса немесе қонса, тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға және ең жақын кеден органына осы мән-жайлар мен тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарларды жақын кеден органына немесе кеден органы көрсеткен басқа орынға апаруға (егер олардың халықаралық тасымалдау көлік құралы зақымданған болса) немесе оларды тасымалдауға міндетті.
2. Тасымалдаушыларда осы баптың талаптарын сақтауға байланысты туындаған шығыстарды кеден органдары өтемейді.
158-бап. Тауарлардың кеден одағының кеден аумағына келуі туралы хабарлама
1. Тасымалдаушы осы Кодекстің 159-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсыну арқылы тауарларды тасымалдау жүзеге асырылатын көліктің түріне байланысты кеден одағының кеден аумағына келу туралы хабарлауға міндетті.
Тасымалдаушының атынан құжаттарды кедендік өкіл немесе тасымалдаушы тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге де тұлға, егер бұл кеден одағына қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес рұқсат етілсе, ұсынуы мүмкін.
2. Тасымалдаушы, кеден өкілі не өзге де мүдделі тұлға кеден органына тауарлар кеден одағының кедендік аумағына іс жүзінде келгенге дейін олар туралы алдын ала ақпарат беруге құқылы. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда тасымалдаушы тауарлар туралы алдын ала ақпарат беруге міндетті.
3. Тасымалдаушы құжаттарды электрондық түрде ұсынуға құқылы.
4. Аумағына тауар келіп түскен Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмайтын тілде құрастырылған құжаттарды ұсыну кезінде мұндай құжаттардағы мәліметтерді аудармашы немесе өзге мүдделі тұлға аудармамен қамтамасыз етеді.
159-бап. Тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралына байланысты кеден органына ұсынылатын құжаттар мен мәліметтер
Кеден одағының кеден аумағына тауарлар келген кезде тасымалдаушы мына құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға тиіс:
1) автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау кезінде:
құжаттар:
халықаралық тасымалдау көлік құралының құжаттары;
көліктік (тасымалдау) құжаттары;
Дүниежүзілік почта одағының актілерімен анықталған оларды тасымалдау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдерінің ілеспе құжаты;
тасымалдаушыда бар тасымалданушы тауарға коммерциялық құжаттар;
мәліметтер:
халықаралық тасымалдау көлік құралының мемлекеттік тіркелуі туралы;
тауарларды тасымалдаушының атауы және мекен-жайы;
жіберуші елдің және тауарлардың межелі елінің атауы;
тауарларды жіберуші және алушының атауы және мекен-жайы;
тасымалдаушыда бар коммерциялық құжатқа сәйкес тауарларды сатушы және алушы туралы;
жүк орнының саны, олардың таңбалануы және тауарлардың орамаларының түрлері туралы;
Тауарларды бейнелеу және кодтаудың Үйлестірілген жүйесіне немесе бірінші төрт белгіден аз емес деңгейде сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай Тауарлық номенклатурасына сәйкес тауарлардың атауы, сондай-ақ кодтары;
Тауарлардың жалпы салмағы (кг), немесе ірі габариттік жүкті қоспағанда тауарлардың көлемі (куб метрде);
Кеден одағының кеден аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың болуы туралы;
халықаралық автомобиль жүк құжаттамасын жасау орны және күні:
2) халықаралық ішкі кеме арқылы тасымалдау кезінде:
құжаттар:
жалпы декларация;
жүк туралы декларация;
кеме керек-жарақтары туралы декларация;
кеме экипажының жеке заттары туралы декларация;
кеменің рөлі;
жолаушылар тізімі;
Дүниежүзілік почта одағының актілерімен анықталған оларды тасымалдау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдерінің ілеспе құжаты;
көліктік (тасымалдау) құжаттары;
тасымалдаушыда бар тасымалданушы тауарға коммерциялық құжаттар;
мәліметтер:
кеменің және оның ұлттық тиесілілігінің тіркелуі;
кеменің атауы және сипаттамасы;
капитанның аты, тегі, әкесінің аты;
кеме агентінің аты, тегі, әкесінің аты және мекен-жайы;
кемедегі жолаушылардың саны, олардың аты, тегі, азаматтығы (бодандығы), туған күні және орны, портқа отырғызу және түсіру;
экипаж мүшелерінің саны және құрамы;
кеменің жөнелтілетін және кіретін портының атауы;
тауарлардың атауы, жалпы саны және сипаттамасы;
жүк орындарының саны, олардың таңбалануы және тауарлардың орамасының түрлері туралы;
тауарларды тиейтін және түсіретін порттың атауы;
аталмыш портта түсіруге жататын тауарларға теңіз (өзен) шартының болуын және мазмұнын растайтын коносаменттердің немесе өзге құжаттардың нөмірі;
бортта қалған тауарларды түсірген лорттың атауы;
тауарларды жіберуші бірінші порттардың атауы;
кемедегі кеме керек-жарақтарының атауы, олардың санын көрсету;
тауарлардың кемеде орналасуын сипаттау;
кеме бортында халықаралық пошта жөнелтілімдерінің болуы (болмауы туралы);
кеме бортында кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың, құрамында есірткі, қатты әсер ететін заттар, психотроптық және улы заттар бар дәрілік заттардың болуы (болмауы) туралы;
кеменің бортында қару-жарақ, оқ-дәріні қосқанда қауіпті тауарлардың болуы (болмауы) туралы;
3) әуе көлігімен халықаралық тасымалдау кезінде:
құжаттар:
азаматтық авиация саласындағы (бас декларация) халықаралық шартпен қарастырылған тасымалдаушының стандарттық құжаты;
әуе кемесінің бортында өткізілетін тауарлар туралы мәліметтерден тұратын құжат (жүк құжаттамасы);
борттық керек-жарақ туралы мәліметтерді құрайтын құжат;
көліктік (тасымалдау) құжаттары;
тасымалдаушының өткізілетін тауарға коммерциялық құжаттары;
бортта тасымалданатын жолаушылар және олардың жүгі туралы мәліметтерді құрайтын құжат (жолаушы декларациясы);
Дүниежүзілік почта одағының актілерімен анықталған оларды тасымалдау кезінде халықаралық почта жөнелтілімдерінің ілеспе құжаты;
мәліметтер:
ұлттық тиіселік белгілері және кеменің тіркеу белгілерін көрсету;
рейстің нөмірі, ұшудың бағытын, ұшу пунктін, кеменің келу пунктін көрсету;
кеменің пайдаланушысының атауы;
экипаж мүшелерінің саны;
кемедегі жолаушылар саны, олардың аты, тегі, отырғызу және түсіру пункттерінің атауы;
тауарлардың атауы;
жүк құжаттамасының нөмірі, әр жүк құжаттамасы бойынша орындардың саны;
тауарларды тиеу және түсіру пунктінің атауы;
кемеге тиелген немесе одан түсірілген борттық керек-жарақтар туралы;
кемеде халықаралық пошта жөнелтілімдерінің болуы (болмауы) туралы;
кеме бортында кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың, құрамында есірткі, қатты әсер ететін заттар, психотроптық және улы заттар бар дәрілік заттардың болуы (болмауы) туралы;
4) теміржол көлігі арқылы халықаралық тасымалдау кезінде:
құжаттар:
көліктік (тасымалдау) құжаттары;
теміржол жылжыма құрамына тапсырылатын құжаттама;
оқ-дәрі туралы мәліметтерді құрайтын құжат;
Бүкіл әлемдік пошта одағының актілерімен анықталған оларды тасымалдау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдерінің ілеспе құжаты;
тасымалдаушының өткізілетін тауарға коммерциялық құжаттары;
мәліметтер:
тауарларды жіберушінің атауы және мекен-жайы;
тауарларды алушының атауы және мекен-жайы;
тауарды жіберуші станцияның және тауардың межелі станциясының атауы;
жүк орындарының саны, олардың таңбалануы және тауарлардың орамасының түрлері туралы;
Тауарларды бейнелеу және кодтаудың Үйлестірілген жүйесіне немесе бірінші төрт белгіден аз емес деңгейде сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай Тауарлық номенклатурасына сәйкес тауарлардың атауы, сондай-ақ кодтары;
Тауарлардың брутто салмағы (кг);
Контейнерлердің жек нөмірі.
2.Тасымалдау жүргізілетін көлік құралының түріне қарамастан кеден органын кеден одағының кеден аумағына тауардың келуі туралы хабардар еткен кезде осы Кодекстің 152-бабының 1-тармағына сәйкес тарифтік емес реттеу шараларынан тыс тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды растайтын құжаттар ұсынылады.
160-бап. Келетін жерде жасалатын кедендік операциялар
1. Келетін жерде тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу), сонымен қатар тауарды кеден одағының кедендік аумағына, басқа көлік құралына жеткізген көлік құралын ауыстыру жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу), кеден одағының кедендік аумағына, басқа көлік құралына жеткізген көлік құралын ауыстыру кеден органының жұмыс уақытында және мүдделі тұлғаның сұрауы бойынша берілген арнайы сол мақсаттар үшін белгіленген жерлерде жүзеге асырылады.
3. Келетін жерлерде тауарларды уақытша сақтау, оларды кедендік декларациялау және мәлімделген кедендік рәсімдеуге сәйкес шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасауға болады.
4. Тасымалдаушы және басқа да мүдделі тұлға уақытша сақтауға орналастыру немесе кедендік рәсімдеуге сәйкес оларды кедендік декларациялауға байланысты тауарларды кеден органына жеткізу орнына ұсынғаннан кейін 3 (үш) сағат ішінде, егер кеден одағының кеден заңнамасымен немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен теміржол немесе су көліктермен тасымалданатын тауарларға қатысты басқа мерзім белгіленбесе, кедендік операцияларды жасауға міндетті.
5. Тауарларды әкелу жерінен кеден органы белгілеген жерге жеткізу егер осындай тауарлар жеткізу орындарында өзге де кедендік рәсімдеуге орналастырылмаса немесе кеден одағының кеден заңнамасымен көзделген оларға қатысты басқа кедендік операциялар жасалмаса, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес жүзеге асырылады.
161-бап. Әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттіліктің пайда болуы және тоқтатылуы және оларды тауарлардың кеден аумағына келуі кезінде төлеу мерзімі
1. Кеден одағының кедендік аумағына тауарлар келген кезде әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет тасымалдаушыда кедендік шекарадан ету сәтінде пайда болады.
2. Кеден одағының кедендік аумағына тауарлар келген кезде әкелу кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттілік тасымалдаушыда:
1) тауарларды келу орнына жеткізу және уақытша сақтау қоймасына немесе келу орнында кедендік ресімдеуге орналастыру, сондай-ақ егер осы тауарлар кеден одағының кедендік аумағына келгеннен кейін кедендік шекара арқылы тауарларды өткізу орнын тастамаса;
2) Осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағымен көрсетілген кездерде тоқтатылады.
3. Тауарлар кеден одағының кедендік аумағына келген кезде әкелу кедендік баждардың, салықтардың төлеу мерзімі болып:
1) тауарларды келетін жеріне әкелмеген кезде - тауарлардың кедендік шекарадан кесіп өту күні, ал сол күн анықталмаса - тауарлардың келетін жеріне жеткізілмеу фактісі анықталған күні;
2) келетін жерде тауарларды жоғалту кезінде, жою (біржола жоғалтуды), не аварияның салдарынан болған немесе еңсерілмейтін күш әсерін қоспағанда, немесе тасымалдаудың қалыпты жағдайында табиғи көмуге (тасымалдаудың) және сақтауға байланысты - тауарлардың шекарадан ету күні, ал егер де мұндай күн анықталмаса - тауарлардың жоғалу фактісі анықталған күні;
3) уақытша сақтауға орналастырмастан немесе оларды жеткізу орнына кедендік рәсімдеуге қоймастан тауарларды Кеден одағының қалған бөлігіне жеткізу орындарынан әкету кезінде - тауарлардың кедендік шекарадан кесіп өту күні, ал егер де мұндай күн анықталмаса - тауарлар жоғалған фактісі анықталған күн есептеледі.